Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 72 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 01 сәуірде № 8398 тіркелді

Жаңартылған

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 26-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
      3. Бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті (Т.М. Савельева) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн және оның ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрық оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                         Е. Досаев

Қазақстан Республикасы   
Экономика және бюджеттік  
жоспарлау министрiнiң   
2013 жылғы 13 наурыздағы  
№ 72 бұйрығымен бекiтiлген

Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк
сыныптамасын жасау ережесі

      1. Осы Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау қағидасы (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасаудың құрылымы мен тәртiбiн айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      2. Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасы (бұдан әрi - Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасы) бюджет түсiмдерi мен шығыстарын сыныптама объектiлерiне топтамалық кодтар бере отырып, функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 26-бабына сәйкес (бұдан әрі - Бюджет кодексі) бюджеттiк сыныптама Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнiң, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың шешімдері негiзiнде жасалады.
      Бюджет кодексінің 27-бабына сәйкес бюджеттiк сыныптама мыналарды:
      бюджеттiк түсiмдер сыныптамасын;
      бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын;
      бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын қамтиды.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      сыныптамалық код - түсiмнiң әрбiр түрi, бюджет шығыстарының әрбiр түрлерi және бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бойынша, олардың белгiлi бiр сипаттамалары бойынша, түсiмдер сыныптамасының, шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасының деңгейлерi бойынша жеке бекiтiлетiн цифрлық белгi (топтамалық код).

2. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы

      4. Барлық деңгейдегi бюджеттер түсiмдерiнiң белгiлi бiр сипаттамалар бойынша осы Қағиданың 2-тармағында көрсетiлген салықтарды, төлемдердi және бюджетке түсетiн басқа да түсiмдердi белгiлейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне негiзделген топтамасы бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы болып табылады.
      Бюджет түсiмдерi сыныптамасының топтамасы мыналардан тұрады:
      түсiмдердiң экономикалық белгiлерi бойынша топтамасын бiлдiретiн санаттар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;
      түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша топтайтын сыныптар. Сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады;
      түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша неғұрлым егжей-тегжейлi топтайтын кіші сыныптар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;
      бюджетке түсетiн төлем немесе түсiм түрiн айқындайтын ерекшелiктер. Сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады.
      5. Түсiмдердiң әрбiр түрiнiң түсiмдер сыныптамасының барлық деңгейлерiнiң кодтарынан қалыптасатын алты таңбалы коды болады.
      Түсiмдердiң алуан түрлерi үшiн бiрдей алты таңбалы кодтарды белгiлеуге жол берiлмейдi.
      6. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы мынадай негiзгi санаттарды қамтиды:
      1) 1 – «Салықтық түсiмдер»;
      2) 2 – «Салықтық емес түсiмдер»;
      3) 3 – «Негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер»;
      4) 4 – «Трансферттерден түсетiн түсiмдер»;
      5) 5 – «Бюджеттiк кредиттердi өтеу»;
      6) 6 – «Мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер»;
      7) 7 – «Қарыздардың түсiмi»;
      8) 8 – «Бюджет қаражаттарының пайдаланылатын қалдықтары».
      7. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.

3. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы

      8. Бюджет кодексінің 29-бабына сәйкес мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын iске асыруды көрсететін функционалдық және ведомстволық белгiлер бойынша бюджет қаражатының жұмсалу бағыттарын айқындайтын барлық деңгейлердегi бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
      Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:
      функционалдық топтар;
      функционалдық кіші топтар;
      бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi;
      бюджеттiк бағдарламалар (кiшi бағдарламалар)
      9. Функционалдық топ елдiң стратегиялық даму басымдықтарына сәйкес келетiн және олардың әрқайсысының айқын мақсатын көрсететiн елдiң негiзгi даму бағыттарын көрсетедi. Сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады.
      Мемлекеттiк басқару органдары орындайтын функцияларға байланысты бюджет шығыстары мынадай функционалдық топтар бойынша:
      1) 01 - «Жалпы сипаттағы мемлекеттiк функциялар»;
      2) 02 - «Қорғаныс»;
      3) 03 - «Қоғамдық тәртiп, қауiпсiздiк, құқық, сот, қылмыстық-атқару қызметi»;
      4) 04 - «Бiлiм беру»;
      5) 05 - «Денсаулық сақтау»;
      6) 06 - «Әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру»;
      7) 07 - «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық»;
      8) 08 - «Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңiстiк»;
      9) 09 - «Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану»;
      10) 10 - «Ауыл, cу, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесiн қорғау, жер қатынастары»;
      11) 11 - «Өнеркәсiп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi»;
      12) 12 - «Көлiк және коммуникациялар»;
      13) 13 - «Өзгелерi»;
      14) 14 - «Борышқа қызмет көрсету»;
      15) 15 - «Трансферттер»;
      16) 16 - «Қарыздарды өтеу».
      10. Функционалдық кіші топ ел дамуының әрбiр стратегиялық басымдығы жөнiндегi мiндеттер тобын функционалдық топ iшiнде нақтылайды. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады.
      11. Бюджет кодексінің 31-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi жүктелген функциялар мен өкiлеттiктерге сай айқындалады.
      Орталық атқарушы және орталық мемлекеттік өзге де органдары республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері болып табылады, жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың базалық құрылымына және тиісті мәслихат бекітетін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасына негiзделе отырып, айқындалады.
      Бюджеттiк бағдарламалардың әрбiр әкiмшiсiне өзiнiң жеке сыныптамалық коды берiледi, ол 3 белгiден тұрады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      12. Бюджеттiк бағдарлама мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, мiндеттермен, нәтижелер көрсеткiштерiмен өзара байланысты, нәтиже көрсеткiштерi мен бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемi бар бюджет шығыстарының бағыттарын айқындайды. Сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады.
      13. Атаулары бiрдей бюджеттiк бағдарламалар, оның iшiнде бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламаларды орындау кезiнде пайдаланылатындар мен бюджеттiк бағдарламалардың бiрнеше әкiмшiлерiне бекiтiлгендердiң де кодтары бiреу және 100-ден бастап 199-ға дейiнгi кодтар бойынша сыныпталады.
      14. Бюджеттiк кiшi бағдарлама бюджеттiк бағдарлама шеңберiндегi бюджет шығыстарының нақты бағыттарын ашады.
      Бюджеттiк кiшi бағдарламалардың 001-ден 999-ғa дейiнгi сыныптамалық коды болады. Бiрнеше әкiмшiлерге бекiтiлген аттас бюджеттiк кiшi бағдарламалар 001-ден 099 аралығындағы кодтар бойынша жiктеледi.
      Егер бағдарлама кiшi бағдарламаларға бөлiнбесе, олардың орнына 000 сыныптамалық коды көрсетiледi.
      15. Функционалдық топ, функционалдық кiшi топ, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi, бюджеттiк бағдарлама және кiшi бағдарлама кодтарынан тұратын әрбiр он екi таңбалы код бюджет шығыстарының барлық функционалдық сыныптамасының бiрегейі болып табылады.
      16. Бюджет кодексінің 33-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламалар мыналарға бөлiнуi мүмкiн:
      мазмұнына байланысты мыналарға:
      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсету;
      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беру;
      бюджет кредиттерiн беру;
      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру;
      күрделi шығыстарды жүзеге асыру;
      мемлекет мiндеттемелерiн орындау;
      нысаналы салым салу;
      мемлекеттiк басқару деңгейiне қарай мыналарға:
      республикалық бюджеттiң құрамында бекiтiлетiн республикалық бағдарламалар;
      облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң құрамында бекiтiлетiн облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бағдарламалары;
      аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн аудандық (қалалық) бағдарламалар;
      республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары болып бөлiнедi. Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандық (қалалық) бюджеттiк бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар болып табылады;
      iске асыру тәсiлiне қарай мыналарға:
      бiр әкiмшi iске асыратын жеке бюджеттiк бағдарламалар;
      белгiлi бiр бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламаларының құрамында бекiтiлетiн және бюджеттiк бағдарламалардың түрлi әкiмшiлерi арасында ағымдағы қаржы жылы iшiнде бөлiнуге тиiс бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламалар болып бөлiнедi.
      Осыған байланысты, бюджеттiк бағдарламалар бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманың құрамында тиiстi белгi (код) тағайындала отырып, ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар және бюджеттiк даму бағдарламалары болып бөлiнедi.
      Бұл ретте, бюджеттiк даму бағдарламаларына бюджеттiң бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған шығыстары жатады. Бюджеттiң қалған шығыстары ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға жатады.
      17. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.

4. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

      18. Бюджет кодексінің 30-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
      Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру мыналардан тұрады:
      шығыстарды экономикалық белгiлерi бойынша топтастыратын санаттар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;
      шығыстарды мемлекеттiк мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша топтастыратын сыныптар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;
      шығыстарды мемлекеттiк мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша барынша егжей-тегжейлi топтастыратын кіші сыныптар. Сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады;
      19. Ерекшелiктердiң сыныптамалық кодтары шығыстардың экономикалық сыныптамасының жоғары тұрған деңгейлерiнiң сыныптамалық кодтарынан бөлек қолданыла алады және әртүрлi санаттарда, сыныптарда, кіші сыныптарда қайталанбауға тиiс.
      20. Экономикалық сыныптама келесі санаттардан тұрады:
      1) 1 «Ағымдағы шығындар» мемлекеттiк мекемелердiң өз функцияларын жүзеге асыруға байланысты шығындары;
      2) 2 «Күрделi шығындар» негiзгi капиталды құруға, қалпына келтiруге немесе сатып алуға байланысты шығындар;
      3) 3 «Бюджеттiк кредиттер» қайтарымды, мерзiмдi және ақылы негiзде бюджеттен бөлiнетiн ақша;
      4) 4 «Қаржы активтерiн сатып алу» мемлекеттiк меншiкке заңды тұлғалардың, оның iшiнде, халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерiн, бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi операциялармен байланысты шығыстар;
      5) 5 «Қарыздарды өтеу» қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеуге жұмсалатын шығыстар.
      21. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы осы Ереженің 3-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.
      22. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының негiзiнде мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган осы Ереженің 4-қосымшасына сәйкес ерекшелiктердiң анықтамасы мен ерекшелiктер бойынша шығындардың тiзбесi көрсетiлетiн бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымын жасайды және бекiтедi.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.

5. Бюджеттiк сыныптаманы жасау, бекiту және оған өзгерiстер
мен толықтырулар енгiзу

      23. Мемлекеттiк басқару органдарының Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзу жөнiндегi нормативтiк негiзделген тиiстi ұсыныстары бюджеттi жоспарлау процесiнде, сондай-ақ Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзудi болжайтын нормативтiк құқықтық акт қабылданған жағдайда бюджеттi атқару барысында мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға енгiзiледi.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      24. Бюджеттiк сыныптаманың жобасына алдағы қаржы жылына арналған бюджет жобасын жоспарлау үшiн қажеттi өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстар ағымдағы жылдың 15 сәуiрiне дейiн енгiзiледi.
      25. Алдағы қаржы жылына арналған Бюджеттiк сыныптама жобасын мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 15 мамырына дейiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру үшiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарға жiбередi.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      26. Бюджеттiк сыныптама жоспарланатынының алдыңғы жылдың 10 желтоқсанына дейiн алдағы жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңы қабылданғаннан кейiн бекiтiледi.

6. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасын жасау және оған өзгерiстер
мен толықтырулар енгiзу

      27. Бюджеттiк сыныптамада бюджеттiк түсiмдердiң жаңа түрлерiн енгiзудi, қолданыстағы түрлерiн алып тастауды немесе өзгертудi тиiстi нормативтiк құқықтық актi негiзiнде мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      28. Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттiк басқару органдарының бюджет түсiмдерiнiң жаңа түрлерiн енгiзу туралы, қолданыстағыларды алып тастау немесе өзгерту туралы тиiстi ұсыныстарының қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларына, сондай-ақ осы Ережеде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн қарайды.
      Қарау нәтижелерi негiзiнде мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы жоба бұйрығын әзiрлейдi, не ұсынысты кейiнге қалдырады.
      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.

7. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын жасау
және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      29. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың жаңа әкiмшiлерiн енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту орталық мемлекеттiк органдар құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, сондай-ақ қажет болған кезде олардың функциялары өзгерген жағдайда жүзеге асырылады.
      30. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың жаңа әкiмшiлерiн енгізу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту, жергілікті мемлекеттiк басқарудың үлгiлiк құрылымын өзгерткен және (немесе) жылына 1 реттен жиі емес, тиісті аумақта орналасқан және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, жаңа атқарушы органдардың құрылуына немесе жұмыс істеп тұрғандарының біріктірілуіне, қосылуына, бөлінуіне байланысты тиісті мәслихат бекіткен тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      31. Бюджеттiк сыныптамада жаңа бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту бюджет шығыстарының тиiстi түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде жүргiзiледi.
      32. Дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешегi бар қолданыстағы бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) алып тастау толық берешек өтелгеннен (есептен шығарылғаннан), немесе осы берешектiң құқықтық мирасқоры анықтаған бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламасына көшiрiлгеннен кейiн жүргiзiледi.
      33. Жергiлiктi атқарушы органдар жаңа жергiлiктi бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзу туралы, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстарды тиiстi республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жiбередi, олар бұл ұсыныстардың қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкестiгi, өкiлеттiктердiң мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында бөлінуі тұрғысынан қарайды.
      Сәйкес келмеген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жергiлiктi атқарушы органдарға Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзуден негiзделген бас тартуды қалыптастырады.
      Сәйкес келген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жергiлiктi атқарушы органдар ұсыныстарының жиынтық тiзбесiн жасайды және өздерiнiң қорытындыларымен бiрге мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға жiбередi.
      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      34. Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жаңа республикалық және (немесе) жергiлiктi бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзу туралы, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстарының олардың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкестiгiн, нормативтiк құқықтық негiздемесiнiң болуын, сондай-ақ осы Ережеде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн қарайды.
      Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қарау нәтижелерiнiң негiзiнде Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы бұйрық жобасын әзiрлейдi, не ұсыныстарды қабылдамайды.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      35. Ағымдағы қаржы жылы бюджетiнiң атқарылуы барысында жаңа бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзуге, қолданыстағыларын алып тастауға немесе өзгертуге бюджет нақтыланған немесе түзетiлген кезде ғана болады.

8. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын жасау
және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      36. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының жаңа ерекшелiгiн енгiзудi, қолданыстағыны алып тастау немесе өзгертудi мемлекеттiк органдардың ұсыныстарын ескере отырып мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      37. Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдардың шығыстардың экономикалық сыныптамасының жаңа ерекшелiгiн енгiзу туралы, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы тиiстi ұсыныстарының қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларына, сондай-ақ осы Ережеде көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiн қарайды.
      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      38. Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы негiзiнде бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымын жасайды және бекiтедi.
      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.

9. Бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдармаларды) әзiрлеу
және олардың мазмұнына қойылатын талаптар

      39. Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) жасау кезінде олардың мазмұнына Бюджеттік кодексте көзделген талаптар есепке алынады.
      Бюджеттiк бағдарламаларды бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi әзiрлейдi және ол мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарының құрамында бекiтiледi.
      Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi жоспарлы кезеңге арналған бюджет қаражатын жоспарлау көлемi, нәтижелiлiк және тиiмдiлiк көрсеткiштерi бар бюджеттiк бағдарламаларды әзiрлейдi.
      40. Бюджет кодексінің 32-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламалар стратегиялық жоспарда қалыптасқан мақсаттар мен мiндеттердi шешу үшiн қажеттiлiк пен жеткiлiктiлiк қағидаттарына негiзделе отырып әзiрленедi.
      Бюджеттiк бағдарламалар өзiнiң мазмұны бойынша бiртектi мемлекеттiк функциялар, өкiлеттiктер және мемлекеттiк қызметтер көрсетулер немесе бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi қызметiнiң бағыттары бойынша топталуы тиiс.
      41. Бюджеттiк бағдарламада оны iске асыруды бағалау үшiн тiкелей және түпкiлiктi нәтижелердiң көрсеткiштерi қамтылуы тиiс, сондай-ақ бюджеттiк бағдарламада сапа мен тиiмдiлiк көрсеткiштерi қамтылуы мүмкiн.
      42. Бюджеттiк бағдарлама Бюджет кодексінің 32-бабында көрсетiлген жағдайларда кiшi бағдарламаларға бөлiне алады.
      43. Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсетуге бағытталған бюджеттiк бағдарламалардың атаулары жүзеге асырылатын мемлекеттiк функциялар, өкiлеттiктер мазмұнын және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсетудi немесе мемлекеттiк орган қызметiнiң бағытын көрсетуi тиiс.
      44. Бюджет кодексінің 35-бабына сәйкес трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беруге бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:
      1) жалпы сипаттағы трансферттерді, ағымдағы нысаналы трансферттерді, нысаналы даму трансферттерін қоса алғанда бюджеттер деңгейлерi арасындағы трансферттерде бөлiнедi;
      2) мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiне ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттерді;
      3) жеке және заңды тұлғаларға арналған бюджеттiк субсидияларды ұсынуға арналған.
      Трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беруге бағытталған бюджеттiк бағдарламалардың атаулары трансферттер немесе субсидиялар арқылы жүзеге асырылатын шығыстардың бағыттарын көрсетуi тиiс.
      45. Бюджет кодексінің 36-бабына сәйкес бюджеттiк кредиттер беруге бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:
      1) бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыруға;
      2) мемлекеттiң сыртқы экономикалық қызметiн жүзеге асыруға;
      3) қаржы агенттiктерiнiң мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруына;
      4) төмен тұрған бюджеттердiң қолма-қол ақшаның тапшылығын жабуы жатады;
      5) мемлекеттің әлеуметтік саяси міндеттерін шешуге бюджеттік кредиттер бөлуге арналған.
      Бюджеттiк кредиттер беруге бағытталған бюджеттiк бағдарламалардың атаулары бюджеттiк кредиттер шығыстарының бағыттарын көрсетуi тиiс.
      46. Бюджет кодексінің 37-бабына сәйкес бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:
      1) бюджеттiк инвестициялар жобаларын iске асыру;
      2) концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландыру шартында iске асыру;
      3) жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру (толықтыру) жатады.
      Бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарламалар атаулары бюджеттiк қаражат бөлiнетiн мақсаттарды көрсетуi тиiс.
      47. Бюджет кодексінің 38-бабына сәйкес күрделi шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:
      1) материалдық-техникалық базаны қалыптастыру немесе нығайту;
      2) күрделi жөндеу (қалпына келтiру) жүргiзу;
      3) бюджеттiк инвестициялардан басқа шығыстардың экономикалық сыныптамасына сәйкес өзге де күрделi шығыстар жатады.
      Күрделi шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарламалар атаулары бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң күрделi шығыстарының мазмұнын көрсетуi тиiс.
      48. Бюджет кодексінің 39-бабына сәйкес мемлекеттiң мiндеттемелерiн орындауға бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:
      1) уақыттың белгiлi бiр кезеңiндегi сыйақының, комиссиялық алымдардың, айыппұлдардың және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi, хеджирлеу мәмiлелерi бойынша төлемдер;
      2) қарыз алушының алған қарыз сомасын қарыз шартында белгiленген тәртiппен қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын мемлекеттің басқа да мiндеттемелерiн орындауы;
      3) Қазақстан Республикасының мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарға үлестік және донорлық жарналар;
      4) мемлекеттiк кепiлдiктер мен кепiлгерлiктер бойынша мiндеттемелердi орындау;
      5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан және келiсiмдерден немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнен немесе соттар шешiмдерiнен туындайтын мемлекеттің басқа да мiндеттемелерi жатады.
      Мемлекет мiндеттемелерiн орындауға бағытталған бюджеттiк бағдарламалардың атаулары қабылданған мемлекеттiк мiндеттемелердi орындау үшiн жүзеге асырылуы тиiс шығыстардың мазмұнын көрсетуi тиiс.
      49. Нысаналы салымға қаржы бөлуге бағытталған бюджеттік бағдарламалар, қордың ұйымдық-құқықтық нысанда құрылатын коммерциялық емес ұйым және (немесе)автономиялық білім беру ұйымдары қызметіне нысаналы салымға қаржы бөлу үшін арналған.
      Нысаналы салымға қаржы бөлуге бағытталған бюджеттік бағдарламалар атауында, қызметінде нысаналы салымға қаржы бөлу қызметін жүзеге асырылатын ұйымның атауы көрсетілуі керек.

10. Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк
бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларын әзiрлеу

      50. Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламалары жоспарлы кезеңге арналған жылжымалы негiзде жыл сайын әзiрленедi.
      Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мемлекеттiк органның қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы бюджеттiк бағдарлама бойынша тiкелей нәтиженi ғана көрсетедi.
      51. Стратегиялық жоспарды әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарлама жобасы осы Ереженің 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады және мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсiнiң коды мен атауы;
      2) бюджеттiк бағдарламаның коды мен атауы;
      3) жоспарлы кезең
      4) «Бюджеттiк бағдарламаның нормативтiк құқықтық негiзi» деген жолында осы бағдарлама шеңберiнде iске асырылатын мемлекеттiк функцияларды, осы бюджеттiк бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру қажеттiгiн анықтайтын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi көрсетiледi.
      Осы жол бойынша, заңнама актiлерiн қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiнiң толық атауы, күнi мен нөмiрi, заңнама актiсiне сiлтеме жасалған жағдайда тиiстi баптарға мiндеттi түрде нұсқау көрсетiледi;
      5) «Бюджеттiк бағдарламаны сипаттау (негiздеме)» деген жолда шығыстардың бағытын көрсете отырып, бюджеттiк бағдарламаға қысқаша сипаттама келтіріледі;
      6) «Бюджеттiк бағдарламаның түрi» деген жолда:
      «мемлекеттiк басқару деңгейiне байланысты» деген жолында мемлекеттiк басқару деңгейiне қарай бюджеттік бағдарламаның түрі:
      республикалық бюджеттiң құрамында бекiтiлетiн республикалық облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң құрамында бекiтiлетiн облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың;
      аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн аудандық (қалалық);
      республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары көрсетіледі;
      «мазмұнына байланысты» деген жолда бағдарлама мазмұнына байланысты бюджеттiк бағдарламаның түрi;
      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсету;
      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беру;
      бюджет кредиттерiн беру;
      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру;
      күрделi шығыстарды жүзеге асыру;
      мемлекеттiк мiндеттемелердi орындау;
      нысаналы салым салу көрсетiледi;
      «iске асыру тәсiлiне қарай» деген жолда жеке не бөлiнетiн бюджеттiк бағдарлама көрсетiледi;
      «ағымдағы/даму» деген жолда ағымдағы бюджеттiк бағдарлама не бюджеттiк даму бағдарламасы көрсетiледi.
      7) «Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты» деген жолда бюджеттiк бағдарламаны орындау кезiнде қол жеткiзiлуi тиiс белгiлi бiр нәтиже келтіріледі. Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты анық, нақты және қолжетiмдi болуы тиiс.
      Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты мемлекеттiк басқару функцияларына, елдiң стратегиялық даму мiндеттерiне, республиканың немесе өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына, мемлекеттiк, салалық бағдарламаларға, аумақтарды дамыту бағдарламаларына сүйене отырып қалыптастырылады;
      8) «Бюджеттiк бағдарламаның мiндеттерi» деген жолда бюджеттiк бағдарламалардың түпкi нәтижесiне қол жеткiзу жолдары көрсетiледi.
      Бюджеттiк бағдарламаның мiндеттерi анық, дәл, нақты және тексерiлген болуы тиiс;
      9) «Бағдарламаны iске асыру бойынша iс-шаралар» деген бағанда жоспарлы кезеңде олардың iске асырылу мерзiмдерi көрсетiлген мiндеттердi шешуге бағытталған негiзгi iс-шаралар (әрекеттер) көрсетiледi (2-4 бағандар);
      Бюджеттiк бағдарламаны iске асыру мерзiмi республиканың немесе өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына, мемлекеттiк, салалық бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларында көзделген iс-шараларды iске асыру мерзiмдерiне сәйкес болуы тиiс;
      10) «Тiкелей нәтиже көрсеткiштерi» деген жолда бюджеттiк бағдарламаның қойылған мақсатына қол жеткiзу үшiн бюджеттiк бағдарламаны iске асыру нәтижелерiн көрсететiн сандық не сапалық көрсеткiштер көрсетiледi;
