Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесін бекіту туралы

Республикалық Бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы 31 тамыздағы № 4-НП Нормативтік Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 16 қыркүйекте № 7189 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ереженің 8-тармағының 23-2) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесі бекітілсін.
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң аппарат басшысы Е.Қ.Сыздықов бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде осы нормативтік қаулының мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы нормативтік қаулы алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Төраға                                      О. Өксікбаев

Республикалық бюджеттің атқарылуын
бақылау жөніндегі есеп комитетінің
2011 жылғы 31 тамыздағы № 4-НП  
нормативтік қаулысымен     
бекітілген             

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген және мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) біліктілігін артыруды ұйымдастыру мен жүргізудің тәртібін айқындайды.
      2. Бақылауды тиімді жүзеге асыру үшін қызметкерлердің тиісті кәсіби деңгейін қолдау, сондай-ақ қызметкерлердің білімдері мен дағдыларын арттыруға қажеттіліктерін қанағаттандыру бөлігіндегі мемлекеттік қаржылық бақылаудың «Құзыреттілік» стандартын сақтау мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүзеге асырылады.
      3. Біліктілік арттыруды:
      1) жүйелі түрде;
      2) ғылыми түрде;
      3) өз бетінше білім алумен ұштастыра отырып жүзеге асыру қызметкерлердің біліктілігін арттырудың негізгі принциптері болып табылады.
      4. Біліктілікті арттыру қызметкерлердің бұрын тиісті деңгейлерде алған кәсіби білімдері мен дағдыларын ұштауды қамтамасыз етеді және біліктілікті арттыру сертификатымен расталады.

2. Біліктілікті арттырудың шарттары

      5. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ одан тыс жерде қызметкерлердің біліктілігін арттыруды тиісті ғылыми ұйым (бұдан әрі – оқытушы ұйым) арқылы ұйымдастырады.
      6. Мемлекеттік қызметшілердің шетелде біліктілігін арттыру жағдайларын қоспағанда, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру кемінде 3 жылда бір рет жүзеге асырылады.
      7. Біліктілікті арттыру бағдарламалары бақылауды жоспарлау мен бақылаудың қорытындысын шығарғанға дейінгі оның барлық кезеңдерінде мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) жүргізуді ұйымдастырудың бейімделген әлемдік және отандық тәжірибесін қамтиды, олар бақылаудың (аудиттің) жекелеген үлгілері бойынша бір бағытқа мамандандырылған оқу бағдарламаларын қамтуы мүмкін.
      Біліктілікті арттыру бағдарламалары шеңберінде ғылыми-ақпараттық алмасу бойынша іс-шаралар, мастер-класстар, тренингтер, өз бетінше білім алу, тәжірибе жүзінде оқу (жұмыс орнында тағылымдамадан өту) жүргізілуі мүмкін.
      8. Негізгі білімдерінің деңгейі бірдей немесе әр түрлі болып келетін бірдей немесе әр түрлі лауазымдағы қызметкерлер арасынан оқудың мақсаты мен мазмұнына қарай оқу топтарын жасақтау жүзеге асырылуы мүмкін.
      9. Біліктілікті арттыру бағдарламасына енгізілген қызметкерлер тыңдаушылар болып табылады.
      Бөлінген бюджет қаражаты шегінде тыңдаушылардың дербес құрамын қалыптастыру Есеп комитетінің біліктілікті арттыру бағдарламасы басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиісті органдарына жолдаған сұрауы бойынша жүзеге асырылады.
      Шетелде біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтетін тыңдаушыларды іріктеу осы Ереженің 20-23-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      10. Біліктілікті арттыру жұмыстан қол үзбестен, қол үзіп, сондай-ақ ішінара қол үзіп жүргізіледі. Соңғы жағдайда қызметкерлер мемлекеттік қаржылық бақылау органының басшысымен келісіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес бір мезгілде оқи отырып, жұмысын толық емес жұмыс уақыты жағдайында атқара алады.
      11. Тыңдаушылардың, оқытушы ұйымның және/немесе шетелге жіберуші ұйымның құқықтары мен міндеттері осы Ереженің 19-тармағында көзделген талаптар міндетті түрде көрсетіле отырып, тиісті шартпен ресімделеді.
      12. Біліктілікті арттыру бағдарламасының тақырыбы бойынша тыңдаушылардың білім деңгейін анықтау үшін, оқу кезінде - ағымдағы, оқу аяқталғаннан кейін қорытынды бақылау өткізіледі.
      Бақылау тестілеу және әңгімелесу түрінде өтеді. Алынған білімге қорытынды баға қою нысанын оқытушы ұйым өз бетінше айқындайды.
      Тыңдаушының қорытынды бақылаудан өте алмауы бұдан кейін оның біліктілігін арттыру бойынша шаралар қолдануға, өз бетінше білім алу аясында қайта даярлауға және қорытынды бақылаудан өтпей қалғаннан кейін алты айдың ішінде сертификаттаудан қайта өтуіне негіз болып табылады.
      Тыңдаушының қорытынды бақылаудан қайтадан өте алмай қалуы туралы мәліметтер мемлекеттік қаржылық бақылау органының басшысына жіберіледі.

3. Біліктілікті арттырудың мазмұны мен мерзімі

      13. Біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асыру оқытушы ұйымның жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      14. Оқу бағдарламаларында тыңдаушының аудиторлық жұмысына және курс бағдарламасында көрсетілген тапсырмалар шеңберінде өз бетімен білім алуына оқу уақыты көзделеді.
      15. Қызметкерлердің біліктілігін арттырудың ұзақтығы үш күннен екі аптаға дейін құрайды.
      16. Қорытынды бақылаудың нәтижесі бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларын игерген тыңдаушыларға сертификат беріледі.

4. Шетелдік мамандарды тарта отырып шетелде біліктілікті арттыру

      17. Шетелде оқыту мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) саласында білім беру, ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдарда (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) өткізіледі.
      Шетелдік жетекші мамандарды тарту қазақстандық тарап пен шетелдік маманның және (немесе) шетелдік ұйымның арасында жасалатын шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      18. Республикалық бюджет қаражаты есебінен шетелдік ұйымдарда біліктілігін арттыруға мемлекеттік қаржылық бақылау органдарында кемінде екі жыл қызмет өткеріп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер жіберіледі.
      19. Шетелге оқуға жіберілетін тыңдаушылар біліктілікті арттыру бағдарламасы аяқталғаннан кейін бір жыл бойы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүйесінде жұмыс істеуге тиіс.
      Егер тыңдаушы оқу бағдарламасынан дәлелсіз себеппен шығып қалғанда немесе осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өз міндеттемелерін орындамағанда, ол өзінің біліктілігін арттыруға жұмсалған қаражатты толық көлемінде қайтаруға тиіс.
      20. Шетелде біліктілікті арттыруға тыңдаушыларды іріктеуді Есеп комитеті ашық конкурс негізінде жүзеге асырады.
      21. Конкурсқа қатысу үшін Есеп комитетіне:
      1) тыңдаушыға кандидаттың өтініші (еркін нысанда);
      2) мемлекеттік қаржылық бақылау органының бірінші басшысы немесе оны алмастырушы тұлға қол қойған ұсынымхат;
      3) қызметтік тізім;
      4) шетелдік ұйымдардың талаптары бойынша өзге де құжаттар (олар қажет болғанда) жіберіледі.
      22. Кандидаттарды іріктеуді конкурстық комиссия жүзеге асырады, оның құрамын Есеп комитетінің Төрағасы бекітеді.
      23. Мыналар:
      1) шетелде оқу бағдарламасы бойынша қызметкердің мамандануы;
      2) тілдік білімі (қажет болғанда);
      3) шетелде біліктілікті арттыруды өткеру үшін бұрын жасалған шарт (ол болған жағдайда) талаптарын қызметкердің сақтауы конкурстық комиссияның өткізетін іріктеуіне ықпал ететін өлшемдер болып табылады.
      24. Конкурстан өткен тыңдаушылардың қорытынды тізімін Есеп комитетінің әдіснама мен сыртқы байланыстарға жауапты құрылымдық бөлімшесі конкурстық комиссияның хаттамалық шешімі негізінде қалыптастырады. Қорытынды тізімге енгізілген адамдар нәтижелер туралы хабардар етіледі.