Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 182 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 11 қыркүйекте № 8696 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Қазақстан Республикасының
      Ұлттық Банкі Басқармасының
      2013 жылғы 26 шілдедегі
      № 182 қаулысымен    
      бекітілген      

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары

      Осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      1. Уәкілетті орган Заңның 58-бабына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шарасын қолданады.
      2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шарасын мынадай факторлардың бірін немесе бірнешеуін ескере отырып қолданады:
      1) тәуекел деңгейі.
      Қағидалардың мақсаттары үшін тәуекел ретінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін жүзеге асыруы кезінде азаматтық, қаржылық заңнамалар және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнама (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының заңнамасы) саласында белгіленген талаптарды орындамауы және (немесе) толық орындамауы нәтижесінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылық, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіру түріндегі жағымсыз салдардың туындау, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайының нашарлау ықтималдығы түсініледі;
      2) таңдалған ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;
      3) таңдалған ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;
      4) бұзушылықтың жиілігі мен ұзақтығы;
      5) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерінің жол берілген бұзушылық туралы хабардар болуы;
      6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы қаржылық жағдайы.
      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы қаржылық жағдайы есептілік деректерінің, тексеру материалдарының, аудиторлық есептердің, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйелерінің болуы жөніндегі талаптар орындалуының, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда қаржылық қолдау алу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығының акционерлермен өзара іс-әрекет жасау нәтижелерінің негізінде айқындалады.
      3. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде мынадай шектеулі шараларды қолданады:
      1) орындалуға міндетті жазбаша нұсқама береді;
      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін шеттету туралы акционерлер алдында мәселе қояды;
      3) міндеттеме-хат ұсыну туралы талап жібереді;
      4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен міндетті түрде қол қойылуға тиіс жазбаша келісім жасайды.
      4. Уәкілетті орган қолданылған шектеулі ықпал ету шараларын есепке алуды жүргізеді.

2. Жазбаша нұсқама түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      5. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғасын көрсете отырып, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде жоюға бағытталған орындалуға міндетті түзету шараларын қабылдау туралы жазбаша нұсқама шығарады.
      6. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және салымшылардың (алушылардың) алдындағы міндеттемелерді орындау және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою бойынша орындалуға міндетті шараларды білдіреді.
      7. Жазбаша нұсқама бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға жіберіледі.

3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін шеттету түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      8. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлеріне (акционеріне) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін (қызметкерлерін) шеттету туралы мәселе қояды.
      9. Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген шектеулі ықпал ету шарасын іске асыру шектеулі ықпал ету шарасының қабылданғаны туралы хабарлай отырып және мыналарды талап ете отырып, уәкілетті органның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органына хат жіберуі арқылы жүзеге асырылады:
      1) уәкілетті органға күн тәртібіне бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін (қызметкерлерін) атқарып отырған лауазымынан (лауазымдарынан) шеттету туралы мәселені қарау енгізілген бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің жалпы жиналысы өткізілетін күн туралы мәліметтер ұсыну;
      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының акционерін (акционерлерін) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін (қызметкерлерін) атқарып отырған лауазымынан (лауазымдарынан) шеттету туралы мәселені қарау қажеттілігі туралы хабардар ету.
      10. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органы уәкілетті органға мыналар туралы ақпаратты жазбаша түрде жібереді:
      1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің тиісті жалпы жиналысын өткізу күні туралы – уәкілетті органның хатын алған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде;
      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін (қызметкерлерін) шеттету туралы мәселе бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің жалпы жиналысы (жалғыз акционері) қабылдаған шешім туралы – осындай шешім қабылданған күннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде;
      3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің жалпы жиналысы (жалғыз акционері) шешімінің орындалғаны туралы – растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай шешім қабылданған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде.

4. Міндеттеме-хат талап ету түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      11. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына орын алған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды тану фактісі, сондай-ақ жоспарланған іс-шаралар тізбесін көрсете отырып, оларды белгілі мерзімдерде жою және (немесе) алдағы уақытта осындай Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды болдырмау бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығының кепілдігі қамтылатын міндеттеме-хат беру туралы талап жолдайды.
      12. Уәкілетті органның міндеттеме-хат ұсыну туралы талап етуі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметінде кемшіліктер және (немесе) бұзушылықтар болған, оларды жою және (немесе) алдағы уақытта болдырмау өздеріне тиісті міндеттемелер алатын тұлғалар тарапынан түзету шараларын қабылдау жолымен объективті түрде мүмкін болатын жағдайларда қолданылады.
      13. Міндеттеме-хат ұсыну туралы талап ету мынадай жағдайлардың бірі болған кезде жеткілікті ықпал ету шарасы болып табылады:
      1) өзіне тиісті міндеттеме қабылдаған тұлға оның орындалуын қамтамасыз етуге ниетті және қабілетті болса;
      2) міндеттемеде уәкілетті орган бұзушылықты жою және (немесе) оны алдағы уақытта болдырмау үшін жеткілікті деп таныған шаралардың нақты құрамы және оларды жүзеге асыру мерзімдері қамтылса.

5. Жазбаша келісім жасау түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      14. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарды жою бойынша бірінші кезектегі шараларды бекіту қажеттілігі туралы жазбаша келісім жасайды.
      15. Жазбаша келісімде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органы және (немесе) атқарушы органы түзету шаралары ретінде қабылдайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою бойынша іс-әрекеттер және олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі.
      16. Бірінші кезектегі шараларды бекіту кезінде сондай-ақ жазбаша келісімге мыналарға:
      1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының тәуекелдерін төмендетуге;
      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасамау, сондай-ақ көрсетілген тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын және (немесе) уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларын қайталап бұзушылық жасамау бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттемесін белгілеуге бағытталған талаптар енгізіледі.
      17. Жазбаша келісімге қол қойған тұлға (тұлғалар) өзіне оның талаптарын орындау міндеттемелерін алады.
      18. Жазбаша келісім әр тарап үшін заңды күші бірдей мемлекеттік тілде және орыс тілінде жасалады.
      Уәкілетті орган қол қойған жазбаша келісімнің даналары ілеспе хатпен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атына жіберіледі.
      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры жазбаша келісімге қол қояды және оны алған күннен кейін бес жұмыс күн ішінде уәкілетті органға қол қойылған мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі бір-бір данадан ұсынады.

6. Қорытынды ережелер

      19. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органды осы шектеулі ықпал ету шарасымен көзделген мерзімде шектеулі ықпал ету шарасының орындалғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      20. Егер уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шарасымен жоспарланған іс-шаралар тізбесін ұсыну көзделген болса, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шарасын қолдану туралы хабарламасында көрсетілген және күнтізбелік он бес күннен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралардың орындалу мерзімдерін және түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғаларды көрсете отырып, анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және (немесе) оларды алдағы уақытта болдырмау бойынша жоспарланған іс-шаралар тізбесін ұсынады.
      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынатын жоспарланған іс-шаралар тізбесі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органымен бекітілуге тиіс.
      21. Уәкілетті орган ұсынылған жоспарланған іс-шаралар тізбесін қарайды.
      Уәкілетті орган жоспарланған іс-шаралар тізбесімен келіспеген жағдайда жоспарланған іс-шаралар тізбесіне ескертулері бар хат жібереді, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры жояды. Түзетілген жоспарланған іс-шаралар тізбесі уәкілетті органның хаты алынған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға ұсынылады.
      22. Уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралар тізбесі ұсынылған жағдайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органды жоспарланған іс-шаралардың орындалуы туралы олардың орындалуы жоспарланған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.