"Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы"

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 3 қарашадағы № 304 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 9 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6626 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 17.03.2014 № 110 бұйрығымен (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына174-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. «Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет Төрағасының 2010 жылғы 14 шілдедегі № 01-01-31/244 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6346 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін
      атқарушы                                   Д. Құсдәулетов

Қазақстан Республикасы  
Әділет министрі міндетін 
атқарушының        
2010 жылғы 3 қарашадағы 
№ 304 бұйрығымен бекітілген

Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру ережесі

      1. Осы Ереже «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 2-тармағы 4) тармақшасына174-бабына сәйкес уәкілетті орган, Республикалық және өңірлік жеке сот орындаушылары алқасының жеке сот орындаушысы жасаған атқарушылық іс-қимылдарының заңдылығын бақылауды жүзеге асыру және іс жүргізу ережесін сақтауы жөніндегі бірлескен құзыретінің іске асырылу тетігін белгілеу мақсатында әзірленді.
      2. Бақылау мақсаты мыналар болып табылады:
      жеке атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңдылықты және оның халыққа қол жетімділігін қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы талаптар мен нормалардың жеке орындалу тәжірибесінің және атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін халықаралық құқық тәжірибесінің сәйкестіктерін зерттеу.
      3. Бақылау міндеттері мыналар болып табылады:
      атқарушылық іс жүргізу тараптарының мүліктік және мүліктік емес құқықтарының және заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету;
      жеке сот орындаушыларының құқық қолдану практикасында бірізділікті қамтамасыз ету;
      атқарушылық іс жүргізу саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту.
      4. Бақылауды жүзеге асыру қағидаттары мыналар болып табылады:
      объективтілік;
      алаламаушылық;
      кәсіби этиканы сақтау;
      атқарушылық іс жүргізу тараптарының, сондай-ақ жеке сот орындаушысының өзінің де құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.
      5. Жеке сот орындаушысы жасайтын атқарушылық іс-қимылдың заңдылығын және оның іс жүргізу ережесін сақтауын бақылауды уәкілетті органымен, Республикалық және өңірлік жеке сот орындаушылары алқалары жүзеге асырады.
      6. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметін тексеру мыналарды ұйғарады:
      тексерілетін жеке сот орындаушысының атқарушылық іс-қимылдарды жасау кезінде атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманы сақтау ахуалын зерделеу және тексеру;
      жасалатын атқарушылық іс-қимылдардың серпінін, құрылымы мен сипатын талдау;
      жеке сот орындаушысының іс жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын, оның ішінде іс жүргізу тіліне қойылатын талаптарды сақтауын тексеру;
      жеке сот орындаушысы мұрағатының жай-күйін зерделеу;
      есептілікті жасаудың және атқарушылық іс жүргізуді есепке алудың дұрыстығы мен растығын зерделеу;
      жеке сот орындаушысының жеке сот орындаушысының кәсіби ар-намыс кодексін сақтауы және оның өңірлік сот орындаушылары алқасы жарғысының талаптарын орындауы.
      7. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметін тексеру түрлері:
      1) алғашқы тексерулер;
      2) мерзімді тексерулер;
      3) жедел тексерулер.
      8. Осы Ереженің 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тексерулер уәкілетті орган Республикалық жеке сот орындаушылары алқасымен бірлесіп жасайтын бірыңғай тексерулер кестесіне (бұдан әрі - кесте) сәйкес жүзеге асырылады.
      Тексерулердің кестесі:
      1) тексеру жүргізу мерзімін және жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметі басталған күннен бастап алты айдан кем емес және бір жылдан аспайтын тізімін (алғашқы тексерулер);
      2) тексеру жүргізу мерзімін және жеке сот орындаушыларының кәсіби қызметін соңғы тексеру бір жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген тізімін (мерзімді тексерулер) анықтайтын бөлімдерден тұрады.
      9. Бастапқы тексеру кестесі тоқсан сайын түзіледі және Республикалық жеке сот орындаушыларының алқасымен келісім бойынша өткен тоқсанға сәйкес, айдың 10-шы жұлдызынан кешіктірілмей уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      Мерзімді тексеру кестесі бір күнтізбелік жылға жасалады және тиісті ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан кешіктірілмей Республикалық жеке сот орындаушыларының алқасымен келісім бойынша уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      Тексеру кестесін түзету Республикалық жеке сот орындаушылары алқасымен келісім бойынша уәкілетті органмен бір жылда екі реттен көп емес жүзеге асырылады.
      Кесте бір жеке сот орындаушысының кәсіби қызметін жылына бір реттен жиі емес тексеруді жүргізу үшін негіз болып табылады.
      10. Кестені жасау кезінде мынадай факторлар мен жағдайлар есепке алуға жатады:
      жеке сот орындаушысы кеңсесінде сот орындаушысының жалпы жұмыс мерзімі;
      алдыңғы тексерулердің нәтижелері;
      жеке сот орындаушысының алдыңғы тексерулерде алған ұсынымдарды орындауы;
      жеке сот орындаушысының іс-әрекетіне шағымдар мен өтініштердің саны;
      сот тәртібімен жойылған атқарушылық іс-әрекеттерінің, жеке сот орындаушысына қатысты соттар енгізген жеке ұйғарымдардың болуы;
      жеке сот орындаушысына қатысты прокурорлық қадағалау актілерінің болуы.
      11. Тұлғалардың шағымдары, прокурорлық қадағалау актілері, құқық қорғау органдарының процессуалды құжаттары, соттардың жеке ұйғарымдары жедел тексерулер жүргізу үшін негіз болады.
      Жедел тексеру заңсыздығы (дұрыс еместігі) шағымда, прокурорлық қадағалау актілерінде, құқық қорғау органдарының іс жүргізу құжаттарында, соттардың жеке ұйғарымдарында көрсетілген іс-әрекеттерді ғана қамтиды.
      12. Алғашқы және мерзімді тексерулерді жүзеге асыру үшін уәкілетті орган басшысының бұйрығымен Республикалық жеке сот орындаушылары алқасымен келісім бойынша уәкілетті органның қызметкерлері, жеке сот орындаушыларының Республикалық алқаларының өкілдерінен кемінде үш адамнан тұратын тұрақты әрекет ететін комиссиялар құрылады. Өңірлік жеке сот орындаушылар алқасының өкілдері және аумақтық органның қызметкерлері тексеру жүргізуге тартыла алады.
      13. Бұйрықта комиссияның дербес құрамынан басқа кәсіби қызметі тексеруге жататын жеке сот орындаушысының аты-жөні, тексеру негіздері, тексеруді жүзеге асыру үшін белгіленетін мерзім, тексерумен қамтылатын жеке сот орындаушысының жұмыс мерзімі көрсетіледі.
      Бұйрықпен Республикалық жеке сот орындаушылары алқасымен келісім бойынша комиссия мүшелерінің қызметін тексеру мен үйлестіруді тиісінше ұйымдастыру жүктелетін комиссия төрағасы бекітіледі.
      14. Тексерілетін жеке сот орындаушысы бұйрықпен қол қоя отырып, тексеру басталғанға дейін он күнтізбелік күннен кешіктірілмей танысады.
      Жеке сот орындаушысы тексеру туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан жағдайда комиссия бас тарту туралы хаттама жасайды. Жеке сот орындаушысының бұйрықпен танысудан бас тартуы тексеруді кейінге қалдыруға негіз бола алмайды.
      15. Жеке сот орындаушысының қызметін алғашқы тексеру:
      орналасқан үй-жайға меншіктігі туралы құқық иелендіретін құжаты немесе жалдау шартының болуы, жеке сот орындаушысының үй-жайды мақсатына сай пайдалануы, Қазақстан Республикасы Әділет министрі міндетін атқарушының 2010 жылғы 3 қарашадағы № 307 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6629 тіркелген) Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жері мен жабдықталуына қойылатын талаптарын сақтауы;
      Қазақстан Республикасы Әділет министрі міндетін атқарушының 2010 жылғы 3 қарашадағы № 306 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6628 тіркелген) Жеке сот орындаушысының кеңсесінде іс жүргізу ережесін сақтау, мұрағат үй-жайының жай-күйін, жеке сот орындаушысының мөрін және бланкілерін сақтау, атқарушылық іс жүргізуді, берілген тапсырмаларды, есепке алу журналдарын және кітаптарын жүргізу және сақтау жағдайларын;
      жеке сот орындаушысының жалдау бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер үшін еңбек жағдайларын жасауын (еңбек шартының болуы, жұмыс орындарын беру, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету);
      азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруын;
      жеке сот орындаушысының қызметтік ақпараттық-нормативтік қамтамасыз ету ахуалын зерделеуді және тексеруді ұйғарады.
      16. Комиссия мүшелері:
      тексерілетін жеке сот орындаушысынан атқарушылық іс-қимыл туралы, оның ішінде тексеру жүргізу үшін қажетті есептік мәліметтерді алады;
      жеке сот орындаушысынан ол жасаған атқарушылық іс-қимылдарға қатысты жеке түсініктемелерді алады;
      соттардың жеке ұйғарымдарымен, прокурорлық қадағалау актілерімен, бақылау-тексеру органдары жүргізген алдыңғы тексерулердің нәтижелері туралы актілермен және анықтамалармен танысады.
      17. Комиссия мүшелері:
      объективті және алаламауы;
      қолданыстағы заңнаманың атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін ережелері мен талаптарын, жеке сот орындаушысының кәсіби ар-намыс кодексін, жеке сот орындаушылары алқасының жарғыларын білуі;
      атқарушылық іс-қимылдар жасау кезінде жеке сот орындаушыларының тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуі;
      тексеру кезінде оларға мәлім болған мәліметтерді жария етпеуі;
      кәсіби этиканы сақтауы.
      18. Жеке сот орындаушысы оның қызметін тексеруді жүргізу барысында:
      комиссияға жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысуға қатысты мәліметтер мен құжаттарды береді;
      комиссияға атқарушылық іс жүргізудің барлық талап етілетін материалдарын және есептерді береді;
      қажет болған кезде өзінің атқарушылық іс-қимылдарына жазбаша және ауызша түсініктер, сондай-ақ түсініктемелер береді;
      атқарушылық іс-қимылдар жасау кезінде анықталған қателер мен бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
      19. Тексеру нәтижесі үш дана болып жасалатын барлық комиссия мүшелерімен және жеке сот орындаушысымен қол қойылатын комиссияның анықтамасында көрініс табады.
      Анықтама көшірмесі тексеру аяқталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жеке сот орындаушысына, аумақтық органға және өңірлік жеке сот орындаушылары алқасына жіберіледі.
      20. Анықтама ахуалды толық талдауды, комиссияның бағалаулары мен қорытындысын, сондай-ақ, іске асыру мерзімін көрсете отырып нақты ұсынымдарды қамтиды. Анықтама мәтінінде комиссия мүшелерінің маңызды пікірлері көрініс табуы мүмкін.
      21. Тексеру нәтижелері жеке сот орындаушысы аттестаттаудан өткен кезде есепке алынуы тиіс.