Спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Төрағасының 2014 жылғы 25 шілдедегі № 289 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 5 тамызда № 9682 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңының 7-бабы 31) тармақшысына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамын қалыптастыру қағидалары бекітілсін;
      2. Стратегиялық даму департаменті (Д.Ү. Қамзебаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынуды;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Мыналар күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасының құрама командаларын жасақтау мен даярлауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2011 жылғы 24 тамыздағы № 02-02-18/169 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7193 болып тіркелген, 2011 жыл 18 қазан № 501-502 (26894) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған);
      2) «Қазақстан Республикасының құрама командаларын жасақтау мен даярлауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2011 жылғы 24 тамыздағы № 02-02/18/169 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының 2013 жылғы 04 қыркүйектегі № 318 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8764 болып тіркелген, 2013 жылғы 31 қазандағы № 243 (28182) «Егемен Қазақстан» газетінде жария етілген).
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Төрағасының орынбасары Е.Б. Қанағатовқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Қазақстан Республикасы
      Спорт және дене шынықтыру
      істері агенттігінің төрағасы

Т. Есентаев


Қазақстан Республикасы
Спорт және дене шынықтыру
істері агенттігі төрағасының
2014 жылғы 25 шілдедегі
№ 289 бұйрығымен бекітілді





Спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамын қалыптастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңының 7-бабы 31) тармақшысына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) аға жаттықтырушы - Қазақстан Республикасының құрама командаларының негізгі жастар (резервтік) құрамасының даярлығы үшін жауап беретін жаттықтырушы;
      2) жаттықтырушылар кеңесі - спортшылар мен командаларды спорт жарыстарына қатысуға даярлау әдістемесіне ұсынымдар әзірлеу үшін бас жаттықтырушы, мемлекеттік жаттықтырушы, облыстардың аға жаттықтырушылардан, спорт түрлері бойынша құрама командалардың дәрігерлерінен, дене шынықтыру және спорт саласындағы ғалымдардан, дене шынықтыру, спорт түрлері бойынша республикалық федерациялардың кеңесші органы;
      3) жеке жаттықтырушы - Қазақстан Республикасы құрама командасынан тыс жерде спортшының жеке дайындық жоспарын орындауына бағытталған даярлығын ұйымдастырады;
      4) жылдың басты жарыстары – Қазақстан Республикасының чемпионаттары, Қазақстан Республикасының спартакиадалары және Қазақстан Республикасының кубогі;
      5) мемлекеттiк жаттықтырушы – Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрін (түрлерін) дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша функциялар мен іс-шараларды жүзеге асыратын жаттықтырушы;
