Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 09.03.2023 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 10) тармақшасына, 32-бабының 3-тармағына сәйкес және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне бекітілген халықтың нақты саны туралы бірыңғай орталықтандырылған ақпараттық деректер базасын қалыптастыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. "Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2011 жылғы 5 қаңтардағы № 7 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6774 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және басқа мемлекеттік органдардың 2011 жылғы 15 маусымдағы № 3 нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған) бұйрығына мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережеде:
23–тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"АЕҰ-ның негізгі функциялары:
1) "Медициналық көмектің нысандары мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 796 бұйрығына (бұдан әрі – № 796 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5955 тіркелген) сәйкес МСАК (дәрігерге дейінгі, білікті) көрсету;
2) № 796 бұйрыққа сәйкес КДК (мамандандырылған, жоғары мамандандырылған) көрсету;
3) "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 бұйрығына (бұдан әрі – № 786 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7306 тіркелген) сәйкес бекітілген халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
4) ауруларды профилактикалау және саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы халықтың арасында түсіндірме жұмысын жүргізу;
5) инфекциялық аурулардың ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу;
6) "Денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 30 қазандағы № 630 бұйрығына (бұдан әрі – № 630 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5917 тіркелген), сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік қызметкердің қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқауды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 20 желтоқсандағы № 907 бұйрығына сәйкес бекітілген халыққа психологиялық және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету;
7) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес "Бекітілген халық тіркелімі" порталын жүргізу болып табылады.";
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес көрсетілген бұйрыққа 3-қосымшамен толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева):
1) Бекітілген халық тіркелімінде (бұдан әрі – БХТ) тіркеу арқылы барлық облыстар, Астана мен Алматы қалалары үшін халық санын бірыңғай есепке алуды жүргізуді;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды МСАК субъектілеріне бекіту мен бекітуден шығаруды мониторингтеуді;
3) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті (С.В. Шубина) тұрақты негізде:
1) БХТ порталын сүйемелдеуді және оның жұмыс істеуін;
2) "Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" мемлекеттік қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) тіркеу кезінде БХТ порталының Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің және "электрондық үкімет" веб-порталының басқа ақпараттық жүйелерімен дұрыс автоматтандырылған өзара іс-қимылын;
3) медицина қызметкерлері туралы деректерді белгілеу кезінде "Ресурстарды басқару жүйесі" бағдарламалық кешенімен өзара іс-қимылды;
4) БХТ порталының пайдаланушыларын әдістемелік қолдауды;
5) облыстардың, Астана мен Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының, МСАК субъектілерінің мамандарын БХТ порталында жұмыс істеу қағидаларына үйретуді;
6) тұрақты негізде БХТ порталының деректерін халық бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасының (бұдан әрі – ЖТ МДБ) деректерімен және мекенжайлар бойынша мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның мекенжайлық тіркелімі деректерімен жаңартуды;
7) БХТ порталындағы қосарланған жазбаларды алып тастау үшін қажетті бағдарламалық модульдерді әзірлеуді;
8) БХТ порталында функционалдарды іске асыруды қамтамасыз етсін.
4. Облыстардың, Астана мен Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының басшылары (келісім бойынша):
1) МСАК субъектілерінің БХТ порталын тиісінше жүргізуін;
2) БХТ порталындағы деректердің нақтылығы мен дұрыстығын;
3) БХТ порталында, соның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды бекіту және бекітуден алуға бақылау және мониторинг жүргізу;
4) БХТ порталына қол жеткізу құқығын ұсыну үшін жеке меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан тұрақты негізде МСАК субъектілерінің тізімін қалыптастыруды және оны "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі – "РЭДО" ШЖҚ РМК) ұсынуды;
5) Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды МСАК субъектілеріне жыл сайынғы еркін бекіту науқанын өткізуді;
6) халық саны бойынша БХТ порталының деректеріне мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректерімен талдау жүргізуді қамтамасыз етсін.
