Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 164 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 23 қаңтарда № 10137 тіркелді

Қолданыстағы

      «Геодезия және картография туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті (Қ.Қ. Айтмұхаметов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Қ.А. Өскенбаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 164 бұйрығымен 
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану қағидалары Қазақстан Республикасының «Геодезия және картография туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі (бұдан әрі - Заң) және «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының (бұдан әрі - Қор) құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Қор геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған және жалпымемлекеттік, салааралық арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, картографиялық, топографиялық, гидрографиялық, аэроғарыштық түсірілім, гравиметриялық материалдар мен деректердің (бұдан әрі - материалдар мен деректер) жиынтығын білдіреді.
      3. Қордың графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттік, қағаз және өзге де нысандар мен түрлердегі материалдары мен деректері орталықтандырылған мемлекеттік есепке алуға, сақтауға және пайдалануға жатады.
      Қорға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша материалдар мен деректер енгізіледі.
      4. Заңның 12-бабы 4-тармағына сәйкес, Қордың құжаттары мемлекеттік меншікте болады және оларды иеліктен шығаруға, сондай-ақ басқа мемлекетте тұрақты сақтауға әкетуге болмайды.

2. Қор құжаттарын қалыптастыру және жинау

      5. Қорды қалыптастырудың негізі геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде құрылған материалдар мен деректер болып табылады.
      6. Қордың құжаттары ауқымы мен оларды сақтау мерзімдерін ескере отырып, геодезиялық және картографиялық қызметтің бағыттары бойынша қалыптасады.
      Қордың құжаттарын пайдалану қолайлы болу үшін материалдарды орналастыру схемасы берілетін көрсеткіштер жасалады.
      7. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өздері жасаған Қорға енгізілуге жататын геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректер көшірмелерінің бір данасын авторлық құқықтарын сақтай отырып тегін береді.
      Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қорға беріледі.
      8. Материалдар мен деректерді Қордың құрамына жатқызу, материалдар мен деректерді сақтауға іріктеу, сондай-ақ сақтау мерзімдері өткендерін жою құжаттардың құндылығын мемлекеттік сараптау негізінде жүргізіледі.
      9. Уәкілетті орган мемлекеттік сараптама-тексеру комиссиясын құрайды және ол туралы ережені бекітеді.
      10. Сараптама-тексеру комиссиясының қорытындысы негізінде уәкілетті орган материалдар мен деректерді Қордың құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оның құрамынан шығару туралы шешімдер қабылдайды.

3. Қордың құжаттарын сақтау

      11. Қордың материалдары мен деректері осы мақсатқа арнайы арналған үй-жайларда (қоймаларда) сақталады.
      12. Қордың материалдары мен деректері жұмыс түрлері бойынша топтастырылады, жүйелендіріледі, есепке алынады, орналастырылады және сақталады.

4. Қордың құжаттарын пайдалану

      13. Қордың материалдары мен деректері мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды геодезиялық және картографиялық өніммен және ақпаратпен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.
      14. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің өтінімдері бойынша графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттік, қағаз және өзге де нысандар мен түрлердегі материалдар мен деректерді немесе олардың көшірмелерін, оның ішінде «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар, Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры береді.
      15. Ашық пайдаланудағы материалдар мен деректерді қоспағанда, Қордың материалдары мен деректері пайдаланып болғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде қайтарылуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Ұлттық
картографиялық-геодезиялық 
қорының құжаттарын қалыптастыру,
жинау, сақтау және пайдалану
қағидаларына қосымша   

Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құрамына енгізілетін материалдар мен деректердің тізбесі

      1. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауға арналған техникалық жобалар.
      2. Мемлекеттік нивелирлік желілерді, барлық сыныптар мен разрядтардағы геодезиялық желілерді, гравиметриялық іргелі және бірінші сыныпты желілерді жасау, дамыту және жұмыс істеу жағдайында ұстап тұру жөніндегі техникалық есептер, координаттар мен биіктіктердің каталогтары және басқа да материалдар мен деректер.
      3. Геодезиялық және картографиялық қызметті қамтамасыз ету мақсатында Жерді қашықтықтан зондтаудың (аэрофототүсірілімдер мен ғарыштық түсірілімдер) бастапқы және туынды материалдары мен деректері, аэрофототүсірілімдердің паспорттары, арнайы аспаптардың деректері, түсірілімдерді картографиялық байланыстырудың схемалары.
      4. Геодезиялық, гравиметриялық, ғарыштық өлшемдер базасында геодинамикалық зерттеулердің материалдары мен деректері.
      5. Жергілікті жердің, оның ішінде теңіздер, көлдер, өзендер мен су қоймалары қайраңдарының топографиялық түсірілімдер бойынша техникалық есептері (ауқымы 1: 2 000 және кіші).
      6. Мемлекеттік топографиялық карталардың, оның ішінде теңіздер, көлдер, өзендер, су қоймалары қайраңдарының карталарының, қалалар мен елді мекендердің жоспарларының (ауқымы 1: 2 000 және кіші) графикалық, сандық, фотосуреттік, электрондық нысандардағы түпнұсқалары мен көшірмелері, сондай-ақ көрсетілген карталар мен жоспарлардың таралымдық бедерлемелері.
      7. Жалпымемлекеттік және салааралық мақсаттағы жалпыгеографиялық, саяси-әкімшілік, ғылыми-әкімшілік, ғылыми-анықтама және басқа да тақырыптық карталар мен атластардың, оқу картографиялық құралдардың түпнұсқалары, туынды өнім жасау үшін негіз болып табылатын картографиялық материалдардың таралымдық бедерлемелері.
      8. Құжаттамасы бар кезекші (анықтамалық) топографиялық карталар, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын және шетел мемлекеттерінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар.
      9. Географиялық атаулардың мемлекеттік каталогы және олардың негізгі материалдары, Қазақстан Республикасының, шетел мемлекеттерінің аумақтарындағы, материктер мен мұхиттардағы географиялық объектілер атауларының сөздіктері мен анықтамалықтары.
      10. Геодезиялық және картографиялық қызмет, мұрағат ісі, құпиялылық режимі саласындағы нормативтік-техникалық құжаттар.