«Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Мынадай нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілерін иеленуші тұлғаға, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 167 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7736 тіркелген, 2012 жылғы 23 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде № 540-545 (27618) жарияланған);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» 2013 жылғы 29 наурыздағы № 79 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8457 тіркелген, 2013 жылғы 2 шілдеде «Заң газеті» газетінде № 96 (2297) жарияланған) 2-тармағы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2013 жылғы 26 шілдедегі
№ 183 қаулысымен
бекітілген
Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе)
ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді
басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын
қолдану қағидалары
Осы Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына және ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға (бұдан әрі – инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы) шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібін белгілейді.
Қағидаларда белгілеген шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысына қолданылмайды (ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры).
1. Жалпы ережелер
1. Пруденциалдық нормативтерді және басқа да орындалуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзушылықтар, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерін бұзушылықтар мәлім болған, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің лауазымды тұлғаларының және қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған жағдайларда уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне шектеулі ықпал ету шарасын қолданады.
2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шарасын мынадай факторлардың бірін немесе бірнешеуін ескере отырып қолданады:
1) тәуекел деңгейі.
Қағидалардың мақсаттары үшін тәуекел ретінде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қызметін жүзеге асыруы кезінде азаматтық, қаржылық заңнамалар (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының заңнамасы) саласында белгіленген талаптарды орындамауы және (немесе) толық орындамауы нәтижесінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылық, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіру түріндегі жағымсыз салдардың туындау, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қаржылық жағдайының нашарлау ықтималдығы түсініледі;
2) таңдалған ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;
3) бағалы қағаздар нарығының субъектісі үшін бұзушылық сипаты мен ықтимал салдары;
4) бұзушылықтың жиілігі мен ұзақтығы;
5) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерлерінің жол берілген бұзушылық туралы хабардар болуы;
6) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің жалпы қаржылық жағдайы.
Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің жалпы қаржылық жағдайы есептілік деректерінің, тексеру материалдарының, аудиторлық есептердің, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйелерінің болуы жөніндегі талаптар орындалуының, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда қаржылық қолдау алу мақсатында бағалы қағаздар нарығының субъектісі басшылығының акционерлермен өзара іс-әрекет жасау нәтижелерінің негізінде айқындалады.
3. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде мынадай шектеулі шараларды қолданады:
1) орындалуға міндетті жазбаша нұсқама береді;
2) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерлерін шеттету туралы акционерлер алдында мәселе қояды;
3) инвестициялық комитет құрамындағы инвестициялық комитет мүшелерін міндеттерін орындаудан шеттетеді;
4) міндеттеме-хат ұсыну туралы талап жібереді;
5) бағалы қағаздар нарығының субъектісімен міндетті түрде қол қойылуға тиіс жазбаша келісім жасайды.
4. Уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларына қатысты, егер көрсетілген тұлғалардың, инвестициялық портфельді басқарушының заңды тұлғалар болып табылатын ірі қатысушыларының лауазымды тұлғаларының және (немесе) қызметкерлерінің бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеті (әрекетсіздігі) инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайын нашарлатқанын анықтаса, Қағидалардың 3-тармағының 1) және 5) тармақшаларында келтірілген шараларды қолданады.
5. Қағидалардың мақсаттары үшін нәтижесінде инвестициялық портфельді басқарушы меншікті капитал жеткіліктілігінің пруденциалдық нормативтерін бұзушылыққа жол берген іс-әрекеттер, сондай-ақ егер көрсетілген іс-әрекеттер Заңның 3-2-бабында санамаланған, инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайының әсер ететін факторлардың туындауына себеп болса, Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген, инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайын нашарлатқан тұлғалардың бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі ретінде түсініледі.
6. Уәкілетті орган қолданылған шектеулі ықпал ету шараларын есепке алуды жүргізеді.
2. Жазбаша нұсқама түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын
қолдану тәртібі
7. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының атына бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысының түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғасын көрсете отырып, анықталған кемшіліктерді жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде жоюға бағытталған орындалуға міндетті түзету шараларын қабылдау туралы жазбаша нұсқама шығарады.
8. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және клиенттердің алдындағы міндеттемелерді орындау және анықталған кемшіліктерді жою бойынша орындалуға міндетті шараларды білдіреді.
9. Жазбаша нұсқама:
бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға;
заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға;
жеке тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына жіберіледі.
3. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерлерін
шеттету түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі
10. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісінің акционеріне (акционерлеріне) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерін (қызметкерлерін) шеттету туралы мәселе қояды.
11. Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген шектеулі ықпал ету шарасын іске асыру мыналарды талап ете отырып, уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басқару органына хат жіберуі арқылы жүзеге асырылады:
1) уәкілетті органға күн тәртібіне бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерін (қызметкерлерін) атқарып отырған лауазымынан (лауазымдарынан) шеттету туралы мәселені қарау енгізілген бағалы қағаздар нарығының субъектісі акционерлерінің жалпы жиналысы өткізілетін күн туралы мәліметтер ұсыну;
2) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің жалғыз акционерін бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерін (қызметкерлерін) атқарып отырған лауазымынан (лауазымдарынан) шеттету туралы мәселені қарау қажеттілігі туралы хабардар ету.
12. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басқару органы уәкілетті органға мыналар туралы ақпаратты жазбаша түрде жібереді:
1) бағалы қағаздар нарығының субъектісі акционерлерінің тиісті жалпы жиналысын өткізу күні туралы – уәкілетті органның хатын алған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде;
2) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерін (қызметкерлерін) шеттету туралы мәселе бойынша бағалы қағаздар нарығының субъектісі акционерлерінің жалпы жиналысы (жалғыз акционері) қабылдаған шешім туралы - осындай шешім қабылданған күннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде;
3) бағалы қағаздар нарығының субъектісі акционерлерінің жалпы жиналысы (жалғыз акционері) шешімінің орындалғаны туралы - растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай шешім қабылданған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде.
4. Инвестициялық комитет құрамындағы инвестициялық комитет
мүшелерін міндеттерін орындаудан шеттету түріндегі шектеулі
ықпал ету шарасын қолдану тәртібі
13. Заңның 72-бабында белгіленген жағдайларда уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан инвестициялық комитет мүшелерін шеттетеді.
14. Заңның 72-бабы 8-тармағының екінші бөлігіне сәйкес уәкілетті органның тұлғаны не тұлғаларды инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттету туралы хабарламасы бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының атқарушы органына жіберіледі, ол мұны уәкілетті органның хабарламасын алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттеткен тұлғаларға жібереді.
15. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының атқарушы органы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген уәкілетті органның хабарламасын алған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген шектеулі ықпал ету шарасы қолданылған тұлғаның не тұлғалардың инвестициялық комитет құрамынан шығарылғаны туралы ақпаратты жазбаша түрде жібереді.
16. Заңның 72-бабының 9-тармағына сәйкес уәкілетті органның Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген хабарламасы инвестициялық комитеттің мүшесіне жіберілген күннен бастап осы тұлға инвестициялық комитеттің жұмысына қатыспайды және уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшесінің міндеттерін орындаудан шеттету туралы шешім қабылдағаннан кейінгі үш жыл ішінде бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы инвестициялық комитетінің құрамына сайланбайды.
5. Міндеттеме-хат талап ету түріндегі шектеулі
ықпал ету шарасын қолдану тәртібі
17. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне жоспарланған іс-шаралар тізбесін, олардың орындалу мерзімдерін және түзету шараларын қабылдауға жауапты бағалы қағаздар нарығы субъектісінің лауазымды тұлғаларын көрсете отырып, орын алған кемшіліктерді тану фактісі және оларды қатаң белгіленген мерзімдерде жою және (немесе) алдағы уақытта осындай бұзушылықтарды болдырмау бойынша бағалы қағаздар нарығының субъектісі басшылығының кепілдігі қамтылатын міндеттеме-хат беру туралы талап жолдайды.
18. Уәкілетті органның міндеттеме-хат ұсыну туралы талап етуі бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қызметінде кемшіліктер болған, оларды жою және (немесе) алдағы уақытта болдырмау өздеріне тиісті міндеттемелер алатын тұлғалар тарапынан түзету шараларын қабылдау жолымен объективті түрде мүмкін болатын жағдайларда қолданылады.
