Біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі № 191 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 3 маусымда № 9479 тіркелді

Жаңартылған

      «Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (Ә.С. Жұмаділдаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің Орынбасары –
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі                             Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы    
Премьер-Министрі Орынбасарының -
Қазақстан Республикасы   
Қаржы министрінің      
2014 жылғы 28 сәуірдегі   
№ 191 бұйрығымен     
бекітілген         

Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Бұл Біліктілік емтиханын өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және біліктілік емтиханын өткізу тәртібін айқындайды.
      2. Біліктілік емтиханды тапсыру уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар ретінде тіркеуге негіз болып табылады.
      3. Уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар қызметін жүзеге асыруға үміткер (бұдан әрі - үміткер) тұлға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі - Комитеті) арқылы біліктілік емтиханды тапсыру туралы жазбаша өтінішті (бұдан әрі - өтініш), біліктілік емтиханды өткізу комиссиясына (бұдан әрі - Комиссия) еркін түрде, біліктілік емтиханын тапсыру тілін (қазақ немесе орыс) көрсете отырып, мынадай құжаттармен қоса жібереді:
      1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) жоғары заң немесе экономикалық білім туралы диплом көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы табыс етілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған көшірмесі);
      3) экономикалық, қаржы немесе заң саласындағы қызметте кемінде үш жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттардың көшірмелері (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы табыс етілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған көшірмесі).
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      3-1. Біліктілік емтиханды ұйымдастыру және қабылдау Комиссиямен жүзеге асырылады.
      Комиссия құрамы Комитет төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
      Ескерту. Қағида 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Алып тасталды - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      5. Алып тасталды - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      6. Комиссия төраға мен алты мүшеден - екі әкімшіден, Комитеттің бес өкілінен тұратын тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.
      Әкімшілердің кандидатураларын дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кәсіптік бірлестіктері (бұдан әрі - кәсіптік бірлестік) бір жылдан аспайтын мерзімге анықтайды және Комиссия құрамына енгізу үшін ұсынады.
      Кәсіптік бірлестік сайлаған кандидаттардың оңалту және банкроттық саласында кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.
      Комиссия құрамына енгізу үшін ұсынылатын кандидаттар туралы мәліметтер жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірілмей мынадай ақпараттарды көрсете отырып, Комитетке жіберіледі:
      кандидатты сайлаған кәсіптік бірлестіктің атауы;
      кәсіптік бірлестіктің сандық құрамы;
      кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және оның оңалту және банкроттық саласындағы жұмыс тәжірибесі.
      Комитетке кәсіптік бірлестіктер сайлаған кандидат ретінде екеуден артық кандидат түскен жағдайда, Комиссия құрамына оңалту және банкроттық саласында жұмыс тәжірибесі көп әкімшілер енгізіледі. Жұмыс өтілі тең болған жағдайда мүшелері көп кәсіптік бірлестік сайлаған кандидат енгізіледі.
      Комитет өкілдері, оңалту және банкроттық мәселелерін жетекшілік ететін Салық комитеті төрағасы орынбасарының ұсынысы негізінде комиссия құрамына енгізіледі.
      Егер комиссия мүшелерінің кемінде үшеуі қатысса комиссия отырысы заңды болып табылады.
      Комиссия қызметін ұйымдастыру үшін Комитет қызметкерлері санынан Комиссия хатшысы тағайындалады.
      Комиссия хатшысы Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады және отырыс хаттамаларын ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесіне жатпайды.
      Егер Комиссия мүшесі емтихан тапсырушы тұлғаның жақын туысы болып табылатын болса Комиссия мүшесі отырысқа қатыса алмайды және бас тартуға (өздігінен бас тартуға) жатады.
      Комиссия құрамынан өздігінен бас тартпау дерегі анықталған жағдайда, Комиссия мүшесі Комиссия құрамынан шығарылып, шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде кіргізілмейді.
      Комиссия мүшесінің және (немесе) емтихан тапсырушы тұлғаның себептерді көрсете отырып, бас тартуы және өздігінен бас тартуы отырыстың басталуына дейін, сонымен бірге отырыс барысында мәлімделеді.
      Бас тарту (өздігінен бас тарту) туралы шешім Комиссия мүшелерінің көп дауысымен жазбаша нысанда қабылданады.
      Комиссия мүшелерінің дауыстар саны тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Комиссия хатшысының дауыс беру құқығы жоқ.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      7. Алып тасталды - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Біліктілік емтиханды өткізу