5. "РЭДО" ШЖҚ РМК (Т.Қ. Нұғыманов):
1) тұрақты негізде БХТ порталының деректерін Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен (бұдан әрі - ЖТ МДБ) синхрондауды және синхрондаудан кейін деректердің нақтылығын бақылауды;
2) БХТ порталының сүйемелдеуді және жұмыс істеуін;
3) "ДДРО" ШЖҚ РМК аумақтық филиалдарының тұрақты негізде БХТ порталын және мемлекеттік қызмет көрсетуді тіркеу бойынша "электрондық үкімет" веб-порталын пайдаланушыларға консультациялық-әдістемелік көмек көрсетуді;
4) БХТ порталында жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ адамдардың бекітілуін тіркеуді;
5) тұрақты негізде облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары ұсынатын тізімдерге сәйкес меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін МСАК субъектілерінің БХТ порталына қол жеткізу құқығын қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаменті (Ж.Ж. Данаева) заңнамада белгіленген тәртіппен оны мемлекеттік тіркегеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
7. "Медициналық-санитариялық алғашқы медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген халық тіркелімін құру және оны жүргізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы № 1000 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
8. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Б.Т.Төкежановқа жүктелсін.
9. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Денсаулық сақтау министрі | С. Қайырбекова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2014 жылғы 5 мамырдағы бұйрығына қосымша Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережеге 3-қосымша |
"Бекітілген халық тіркелімі" порталын жүргізу
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бекітілген халық тіркелімі облыстар, Астана және Алматы қалалары үшін Бекітілген халық тіркелімінде тіркеу арқылы халық санын есепке алуды жүргізуді айқындайды және оны жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейді.
2. "Бекітілген халық тіркелімі" порталын жүргізуде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) "Бекітілген халық тіркелімі" порталы (бұдан әрі – БХТ порталы) – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі - ДБАЖ) міндеттерін орындау үшін талап етілетін жеке тұлғалар туралы көптеген деректерді сақтауға арналған ақпараттық жинақтардың жиынтығы;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды медициналық-санитариялық алғашқы көмектің денсаулық сақтау субъектілеріне бекіту (бұдан әрі – бекіту) – медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісінің (бұдан әрі – МСАК субъектісі) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде азаматтардың оны алуға арналған құқықтарын іске асыру бойынша міндеттемелерін тіркеу;
3) бекіту мәртебесі – нақты жеке тұлғаға тиісті және МСАК субъектісі айқындаған ақпараттық объект пациентті тіркеу тарихының оқиғасын сипаттайды;
4) учаске – МСАК мамамына бекітілген МСАК субъектісінің халыққа қызмет көрсететін аумағының бөлігі.
2. Үдеріске қатысушылардың өзара іс-қимылы
3. БХТ порталы арқылы МСАК ұйымдарына бекіту үдерісіне (бұдан әрі – үдеріс) мынадай адамдар (бұдан әрі – қатысушылар) қатысады:
Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар (бұдан әрі – халық);
МСАК субъектісі;
облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың (бұдан әрі – денсаулық сақтау басқармалары) жергілікті органдары;
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – "РЭДО" РМК).
4. Үдерістің қатысушылары мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) халық:
жеке басын куәландыруға қажетті құжаттар (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік) оралманның жеке куәлігі мен электрондық цифрлық қол таңба болған жағдайда МСАК ұйымына бекіту үшін "электрондық үкімет" веб-порталына жүгінген кезде сұратуды қалыптастырады.
2) МСАК субъектісі:
учаскелер бойынша бекітілген халық туралы және БХТ порталындағы персонал туралы деректерді енгізудің толықтығы мен дұрыстығын және оларды уақтылы жаңартуды қамтамасыз етеді;
"Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы № 253 қаулысымен бекітілген "Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) стандартына сәйкес "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық нысанда келіп түскен бекітуге арналған сұратуларды уақтылы өңдеуді жүзеге асырады;
бекітілген халықтың саны мен құрылымының өзгеруін талдау мен мониторингілеуді жүзеге асырады;
БХТ порталының құрамындағы бекітілген халық туралы мәліметтердің құпиялылығын сақтайды;
БХТ порталын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
МСАК субъектілеріне, оның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы бекіту мен бекітуден шығару мәселелері бойынша халықтың өтініштерін қарайды;
халықты бекіту және бекітуден шығаруға арналған сұратуларды тіркейді;
туу, қайтыс болу, перинаталдық өлім туралы медициналық куәліктер туралы деректер енгізеді;
денсаулық сақтау басқармасы айқындаған бекітілген қызмет көрсету аумағы бойынша деректерді БХТ порталында жаңартуды қамтамасыз етеді;
3) денсаулық сақтау басқармасы:
үдеріске қатысушылардың қызметін үйлестіреді;
үдеріске қатысушылардың БХТ порталын сақтауын бақылайды;
МСАК субъектілеріне халықты бекіту мен бекітуден шығаруға арналған сұратуларды өңдеуді бақылау мен мониторингтеуді жүзеге асырады;
МСАК субъектісінің БХТ порталында қызмет көрсету аумағының мекенжайлары мен бекітілген халық саны туралы ақпаратты өзгертуін бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етеді;
БХТ порталындағы учаскелер мен штаттардың нақты санына сәйкестігін бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етеді;
БХТ порталын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
БХТ порталының жұмыс істеуі, халықты бекіту мен бекітуден шығару мәселелері бойынша халық пен МСАК субъектілерінің өтініштерін, оның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы қарайды;
мемлекеттік қызмет көрсету бойынша МСАК субъектілерінің қызметін ай сайынғы бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етеді;
туу (қайтыс болу) туралы медициналық куәліктерді уақтылы енгізуді бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етеді.
