«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 56-бабы 2-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлердің салық есебін ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (Ә.С. Жұмаділдаев) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және кейіннен оның бұқаралық ақпарат құралдарында заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық оның бірінші ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап пайда болған қатынастарға таралады.
Министр Б. Жәмішев
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
2013 жылғы 15 наурыздағы
№ 137 бұйрығымен
бекітілген
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы»
2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес
бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды
жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлердің салық есебін ұйымдастыру
және жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 56-бабының 2-1-тармағына, 60-2-бабының 2-тармағына, сондай-ақ «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасын Заңының 2-бабының 2-тармағына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлерге (бұдан әрі – дара кәсіпкерлер) қолданылады.
3. Қағидалар салық есебін ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін, бастапқы есеп құжаттарының нысандарын, бастапқы есеп құжаттарын жасауға және сақтауға қойылатын талаптарды көздейді.
2. Салық есебін ұйымдастыру
4. Дара кәсіпкерлер салық есебін ұйымдастыруды, оның ішінде бастапқы есеп құжаттарын жасауды, сақтауды, сондай-ақ түгендеу жүргізуді қамтамасыз етеді.
Салық есебінің қанағаттанарлық емес жай-күйі немесе бастапқы есеп құжаттары жоғалған жағдайда, дара кәсіпкерлер оларды қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
5. Операциялар мен оқиғалар бастапқы есеп құжаттарының түпнұсқаларын қоса бере отырып, салық есебінде көрсетіледі.
6. Дара кәсіпкер операцияларды және кассадағы ақшаны есепке алуды қамтамасыз етеді. Операцияларды және кассадағы ақшаны есепке алуды дара кәсіпкердің өзі және (немесе) дара кәсіпкер уәкілеттік берген тұлға – кассир жүзеге асырады.
7. Бастапқы есеп құжаттарына қол қоюға құқығы бар қызметкерлерді айқындау жазбаша нысанда құжатпен бекітіледі. Бұл ретте қызметкердің лауазымына, ақша сомасының мөлшеріне, іс-қимыл саласы мен операция мәніне байланысты қол қою құқығының иерархиясы белгіленеді.
Жоғарыда көрсетілген құжат болмаған кезде бастапқы есеп құжаттарына қол қою құқығына және оларда операцияларды көрсетудің дұрыстығына жауапкершілік дара кәсіпкерге жүктеледі.
3. Салық есебін жүргізу
1-параграф. Есепке алу құжаттамасы
9. Дара кәсіпкерлер Салық кодексінің 7 және 7-1-тарауларына сәйкес, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес салық есебін жүргізуді жүзеге асырады.
10. Салық кодексінің 56-бабының 6-тармағына сәйкес дара кәсіпкердің есепке алу құжаттамасы:
бастапқы есепке алу құжаттарын;
салықтық нысандарды;
салықтық есепке алу саясатын;
салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін, сондай-ақ салықтық міндеттемені есептеу үшін негіз болып табылатын өзге де құжаттарды қамтиды.
11. Есепке алу құжаттамасында түзету жазбалары жүргізілген кезде операцияның мазмұны және түзету себептері ашылады. Түзету жазбалары дара кәсіпкердің қолы қойылған, ерікті нысанда жазылған анықтамамен ресімделеді.
2-параграф. Бастапқы есеп құжаттарының нысандары
және оларды жасауға қойылатын талаптар
12. Салық кодексінің 60-1-бабының 2) тармақшасына сәйкес салық есебін жүргізу мақсатында дара кәсіпкерлер бастапқы есеп құжаттарын жасайды.
Дара кәсіпкерлердің бастапқы есеп құжаттарын жасауы Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10954 болып тіркелген) бекітілген Бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларының (бұдан әрі - Бухгалтерлік есеп жүргізу қағидалары) 2, 3, 4, 5 параграфтарына сәйкес жүргізіледі, онда бастапқы есепке алу құжаттарының жасау, қолма-қол ақшаны қабылдау мен беруге және кассалық құжаттарды ресімдеу, касса кітабын жүргізу және ақшаны сақтау, есепке берілетін соманы есепке алуға қойылатын тәртібі белгіленген.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.10.2015 № 502 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
13. Бастапқы есеп құжаттары операция немесе оқиға болған күні не олар аяқталғаннан кейін жасалады.
14. Бастапқы есеп құжаттары «Бастапқы есеп құжаттарының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен бекітілген нысандар бойынша жасалады.