19. Міндеттеме-хат ұсыну туралы талап ету мынадай жағдайлардың бірі болған кезде жеткілікті ықпал ету шарасы болып табылады:
1) өзіне тиісті міндеттеме қабылдаған тұлға оның орындалуын қамтамасыз етуге ниетті және қабілетті болса;
2) міндеттемеде уәкілетті орган бұзушылықты жою және (немесе) оны алдағы уақытта болдырмау үшін жеткілікті деп таныған шаралардың нақты құрамы және оларды жүзеге асыру мерзімдері қамтылса.
6. Жазбаша келісім жасау түріндегі шектеулі
ықпал ету шарасын қолдану тәртібі
20. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісімен және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысымен анықталған кемшіліктерді жою қажеттілігі туралы және осыған байланысты бірінші кезектегі шараларды бекіту туралы жазбаша келісім жасайды.
21. Жазбаша келісімде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының басқару органы және (немесе) атқарушы органы және (немесе) жеке тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы бірінші кезектегі шаралар ретінде қабылдайтын кемшіліктерді жою бойынша іс-әрекеттер және олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі.
22. Бірінші кезектегі шараларды бекіту кезінде сондай-ақ жазбаша келісімге мыналарға:
1) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының тәуекелдерін төмендетуге;
2) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасамау, сондай-ақ көрсетілген тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын және (немесе) уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларын қайталап бұзушылық жасамау бойынша бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының міндеттемесін белгілеуге бағытталған талаптар енгізіледі.
23. Жазбаша келісімге қол қойған тұлға (тұлғалар) өзіне оның талаптарын орындау міндеттемелерін алады.
24. Жазбаша келісім заңды күші бірдей, мемлекеттік тілде және орыс тілінде екі данадан төрт дана етіп жасалады.
Уәкілетті орган қол қойған жазбаша келісімнің төрт данасы ілеспе хатпен бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының атына жіберіледі.
Бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы жазбаша келісімге қол қояды және оны алған күннен кейін бес жұмыс күн ішінде уәкілетті органға қол қойылған екі данасын (бір-бір данадан мемлекеттік тілде және орыс тілінде) ұсынады.
7. Қорытынды ережелер
25. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органның өзіне қатысты шектеулі ықпал ету шарасын қолданғаны туралы хабарламасын алған күннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде инвестициялық портфельді басқарушының атқарушы органы мен басқару органының барлық мүшелерін, сондай-ақ осы инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық портфельді басқарушысының қалған ірі қатысушыларын хабардар етеді.
Инвестициялық портфельді басқарушы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде өзінің барлық ірі қатысушыларын және ірі қатысушылар белгілеріне ие тұлғаларды өзіне қатысты шектеулі ықпал ету шарасының қолданылғаны туралы хабардар етеді.
26. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органды осы шектеулі ықпал ету шарасымен белгіленген мерзімде шектеулі ықпал ету шарасының орындалғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
27. Егер уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шарасымен жоспарланған іс-шаралар тізбесін ұсыну көзделген болса, бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шарасын қолдану туралы хабарламасында көрсетілген және күнтізбелік он бес күннен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралардың орындалу мерзімдерін және түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғаларды көрсете отырып, анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және (немесе) оларды алдағы уақытта болдырмау бойынша жоспарланған іс-шаралар тізбесін ұсынады.
Бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы ұсынатын жоспарланған іс-шаралар тізбесі бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының басқару органымен (бар болса) бекітілуге тиіс.
28. Уәкілетті орган ұсынылған жоспарланған іс-шаралар тізбесін қарайды.
Уәкілетті орган жоспарланған іс-шаралар тізбесімен келіспеген жағдайда жоспарланған іс-шаралар тізбесіне ескертулері бар хат жібереді, оларды бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы жояды. Түзетілген жоспарланған іс-шаралар тізбесі уәкілетті органның хаты алынған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға ұсынылады.
29. Уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралар тізбесі ұсынылған жағдайда, бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органды жоспарланған іс-шаралардың орындалуы туралы олардың орындалуы жоспарланған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.