"Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 153 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының    
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс   

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 19, 225-құжат, 2011 ж., № 30, 365-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінде (Мемлекеттік қызметшілер қызмет этикасының қағидаларында):
      1) 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кіргеннен кейін үш күн мерзімде осы Кодекспен жазбаша түрде таныстырылуы тиіс.»;
      2) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Мемлекеттік қызметшілер:
      1) заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуға;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіретіндей іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;
      3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, олардың өтініштерін қарау кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға салу көріністеріне жол бермеуге, өтініштер бойынша белгіленген мерзімде қажетті шаралар қолдануға;
      4) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
      5) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;
      6) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
      7) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
      10) мемлекеттік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауға, берілген өкілеттіктерді тиімді иеленуге; өзінің қызметтік міндеттерін адал, турашыл және сапалы атқаруға; жұмыс уақытын ұтымды пайдалануға;
      11) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жеке және заңды тұлғаларға артықшылық көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;
      12) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
      13) кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
      14) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге; басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар жасауға мәжбүрлемеуге;
      15) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілерін болдырмауға және олардың жолын кесуге;
      16) өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;
      17) бағынысты қызметкерлерге қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, адамдық қадір-қасиетін кемсіту, жөнсіздік, орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;
      18) басшылардың тапсырмаларын орындау барысында тек объективті де анық мәліметтер беруге;
      19) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды әрі тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға;
      20) ұжымда іскерлік өзара қарым-қатынасты және сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал жасауға;
      21) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға;
      22) өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде киімнің іскерлік қалпын ұстануға тиіс.».
      3) 9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
      Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.
      Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.»;
      4) 10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «10. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.»;
      5) 18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «18. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.»;
      6) 19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «19. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.»;
      2. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар екі ай мерзімде мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасының қағидаларын бекітсін.
      3. Осы Жарлық кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев