Заңды тұлғалардың банктер, банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымдары сатып алатын акцияларға (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сондай-ақ банктің жарғылық капиталға қатысу үлестерінің не заңды тұлғалар акцияларының жиынтық құнын белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 84 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 2 сәуірде № 7504 тіркелді

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Мыналар белгіленсін:
      1) Екінші деңгейдегі банктер, банктердің немесе банк холдингтерінің еншілес ұйымдары заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) олар мынадай талаптарға сәйкес келген кезде сатып алатыны:
      Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғаларының акциялары осы қаулының қосымшасында көрсетілген халықаралық қор биржаларында еркін айналыста болады;
      Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 22-1-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті-ұйымдары таныған заңды тұлғалар акциялары қор биржасының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9871 тіркелген «Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2014 жылғы 22 қазандағы № 189 қаулысында (бұдан әрі – № 189 қаулы) көзделген ресми тізімінің «акциялар» секторының бірінші санатына енгізілген;
      Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғаларының акциялары қор биржасы индексінің өкілдік тізімінде тұр;
      Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғаларының акциялары қор биржасының № 189 қаулыда көзделген ресми тізімінің «акциялар» секторының бірінші санатына енгізілген;
      2) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не акцияларының жиынтық құны банктің меншікті капиталының 50 (елу) пайызынан аспайтын мөлшерде.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2014 № 244 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 20.10.2015 № 195 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
      1-1. Осы қаулының 1-тармағында белгіленген акциялардан басқа банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымдары:
      депозитарлық қызметті немесе бағалы қағаздар нарығында сауда-саттықты ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың акцияларын;
      Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғаларының қор биржасының № 189 қаулыда көзделген ресми тізімінің «акциялар» секторының екінші санатына енгізілген, банктің және банк холдингінің еншілес ұйымы маркет-мейкер функцияларын жүзеге асыратын акциялары.
      Ескерту. Қаулы 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.01.2013 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 05.06.2012 бастап туындаған қатынастарға қолданылады); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2014 № 244 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Қазақстан Республикасы   
Ұлттық Банкі Басқармасының 
2012 жылғы 24 ақпандағы № 84
қаулысына қосымша     

Халықаралық қор биржаларының тізімі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.01.2013 № 6 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 05.06.2012 бастап туындаған қатынастарға қолданылады).

      1. Австрия қор биржасы (Wiener bourse AG)
      2. Америка қор биржасы (American Stock Exchange)
      3. Бомбей қор биржасы (The Bombay Stock Exchange Limited, BSE)
      4. Бразилия қор биржасы (Bovespa)
      5. Гонконг қор биржасы (Hong Kong Exchanges and Clearing)
      6. Амстердамдағы «Еуронекст» Еуропа қор биржасы (Euronext Amsterdam)
      7. Брюссельдегі «Еуронекст» Еуропа қор биржасы (Euronext Brussels)
      8. Лиссабондағы «Еуронекст» Еуропа қор биржасы (Euronext Lisbon)
      9. Париждегі «Еуронекст» Еуропа қор биржасы (Euronext Paris)
      10. Индия қор биржасы (Delhi Stock Exchange)
      11. Италия қор биржасы (Borsa Italiana SPA)
      12. Лондон қор биржасы (London Stock Exchange)
      13. Малайзия қор биржасы (Bursa Malaysia)
      14. Мексика қор биржасы (Bolsa Mexicana de Valores, BMV)
      15. Неміс қор биржасы (Deutsche bourse AG)
      16. Нью-Йорк қор биржасы (New York Stock Exchange)
      17. Құрамына Стокгольм, Хельсинки, Таллин және Рига биржалары кіретін біріккен қор биржасы (Hex Integrated Markets Ltd.)
      18. Сингапур қор биржасы (Singapore Exchange)
      19. Стамбул қор биржасы (Istanbul Stock Exchange)
      20. Стокгольм қор биржасы (Stockholm Exchange)
      21. Токио қор биржасы (Tokyo Stock Exchange)
      22. Австралия қор биржасы (Australian Stock Exchange)
      23. Монреаль қор биржасы (Bourse de Montreal)
      24. Ресей Федерациясының қор биржасы (ММВБ-РТС ААҚ)
      25. Торонто қор биржасы (Toronto Stock Exchange)
      26. Швейцария қор биржасы (SWX Swiss Exchange)
      27. Франкфурт қор биржасы (Frankfurt Stock Exchange)
      28. Шанхай қор биржасы (Shanghai Stock Exchange)
      29. Оңтүстік Корея қор биржасы (Korea Stock Exchange)
      30. АҚШ қор биржасы (National Association of Securities Dealers Automated Quotation, NASDAQ)».