Нотариустың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуі үшін ақы төлеу туралы қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 19 тамыздағы № 275 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 19 тамызда № 8628 тіркелді.

Қолданыстағы

      "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 5-2) тармақшасын іске асыру мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Нотариустың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуі үшін ақы төлеу туралы қағидасы бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасына жүктелсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн он күнтізбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

Министр

Б. Имашев


      "Келісілді"

      Республикалық нотариаттық

      палатаның төрайымы

      2013 жылғы __ тамыз

      ______ Ә.Б. Жанәбілова

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2013 жылғы 19 тамыздағы
№ 275 бұйрығымен бекітілген

Нотариустың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуі
үшін ақы төлеу туралы қағидасы
1. Негізгі ережелер

      1. Нотариустың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуі үшін ақы төлеудің осы қағидасы "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және нотариустың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуі үшін ақы төлеудің тәртібі мен мөлшерін айқындайды.

      2. Тағылымдамадан өтушілер жеке практикамен айналысатын нотариустерде немесе мемлекеттік нотариустерде тағылымдамадан өту туралы шарт негізінде тағылымдамадан өтеді.

      3. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам аумақтық әділет органымен немесе аумақтық нотариаттық палатамен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады.

2. Нотариустың тағылымдамадан өтушілеріне тағылымдамадан өтуі үшін ақы төлеу тәртібі

      4. Жекеше нотариуста тағылымдамадан өтуі үшін ақы мөлшері тағылымдамадан өткен әрбір ай үшін есеп айырысу жүргізілген күні белгіленген он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады.

      Мемлекеттік нотариуста тағылымдамадан өту ақысыз негізде жүзеге асырылады.

      5. Тағылымдамадан өтуі үшін ақы төлеу ай сайын, ақы төленуге жататын тағылымдамадан өтудің алдындағы айдың бірінші күнінен кешіктірілмей жүргізіледі және тағылымдамадан өту туралы шарт жасалғаннан кейін тікелей жүзеге асырылады.

      6. Тағылымдаманың мерзімі бір жылдан кем болмайды. Тағылымдамадан өту мерзімі заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл өтілі бар адамдар үшiн тағылымдамадан өту жетекшісінің қолдаухаты негізінде аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палатаның бiрлескен шешiмiмен тағылымдаманың мерзiмi қысқартылады. Тағылымдаманың ұзақтығы үш айдан кем болмауға тиіс.

      7. Тағылымдаманың мерзімі қысқартылған жағдайда ақы төлеу тағылымдамадан іс жүзінде өткен уақыт үшін алынады.

      Тағылымдамадан өтуші кәсіби дайындық бағдарламасын сапасыз меңгерген жағдайда оған қосымша уақыт беріледі, ақы төлеу жалпы тәртіппен жүргізіледі.

      8. Ақы төлеу фактісі нотариаттық палатаның бухгалтериясы берген тиісті қаржылық құжаттармен, не банктің төлем құжатымен расталады.

      9. Тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өту үшін ақыны уақтылы төлемеген жағдайда, аумақтық нотариаттық палата тағылымдамадан өту туралы шартты бұзады.

3. Қорытынды ережелер

      10. Осы Қағидамен регламенттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және аумақтық нотариаттық палатаның Жарғысымен шешіледі.