Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесін бекіту туралы

Республикалық Бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы 31 тамыздағы № 4-НП Нормативтік Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 16 қыркүйекте № 7189 тіркелді. Күші жойылды - Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнің 2016 жылғы 25 қаңтардағы № 1-НҚ нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 25.01.2016 № 2-НҚ нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ереженің 15-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 10.04.2013 № 2-НП нормативтік қаулысы (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесі бекітілсін.
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң аппарат басшысы Е.Қ.Сыздықов бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде осы нормативтік қаулының мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы нормативтік қаулы алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Төраға                                      О. Өксікбаев

Республикалық бюджеттің атқарылуын
бақылау жөніндегі есеп комитетінің
2011 жылғы 31 тамыздағы   
№ 4-НП нормативтік қаулысымен 
бекітілген           

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесі

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасың 10.04.2013 № 2-НП нормативтік қаулысы (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қаржылық бақылау қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ереженің 15-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) Қазақстан Республикасында және шетелдік мамандарды тарта отырып шетелде біліктілігін артырудың тәртібін, біліктілікті арттырудың мазмұны мен мерзімін айқындайды.
      2. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру бақылауды тиімді жүзеге асыру үшін қызметкерлердің тиісті кәсіби деңгейін қолдау, сондай-ақ өздерінің білімдері мен дағдыларын арттыруға қажеттіліктерін қанағаттандыру бөлігінде «Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығымен бекітілген «Құзыреттілік» мемлекеттік қаржылық бақылау стандартын сақтау мақсатында жүзеге асырылады.
      3. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ұйым (бұдан әрі – оқытушы ұйым) арқылы ұйымдастырады, оны таңдау «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Қызметкерлердің біліктілігін арттырудың негізгі принциптері:
      1) жүйелілік;
      2) ғылымилылық;
      3) біліктілікті арттыруды өз бетінше білім алумен ұштастыру;
      4) оқытудың үздіксіздігі, сабақтастығы және дәйектілігі болып табылады.
      5. Біліктілікті арттыру қызметкерлердің бұрын алған кәсіби білімдері мен дағдыларын ұштауды қамтамасыз етеді және қатаң есептілік бланкісі болып табылатын біліктілікті арттыру туралы тиісті құжатпен расталады.
      Біліктілікті арттыру курстарының аяқталу қорытындысы бойынша Есеп комитеті қызметкерлерге осы Ереженің 16-тармағында көзделген жағдайда осы Ережеге 1-қосымшаға сай нысан бойынша біліктілікті арттыру туралы құжат (сертификат) береді.

2. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру тәртібі, оқу бағдарламаларының мазмұны мен мерзімі