      11) «Түпкiлiктi нәтиже көрсеткiштерi» деген жолда халықтың өмiрiнiң деңгейi мен сапасының нысаналы жағдайының (жағдайының өзгеруiнiң), әлеуметтiк саланың, экономиканың, қоғамдық қауiпсiздiк пен бюджеттiк бағдарламаны iске асырудың тiкелей нәтижелерiне қол жеткiзуге негiзделген мемлекеттiк басқарудың басқа салаларының (аяларының) көрсеткiштерi келтiрiледi. Осы жол мемлекеттiк органның қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы бюджеттiк бағдарлама бойынша толтырылмайды;
      12) «Сапа көрсеткiштерi» деген жолда бюджеттiк бағдарламаны iске асыру шеңберiнде көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтiң оны алушылардың үмiттерiне және мемлекеттiк қызмет көрсету стандартына сәйкестігі дәрежесін көрсететiн көрсеткiштер келтіріледі. Осы жол мемлекеттiк органның қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы бюджеттiк бағдарлама бойынша толтырылмайды;
      13) «Тиiмдiлiк көрсеткiштерi» деген жолда бюджет қаражатының бекiтiлген көлемiн пайдалана отырып, ең үздiк тiкелей нәтижеге қол жеткiзу дәрежесін немесе бюджет қаражатының аз көлемiн пайдалана отырып, тiкелей нәтижеге қол жеткiзудi көрсететiн көрсеткiштер келтiрiледi. Осы жол мемлекеттiк органның қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы бюджеттiк бағдарлама бойынша толтырылмайды;
      14) «Бюджеттiк қаражат көлемi» деген жолда есептi және ағымдағы жылдардағы, сондай-ақ жоспарлы кезеңнің жылдары бөлiнісінде жоспарлы кезеңдегi мың теңгемен осы бюджеттiк бағдарлама бойынша бюджет қаражатының көлемi көрсетiледi (3-7-бағандар).
      52. Бюджеттiк өтiнiммен бiр мезгiлде стратегиялық жоспарларды әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бюджет шығыстарын жоспарлау үшiн мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейiнгi мерзiмде бюджеттiк бағдарламалар жобаларын ұсынады.
      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 27.06.2013 № 196 бұйрығымен.
      53. Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларының жобалары республикалық бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады және оларды Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға қол қойған күннен бастап бiр апта мерзiмде бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бiрiншi басшысы бекiтедi.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттiк бағдарламаларының жобалары тиiстi жергiлiктi бюджет бекiтілгеннен кейiн пысықталады және оларды ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн тиiстi тексеру комиссиясының төрағасы бекiтедi.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихат аппараттарының бюджеттiк бағдарламаларының жобалары тиiстi жергiлiктi бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады және оларды ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн тиiстi мәслихат хатшысы бекiтедi.
      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнен қаржыландырылатын, стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бюджеттiк бағдарламаларының жобалары тиiстi жергiлiктi бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады және оларды ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
      54. Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларына мынадай:
      1) Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген;
      1) жаңа бағдарламалық құжаттар қабылданған не өзгерiстер енгiзiлген;
      3) мемлекеттiк органның функциялары, құрылымы өзгерген;
      4) көрсеткiштерге қол жеткiзуге ықпал ететiн республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң параметрлерi өзгерген жағдайларда өзгерiстер мен толықтыруларға енгiзуге жол берiледi.
      Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу кезiнде бюджеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен бекiту кезiндегi осы Ережеде белгiленген талаптар сақталады.
      Бюджеттi нақтылауға байланысты бюджеттiк бағдарламаларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілген жағдайда бюджеттi әзiрлеу мен бекiту кезiнде Бюджет кодексiнде белгiленген талаптар сақталады.
      Қаржыландыру көлемiнiң өзгеруiне байланысты бюджеттiк бағдарламаларға өзгерiстер мен толықтырулар жобаларын тиiстi бюджеттiк комиссия қарайды.

