Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 27.02.2015 № 122 (алғаш жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен сон қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидасы бекітілсін.
2. «Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 3 қарашадағы № 304 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6626 тіркелген, 2010 жылғы 30 қарашадағы № 506-512 (26355) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетов):
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Имашев
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2014 жылғы 17 наурыздағы
№ 110 бұйрығымен бекітілген
Жеке сот орындаушыларының
қызметін бақылауды жүзеге асыру
қағидасы
1. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке сот орындаушыларының атқарушылық әрекеттерінің заңдылығын бақылауды жүзеге асыру және іс жүргізу қағидасының сақталуы тәртібін анықтайды.
2. Бақылау мақсаты:
Сот актілерін жеке атқарушылық саласындағы заңдылықты және оның халыққа қол жетімділігін қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы талаптар мен нормалардың жеке орындалу тәжірибесінің және атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін халықаралық құқық тәжірибесінің сәйкестігін зерделеу болып табылады.
3. Бақылау міндеттері:
атқарушылық іс жүргізу тараптарының мүліктік және мүліктік емес құқықтарының және заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету;
жеке сот орындаушыларының құқық қолдану тәжірибесінде бірізділікті қамтамасыз ету;
атқарушылық іс жүргізу саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту болып табылады.
4. Бақылауды жүзеге асыру қағидаттары:
объективтілік;
алаламаушылық;
кәсіби этиканы сақтау;
атқарушылық іс жүргізу тараптарының, сондай-ақ жеке сот орындаушысының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.
5. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметін тексеру:
тексерілетін жеке сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жасау кезінде атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманы сақтау ахуалын зерделеуді және тексеруді;
жасалатын атқарушылық әрекеттердің серпінін, құрылымы мен сипатын талдауды;
жеке сот орындаушысының іс жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын, оның ішінде іс жүргізу тіліне қойылатын талаптарды сақтауын тексеруді;
жеке сот орындаушысы мұрағатының жай-күйін зерделеуді;
есептілікті жасаудың және атқарушылық іс жүргізуді есепке алудың дұрыстығы мен растығын зерделеуді;
жеке сот орындаушысының Жеке сот орындаушысының кәсіби ар-намыс кодексін сақтауын және оның өңірлік сот орындаушылары алқасы жарғысының талаптарын орындауын болжайды.
6. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметін тексеру түрлері:
1) алғашқы тексерулер;
2) жоспарлы тексерулер;
3) жоспардан тыс тексерулер.
7. Осы Қағиданың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тексерулер уәкілетті орган жасайтын бірыңғай тексерулер кестесіне (бұдан әрі - кесте) сәйкес жүзеге асырылады.
Тексерулер кестесі:
1) тексеру жүргізу мерзімдері және кәсіби қызметі басталған күннен бастап алты айдан кем болмайтын және бір жылдан аспайтын жеке сот орындаушыларының тізімі (алғашқы тексерулер);
2) тексеру жүргізу мерзімін және жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметін соңғы тексеру бір жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген тізімін (жоспарлы тексерулер) анықтайтын бөлімдерден тұрады.
8. Бастапқы тексеру кестесі тоқсан сайын жасалады және тиісті тоқсанның алдындағы айының 10 күнінен кешіктірмей уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітіледі.
Жоспарлы тексеру кестесі бір күнтізбелік жылға жасалады және тиісті ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітіледі.
Кесте жеке сот орындаушысының кәсіби қызметін жылына бір рет тексеру үшін негіз болып табылады.
9. Кестені жасаған кезде мынадай факторлар мен жағдайлар есепке алуға жатады:
өткен тексерулердің нәтижелері;
жеке сот орындаушысының өткен тексерулерде алған ұсынымдарды орындауы;
жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар саны;
сот тәртібімен жойылған атқарушылық әрекеттердің, жеке сот орындаушысына қатысты соттар енгізген жеке ұйғарымдардың болуы;
жеке сот орындаушысына қатысты прокурорлық ден қою актілерінің болуы.
10. Алғашқы және жоспарлы тексерулерді жүзеге асыру үшін уәкілетті (аумақтық) орган басшысының бұйрығымен Республикалық (өңірлік) жеке сот орындаушылары алқасымен келісім бойынша уәкілетті (аумақтық) органның қызметкерлері Республикалық (өңірлік) жеке сот орындаушылары алқасы өкілдерінің қатарынан құрамы үш адамнан аспайтын комиссия құрылады. Тексерулерді жүзеге асыруға басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері жеке сот орындаушыларының заңды қызметіне қажетті тексеру жүргізу үшін тартылуы мүмкін.
11. Бұйрықта комиссияның дербес құрамынан басқа кәсіби қызметі тексеруге жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), тексеру негіздері, тексеруді жүзеге асыру үшін белгіленетін мерзімдер, тексерумен қамтылатын жеке сот орындаушысының жұмыс кезеңі көрсетіледі.
Бұйрықпен комиссия төрағасы бекітіледі, оған комиссия мүшелерінің тексерісін тиісінше ұйымдастыру және қызметін үйлестіру жүктеледі.
12. Тексерілетін жеке сот орындаушысы бұйрықпен қол қоюмен тексеру (алғашқы, жоспарлы) басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей танысады.
Жеке сот орындаушысы тексеру туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан жағдайда, комиссия еркін нысанда жазылған бас тарту туралы хаттаманы жасайды. Жеке сот орындаушысының бұйрықпен танысудан бас тартуы тексеруді кейінге қалдыруға негіз бола алмайды.
