Жоғары спорт шеберлігі мектептерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Төрағасының 2013 жылғы 19 тамыздағы № 298 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 18 қыркүйекте № 8718 тіркелді

Қолданыстағы

      «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының 23-бабының 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Жоғары спорт шеберлігі мектептерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
      2. Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментi (С.М. Жарасбаев) заңнамамен белгiленген тәртiпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне мемлекеттiк тiркеуге ұсынсын;
      2) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгiнiң интернет-ресурсында ресми жариялануын қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары
Е.Б. Қанағатовқа жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Төраға                                      Е. Қожағапанов

Қазақстан Республикасы
Спорт және дене шынықтыру
істері агенттігінің  
2013 жылғы 19 тамыздағы
№ 298 бұйрығымен бекітілді

Жоғары спорт шеберлігі мектептерінің
қызметін ұйымдастыру қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы жоғары спорт шеберлігі мектептерінің қызметін ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының 23-бабы 21) тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары спорт шеберлігі мектептерінің (бұдан әрі – ЖСШМ) қызметін ұйымдастыру тәртібін анықтайды. ЖСШМ құрудың негізгі мақсаты спортшыларды халықаралық жарыстарға қатысуға (спорттық резервті) дайындау болып табылады.
      2. ЖСШМ заңды тұлға болып табылады және өз қызметінде 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясын, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексін, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының кодексін, «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын, «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, мемлекеттік мүлік жөніндегі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті органдардың бұйрықтарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сонымен қатар осы Қағиданы және ЖСШМ жарғысын басшылыққа алады.
      3. ЖСШМ республикалық, облыстық және қалалық (аудандық) мәртебесі болуы мүмкін, сонымен қатар филиалдарын ашуға құқылы.
      4. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) бұқаралық-спорттық iс-шаралардың күнтiзбесi – дене шынықтыру-спорт ұйымдарының оқу-жаттығу жұмысын күнтiзбелiк жылға жоспарлауы мен өткiзуiн реттейтiн ресми құжат;
      2) уәкiлеттi орган - дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      3) спорт түрi – бiлiктiлiк деңгейi, жаттығу ортасы, пайдаланылатын құрал-сайманы мен жабдығы, жарыс ережесi айрықша белгiлерi болып табылатын дене шынықтырудың құрамдас бөлiгi;
      4) аға жаттықтырушы – спорт түрлерi бойынша жаттықтырушылыр құрамына жалпы басшылықты iске асыратын және оқыту қызметiмен тiкелей айналысатын спорттан жаттықтырушы;
      5) жаттықтырушы-оқытушы – техникалық кәсiптiк немесе жоғары кәсiптiк бiлiмi бар және оқыту қызметiмен тiкелей айналысатын жеке тұлға;
      6) спорттық резерв – жасөспiрiмдердiң және жастардың жарыстарына қатысатын спортшылар;
      7) халықаралық жарыстар - кемiнде бес мемлекеттiң өкiлдерi қатысатын спортшылар (командалар) арасындағы спорт түрiнен сайыстар;
      8) оқушы – БЖСМ-да спорт түрiмен шұғылданатын тұлға;
      9) спорттық жетiлдiру топтары – оқу-жаттығу топтарында дайындықтан өткен және мынадай атақтар мен разрядтарды орындаған спорт мектептерінің оқушылары қабылданатын топтар:
      спорттың ойын түрлерiнен, коньки тебу спортынан, жеңiл атлетикадан, спорттық гимнастикадан – 1-спорттық разряд;
      шығыс жекпе-жегiнiң олимпиадалық емес түрлерiнен – «Қазақстан Республикасының спорт шеберi», және спорттық жетiлдiру тобының жалпы санынан кемiнде 30% «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi» атағы бар спортшылар;
      спорттың басқа түрлерiнен – «Қазақстан Республикасының спорт шеберiне үмiткер»;
      10) жоғары спорт шеберлiгi топтары – спорттық жетiлдiру топтарында дайындықтан өткен және мынадай спорттық атақтар мен разрядтарды орындаған спорт мектептерінің оқушылары қабылданатын топтар:
      спорттың ойын түрлерiнен, коньки тебу спортынан, жеңiл атлетикадан, спорттық гимнастикадан – «Қазақстан Республикасының спорт шеберiне үмiткер»;
      шығыс жекпе-жегiнiң олимпиадалық емес түрлерiнен – «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi», және жоғары спорт шеберлiгi тобының жалпы санынан кемiнде 50% «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi» атағы бар спортшылар;
      спорттың басқа түрлерiнен – «Қазақстан Республикасының спорт шеберi»;
      11) тұрақты құрам – ЖСШМ тұрақты түрде жаттықтырылатын спортшылар;
      12) ауспалы құрам – оқу-жаттығу жиына және жарыстарға шақырылатын, және ЖСШМ штатында жұмыс істемейтін жаттықтырушылармен тұрақты түрде шұғылданатын спортшылар.
      5. ЖСШМ құру үшін мына міндетті талаптар болуы керек:
      1) ғылымның және тәжірибиенің қазіргі заманғы жетістіктеріне сәйкес оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға және сапалы өткізуге қабілетті білікті жаттықтырушы-оқытушы құрам (бірінші біліктілік санатынан төмен емес);
      2) оқушыларға оқу-жаттығу және тәрбиелік процестерді, қалпына келтіру іс-шараларын спортшылардың тиімді демалысын және ұтымды тамақтануын, толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін спорттың түрі (түрлері) бойынша материалдық-техникалық база (жеке немесе жалға алынған);
      3) спорттық жетілдіру және жоғары спорт шеберлігі топтарындағы спорт мектептерінің оқушыларына қойылатын талапқа сай жасы және дайындық деңгейі бойынша оқушылар;
      4) оқушыларды спорттық-әдістемелік (ғылым) және медициналық қамтамасыз ету.

