Жеке сот орындаушысының бос лауазымына конкурс өткізу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2014 жылғы 7 наурыздағы № 99 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 20 наурызда № 9257 тіркелді

Қолданыстағы

      «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушысының бос лауазымына конкурс өткізу қағидасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің келесі нормативтік кұқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын:
      1) «Жеке сот орындаушысы бос лауазымына конкурс өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 3 қарашадағы № 305 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6627 болып тіркелген, 2010 жылғы 30 қарашадағы № 506-512 (26355) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған);
      2) «Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. «Жеке сот орындаушысы бос лауазымына конкурс өткізу ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 3 қарашадағы № 305 бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2011 жылғы 11 наурыздағы № 102 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6879 болып тіркелген, 2011 жылғы 5 мамырдағы № 184-185 (26587) «Егемен Қазақстан» газетінде, 2011 жылғы 25 наурыздағы № 5 Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған);
      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетов):
      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрінің
      міндетін атқарушы                                 З. Баймолдина

Қазақстан Республикасы     
Әділет министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 7 наурыздағы    
№ 99 бұйрығымен бекітілген   

Жеке сот орындаушысының бос лауазымына конкурс өткізу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Жеке сот орындаушысының бос лауазымына конкурс өткізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Жеке сот орындаушысының бос лауазымына конкурстық іріктеу (бұдан әрі - конкурс) жеке сот орындаушысының лицензиясы бар адамдардың қатарынан жүзеге асырылады.
      3. Конкурсты біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - комиссия) тоқсанына кемінде бір рет өткізеді.
      4. Конкурсқа қатысуға жіберуден Заңның 140-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша бас тартылады.
      5. Конкурсты өткізу туралы хабарландыру www.adilet.gov.kz интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
      Хабарландыруда мынадай мәліметтер:
      уәкілетті органның орналасқан жері, пошталық мекенжайы және байланыс телефондары;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 239 қаулысымен бекітілген жеке сот орындаушыларының қызметін жүзеге асыру үшін қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес кандидатқа қойылатын негізгі талаптар;
      құжаттарды қабылдау тәртібі мен мерзімдері;
      конкурстың өткізілетін орны;
      комиссияның қарауына ұсынылатын құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
      6. Уәкілетті орган хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы Қағиданың қосымшасына сәйкес нысан бойынша кандидаттардың өтініштерін қабылдайды.
      Өтінішке комиссияға ұсынғанға дейін бір айдан кем болмайтын мерзімде наркологиялық және психиатриялық ұйымдардан берілген медициналық анықтамаларды қоса беріледі.
      Кандидат біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейі мен беделіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру туралы құжаттардың көшірмелері, мінездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар және тағы басқалар) бере алады.
      7. Құжаттарды қабылдау конкурс туралы хабарландыруда белгіленген мерзім аяқталған күні аяқталады.
      8. Конкурсқа қатысуға жіберілген кандидаттардың тізімі, конкурс өткізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, өткізу орны мен әңгімелесу күні мен уақытын белгілеумен www.adilet.gov.kz интернет-ресурсына орналастырылады.
      9. Конкурсқа қатысуға жіберілмеген кандидаттарға осы Қағиданың 8-тармағында көрсетілген мерзімде уәкілетті орган оны конкурсқа қатысуға жібермеу туралы шешімді қабылдау үшін негіз болған заңнама нормаларына сілтеме жасаумен оған дәлелді хат жолдау арқылы хабарлайды.
      10. Конкурс әңгімелесу нысанында өткізіледі. Заңнаманы, атап айтқанда атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы жоғары деңгейде білу, моральдық-адамгершілік қасиеттер, заң мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі кандидаттарды іріктеудің негізгі критерийлері болып табылады. Кандидаттармен әңгімелесу нәтижелері хаттамамен ресімделеді.
      11. Конкурстық іріктеуден өтпеген адамдардың құжаттары оларды берген адамдарға конкурс өткізілген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде пошталық байланыспен немесе аталған адамның немесе оның өкілінің жеке қол қоюымен қолма-қол қайтарылады.
      12. Комиссияның кандидаттың конкурстан өткендігі туралы шешімі оны тиісті атқару округының өңірлік алқасы мүшелігіне қабылдау және уәкілетті органның аумақтық органында есептік тіркеу үшін негіз болып табылады.
      13. Конкурстан өтпеген кандидатқа келесі конкурстарға қайта қатысуына кедергі болмайды.
      14. Жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындалған адамдардың басқа атқару округында жалпыға бірдей негіздерде жеке сот орындаушысы бос лауазымына конкурсқа қатысуына кедергі болмайды.

Жеке сот орындаушысының бос
лауазымына конкурс өткізу
қағидасына қосымша   

                                                             Нысан

Біліктілік комиссиясының төрағасына
__________________________________
__________________________ тұратын
Байланыс телефоны _______________

Өтініш

      Мені ________________________________ жеке сот орындаушысының бос (бос орын бар атқару округының әкімшілік-аумақтық бірлігі көрсетіледі) лауазымына конкурсқа қатысуға жіберуіңізді өтінемін.

      Жеке сот орындаушысының бос лауазымына конкурс өткізу қағидасының негізгі талаптарымен таныстым, оларды орындауға келісім беремін және міндеттенемін. Осымен өзім берген мәліметтердің түпнұсқалығына толық жауапкершілігімді растаймын.

      Қоса берілетін құжаттар: ______________________________________
_____________________________________________________________________

____________ ____________
  (Қолы)       (Т.А.Ә.)

"____"_______________ 20__ ж.