      8. Біліктілік емтиханына жіберілген үміткерді оның өту күніне дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей біліктілік емтиханының күні, уақыты мен орны көрсетіле отырып, Комитет хабардар етеді.
      Үміткерге хабардың біліктілік емтиханға қатысуға рұқсат беру туралы өтінішінде көрсетілген пошталық мекен-жайға жазбаша жолдауы тиісінше хабардар ету болып танылады.
      Біліктілік емтиханына жіберілген үміткерлердің тізімі, біліктілік емтиханның өту күніне дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей, оның күні, уақыты мен орны көрсетіле отырып, Комитеттің интернет-ресурсында жарияланады.
      Біліктілік емтиханына келген кезде үміткерде жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      9. Біліктілік емтиханы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
      10. Біліктілік емтиханы бір күн ішінде екі кезеңде өтеді:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест тапсыру;
      2) үміткердің емтихан билеттері бойынша білімін тексеру.
      Тестілік сұрақтар мен емтихан билеттері тізілімі Комиссия шешімімен бекітіледі және қажеттілігіне қарай жаңаланады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      11. Біліктілік емтиханын өткізу алдында Комиссия үміткерді біліктілік емтиханының өту тәртібі туралы хабарландырады.
      12. Тестілік сұрақтардың мазмұны жалпы заң нормалары, оңалту және банкроттық туралы заңнама нормалары, оңалту және банкроттық рәсімдерді жүргізуге байланысты өзге де аралас салалар білімін болжайды. Сұрақтардың жауаптарының кемінде үш нұсқасы болуы тиіс.
      Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі. Тестілеуде сұрақтар саны елуден аспайды. Тестілеу үшін бөлінген уақыт қырық минутты құрайды.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      13. Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу қолданылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері принтерде екі данада басылып шығарылады, Комиссия хатшысымен бұрыштама қойылады және үміткерге жеке қол қойдыру арқылы танысу үшін ұсынылады.
      Тестілеу нәтижесінің бір данасы үміткерге табыс етіледі, екіншісі Комиссияға беріледі.
      14. Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 және одан көп пайызын құраса, үміткер тестілеуден өтті деп саналады және екінші кезеңге жіберіледі.
      Тестілеу нәтижелері бойынша екінші кезеңге жіберілмеген үміткер біліктілік емтиханынан өтпеді деп есептеледі.
      15. Емтихан билеттері әкімші қызметін жүзеге асыру үшін білуді қажет ететін үш теориялық сұрақтан және бір тәжірибелік тапсырмадан тұрады.
      16. Емтихан билеттерінің сұрақтарына жауаптар дайындауға 30 минут беріледі. Емтихан билеттерінің сұрақтарына үміткердің ауызша жауаптарының дұрыстығын Комиссия мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
      Комиссияның әрбір мүшесі басқалардан тәуелсіз үміткердің жауаптарын бағалайды.
      Комиссия хатшысы екінші кезеңнің қорытындылары бойынша Комиссия мүшелері шығарған нәтижелерді есептейді және жалпы орташа балды шығарады.
      Комиссия мүшелерінің бағалары, сондай-ақ үміткердің емтихан билетінің сұрақтары бойынша жинаған жалпы орташа балы Комиссияның хаттамасында көрсетіледі.
      Егер жалпы орташа балл кемінде төрт балды құраса, үміткер аттестаттаудан өтті деп саналады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      17. Біліктілік емтихан кезінде үміткерлерге басқа адамдармен сөйлесуге, материалдармен алмасуға, қағаз және электрондық тасығыштардағы ақпаратты пайдалануға, бөлмеден шығуға тыйым салынады. Тестіден өтуші адамдардың қабылдайтын – жіберетін электрондық құрылғылары (оның ішінде қалта дербес компьютерлері мен өзге де электрондық жабдықтар) тестілеу кезінде сөндіріледі.
      Аталған талаптарды бұзған жағдайда үміткер Комиссия шешімі бойынша біліктілік емтиханынан шығарылады.
      Біліктілік емтиханынан шығарып жіберілген үміткер осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген тәртіпте шешім шығарылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін біліктілік емтиханына жіберу туралы қайта өтініш беруге құқылы.
      18. Тестілеу және (немесе) емтихан сұрақтарына жауап беру нәтижелері бойынша Комиссия біліктілік емтиханын тапсырғаны (тапсырмағаны) туралы дәлелді шешім шығарады.
      Нәтижелер, үміткер біліктілік емтиханы өткен күні, ол аяқталғаннан кейін жария етіледі.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      19. Комиссияның біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы дәлелді шешім үміткерді әкімші ретінде тіркеу үшін негіз болып табылады.
      Комиссияның біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы дәлелді шешім, біліктілік емтихан тапсырған күннен бастап бір жылға жарамды.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      20. Біліктілік емтиханынан өтпеді деп танылған адам, оны қайта біліктілік емтиханынан өтпеді деп таныған біліктілік емтиханы өткен күнінен бастап алты айдан кейін тапсыра алады.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      21. Біліктілік емтиханының барысы хаттама түрінде ресімделеді, сондай-ақ жазу техникалық құралдарының көмегімен тіркеледі.
      Хаттамада: отырыс өтетін күні, уақыты мен орны, үміткердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тестілеу нәтижесі, емтихан билетінің нөмірі мен мазмұны, үміткердің жауаптары, емтихан сұрақтары бойынша Комиссия мүшелері берген балл және жалпы орташа бал, сондай-ақ Комиссия шешімі көрсетіледі, хаттамаға Комиссия мүшелерінің барлығы қол қояды.
      22. Үміткер келмеген жағдайда оның өтініші қараусыз қалдырылады және ол табыс еткен құжаттармен бірге Комитет тарапынан біліктілік емтиханы өткен күннен бастап бес жұмыс күннен кешіктірілмей қайтарылады.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Біліктілік емтиханды   
өткізу қағидаларына    
қосымша          

                                                                Нысан

Біліктілік емтиханын тапсырғаны (тапсырмағаны)
туралы Комиссия шешімі

      Ескерту. Қосымша алып тасталды - ҚР Қаржы министрінің 16.02.2015 № 93 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.