      6. Мемлекеттік қаржылық бақылаумен байланысты қызметке алғаш келген және бақылау іс-шараларын жүргізуде тәжірибесі жоқ қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмысқа қабылданған күннен бастап екі айдың ішінде төрт аптадан бастап алты аптаға дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
      7. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру үш жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.
      8. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өз бетінше кәсіби дамытудағы қажеттіліктің есебін жүргізеді және оны айқындайды, адам ресурстарын басқару және персоналды дамыту бойынша жоспарлар әзірлейді, оқудан өткендердің деректер базасын қалыптастырады, олардың қызметіне және алған білімдерінің іс жүзінде қолдануына мониторинг жүргізеді.
      9. Есеп комитеті қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарын өткізудің қажеттілігі мен мерзімділігін кейіннен айқындау үшін деректердің есебін қалыптастырады.
      10. Біліктілікті арттыру бағдарламалары мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) жүргізуді ұйымдастырудың бейімделген әлемдік және отандық тәжірибесін қамтиды. Біліктілікті арттырудың жыл сайынғы бағдарламаларын бекіту мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тиісті өтінімдері негізінде жүргізіледі.
      Оқытушы ұйым біліктілікті арттырудың оқу бағдарламаларын (бұдан әрі - бағдарламалар) Есеп комитетімен келіседі.
      Бағдарламалар бақылау іс-шараларын жоспарлауда, жүргізуде жаңа тәсілдерді, әдістерді, технологияларды енгізе отырып, қызметкерлердің білімдеріндегі олқылықтарды жоюға, сондай-ақ оларды одан әрі арттыруға бағытталған оқытуды қамтиды.
      Біліктілікті арттыру бағдарламалары шеңберінде ғылыми-ақпараттық алмасу бойынша іс-шаралар, мастер-класстар, тренингтер, практикалық сабақтар (жұмыс орнында тағылымдамадан өту) жүргізілуі мүмкін.
      11. Оқытушылардың кандидатуралары сапалық құрамды анықтау мақсатында, мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізудің рәсімдері бойынша практикалық сабақтарды қолдана отырып оқытуды жүргізу үшін Есеп комитетімен келісіледі.
      Қызметкерлер алған теориялық білімдерін көрнекі түрде іс жүзінде іске асыру мақсатында Есеп комитетімен келісе отырып сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органында тағылымдамадан өтеді.
      12. Қызметкерлердің атқарып отырған қызметіне және негізгі білімдерінің деңгейіне қарамастан, олардың арасынан оқудың мақсаты мен мазмұнына қарай оқу топтарын жасақтау жүзеге асырылады.
      13. Бағдарламаға енгізілген қызметкерлер тыңдаушылар болып табылады.
      Тыңдаушылардың дербес құрамын қалыптастыру Есеп комитетіне тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша бөлінген бюджет қаражаты шегіндегі мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қажеттіліктері негізінде жүзеге асырылады.
      Есеп комитеті кейіннен оқу тақырыптарын қалыптастыру үшін мемлекеттік қаржылық бақылау қызметкерлерінің мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) саласындағы нормативтік құқықтық және құқықтық актілерді білудегі және қолданудағы осал тұстарын анықтау жолымен олардың дайындығы мен кәсіби білімдерінің деңгейі бойынша тыңдаушылардың құрамын айқындайды.
      14. Біліктілікті арттыру жұмыстан қол үзбестен, қол үзіп, сондай-ақ ішінара қол үзіп жүргізіледі. Соңғы жағдайда, қызметкерлер мемлекеттік қаржылық бақылау органы басшысының келісімімен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жұмысын толық емес жұмыс уақыты жағдайында атқарады және бір мезгілде оқудан өтеді. Өндірістен қол үзіп оқытуға мүмкіндік болмаған жағдайда, біліктілікті арттыру тараптардың келісуі бойынша қашықтықтан оқыту жолымен, соның ішінде жеке оқу бағдарламаларын әзірлеу арқылы жүргізіледі.
      15. Тыңдаушылардың білім деңгейін анықтау үшін бағдарламаның мәні бойынша тестілеу және (немесе) әңгімелесу түрінде білім бақылауы өткізіледі.
      16. Тестілеу сұрақтарының сексен және одан да көп пайызына дұрыс жауап берген тыңдаушы тестілеуден өтті деп есептеледі.
      17. Тестілеу нәтижесінде дұрыс жауаптары сексен пайыздан аз болған тыңдаушы тестілеуден өтпеген деп есептеледі және тапсырған күнінен кейін он жұмыс күні ішінде тестілеуден қайта өтуге оған бір реттен артық жол берілмейді.
      Қайта қорытынды бақылаудан өтпей қалған тыңдаушылар туралы мәліметтерді оқытушы ұйым тыңдаушы тестілеуді тапсырған күннен кейін он жұмыс күні ішінде Есеп комитеті арқылы мемлекеттік қаржылық бақылау органының басшысына жібереді.
      18. Бағдарламаларды іске асыру оқытушы ұйымның оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады, оларды Есеп комитеті және оқытушы ұйым бекітеді.
      19. Оқу бағдарламаларында тыңдаушының курс бағдарламасында көрсетілген тапсырмалар шеңберінде аудиторлық жұмысқа және өз бетімен білім алуына оқу уақыты көзделеді.
      20. Бағдарламаның ұзақтығы Қазақстан Республикасында - үш күннен екі аптаға дейін, ал шетелде бір жылға дейінгі мерзімді құрайды.

