Сауда мақсаты үшін парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша мониторинг, есепке алуды және есептілікті жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 14 мамырдағы № 157-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 маусымда № 7729 тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 29) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Сауда мақсаты үшін парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша мониторинг, есепке алуды және есептілікті жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Төменкөміртекті даму департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Н. Қаппаров

Қазақстан Республикасы     
Қоршаған ортаны қорғау министрінің
2012 жылғы 14 мамырдағы    
№ 157-ө бұйрығымен бекітілген 

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қағида жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Сауда мақсаты үшін парниктік газдар шығарындыларының көміртегі
бірліктері бойынша мониторинг, есепке алуды және есептілікті
жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Сауда мақсаты үшін парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша мониторинг, есепке алуды және есептілікті жүргізу қағидаcы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасында сауда мақсатында парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша мониторинг, есепке алу және есептілікті жүргізу тәртібін және олармен жүргізілетін операцияларды анықтайды және өзінің әрекетін белгіленген мөлшер бірліктеріне, квота бірліктеріне, шығарындылардың ішкі азайту бірліктеріне, шығарындылардың азайту бірліктеріне, шығарындыларды азайтудың сертификатталған бірліктері мен сіңіру бірліктеріне қолданады.
      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) айналымнан көміртегі бірліктерін алып тастау - сауда бойынша операцияларды жүзеге асыруы тоқтатылған көміртегі бірліктері;
      2) есеп беру кезеңі - Қазақстан Республикасындағы парниктік газдар шығарындыларын квоталау бойынша талаптарға жатқызылатын қондырғы операторының парниктік газдарды түгендеу бойынша есеп ұсынатын күнтізбелік жыл;
      3) квоталар бірліктерін өтеу - Қазақстан Республикасындағы парниктік газдар шығарындыларын квоталау бойынша талаптарға жатқызылған қондырғы операторының көміртегі бірліктерін парниктік газдарды түгендеу туралы есепке сәйкес, есеп беру кезеңі бойынша осы қондырғы жөнінде парниктік газдар шығарындыларының көлеміне тең мөлшерде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінен айналымнан алып тастау шотына беру;
      4) көміртегі бірліктерін есепке алу - Қазақстан Республикасымен айналымға енгізілген көміртегі бірліктері, сондай-ақ көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерімен жасалатын операциялар жөніндегі ақпаратты есепке алу;
      5) көміртегі бірліктерін жою - айналымнан толық шығарылған көміртегі бірліктері;
      6) халықаралық көміртегі бірліктері - белгіленген мөлшер бірліктері, шығарындыларды азайту бірліктері, шығарындыларды азайтудың сертификатталған бірліктері, сіңірулер бірліктері және олардан туындаған басқа көміртегі бірліктері.
      3. Халықаралық көміртегі бірліктерін және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі арқылы олармен жүргізілетін операцияларды мониторингтеу оларды операцияларды халықаралық тіркеу журналымен мақұлдау бойынша операциялар, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасы шеңберінде белгіленген талаптарына сәйкес рәсімдер шеңберінде іске асырылады.

2. Парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері
бойынша мониторинг жүргізу тәртібі

      4. Парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша және олармен көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі арқылы жүргізілетін операцияларға ішкі және сыртқы мониторинг жүзеге асырылады.
      5. Парниктік газдар шығарындылары көміртегі бірліктерінің ішкі мониторингін көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы олармен жүргізілетін операцияларды автоматты түрде тексеру арқылы жүргізеді.
      6. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі операторының жыл сайынғы есептерін қарастыру рәсімі шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдар шығарындылары көміртегі бірліктерінің және олармен жүргізілетін операцияларға кезеңдік ішкі мониторинг жүргізеді.
      7. Парниктік газдар шығарындылары көміртегі бірліктерінің және олармен жүргізілетін операциялардың ішкі мониторингін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оны жүргізуге халықаралық сарапшылар мен тәуелсіз аккредиттелген ұйымдарды тарту арқылы ұйымдастырады.

3. Парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері
бойынша есепке алу тәртібі

      8. Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша есепке алу көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі арқылы жүзеге асырылады.
      9. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы әр парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктеріне бірегей сәйкестендіру нөмірін береді.
      10. Қазақстан Республикасымен айналымға енгізілетін және шығарылатын парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктерін жеке есепке алу мақсатында көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы мынадай шоттардың түрлері бойынша операцияларды ашады және қызмет көрсетеді:
      1) Қазақстан Республикасының шоты;
      2) парниктік газдар шығарындыларына квоталар алған қондырғылар операторларының шоттары;
      3) парниктік газдар шығарындыларын қысқарту бойынша ішкі жобалар операторларының шоттары;
      4) көміртегі бірліктерімен сауда жасауға қатысушылардың шоттары.
      11. Қондырғы операторларымен өтелген парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктерін есепке алуды көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы расталған есептер негізінде жүргізеді.

4. Парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері
бойынша есептілік тәртібі

      12. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері және олармен жүргізілген операциялар бойынша есептерді ай сайын ұсынады.
      13. Парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктері бойынша көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі операторының есептеріне мынадай ақпараттар енгізіледі:
      1) шоттардың нөмірлері;
      2) көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі шоттар иелерінің атаулары мен байланыс деректері;
      3) шоттардағы көміртегі бірліктерінің түрлі типтерінің саны;
      4) тізілімдер мен шот ұстаушы туралы деректерді көрсете отырып, көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне басқа мемлекеттердің көміртегі бірліктері тізілімі мен таза даму тетігі тізілімінен берілген шығарындыларды азайту бірліктері мен шығарындыларды азайтудың сертификатталған бірліктерінің саны;
      5) тізілімдер мен шот ұстаушы туралы деректерді көрсете отырып, басқа мемлекеттердің көміртегі бірліктері тізілімінен берілген шығарындыларды азайту бірліктерінің саны;
      6) жойылған көміртегі бірліктерінің саны;
      7) айналымнан шығарылған көміртегі бірліктерінің саны.
      14. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар алған қондырғылар операторларының квоталар бірліктері мен шоттарына қатысты есепке мынадай қосымша ақпарат енгізіледі:
      1) парниктік газдар шығарындыларына квоталар мен сертификаттардың нөмірлері;
      2) квоталанатын қондырғылар бойынша сәйкестендіру деректері;
      3) парниктік газдар шығарындыларына берілген квоталар бірліктерінің көлемі;
      4) қондырғылар бойынша парниктік газдар шығарындыларының көлемі (есептік жылдар бойынша);
      5) қондырғылар бойынша өтелген квоталардың көлемі (есептік жылдар бойынша);
      6) квоталанатын қондырғы шығарындылары бойынша мониторинг және есеп беруге қатысты талаптардың операторлармен сақталуы туралы ақпарат.
      15. Қазақстан Республикасы аумағында іске асырылатын парниктік газдар шығарындыларын қысқарту бойынша ішкі жобалар операторлары мен бірлесіп жүзеге асыру жобалары операторларының шоттарына қатысты есепке мынадай ақпарат енгізіледі:
      1) жобалардың атаулары мен олардың орналасқан жерлері, жобаны іске асыру нәтижелері бойынша көміртегі бірліктерін қолданысқа енгізу күні;
      2) шығарындыларды азайтудың ішкі бірліктері мен шығарындыларды азайту бірліктерінің айналымға енгізілген бірліктерінің саны.
      16. Парниктік газдар шығарындыларының көміртегі бірліктерімен сауда жасау жүйесінің айқындығын қамтамасыз ету мақсатында көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы интернет-ресурста ай сайын жаңартылатын есептерді жариялап отырады.