2. Мақсаттары мен міндеттері

      6. ЖСШМ негізгі мақсаты спортшылардың жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған бір немесе бірнеше олимпиада спорт түрлерінен, сонымен қатар Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген спорт түрлерінен жыл бойы оқу-жаттығу, спорттық-әдістемелік қызметін жүзеге асыру болып табылады.
      7. ЖСШМ негізгі міндеттері:
      1) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының негізгі құрамына спортшыларды іріктеу және дайындау;
      2) оқу-жаттығу процессін ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету, оның нәтижесін, физикалық сапасының жеке даму көрсеткішінің өсу динамикасын, спортшылардың техника-тактикалық дайындық деңгейін өсіруді талдауды жүзеге асыру;
      3) оқушыларын жарыстарға қатысуын және сәтті өнер көрсетуін қамтамасыз ету;
      4) ЖСШМ оқушыларының дайындық процессін материалдық-техникалық, әдістемелік, медико-биологиялық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
      5) ЖСШМ жаттықтырушы-оқытушы құрамын және басқа қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру.
      8. ЖСШМ алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мына функцияларды орындайды:
      1) ЖСШМ оқушылары үшін Қазақстан Республикасында және шетелде жеке немесе жалға алған спорттық ғимараттарында жыл бойы оқу-жаттығу процессін өткізу;
      2) ЖСШМ оқушыларының кешенді нысаналы бағдарламасын және дайындық жоспарын іске асыру;
      3) оқушылардың дайындық процессінің спорттық-әдістемелік (ғылыми) қамтамасыз етуді, медико-биологиялық, профилактикалық және қалпына келтіру іс-шараларын жүзеге асыру;
      4) оқушылардың, жаттықтырушылардың және ЖСШМ басқа да қызметкерлерінің халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбелік жоспарға сәйкес оқу-жаттығу процессіне қатысуын қамтамасыз етуді;
      5) оқытушы-жаттықтырушы құрамы және ЖСШМ басқа да қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ шетелде кәсіби біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
      6) патриотизмді қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысын ұйымдастыру және өткізу.