Қазақстан Республикасының   
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын
жасау ережесiнің 1-қосымшасы 

Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы

Санаты


Сыныбы



Кіші сыныбы




Ерекшелiгi





Атауы

0











00






0






00


Қазақстан Республикасының  
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын
жасау ережесiнің 2-қосымшасы

Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы

Функционалдық топ


Кіші функция



Бағдарламалардың әкiмшiсi




Бағдарлама





Кiшi бағдарлама






Атауы

00







0







000







000







000


Қазақстан Республикасының   
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын
жасау ережесiнің 3-қосымшасы  

Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

Санаты


Сыныбы



Кіші сыныбы




Ерекшелiгi





Атауы

0






0






000






000


Қазақстан Республикасының   
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын
жасау ережесiнің 4-қосымшасы

Қазақстан Республикасы бюджет шығыстарының экономикалық
сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымы

Кiшi сыныбы

Ерекшелiгi

Атауы

Анықтамасы

Шығындар тiзбесi






Қазақстан Республикасының   
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын
жасау ережесiнің 5-қосымшасы

нысан

Стратегиялық жоспарды әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар
әкiмшiсiнiң
БЮДЖЕТТIК БАҒДАРЛАМАСЫ

бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсiнiң коды және атауы __________
бюджеттiк бағдарламаның коды және атауы ___________________
_____________ жылдарға арналған

Бюджеттiк бағдарламаның нормативтiк құқықтық негiзi


Бюджеттiк бағдарламаның сипаттамасы (негiздемесi)


Бюджеттiк бағдарламаның түрi

мемлекеттiк басқару деңгейiне байланысты


мазмұнына байланысты


iске асыру тәсiлiне қарай


ағымдағы/даму


Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты


Бюджеттiк бағдарламаның мiндеттерi


Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар

жоспарлы кезеңде iске асыру мерзiмi




1

2

3

4





Бюджеттiк бағдарлама көрсеткiштерiнiң атауы

өлшем бiрлiгi

есептi жыл

ағымдағы жыл жоспары

жоспарлы кезең




1

2

3

4

5

6

7

Тiкелей нәтиже көрсеткiштерi














Түпкiлiктi нәтиже көрсеткiштерi*














Сапа көрсеткiштерi *














Тиiмдiлiк көрсеткiштерi*














Бюджет қаражатының көлемi

мың
теңге






      * осы жолдар мемлекеттiк органның қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы бюджеттiк бағдарлама бойынша толтырылмайды.

Қазақстан Республикасы   
Экономика және бюджеттік  
жоспарлау министрiнiң   
2013 жылғы 13 наурыздағы  
№ 72 бұйрығымен бекiтiлген
1-қосымша          

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің күшін жойған
бұйрықтарының тізбесі

      1) «Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2010 жылғы 6 мамырдағы № 214 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 31 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6265 болып енгізілді;
      2) «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 6 мамырдағы № 214 бұйрығына толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 24 тамыздағы № 425 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 7 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6450 болып енгізілді;
      3) «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 6 мамырдағы № 214 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 20 желтоқсандағы № 647 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 21 желтоқсанда № 7348 тіркелді;
      4) «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 6 мамырдағы № 214 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 ақпандағы № 103 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 15 наурызда № 7459 тіркелді;
      5) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 шілдедегі № 346 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 10 тамызда № 7836 тіркелді.