Бұл ретте, бастапқы есеп құжаттары бухгалтерлік есеп шоттары көрсетілмей мемлекеттік және (немесе) орыс тілінде жасалады.
15. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нысандары және оларға қойылатын талаптар бекітілмеген бастапқы есеп құжаттарын дара кәсіпкерлер «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3-тармағына сәйкес дербес әзірлейді.
3-параграф. Салық нысандары
16. Салықтық нысандар салық есептілігін, салықтық өтінішті және салық тіркелімдерін қамтиды.
17. Салықтық нысандарды жасау тәртібі мен сақтау мерзімі Салық кодексінің 61 және 62-баптарында белгіленеді.
18. Салық есептілігі салық төлеушінің (салық агентінің) Салық кодексінде белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекеттік кірістер органдарына табыс етілетін, салық төлеуші туралы, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы, сондай-ақ салық міндеттемелерін, міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды есептеу туралы мәліметтерді қамтитын құжаты болып табылады.
Салық есептілігінің нысандарын және оларды жасау қағидаларын Салық кодексінің 63-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
19. Салық есептілігінің түрлері, оларды жасау, керi қайтарып алу, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі, салық есептілігінің жеке нысандарын жасау ерекшеліктері, сондай-ақ салық төлеушінің салық есептілігін табыс ету мерзімін ұзарту және салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта жаңарту) тәртібі Салық кодексінің 63-74-баптарына сәйкес белгіленеді.
20. Салықтық өтініш Салық кодексінде белгіленген жағдайларда салық төлеушінің (салық агентінің) өз құқықтарын іске асыру және міндеттерін орындау мақсатында мемлекеттік кірістер органына табыс ететін құжаты болып табылады.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2016 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
21. Дара кәсіпкер салықтық өтінішті Салық кодексінің 75-бабы 2-тармағына сәйкес «Салықтық өтініштердің нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы 604 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10175 болып тіркелген) бекітілген нысанда толтырады.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.10.2015 № 502 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
22. Салықтық өтінішті табыс ету тәртібі Салық кодексінің 76-бабымен белгіленген.
23. Салық тіркелімі салық төлеушінің (салық агентінің) салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді қамтитын құжаты болып табылады.
Салық тіркелімдері Салық кодексінің 56-бабының 3-тармағында көрсетілген салықтық есепке алу мақсаттарын қамтамасыз ету үшін ақпаратты жинақтау мен жүйелеуге арналған.
24. Салық тіркелімдеріндегі жазулар бастапқы есеп құжаттары негізінде жүргізіледі.
25. Дара кәсіпкерлердің салық тіркелімдері:
1) Салық кодексінің 56-бабының ережелерін ескере отырып, салықтық есепке алу саясатында олар белгілеген нысандар бойынша дербес кәсіпкерлер өздері жасайтын салық тіркелімдерін;
2) Салық кодексінің 77-бабы 4-1-тармағына сәйкес нысандары мен жасау қағидалары «Салық тіркелімдерінің нысандарын және оларды жасау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 15 сәуірдегі № 271 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11076 болып тіркелген) бекітілген дара кәсіпкерлер жасайтын салық тіркелімдерін қамтиды.
Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 02.10.2015 № 502 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
4-параграф. Салықтық есепке алу саясаты
26. Салықтық есепке алу саясаты дара кәсіпкер қабылдаған, Салық кодексінің талаптарын сақтай отырып, салық есебін жүргізу тәртібін белгілейтін құжат болып табылады.
27. Дара кәсіпкер «Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін салықтық есепке алу саясатының нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 86 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10458 болып тіркелген) белгіленген нысан бойынша салықтық есепке алу саясатын дербес әзірлейді және бекітеді.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.10.2015 № 502 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
28. Салықтық есепке алу саясатын дара кәсіпкерлер Салық кодексінің 60-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жасайды.
4. Салықтық есепке алудың ерекшеліктері
29. Дара кәсіпкерлер салық есебін және салық міндеттемелерін анықтау мен орындау тәртібін жүргізу мақсатында Салық кодексінің 60-1-бабында белгіленген салық есебінің негізгі ұғымдары қолданылады.
30. Дара кәсіпкерлер шетелдік валютада жасалған операцияларды операция жасалған күнгі валютаны айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып теңгеде қайта есептейді. Бағам айырмашылығы салық салу мақсатында ескерілмейді.