3. Контингентті қалыптастыру тәртібі

      9. ЖСШМ республикалық жарыстардың жүлдегер және жеңімпаз спортшыларын қабылдайды.
      10. ЖСШМ контингенті олимпиадалық спорт түрлері және Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының мүшелерінен жасақталған оқушылардың тұрақты және ауыспалы құрамынан құрылады.
      ЖСШМ контингенті спорттық жетiлдiру және жоғары спорт шеберлiгi тобына кіретін оқушылардан қалыптасады. Спорттық жетiлдiру және жоғары спорт шеберлiгi топтарына қабылданған оқушылардың жасы белгіленген спорттық нормативтер және осы топтардың талаптары жыл сайын расталған жағдайда шектелмейді.
      11. ЖСШМ спорттық дайындыққа қатысушылар мыналар:
      1) олимпиадалық спорт түрлерінен, сонымен қатар Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командаларының тізімдік құрамына енгізілген спортшылар;
      2) ЖСШМ аға жаттықтырушысы, білікті жаттықтырушы-оқытушылар, сонымен қатар ЖСШМ спортшыларын дайындауға шақырылған жеке жаттықтырушылар;
      3) спортшыларды даярлауға ЖСШМ шақырған дәрігелер, әдіскерлер, массажист, психологтар және басқа да мамандар.
      12. ЖСШМ оқушыларының жеке тізімдік және жаттықтырушы-оқытушыларының құрамы, оқушылардың бір жылға арналған жеке дайындық жоспары, бір жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспары жыл сайын 15 желтоқсанға дейін уәкілетті органға келісуге ұсынылады.
      13. ЖСШМ оқушыларының және жаттықтырушыларының дербес тізімін жаттығу және жарыс циклі аяқталған соң ЖСШМ басшыларының ұсынысы негізінде қажет жағдайда уәкілетті орган қайта қарастырады.
      14. ЖСШМ дайындыққа шақырылған оқушылар мына құжаттарды тапсырады:
      1) жеке куәлігінің немесе паспорттың көшірмесін;
      2) спорттық атақ берілген туралы куәлігінің көшірмесін;
      3) медициналық картасының және Спорттық медицина және қалпына келтіру республикалық орталығының спортшының денсаулығы туралы қорытындысының көшірмелері;
      4) спортшының жеке картасын;
      5) бір жылға арналған оқу-жаттығу жұмысының жеке жоспарын.
      15. ЖСШМ оқушылары мына талаптарды орындамаған жағдайда оқудан шығарылады:
      1) медициналық қарсы айғақтар бар кезде;
      2) жеке дайындық жоспарларының талаптарын орындамағанда, спорттық дайындық режимін бұзғанда;
      3) өзінің спорттық нәтижесін төмендеткенде;
      4) ЖСШМ ішкі тәртіп ережелерін бұзғанда;
      5) спорттық этиканы бұзғанда;
      6) Бүкіләлемдік допингке қарсы комитет тыйым салған допинг құралдарын қолданғанда.
      16. ЖСШМ оқушылары сонымен қатар мына негіздемелер бойынша оқудан шығарылады:
      1) өз еркімен;
      2) заңды өкілдерінің арызы бойынша (оқушының кәмелет жасқа толмағанға дейін).

