Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 қаңтарда № 10148 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 16-3) тармақшасына және 161-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті (Қ.Қ. Айтмұхаметов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Қ.А. Өскенбаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                       Е. Досаев

Қазақстан Республикасы 
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 159 бұйрығымен    
бекітілген        

Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары

      1. Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасында жер мониторингінің мазмұнын, құрылымын, оны жүргізу және оның деректерін пайдалану тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда қолданылатын ұғымдар:
      жердің тозуы - жердің табиғи ортаның элементі ретіндегі функциясының өзгеруіне, оның сандық және сапалық жағдайының нашарлауына, табиғи-шаруашылық мәнінің төмендеуіне әкеп соқтыратын процестер жиынтығы;
      стационарлық учаске - әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда, провинцияларда, биіктік белдеулерінде өсімдіктер мен топырақтың жамылғысы жағдайын ұзақ уақыт (10 жылдан астам мерзімге) тұрақты бақылау мақсатында ұйымдастырылатын жер учаскесі;
      түйінді учаске - өсімдіктер мен топырақтың құрамын және сипатын, олардың белгілі бір ландшафтың табиғи жағдайларымен байланысын қажетті нақтылықпен көрсететін жергілікті жердегі үлгі учаске;
      полигон - белгілі бір ландшафтың түрлерін (құмдар, тау етегі жазықтықтары, таулар) сипаттайтын әр түрлі конфигураңиялы аумақ.
      3. Жер мониторингінің мазмұны - жер қорының жай-күйін жүйелі түрде бақылау (суретке түсіру, іздестіру, зерттеу), онда болып жатқан өзгерістерді анықтау және оларға баға беру.
      4. Жер мониторингінің құрылымы жердің негізгі нысаналы мақсатымен және аумақтық ауқымымен айқындалады.
      5. Мониторинг жердің нысаналы мақсатының ерекшелігі ескеріле отырып жүргізіледі және жердің санаттарына сәйкес келетін мынадай қосымша жүйелерге бөлінеді:
      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің мониторингі;
      елді мекендер (қалалар, кенттер мен ауылдық елді мекендер) жерінің мониторингі;
      өнеркәсіпкөлікбайланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жердің мониторингі;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жердің, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлердің мониторингі;
      орман қоры жерінің мониторингі;
      су қоры жерінің мониторингі;
      босалқы жердің, мониторингі.
      6. Аумақтық ауқымына қарай жердің республикалық, өңірлік және жергілікті мониторингі жүзеге асырылады:
      республикалық - Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтиды;
      өңірлік - физикалық-географиялық, әкімшілік, экономикалық және өзге де шекаралармен шектелген аумақтарды қамтиды;
      жергілікті - жекелеген жер учаскелері мен ландшафтық-экологиялық кешендердің қарапайым құрылымдарына дейінгі өңірлік деңгейден төмен аумақтық объектілерде жүргізіледі.
      Жер мониторингін жүргізудің мерзімдері мен кезеңділігіне қарай жердің жай-күйін бақылаудың мынадай:
      базалық (бастапқы жер мониторингін жүргізуді бастау сәтіндегі бақылау объектілерінің жай-күйін тіркейтін);
      жедел (ағымдағы өзгерістерді тіркейтін);
      кезеңдік (бір және одан көп жылдан кейін) түрлері жүзеге асырылады.
      7. Жер мониторингі:
      жүйелі байқауларды, іздестірулерді, суретке түсірулерді, тексерулерді (қайта тексерулерді және түзетулерді) орындау;
      жердің жай-күйін талдау мен бағалауды жүргізу;
      жердің құнарлылығына антропогенді әсер етуді реттеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
      белгілі бір уақыт кезеңінде жердің сапалық жай-күйін болжауды әзірлеу;
      жер туралы деректер банкін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды қамтиды.
      8. Жердің жай-күйін бағалау жүргізілетін байқауларды (кезеңдік, маусымдық, тәуліктік) талдау, алынған көрсеткіштерді нормативтермен салыстырғандағы өзгерістердің бағыттылығы мен қарқындылығын зерделеу арқылы орындалады.
      9. Жердің жай-күйін бағалаудың нәтижелері бойынша оларға өзгерістердің дамуының, ерекше жағдайда жағымсыз сипаты бар серпінін, бағытталуын және қарқындылығын сипаттайтын тақырыптық карталар, диаграммалар және кестелер қоса беріле отырып, жедел мәліметтер, баяндамалар, ұсынымдар және ғылыми болжамдар жасалады.
      10. Жер мониторингін ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
