Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 15.10.2015 № 842 бұйрығымен.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 Жарлығының 2-тармағын іске асыру мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік қызметшілері қызмет этикасының қағидалары бекітілсін.
2. Кадрлық қамтамасыз ету департаменті (Е.Б. Құлтаев) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және белгіленген тәртіппен мерзімдік баспа басылымдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Әкімшілік жұмыс департаменті (Е. Алдоңғаров) Қағида мәтінін Министрлік ғимаратында баршаға көрінетіндей жерлерде орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Комитет төрағалары, Министрліктің орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, облыстар, Астана және Алматы қалалары департаменттерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, әскери бөлімдер командирлері осы бұйрықты қызметкерлердің назарына жеткізсін және оның орындалуын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының басшысы С.Қ. Оқасовқа жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр В. Божко
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2013 жылғы 26 қарашадағы
№ 536 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрлігінің
мемлекеттік қызметшілері қызмет этикасының
қағидалары
1. Осы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік қызметшілері қызмет этикасының қағидалары (бұдан әрі – Қағида) «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңына, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы» (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына сәйкес әзірленді.
2. Қағида Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік), оның ведомстволары мен аумақтық органдары мемлекеттік қызметшілері мінез-құлқының негізгі стандарттарын айқындайды.
Министрліктің мемлекеттік қызметшілері:
1) заңдылық қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституцияның, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы;
2) шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайларына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дінге көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты жері мен өзге де мән-жайларға қарамастан адамның және азаматтың ар-намысы мен абыройын құрметтеуі;
3) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуі, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлеріне құрметпен қарауы;
4) адал, әділ, қарапайым болуы, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауы, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық пен ізеттілік танытуы;
5) өзінің лауазымдық міндеттерін орындау барысында басқа тұлғаларға қатысты сабырлылық, сыпайылық, әдептілік және құрмет танытуы;
6) қызметтік дәреже сатысын сақтауы;
7) өзінің жұмыс уақытын тиімді пайдалана отырып, қызметтік міндеттерін адал, әділ және сапалы орындауы, жұмыста бастамашылдық танытуы, қойылған міндеттерді шешу үшін барлық күш-жігерін салуы, сынды дұрыс қабылдауы, жіберілген қателіктерін уақытында мойындауы, өзін жалған ақтауды іздемеуі;
8) стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге жетуде ұжым бірлігіне ықпал етуі;
9) адал болуы, өзінің кәсіби қызметіне біреудің, оның ішінде өзінің туысқандарының, достарының немесе таныстарының ықпал етуіне жол бермеуі;
10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Министрліктің нышандарын қадірлеуі және құрметтеуі;
11) адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, көмекке мұқтаж әрбір нақты адамның тыныштығы және тұрақтылығы үшін өзінің жеке жауапкершілігін терең сезінуі;
12) Министрліктің үздік дәстүрлерін: патриотизм, қызметтік борышына адалдық, серіктестік, өзара көмек беру, қайсарлық, адал ниеттілік, адамгершілік пен кәсібилікті сақтауы және көбейтуі;
13) өз біліктілігін, кәсіби даярлығын ұдайы жетілдіріп отыратын, жан-жақты дамыған, аса білімді маман болуға тырысатын, өз қызметінде технологиялардың прогрессивті әдістері және озық тәжірибе мен білімді қолданатын қызметкер ғана адам мен қоғамға пайда келтіретінін білуі;
14) тіпті бір ғана ұқыпсыз қызметкердің әрекетсіздігі, әдепсіз қылығы, қорқақтығы мен рухсыздығының кесірінен Министрліктің жалпы күш-жігері мен жұмысының нәтижесі әлсізденуі немесе мүлдем жойылуы мүмкін екендігін әрқашанда есте сақтауы;
15) қарамағындағы бөлімшеде жайлы моральдық-психологиялық климат құруға талап пен жауапкершілікті сәтті байланыстыруы, қызметкерлердің адамгершілік мәдениетін қалыптастыруы;
16) қарамағындағы қызметкерлерге қамқор болуы, олардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуі, ардагерлерге, сондай-ақ қызметтік борышын орындау кезінде қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына көңіл бөлуі;
17) қарамағындағы қызметкерлердің атқаратын лауазымдарына сәйкес олардың қызметтік өкілеттіліктерінің міндеттері мен көлемін дәл белгілеуге, оларға орындай алмайтындығы айқын өкімдерді бермеуі;
18) осы Қағида талаптарының бұзылу фактілеріне қағидаты ден қоюы, кінәлі қызметкерлердің жауапкершілігімен қатар, өзінің де жеке жауапкершілігі туралы мәселені қоюға әзір болуы керек.
3. Министрлік мемлекеттік қызметшілері Кодекспен белгіленген сыбайлас жемқорлықа қарсы мінез-құлықты сақтауы керек.
Егер Министрлік мемлекеттік қызметшісі сыбайлас жемқорлықпен байланысты немесе қызметкерлердің өз қызметтік міндеттерін орындау барысында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы туралы шынайы ақпаратты білетін болса, мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалармен белгіленген шаралар қабылдау қажет.
4. Егер мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік саясат мәселелері жөніндегі пікірінде:
1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;
2) жария етуге рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
3) мемлекет, мемлекеттік басқару органдары лауазымды тұлғаларының, басқа мемлекеттік қызметшілердің атына айтылған әдепсіз сөздер болса, бұл пікірін жұрт алдында білдірмеуі керек.
5. Министрлік мемлекеттік қызметшісі қызметтен тыс уақытта:
1) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануы, қоғамға қарсы мінез-құлық көріністеріне жол бермеуі;
2) жағымсыз қоғамдық резонанс туғызатын іс-әрекетке жол бермеуі, өз беделіне нұқсан келтіруі мүмкін жүріс-тұрыстан тартынуы;
3) Министрлік қызметкері деген жоғары атақтың абройын түсіруі мүмкін кез-келген жеке байланыстан қашқақтауы тиіс.
6. Осы Қағидада көзделген талаптарды орындамағаны немесе бұзғаны үшін, Министрліктің мемлекеттік қызметшілері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жауапты болады.