Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 қарашадағы № 107 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 25 желтоқсанда № 10005 тіркелді

Қолданыстағы

      «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңының 7-бабының 17) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Осы бұйрықтың 1 қосымшасына сәйкес Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесі бекітілсін.
      2. Осы бұйрықтың 2 қосымшасына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынсын;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Т.Қ. Есентаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы    
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 22 қарашадағы  
№ 107 бұйрығына      
1-қосымша          

Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде
спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді
және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың
қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету
нормативтерінің әдістемесі

1. Жалпы ереже

      1. Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтері (бұдан әрі - Әдістеме) «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген.
      2. Әдістеме әртүрлі спорт түрімен айналысатын спортшыларды, сонымен қатар барлық санаттағы әскери қызметкерлерді, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін фармакологиялық жабдықтармен және тағаммен қамтамасыз ету нормативтерін әзірлеу мақсатында әзірленген.
      3. Бұл әдістемеде келесі түсініктер қолданылады:
      1) жекпе-жек спорт түрлері – екі қарсыластың арасында арнайы талапқа сәйкес физикалық қатынас міндетті түрде қарастырылған спорт түрлері;
      2) жылдамдық-күштік спорт түрлері – спортшының шапшаңдығы мен күштік сапасы ескеріле отырып жарысатын спорт түрлері;
      3) командалық және ойындық спорт түрлері – екі және оданда көп спортшылардан құралған командалар арасында жарыс арнайы талапқа сәйкес жүргізілетін спорт түрлері;
      4) калорияның тәуліктік есебі – тағамдық өнімдерден құрастырылатын тәулігіне қажетті килокалория мөлшерінің есебі;
      5) спорттың циклдік (кезеңдік) түрлері – спортшы өзінің денесін кеңістікте орын ауыстыруы үшін қимылдарды циклді түрде қайталайтын спорт түрлері;
      6) тағам үлесі – спортшының энергия шығынын қалпына келтіруіне қажетті, әрбір тағам қабылдау кезінде қолданылатын тағамдық өнімдердің жиынтығы және саны;
      7) үйлестіруші спорт түрі – спортшы қимылының үнемі күрделенуімен жүргізілетін спорт түрлері.

2. Тағам және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерін
анықтау

      4. Тағам нормативтерін әзірлеу кезінде ескерілуі қажет:
      1) қажетті макроэлементтер мен микроэлементтердің мөлшері спортшы организміне физиологиялық қажетті деңгейде болуы қажет;
      2) негізгі тағамдық заттарды (нәруыз, май, көмірсу) қабылдау мөлшері физиологиялық қажеттілігі бойынша бір-біріне сәйкес қарым-қатынаста болуы қажет және спортшының физиологиялық энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етуі керек;
      3) нутритивті қолдау кезінде минорлы және ортомолекулярлы жиынтықтардың, биологиялық белсенді заттардың мөлшері спортшы организмінің трофикалық деңгейіне сәйкес болуы керек;
      4) спортшының тағам үлесінің энергетикалық құндылығы оның организмінің энергетикалық шығындарына сәйкес келуі қажет;
      5) тағам үлесінде жануар текті нәруыз, көмірсу деңгейінің физиологиялық қажетті мөлшері, қанықпаған және көпқанықпаған май қышқылдарының физиологиялық қарым-қатынасы, витаминдер мен минералды заттардың оңтайлы мөлшері ескеріледі.
      5. Спорттық мамандандырылуына және спортшының біліктілігіне сәйкес, спортшылардың тағамдық үлесінің нормалары келесі спорт түрлеріне қарай топтарға бөлінуі керек:
      1) жылдамдық-күштік түрлері;
      2) жекпе-жек сайыстары;
      3) командалық және ойындық түрлері;
      4) спорттың циклдік түрлері;
      5) үйлестік түрлері.
      6. Тағам нормативтері спортшының тәуліктік калориясында энергиямен қамтамасыз етілуінің, тағамдық үлестегі азықтардың химиялық құрамы және тағамдарды бір-бірімен алмастырудың оңтайлы сәйкестендірілуіне негізделген.
      7. Спортшыны спорт түріне қарай фармакологиялық қамтамасыз ету спортшы организмінің физиологиялық қажеттілігіне сәйкес негізделеді.
      8. Спортшыны фармакологиялық қамтамасыз ету оның барлық спорт саласындағы қызмет ету кезеңдері ескеріле отырып жылдық цикл бойынша жүргізіледі:
      1) арнайы кезең – спортшының арнайы тактикасын және техникалық машықтарын жетілдіру кезеңі;
      2) дайындық кезеңі – функционалдық және спортшының спорттық формаларын қалыптастыру кезеңі;
      3) жарыс алды кезең – спортшының жарыс уақыты жақындаған жағдайда дайындығын тексеру кезеңі;
      4) жарыс кезең – спорттық шараларға қатысу кезеңі;
      5) негізгі кезең – спортшының негізгі машықтарын жетілдіру кезеңі;
      6) қалпына келтіру кезеңі – қалпына келтіру және сауықтандыру шараларын өту кезеңі.
      9. Фармакологиялық қамтамасыз ету кезінде спортшының физикалық денсаулық және қызметтік дайындық деңгейі ескеріледі.
      10. Фармакологиялық қамтамасыз ету физикалық жүктемеден кейін спортшы организмін жылдам қалпына келтіруге және жұмысқа қабілетін жоғарылатуға бағытталған Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген фармакологиялық заттарды, ортомолекулярлық жиынтықтар мен биологиялық белсенді заттарды қолдануды ескереді.
      11. Фармакологиялық қамтамасыз етуді құрастыру кезінде ескеріледі:
      1) алдыңғы жылдары жүргізілген спорттық іс-шаралар кезінде анықталған спортшының аурушаңдығы мен жарақаттары жөніндегі дене шынықтыру және спорт ұйымдарындағы статистикалық ақпараттар;
      2) бір жылдық шамада спортшының дәрілік заттарға, ортомолекулярлық жиынтықтар мен биологиялық белсенді заттарға қажеттілігі;
      3) спорттық іс-шараларды жүргізу уақыты;
      4) соңғы тиянақты жүргізілген медициналық тексеру нәтижесі бойынша спортшының денсаулық жағдайы жөніндегі мәлімет.
      12. Спортшының спорттық мамандандырылуына және біліктілігіне сәйкес спортшының фармакологиялық қамтамасыз ету нормалары спорттың түріне сәйкес үйлестіріледі:
      1) жылдамдық-күштік түрлері;
      2) жекпе-жек сайыстары;
      3) командалық және ойындық түрлері;
      4) спорттың циклдік түрлері;
      5) үйлестік түрлері.
      13. Тағаммен және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерін анықтау мақсатында дене шынықтыру және спорт ұйымдарына қосымша медициналық қызметкерлер мен ғылыми топ жиынтығы жұмылдырылады.

Қазақстан Республикасы    
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 22 қарашадағы  
№ 107 бұйрығына      
2-қосымша          

Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның күші
жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. «Спорттық iс-шараларға қатысушылардың тамақтану нормаларын белгiлеу туралы» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігі төрағасының 2002 жылғы 11 қыркүйектегі № 06-2-2/208 бұйрығы (Мемлекеттік тіркеу нормативтік құқықтық актілері тізілімінде № 2007 тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған 2002 ж., № 45-46, 740-құжат).
      2. «Спорттық іс-шараларға қатысушыларға берілетін фармакологиялық қалпына келтіру құралдары, витаминдер және белоктық-глюкозалық препараттар туралы» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігі төрағасының 2002 жылдың 11 қыркүйегіндегі № 06-2-2/209 бұйрығы (Мемлекеттік тіркеу нормативтік құқықтық актілері тізілімінде № 2008 тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған 2002 ж., № 45-46, 736-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасының Туризм және спорт агенттігі төрағасының бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігі төрағасының 2004 жылғы 9 маусымдағы № 06-2-2/197 бұйрығы (Мемлекеттік тіркеу нормативтік құқықтық актілері тізілімінде № 2903 тіркелген).