13. Жеке сот орындаушысының қызметін алғашқы тексеру:
орналасқан үй-жайға құқық белгілейтін құжаты немесе жалдау шартының болуы, жеке сот орындаушысының үй-жайды мақсатына сай пайдалануы, жеке сот орындаушысының кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықтарына қойылатын талаптарды сақтауын;
жеке сот орындаушыларының іс жүргізуді, сақтауын, мұрағат үй-жайының жағдайын, жеке сот орындаушысының мөрін және бланкілерін сақтауды, атқарушылық іс жүргізуді, берілген тапсырмаларды, есепке алу журналдарын және кітаптарын жүргізуді және сақтауды;
жеке сот орындаушысының жалдану бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер үшін еңбек жағдайларын жасауын (еңбек шартының болуы, жұмыс орындарын беру, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету);
азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруын;
жеке сот орындаушысының қызметін ақпараттық-нормативтік қамтамасыз ету жағдайын;
атқарушылық әрекеттерді жасау кезінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың сақталуын;
атқарушылық іс жүргізу есептілігін және есепке алуды жасаудың дұрыстығы мен дәйектілігін зерделеуді және тексеруді болжайды.
14. Жоспардан тыс тексерістерді жүргізу негізі жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдар, жеке сот орындаушысына қатысты прокурорлық ден қою актілері, құқық қорғау органдырының процессуалдық құжаттары соттардың жеке ұйғарымдары болып табылады.
Жоспардан тыс тексерісті жүзеге асыру үшін уәкілетті (аумақтық) орган басшысының бұйрығымен Республикалық (өңірлік) жеке сот орындаушылары алқасының келісімі бойынша уәкілетті (аумақтық) органның қызметкерлері, Республикалық (өңірлік) жеке сот орындаушылары алқасы өкілдерінің қатарынан құрамы үш адамнан аспайтын комиссия құрылады.
15. Бұйрықта комиссияның дербес құрамынан басқа жеке сот орындаушысының аты-жөні, тегі, тексеру негіздері, тексеруді жүзеге асыру үшін белгіленетін мерзімдер көрсетіледі.
Бұйрықпен комиссия төрағасы бекітіледі, оған комиссия мүшелерінің тексерісін тиесілі ұйымдастыру және қызметін үйлестіру жүктеледі.
16. Жоспардан тыс тексеруді өткізу кезінде жеке сот орындаушысы жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы бұйрықпен бұйрық шыққан күннен кейін келесі күні қол қоюмен танысады.
Жеке сот орындаушысы тексеру туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан жағдайда, комиссия бас тарту туралы хаттаманы жасайды. Жеке сот орындаушысының бұйрықпен танысудан бас тартуы тексеруді кейінге қалдыруға негіз бола алмайды.
17. Комиссия мүшелері:
жеке сот орындаушысының жұмыс орнына барады;
тексерілетін жеке сот орындаушысынан атқарушылық әрекеттер туралы, оның ішінде тексеру жүргізу үшін қажетті есептік мәліметтерді алады;
жеке сот орындаушысынан жасаған атқарушылық әрекеттеріне қатысты жеке түсініктемелер алады;
соттардың жеке ұйғарымдарымен, прокурорлық ден қою актілерімен, бақылау-қадағалау органдары жүргізген өткен тексерулердің нәтижелері туралы анықтамалармен танысады;
тексерілетін жеке сот орындаушысының орындауындағы атқарушылық іс жүргізу материалдарымен танысады;
құжаттардың, есептердің қажетті көшірмелерін, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмелерін алады.
18. Комиссия мүшелері:
объективті болуы және алаламауы;
қолданыстағы заңнаманың атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін ережелері мен талаптарын, Жеке сот орындаушысының кәсіби ар-намыс кодексін, жеке сот орындаушылары алқасының жарғыларын білуі;
атқарушылық әрекеттер жасау кезінде жеке сот орындаушыларының тәуелсіздігіне қол сұқпауы;
тексеру кезінде оларға белгілі болған мәліметтерді жария етпеуі;
кәсіби этиканы сақтауы қажет.
19. Жеке сот орындаушысы оның қызметін тексеруді жүргізу барысында:
комиссияға жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысуға қатысты мәліметтер мен құжаттарды береді;
комиссияға танысу үшін атқарушылық іс жүргізудің талап етілетін барлық материалдарын және есептерді береді;
қажет болған кезде өзінің атқарушылық әрекеттеріне жазбаша және ауызша, түсініктемелер, сондай-ақ атқарушылық өндірістің көшірме құжаттарын, көшірме материалдарын береді;
атқарушылық әрекеттен жасау кезінде анықталған қателер мен бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
20. Жеке сот орындаушысы тексеру кезінде дәлелді себептермен болмаған жағдайда (еңбек демалысында болу, уақытша еңбекке жарамсыз парағы бойынша және басқа да негіздермен) тексеріс жүргізу мерзімі (алғашқы, жоспарлы, жоспардан тыс) жеке сот орындаушысы шыққанға дейін тоқтатыла тұрады.
Жеке сот орындаушысының дәлелді себептермен болмауын растайтын құжаттарды жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына кейіннен уәкілетті (аумақтық) органға жолдау үшін өңірлік алқаға жолдайды.
21. Тексеру нәтижесі үш данада жасалатын барлық комиссия мүшелері қол қойған комиссия анықтамасында көрініс табады.
Уәкілетті орган жүргізген тексеріс туралы анықтама көшірмесі аумақтық органға, Жеке сот орындаушыларының Республикалық алқасына және жеке сот орындаушысына жіберіледі.
Аумақтық орган жүргізген тексеріс туралы анықтама көшірмесі уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына және жеке сот орындаушысына жіберіледі.
22. Анықтамада жағдайдың толық талдауы, комиссияның бағалауы мен қорытындысы, сондай-ақ, іске асыру мерзімін көрсетумен нақты ұсынымдар қамтылады. Анықтама мәтінінде комиссия мүшелерінің ерекше пікірлері көрініс табуы мүмкін.