      11. Жер мониторингін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар бірыңғай жүйе бойынша жүргізеді, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган оларға қатысты мемлекеттік басқару органы болып табылады.
      12. Жер мониторингін жүргізу республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      13. Жер мониторингін жүргізу үшін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жердің жай-күйін бақылау пункттерінің аумақтық-аймақтық желісін анықтайды.
      14. Мониторингтің аумақтық-аймақтық желісі жердің жай-күйін бақылаудың стационарлық және жартылай стационарлық пункттерін қамтиды.
      Стационарлық бақылау пункттері берілген толықтық пен дәлдік арқылы жердің жай-күйі туралы ақпаратты-жүйелі алып тұру үшін құрылады. Стационарлық алаңдар, түйінді учаскелер және полигондар осындай пункттерге жатады.
      Жартылай стационарлық бақылау пункттері (жартылай стационарлық алаң, бейін) жұмыстың нақты шарттары мен мақсаттарына қарай ұйымдастырылады. Оларды бақылау жүйелі түрде 3, 5, 10 және одан көп жыл аралықпен жүргізіледі.
      15. Мониторингтің деңгейі бақылау пункттерінде жүргізілетін жердің жай-күйін бақылау бағдарламасымен айқындалады.
      16. Жер мониторингі жөніндегі ақпаратты алу үшін:
      қашықтықтан тексеріп-байқау (ғарыштық аппараттардан, биікке ұшатын ұшақтардан, шағын авиацияның көмегімен суретке түсіру және бақылау);
      жер бетінде суретке түсіру (топырақтық, геоботаникалық, топырақтық-мелиоративтік, топырақтық-эрозиялық) және аумақтық-аймақтық желі пункттеріндегі бақылаулар;
      жерді түгендеу, жер-кадастрлық құжаттама;
      қор деректері (карталар, картограммалар, схемалар, кестелік және басқа да материалдар) материалдары пайдаланылады.
      17. Ғарыштық жеткізгіштен суретке түсіру мен бақылау республикалық және өңірлік деңгейлерде жердің жай-күйінің сипаттамасын алу үшін орындалады.
      Жер бетіндегі бақылау, зерттеу, тексеру және суретке түсіру стационарлық және жартылай стационарлық алаңдарды, түйінді учаскелерді, полигондарды және бейіндерді пайдалану арқылы жердің барлық санаттары бойынша жүргізіледі.
      18. Жер мониторингінің нәтижелері қағаз жеткізгіштермен де, ақпаратты электрондық жинақтау, өңдеу және сақтау жүйелерін пайдалану арқылы да есептер, кестелер, карталар және картограммалар түрінде ресімделеді.
      19. Жер мониторингі жөніндегі құжаттамалар базалық және есептік құжаттарды қамтиды.
      Базалық құжаттарда өңірлік объектінің немесе жер учаскесінің бастапқы (аялық) жай-күйі тіркеледі. Базалық құжаттарға жердің жай-күйінің бастапқы тақырыптық карталары, картографиялық материалдар және жердің сапалық жай-күйі туралы жиналған мәліметтер жатады.
      Бірізділендірілген нысандар, оларда жердің жай-күйінің тіркелген өзгерісі көрсетілген кестелер есептік құжаттар болып табылады.
      20. Мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерінің жоспарларында (сызбаларында) қамтылған мәліметтер «Мемлекеттік құпиялар туралы» 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланады және сақталынады.
      21. Жер мониторингі жөніндегі деректерді пайдаланушылар:
      аумақтардың дамуын жоспарлау, жерді аймаққа бөлу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу, қала құрылысы кадастры мәселелері, жер ресурстарын басқаруға байланысты басқа да мәселелер бойынша - мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар;
      қоршаған орта және табиғи ресурстар мониторингінің Бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу, табиғи ресурстардың пайдаланылуына және қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жүргізу мәселелері, мемлекеттік органдар арасында табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу бойынша жиынтық деректер банкін жүргізу үшін - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық орган;
      өзге де жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
      22. Жер мониторингінің деректерін пайдалану қағаз немесе магниттік жеткізгіштермен стандартты ресімделген құжаттармен танысу және (немесе) оларды алу, сондай-ақ техникалық телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдану арқылы деректер банкіне тікелей рұқсат етілген кіру нысанында жүзеге асырылады.
      23. Жер мониторингінің мемлекеттік құпияларды және өзге де шектеулерді қамтымайтын деректері жалпыға қол жетімді болып табылады және мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде беріледі.
      Жер мониторингінің деректерін мемлекеттік органдарға беру осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебінен ақысыз негізде жүзеге асырылады.