4) "РЭДО" ШЖҚ РМК:
бекіту мен бекітуден шығаруға арналған сұратуларды өңдеуді БХТ порталына сәйкес пациенттен өтініш түскен күні, шиеленесті сұратуларды 2 күннің ішінде өңдеуді жүзеге асырады;
қолмен енгізілген жазбалар арқылы МСАК субъектісіне бекітілген адамдарды ЖТ МДБ деректерімен салыстыруды жүргізеді, қосарлануды жою үшін жеке тұлға туралы бір жазбаның МСАК субъектісіне бекітудің бір мәртебесіне сәйкес келуін қамтамасыз етеді;
денсаулық сақтау басқармасы және МСАК субъектілерімен келісім бойынша МСАК субъектілеріне бекіту қызметін БХТ порталына өзгерістер енгізуді қамтамасыз етеді;
жауапты адамдарды жаңартуды және қол жеткізудің барлық логиндерінде парольдерді ауыстыруды қамтамасыз етеді;
БХТ порталындағы мекенжайлар анықтамалығын әкімшілендіруді қамтамасыз етеді.
3. "Бекітілген халық тіркелімі" порталында халықты тіркеу
5. Халықты тек бір МСАК субъектісіне тіркеу БХТ порталында халықты бекітуді тіркеуге қойылатын негізгі талап болып табылады;
Халықты МСАК субъектісіне бекітуді өзгерту болған жағдайда:
1) бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, оқуын немесе жұмысын өзгерткен кезде;
2) МСАК субъектісінің қайта ұйымдастырған немесе таратқан жағдайларда;
3) халық дәрігер мен МСАК субъектісін еркін таңдауы кезінде жылына бір реттен жиі емес;
4) МСАК ұйымдарына халықты бекіту жөніндегі науқан кезенінде;
5) 18 жасқа дейінгі балалардың заңды өкілдері, жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі әйелдер дәрігер мен МСАК субъектісін еркін таңдауы кезінде жүзеге асырылады.
БХТ порталын жүргізу жүктелген МСАК субъектісінің жауапты адамы мынадай құжаттар болған жағдайда өтініш жасауларына қарай азаматтарды бекітуге арналған сұратуды:
1) өтініш берушінің паспорттық деректерін (ТАӘ, ЖСН, туған күні, азаматтығы) және тұратын жерінің мекенжайы көрсетілген ерікті нысандағы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік) оралманның жеке куәлігі болған жағдайда тіркеуді жүзеге асырады.
