Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 260 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 1 шілдеде № 9552 тіркелді

Қолданыстағы

      «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      2. «Азаматтық қорғаныс мүддесінде қорғану құралдарындағы қажеттілікті айқындау туралы нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 313 бұйрығының (Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 6022 тіркелген және 2010 жылғы 12 наурыздағы "Юридическая газета" № 37 (1833), 2010 жылғы 12 наурыздағы "Заң газеті" № 37 (1659) газеттерінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі В.В. Петровқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    В. Божко

Қазақстан Республикасы 
Төтенше жағдайлар министрінің
2014 жылғы 29 мамырдағы
№ 260 бұйрығымен    
бекітілген     

Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті
айқындау жөніндегі нұсқаулық

      1. Осы Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының халқын қорғауды қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау құралдарын жинақтаудағы қажеттілікті айқындайды.
      2. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      азаматтық қорғау құралдары – жеке қорғану құралдары, қосымша патрондар, медициналық жеке қорғану құралдары, радиациялық және химиялық барлау, дозиметриялық бақылау аспаптары өзіне кірістіретің халықты қорғау және азаматтық қорғау күштерін жарақтандыру үшін қолданылатын материалдық-техникалық мүлік;
      жеке қорғану құралдары – зиянды және (немесе) қауіпті факторлардың әсерін болдырмау немесе азайту, сондай-ақ ластанудан қорғау үшін адамның киетін жеке пайдалану құралдары;
      қосымша патрондар – ішінде іске қосылған кезде оттегін бөліп, көміртегінің қос тотығы мен су буын жұтатын химиялық заттары бар тыныс алу мүшелерін жеке қорғау құралдарының жиынтық бұйымдары;
      медициналық жеке қорғану құралдары – бұл зақымдаудың алдын алу немесе зақымдау факторларының әсері салдарын азайту және асқындауының алдын алу мақсатында төтенше жағдайларда қолдануға арналған медициналық препараттар, материалдар мен арнайы құралдар;
      радиациялық және химиялық барлау, дозиметриялық бақылау аспаптары – радиация деңгейін және жерді, құрылыстарды, жабдықты, көлік пен басқа да объектілерді улағыш және күшті әсер ететін улы заттармен зақымдау дәрежесін анықтауға арналған аспаптар.
      3. Жеке қорғану құралдарын жинақтау бейбіт және соғыс уақытында қорғалуын қамтамасыз ету үшін:
      ықтимал радиациялық, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) ластануы (зақымдау) аймақтарының шекараларындағы аумақтарда тұратын және жұмыс істейтін халық үшін - жеке қорғану құралдары олардың жалпы санынан 100%, оның ішінде балалар үшін - 35% есебімен жүзеге асырылады.
      4. Жеке қорғану құралдары запасының талап етілетін саны дәл өлшемді және ақаулықтары бар газқағарларды алмастыруды қамтамасыз ету үшін қажеттіліктен 5%-ға ұлғайтылады.
      5. Халықты қорғауды қамтамасыз ету үшін запастарда:
      олардың жалпы санынан 100% есебімен медициналық жеке қорғану құралдарын;
      халықтың жалпы санынан 40% есебімен күшті әсер ететін улы заттардан қорғану үшін жеке қорғану құралдарына қосымша патрондарды;
      радиациялық және химиялық барлау, радиациялық және химиялық барлаудың әрбір территориялық құралымына радиациялық және химиялық мониторингілеудің әрқайсысына бір-бірден есебімен дозиметриялық бақылау аспаптарын жинақтау жүзеге асырылады.
      6. Қорғау құралдарының қажетті санын есептеу кезінде екі және одан да көп радиациялық, химиялық немесе бактериологиялық (биологиялық) зақымдау аудандары бір-бірімен қабаттасқанда, есептеуге ең жоғары зақымдалған аудан алынады.
      7. Азаматтық қорғау құрылымдарының әрбір мүшесі жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі.
      8. Запаста тұрған азаматтық қорғау құралдары, күнделікті қызметте пайдаланылатын материалдық-техникалық құралдар әзірлеуші зауыт көрсеткен сақтау және пайдаланудың шекті мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ мемлекеттік стандарттарда немесе техникалық шарттарда белгіленген нормативтік көрсеткіштерден ауытқуы анықталған кезде жаңартуға жатады.