4. Оқу-жаттығу жұмысын ұйымдастыру

      17. ЖСШМ оқушыларымен жүргізілетін оқу-жаттығу процессінің негізгі нысандары мыналар:
      1) оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру және өткізу;
      2) ЖСШМ оқушыларының жас санаттары бойынша дайындық жоспарына сәйкес оқу-жаттығу процессін ұйымдастыру және өткізу;
      3) топтық және жеке оқу-жаттығу тәжірибелік және теоретикалық сабақтар;
      4) базалық және жалпы физикалық дайындау, арнайы физикалық дайындау және технико-тактикалық дайындау бойынша оқу процессінің кезеңде жеке жоспар жөніндегі сабақтар;
      5) спорттық жарыстарға қатысу;
      6) перспективалы жоспар жасау және бір жыл бойынша жұмысты талдау;
      7) қалпына келтіру, сауықтыру және профилактикалық іс-шараларды өткізу;
      8) медициналық-биологиялық қамтамасыз ету;
      9) мақсатты тәрбиелік және патриоттық жұмысты қамтамасыз ету.
      18. Оқу-жаттығу, тәрбиелік және патриоттық жұмыстарды ЖСШМ аға жаттықтырушысы, оқытушы-жаттықтырушылар оқу-жаттығу сабақтарының жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
      19. Жоғары спорт нәтижелерін көрсеткен және өзінің спорт көрсеткіштерін арттыру перспективалары бар оқушылар Қазақстан Республикасының штаттық ұлттық командаларына қабылданады.
      Оқушылардың халықаралық жарыстарда көрсеткен нәтижелері ЖСШМ, сондай-ақ спортшыларды дайындаған спорттық ұйымдарға есептеледі.
      20. ЖСШМ аға жаттықтырушысы ЖСШМ әкімшілік құрамына енгізіледі, уәкілетті органның келісімі бойынша ЖСШМ басшылығымен қызметке тағайындалады және босатылады.
      21. ЖСШМ аға жаттықтырушысы оқушыларды дайындау бағдарламасын әзірлейді және оны орындауды шақырылған жаттықтырушыларымен бірлесіп бақылауға алады, оқушыларды дайындау және жарыстарға қатысу жұмысын ұйымдастырады, оқушылардың жарыстарда қатысу нәтижелерін үнемді талдауды өткізеді, оқушылардың дайындық жоспарларын және бағдарламаларын әзірлейді және оқу-жаттығу жұмысының жеке жоспарларын орындайды. ЖСШМ оқушыларымен патриоттық және тәрбиелік жұмысты ұйымдастырады және өткізеді.
      22. ЖСШМ аға жаттықтырушысының ұсынысы бойынша оқушылардың жеке жаттықтырушылары ЖСШМ қаражаты есебінен оқушылардың орталықтанған дайындығына және жарыстарға қатысады.
      Жеке жаттықтырушы оқушының жеке жоспары бойынша оқу-жаттығу процессінің жаттығу сабақтарын өткізеді және ЖСШМ аға жатықтырушысының тікелей басшылығымен жұмыс істейді.
      23. Оқушыларды медициналық бақылау және олардың функционалдық дайындығы жағдайының диагностикасы үшін, профилактикалық іс-шараларды өткізу және қалпына келтіру процесстерін оңтайландыру үшін ЖСШМ бөлінген қаражаттар шегінде тиісті аппаратурамен, қажетті медикаменттермен және медициналық құралдарға арналған жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
      24. Спорттық дәрігерлер ЖСШМ жаттықтырушыларымен бірігіп оқушылардың оқу-жаттығу жиыны, жарыстар, демалыс кезеңінде дәрігерлік-педагогикалық бақылауды жүзеге асырады. Дәрігерлік бақылаудың нәтижелерін жаттықтырушылар ЖСШМ спортшыларының жеке дайындық жоспарларын түзету үшін пайдаланады.
      25. Оқушыларды медициналық қамтамасыз ету үшін және оларға функционалды диагностиканы және қалпына келтіру іс-шараларын өткізу үшін ЖСШМ қажетті медициналық үй-жайлармен жабдықталған.
      26. ЖСШМ оқушылары үшін жыл сайын жылына екі рет Республикалық спорттық медицина және қалпына келтіру орталығында, сонымен қатар басқа да медициналық мекемелерде тереңдетілген медициналық тексеру өткізіледі.

5. Тәрбие жұмысы

      27. ЖСШМ тәрбиелік жұмысты ЖСШМ басшысы бекіткен жоспар бойынша ұйымдастырады және өткізеді.
      28. ЖСШМ тәрбие жұмысы оқушылардың жан-жақты гармониялық дамуына бағытталған және жасы мен жеке ерекшелігін, спорттық шеберлігінің деңгейін және спорттық мектептердің салтын ескере отырып жүзеге асырылады. Тәрбие жұмысы оқу-жаттығу сабақтары, жарыстар үдерісінде және күнделікті өткізіледі, және оқушының спортпен айналысуға, өзінің спорттық шеберлігін үнемі арттыруға, патриотизмді, шеберлікті, тәжірибені тәрбиелеуге және оларды практикалық қызметінде шығармашылық қолдауға, спорттық этиканы сақтауға қажеттілігін қалыптастыру тиіс.

6. Қаржыландыру және материалдық қамтамасыз ету

      29. ЖСШМ қаржыландыру бюджеттік және басқа да заңнамаға қарсы емес төлемдерден жүзеге асырылады.
      30. ЖСШМ штаттық кестесі ЖСШМ басшылықты жүзеге асыратын органның келісіммен еңбек ақы қорының шегінде ЖСШМ басшымен бекітіледі.
      31. ЖСШМ оқу үдерісін қамтамасыз ету үшін кино-фото лабораториясы, спорттық электроника, спорттық биомеханика лабораториясы, есептік, компьютерлік, көбейткіші және видеотехникасы, автокөлігі болуы мүмкін. ЖСШМ оқушыларды, оқытушы-жаттықтыру құрамын спорттық киіммен, аяқ-киіммен және жабдықтармен белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
      32. ЖСШМ ақылы қызметтерді мектептің бейіміне сәйкес жүзеге асырады.