6. БХТ порталындағы МСАК субъектісінің жауапты адамының іс-қимылы:
1) БХТ порталына бекітілген халық тіркелімі деректерінің құрылымына сәйкес жолдарды толтыра отырып, бекітуге (бекітуден шығаруға) арналған сұратуды қалыптастырады;
2) МСАК субъектісінде сақталатын "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 тіркелген) бекітілген 0/57е нысаны бойынша медициналық ұйымға бекіту талонын (бұдан әрі – бекіту анықтамасы (талоны)) толтырады және МСАК ұйымын еркін таңдауға ниет білдірген адамға қол қою үшін береді;
3) МСАК субъектісінің жауапты адамы қол қойған және МСАК субъектісінің мөрімен бекітілген бекіту анықтамасының (талонының) көшірмесін бекітілетін адамға береді;
4) мынадай жағдайларда бекітуден шығаруға арналған сұратуды:
қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде бекітілген адамның қайтыс болуы фактісі белгіленгенде;
бекітілген адам оның жеке өтінішінің негізінде "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 тіркелген) бекітілген 0/57е нысаны бойынша медициналық ұйымнан бекітуден шығару талонын рәсімдеумен елдің шегінен тыс тұрақты немесе уақытша нақты тұру жерін өзгерткен кезде тіркейді;
5) "РЭДО" ШЖҚ РМК мен оның аумақтық филиалдарының бекітуден (бекітуден шығаруға) арналған сұратуларды өңдеу үшін жауапты қызметкеріне мынадай растаушы құжаттардың көшірмелерін қағаз немесе электрондық түрде жібереді:
бекіту үшін: өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, (оралман статусы бар – оралманның жеке куәлігі), бекіту анықтамасы (талоны);
бекітуден шығару үшін: өтініш, медициналық ұйымнан бекітуден шығару талоны;
6) тіркеуге арналған сұратуларды қалыптастырмай учаскелердің арасында МСАК субъектісінің ішінде халықты бекітудің өзгеруін тіркейді.
7. МСАК субъектісінің жауапты адамы нәрестелерді бекітуге арналған сұратуларды тіркеуді мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
1) медициналық босандыру ұйымының жауапты адамы нәрестені шығарғаннан кейін бір күннен кешіктірмей БХТ порталында туу туралы медициналық куәлігін тіркеуді жүзеге асырады;
2) МСАК субъектісінің жауапты адамы:
туу туралы куәлікті кейіннен тіркей отырып, медициналық босандыру ұйымы берген туу туралы медициналық куәліктің негізінде;
әділет органдарында тіркелген туу туралы куәліктің негізінде нәрестелерді бекітуді жүзеге асырады.
8. МСАК субъектісінің, стационарлар мен сот-медициналық сараптаманың жауапты қызметкерлері қайтыс болу және перинаталдық өлім туралы медициналық куәліктердің негізінде адамды бекітуге қарамастан куәліктерді жаздырып алғаннан кейін бір күннен кешіктірмей БХТ порталында қайтыс болу фактісін тіркеуді жүзеге асырады.
9. Бекіту анықтамасы (талоны) халықты МСАК субъектісіне бекіту туралы куәландыратын құжат болып табылады.
Бекіту анықтамасы (талоны) БХТ порталында қалыптастырылады және МСАК субъектісінің жауапты адамы оны қағаз нысанында әр адамға қол қою үшін береді.
БХТ-ға рұқсат болмаған кезде бекіту талоны (анықтамасы) МСАК субъектісінің жауапты адамы қағаз нысанында толтырады, кейін БХТ-ға енгізіледі.
"Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы адам электрондық нысанда бекітуге арналған сұрату жіберген жағдайда МСАК субъектісінің жауапты адамы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында айқындалған мерзімде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы бекіту туралы ақпарат бар оң жауап не дәлелді бас тарту жібереді.
Бекіту кезінде, оның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы басқа МСАК субъектісінен бекітуден шығару автоматты жүзеге асырылады.
Халықты бекітудің (бекітуден шығарудың) даулы жағдайлары туындаған кезде "РЭДО" ШЖҚ РМК-ның және (немесе) оның аумақтық филиалдарының БХТ порталын жүргізу үшін жауапты адамдары жеке тұлға туралы жазбаға оның өтінішінің сканирленген түрдегі сілтемесін тіркейді.
10. МСАК субъектілеріне халықты бекіту тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы № 1263 қаулысымен бекітілген Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту қағидаларына (бұдан әрі – Бекіту қағидалары) сәйкес жүзеге асырылады.
11. Әскери қызметшілер, сотталған адамдар болып табылатын, соның ішінде қатаң режимде жазасын өтеп жатқан тұлғаларды БХТ порталына бекітуді тіркеуді денсаулық сақтау басқармасының бірінші басшысының бұйрығымен құрылған БХТ порталында МСАҚ субъектілеріне халықты бекітуді (бекітуден алуды) тіркеу мәселелерін қарау жөніндегі анықталған комиссия (бұдан әрі – Комиссия) МСАҚ субъектісінде жүзеге асырады.