      6) нысаналы кешенді бағдарлама - спорттық ұйымдардың күш-қимылын мақсатты және тиімді бөлуге, біліктілігі жоғары спортшыларды тәрбиелеудің басты бағыттарына назар аударуға мүмкіндік беретін, оқу-жаттығу, ғылыми-әдістемелік және медициналық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны, тәрбиелік және патриоттық жұмысты дамытуды қоса алғанда, олимпиядалық циклға спортшыларды даярлау жөніндегі мәселелерді кешенді шешуге арналған перспективалы жоспар;
      7) спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасы құрама командасының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама команданың) бас жаттықтырушысы – Қазақстан Республикасының спорт түрi бойынша құрама командасына (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командаға) басшылық жасауға, оның даярлығына, қалыптастырылуына және әлем чемпионаттарына, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға қатысуына жауап беретiн жаттықтырушы;
      8) спортшы – спорт түрімен (түрлерімен) жүйелі түрде айналысатын және спорттық жарыстарға қатысатын жеке тұлға;
      9) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) – даярлықты жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы астында халықаралық спорттық жарыстарға қатысатын спортшылар, жаттықтырушылар, отандық және шетелдік мамандар ұжымдары.
      3. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командасы негізгі және жастар (резервтік) құрамынан құралады.
      Республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері спорт түрінен Қазақстан Республикасының негізгі және жастар (резервтік) құрама командасына мүшелікке үміткерлер болып табылады.
      Қазақстан Республикасы құрама командаларының негізгі және жастар (резервтік) құрамаларына мүше спортшылар өз қатарларынан команда капитанын сайлайды. Команда капитаны оқу-жаттығу процесі мен жарыс кезінде құрама команданың мүшелерінің және команда басшылығының арасындағы негізгі дәнекер болады.
      4. Негізгі және жастар (резервтік) контингентінің сандық құрамына:
      1) үш құрам - спорттың олимпиадалық түрлері бойынша;
      2) екі құрам - спорттың олимпиадалық емес түрлерінен;
      3) бір жарым құрам қабылданады - спорттық ойын (олимпиадалық, олимпиадалық емес) түрлерінен.
      5. Қазақстан Республикасы құрама командаларының негізгі мақсаттары:
      1) Әлемдік спорт ареналарында жоғарғы нәтижелерге қол жеткізу;
      2) әртүрлі деңгейдегі спорттық іс-шараларға қатысу, Олимпиадалық және спорттық қозғалысты Қазақстан Республикасында және одан басқа жерлерде насихаттау;
      3) халықаралық спорттық жарыстарға қатысу арқылы халықтар арасындағы достық пен өзара түсінісушілікті нығайту.
      6. Қазақстан Республикасы құрама командаларының негізгі міндеттері:
      1) Азия, Олимпиада, Паралимпияда және Сурдлимпиада ойындарында, Универсиадаларға, әлем, Азия, Еуропа чемпионаттары мен кубоктарына және басқа халықаралық спорттық жарыстарға дайындалу және табысты өнер көрсету;
      2) спортшылардың спорттық шеберлігін одан әрі жетілдіру;
      3) Қазақстан спортының халықаралық аренадағы беделін арттыру;
      4) спортшыларды патриоттыққа тәрбиелеу және дене шынықтыру мен спортты насихаттау;
      5) спортшыларды даярлаудың, оқу-жаттығу процесін ғылыми және медико-биологиялық қамтамасыз етудің әдістемесін жетілдіру.
 

2. Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамы

      7. Аккредителген спорттық федерациялар алдыңғы жылдың басты (Қазақстан Республикасының спорт түрлерінен чемпионатары) жарыстарының дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган құрамын Қазақстан Республикасының құрама командасына үміткерлерді қарастыру жөніндегі конкурстық комиссияға ұсынылатын Қазақстан Республикасының құрама командасына үміткерлерді іріктейді.
      Комиссия бес адамнан тұрады:
      1) уәкілетті органның екі өкілі;
      2) спорт түрі (түрлері) бойынша бас жаттықтырушы;
      3) Ұлттық штаттық командалар дирекциясының екі өкілі.
      Үміткерлерді іріктеу олардың спорттық нәтижелерінің негізінде жүргізіледі. Аккредиттелген спорттық федерациялар Комиссияға келесі құжаттарды ұсынады:
      1) спорт жарыстардың хаттама (жылдың басты жарыстарында көрсетілген спорттық жетістіктер);
      2) денсаулық жағдайы туралы анықтама (спортшылар үшін спорттық медицина және оңалту орталығының медициналық қорытындысын ұсыну);
      3) сотты болғандығы немесе болмауы туралы анықтама.
      Осы құжаттардың көшірмесі, конкурстық комиссия отырысының хаттамасы, сонымен қатар Қазақстан Республикасының құрама командаларына үміткерлердің тізімі Қазақстан Республикасы құрама командалары құрамдарын бекіту кезінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға ұсынылады. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының құрама командаларына үміткерлерді қарастыратын комиссияны құрады және бекітеді.
      8. Қазақстан Республикасы құрама командасы мүшелерінің құрамын жыл сайын жазғы спорт түрлерінен 25 желтоқсанға дейін және қысқы спорт түрлерінен 1 маусымға дейін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      9. Спортшылар, жаттықтырушылар, отандық және шетелдік мамандар, дене шынықтыру-спорт және медицина ұйымдарының басқа да қызметкерлері уәкілетті орган шешімімен Қазақстан Республикасы құрама командаларының мүшелері ретінде бекітіледі.
      10. Құрама командалардың мәртебесін және спортшылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында негізгі және жастар (резервтік) құрамындағы спортшылар арасынан ұжымға құрама команданың жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы құрама команда мүшесінің антын қабылдайды.
      11. Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелері спорттық нәтижелерді төмендеткені, жеке жоспарлар мен белгіленген нормативтерді жүйелі орындамағаны, тыйым салынған субстанциялар қолданғаны, шарт талаптарын бұзғандығы үшін команда құрамынан шығарылады.
      12. Бас жаттықтырушы Қазақстан Республикасы құрама командаларына басшылық етеді және спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар кеңесін басқарады.
      13. Бас жаттықтырушы спорт түрлерінен құрама команда мүшелерінің даярлығы жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және құрама командаға мүше спортшылардың жарыстарға қатысуының нәтижелеріне үнемі талдау жүргізеді. Даярлықтың нысаналы әрі кешенді бағдарламаларын іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізеді.
      14. Қазақстан Республикасы құрама командасына мүше спортшының жеке жаттықтырушысы Қазақстан Республикасы құрама командасына орталықтандырылған даярлық үшін уақытша іссапарға жіберілуі мүмкін.
      15. Спорт дәрігері Қазақстан Республикасы құрама командасына мүше спортшының денсаулығын қадағалайды, жаттықтырушылар құрамына спортшының функционалды жағдайы мен ұсынылатын жаттығу жүктемелері жөнінде ұсыныстар береді, медико-биологиялық, қалпына келтіру шаралары мен емдеуді, сондай-ақ спортшыны үйлесімді тамақтандыруды, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өтетін орындардың санитарлық-гигиеналық жағдайын бақылауды жүзеге асырады.
      16. Қазақстан Республикасы құрама командасының массажшысы спорт дәрігерінің немесе бас дәрігердің әдістемелік басшылығымен жұмыс істейді.
      17. Қазақстан Республикасы құрама командасын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін тартылатын мамандар, оның функционалдық және техникалық деңгейіне ағымдағы бақылауды жүзеге асырады өз құзыреті шегінде, бас жаттықтырушымен, жаттықтырушылар кеңесімен бірлесіп бағдарламалар мен жеке дайындық жоспарын әзірлеуге қатысады, спортшыларды даярлауда әдістемелік көмек көрсетеді.
 


Спорт түрі бойынша
Қазақстан Республикасының
құрама және штаттық құрама
командаларының (спорт түрі
бойынша ұлттық құрама
командалардың) құрамын
қалыптастыру қағидаларына
қосымша
Нысан









Қазақстан Республикасының құрама командасы мүшесінің АНТЫ

      Мен, (Т.А.Ә), мені________________________________(спорт түрі)
      Қазақстан Республикасының құрама командасына қабылдауды мемлекеттің көрсеткен ерекше сенімі ретінде бағалай және өзімнің жауапкершілігімді сезіне отырып:
      - аса жоғары нәтижелерге жету үшін өзімнің жеңіске деген бар күш-жігерімді жұмсай отырып, спорт аренасында біздің Отанымыздың намысын лайықты қорғау үшін спорттық шеберлігімді үнемі жетілдіруге;
      - спорт жарыстарында адал күресуге, жарыс ережелерін қатаң сақтауға, допингке қарсы кодексті ұстануға және тыйым салынған заттарды пайдаланбауға;
      - спорттағы тәлімгерлердің барлық нұсқаулары мен талаптарын орындауға, жаттықтырушы-оқытушылар құрамына, команда мүшелеріне, бәсекелестерге, төрешілерге, көрермендер мен жанкүйерлерге сыйластықпен қарауға;
      - өзімнің барлық іс-әрекетімде спорттық әдеп ережелерін басшылыққа алуға салтанатты түрде ант етемін.
      Менің осы антты бұзуым Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі деген жоғары атақпен сыйыспайтындығын ұғынамын.
      _______________________________               __________________
       Тегі Аты Әкесінің аты (күні)