31. Дара кәсіпкердің тауар-материалдық қорларды есепке алуы Салық кодексінің 60-3-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
32. Дара кәсіпкерлердің мүлік салығын салу объектілері бойынша салық салу объектісі мен салық базасы, тиісінше, Салық кодексінің 396-бабы 1-1-тармағы мен 397-бабы 4-тармағында белгіленген.
33. Салық есебінде табыстарды тану ерекшеліктері Салық кодексінің 427-1-бабында белгіленген.
5. Түгендеу жүргізу тәртібі
34. Салық есебі деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында дара кәсіпкер белгілеген тәртіпте активтер мен міндеттемелерге түгендеу жүргізіледі.
35. Орналасқан орнына қарамастан, сондай-ақ дара кәсіпкерге тиесілі емес, бірақ жауапты сақтаудағы, шартқа сәйкес жалға алынған, қайта өңдеу үшін алынған, комиссияға қабылданған барлық мүлік, сондай-ақ қандай да бір себептермен есепке алынбаған мүлік және міндеттемелердің барлық түрлері түгендеуге жатады.
36. Дара кәсіпкер мүліктің орналасқан орны бойынша міндетті түгендеу жүргізеді:
1) мүлікті талан-таражға салу немесе теріс пайдалану, сондай-ақ бүліну фактілері анықталған кезде;
2) дүлей апат, өрт, авария жағдайларын немесе экстремалдық жағдайлардан туындаған басқа да төтенше жағдайларда;
3) бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасауға көшкен кезде жүргізіледі.
37. Есептеу, өлшеу және салмақтау нәтижелері түгендеу тізімдемесіне - түгендеу жүргізу сәтінде жасалатын және белгілі бір күні мүліктің іс жүзінде болуын растайтын құжатқа енгізіледі, оған дара кәсіпкер қол қояды.
38. Дара кәсіпкерге меншік құқығында тиесілі емес, бірақ олардағы мүлікке, сондай-ақ жарамсыз болып қалған мүлікке жеке түгендеу тізімдемелері жасалады.
39. Түгендеу кезінде анықталған мүліктің нақты болуының салық есебінің деректерінен алшақтығы артықтары, Салық кодексінің 427-бабы 4-тармағы 7) тармақшасына сәйкес салық есебінде табыс деп танылады.
6. Есеп құжаттамасын сақтау
40. Есеп құжаттамасын сақтауды дара кәсіпкерлер Салық кодексінің 59-бабына сәйкес жүзеге асырады.
41. Құжаттар жоғалған (ұрлау, бүліну, жойып жіберу) немесе бүлінген (өрт, су басу, дүлей апат) жағдайда, дара кәсіпкер олардың жоғалу немесе бүліну себептерін тексеру және кінәлі адамдарды анықтау жөніндегі комиссияны белгілейді.
Комиссияның жұмыс нәтижелері бойынша акті ресімделеді, оны дара кәсіпкер бекітеді. Актіде: оқиға орны мен себептері, сыртқы зақымдану сипаты егжей-тегжейлі сипатталады, жоғалған (зақымдалған) құжаттардың тізбесі келтіріледі, бастапқы құжаттардың сақталуына жауапты адамдар көрсетіледі. Бұл тұлғалардан комиссия болған жағдай туралы жазбаша түсіндірме алады. Актіге құжаттардың жоғалғанын (ұрланғанын, бүлінгенін, жойылғанын) немесе бүлінгенін (өрт, су басу, дүлей апат) растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжаттары қоса беріледі.
Құжаттар жоғалған жағдайда, дара кәсіпкер оларды қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
Өтпелі ережелер
42. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 2-тармағына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді (бастапқы құжаттарды жасау мен сақтаудан басқа) және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмауға құқылы дара кәсіпкерлер үшін белгіленген талаптардың біреуіне сәйкессіздік болған кезде дара кәсіпкер осындай сәйкессіздік туындаған айдан кейінгі айдан бастап бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүргізуді жүзеге асыруға міндетті.
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүргізу туралы дербес шешім қабылдаған дара кәсіпкер осындай есепті жүргізуге шешім қабылдаған айдан кейінгі айдан бастап мұндай есепті жүргізуге құқылы.
43. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген дара кәсіпкерлерге салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібіне көшкен кезде тіркелген активтердің түсуі Салық кодексінің 118-бабының 11-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.