12. ЖСН жоқ адамдардың немесе БХТ порталында жоқ адамдардың БХТ порталында бекітілуін тіркеуді "РЭДО" ШЖҚ РМК-ның және оның аумақтық филиалдарының БХТ порталын жүргізу үшін жауапты адамы мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
1) денсаулық сақтау субъектісінің жауапты адамы ЖСН-ның болмауы себептерін (адамның әлеуметтік мәртебе (тұратын жері белгісіз), құжаттарды жоғалту мен өзге себептер) көрсете отырып, ЖСН-ы жоқ адамдар мен БХТ порталында жоқ адамдардың тізімін (бұдан әрі – тізім) қалыптастырады және оны БХТ порталында тіркеу үшін "ДДРО" ШЖҚ РМК-на жібереді;
2) "РЭДО" ШЖҚ РМК-ның және (немесе) оның аумақтық филиалдарының БХТ порталын жүргізу үшін жауапты адамдары денсаулық сақтау субъектісі ұсынған жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде "ЖСН-сыз" мәртебесімен ЖСН жоқ адамдарды және "ЖТ МДБ-да жоқ" мәртебесімен БХТ порталында жоқ адамдарды БХТ порталында тіркейді.
13. Медициналық-әлеуметтік ұйымдарда (қарттар үйі, балалар үйі, жетім балалар үйі) тұрақты тұратын адамдардың БХТ порталында бекітілуін тіркеу олардың МСАК субъектілерімен келісімі бойынша жүзеге асырылады.
14. "РЭДО" ШЖҚ РМК-ның және оның аумақтық филиалдарының БХТ порталын жүргізу үшін жауапты адамдарының іс-қимылы:
1) "РЭДО" ШЖҚ РМК-ның бекітуге (бекітуден шығаруға) арналған сұратуларды өңдеу үшін жауапты қызметкерлерінің электрондық мекенжайларымен МСАК субъектісін қамтамасыз етуі;
2) БХТ порталында бекітуге (бекітуден шығаруға) арналған сұратуды өңдеу кезінде қағаз немесе электрондық түрде ұсынылуы мүмкін бекітуді растайтын құжаттардың, оның ішінде бекітуден шығару анықтамасының (талонының) алынған көшірмелерге сәйкестігіне салыстыру жүргізу;
3) оны қалыптастырған күнінен бастап екі жұмыс күннің ішінде БХТ порталында бекітуге (бекітуден шығаруға) арналған сұратуларды өңдеуді жүзеге асыру;
4) растайтын құжаттардың көшірмесі болмаған жағдайда немесе егер құжаттар толық көлемде ұсынылмаса, МСАК субъектісіне тіркеуге (тіркеуден шығаруға) арналған сұратуды БХТ порталында растамау;
5) нысан бойынша "РЭДО" ШЖҚ РМК-ның аумақтық филиалы жетекшісінің мөрімен және қол қоюымен бекітілген МСАК субъектілеріне тіркелген халық туралы есепті ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне дейін денсаулық сақтау басқармасына жіберу;
6) денсаулық сақтау басқармасының халықты аумақтық қайта бөлу туралы шешімінің негізінде МСАК субъектілерінің халыққа қызмет көрсету аумағын қайта қарау жағдайында МСАК субъектісіне еркін бекітілу құқығына ниет білдірмеген халықты БХТ порталында автоматтандырылған режімде қайта бөлуді жүзеге асыру.
15. Халықты бекіту бойынша деректерді БХТ порталына енгізу нәтижесі бойынша:
халық санының өзгеруі туралы есеп;
қызмет көрсету аумағының мекенжайлары мен бекітілген халықтың саны туралы ақпарат;
аумақтық қызмет көрсету учаскелері, учаскелік қызметтің (жалпы практика қызметінің) дәрігерлері мен орта медицина персоналы туралы ақпарат;
учаскеде бекітілген халықтың тізімі;
медициналық ұйым бойынша бекітілген халықтың тізімі;
бекітуден шығарылған пациенттердің тізімі;
халықты бекітуге (бекітуден шығаруға) арналған сұратуларды өңдеу нәтижелері;
азаматты бекіту тарихы қалыптастырылады.
16. МСАК субъектісіне бекіту туралы деректер, оның ішінде бұрынғы тіркеу туралы ақпарат үдеріске қатысушылардың қарауы үшін оларды БХТ порталында тіркегеннен кейін қолжетімді болады.