3. Шетелдік мамандарды тарта отырып шетелде қызметкерлердің біліктілігін арттыру

      21. Шетелде біліктілікті арттыру мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) саласында білім беру, ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын шетелдік оқу ұйымдарында (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) өткізіледі.
      Шетелдік жетекші мамандарды тарту қазақстандық тарап пен шетелдік мамандардың және (немесе) шетелдік оқу ұйымдарының арасында жасалатын шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      22. Шетелге оқуға жіберілетін тыңдаушылар бағдарлама аяқталғаннан кейін кемінде бір жыл мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүйесінде жұмыс істейді.
      Егер тыңдаушы оқу бағдарламасынан дәлелсіз себеппен шығып қалса немесе бағдарлама аяқталғаннан кейін мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүйесінде бір жылдан аз жұмыс істеген болса, ол өзінің біліктілігін арттыруға жұмсалған қаражатты толық көлемінде қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
      23. Оқытушы ұйым және/немесе шетелге жіберуші ұйым осы Тарауда көзделген талаптарды міндетті түрде көрсете отырып тыңдаушылармен арада тиісті шарт ресімдейді.
      24. Республикалық бюджет қаражаты есебінен шетелдік оқу ұйымдарында біліктілігін арттыруға мемлекеттік қаржылық бақылау органдарында кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілер ғана жіберіледі.
      25. Шетелде біліктілікті арттыруға тыңдаушыларды іріктеуді Есеп комитеті ашық конкурс негізінде жүзеге асырады.
      26. Конкурсқа қатысу үшін Есеп комитетіне:
      1) тыңдаушыға кандидаттың өтініші (еркін түрде);
      2) мемлекеттік қаржылық бақылау органының бірінші басшысы немесе оны алмастырушы тұлға қол қойған ұсынымхат;
      3) қызметтік тізім;
      4) шетелдік ұйымдардың талаптары бойынша өзге де құжаттар (олар қажет болғанда) жіберіледі.
      27. Кандидаттарды іріктеуді конкурстық комиссия жүзеге асырады, оның құрамын Есеп комитетінің Төрағасы бекітеді.
      28. Мыналар:
      1) шетелде оқу бағдарламасы бойынша қызметкердің мамандануы;
      2) тілдік білімі (егер бағдарламада көзделсе);
      3) шетелде біліктілікті арттыруды өткеру үшін бұрын жасалған шарт (ол болған жағдайда) талаптарын қызметкердің сақтауы конкурстық комиссияның өткізетін іріктеуіне ықпал ететін өлшемдер болып табылады.
      29. Конкурстық комиссия тыңдаушылардың қорытынды тізіміне енгізу үшін қызметкерлердің кандидатураларын конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде қарайды.
      30. Конкурстық комиссия іріктеу нәтижелері бойынша кандидатураларды қарағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде тыңдаушылардың қорытынды тізіміне енгізілген қызметкерлерді хабардар етеді. Конкурстан өткен тыңдаушылардың қорытынды тізімін Есеп комитетінің біліктілікті арттыруға жауапты құрылымдық бөлімшесі конкурстық комиссияның хаттамалық шешімі негізінде қалыптастырады.
      31. Тыңдаушы шетелде біліктілікті арттыру курсын аяқтағаннан кейін бір айдың ішінде Есеп комитетіне және тиісті мемлекеттік қаржылық бақылау органының басшысына осы Ережеге 2-қосымшаға сай нысан бойынша шетелде біліктілікті арттыру курсын аяқтау қорытындысы жөнінде есеп ұсынады.
      32. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарында шетелде біліктілікті арттырудан өткен қызметкерлерден алынған есептер мен материалдардың жинақтауышы құрылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылау
органдары қызметкерлерінің 
біліктілігін арттыру ережесіне
1-қосымша        

нысан

Біліктілікті арттыру туралы құжат (сертификат)

Мемлекеттік қаржылық бақылау
органдары қызметкерлерінің 
біліктілігін арттыру ережесіне
2-қосымша        

нысан

Республикалық бюджеттің 
атқарылуын бақылау жөніндег
есеп комитетінің     
аппарат басшысы    
_____________________

көшірмесі: Мемлекеттік қаржылық
           бақылау органының   
           басшысы        
_____________________

Шетелде біліктілікті арттыру курсын аяқтау
қорытындысы жөніндегі
ЕСЕП

Тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда)___________________________________________________________
Лауазымы ___________________________________________________________
Мемлекеттік қаржылық бақылау органының атауы ____________________________________________________________________
Құрылымдық бөлімшенің атауы_________________________________________

I. Кіріспе бөлік

1. Біліктілікті арттыру курсы туралы жалпы мәліметтер

Біліктілікті арттыру курсының нысаны:

(лекциялық сабақтар, тәжірибелік сабақтар семинар)

Іс-шараның атауы:

(тақырып)

Біліктілікті арттыру курсының өткізілетін орны:

(қала, ел)

Ұйымның атауы:

( соның базасында курстар өткізілді)

Біліктілікті арттыру курсының мақсаты:

(біліктілікті арттыруға берілген өтінімге сәйкес көрсетіледі)

Біліктілікті арттыру курсын өткізу мерзімі:

басталуы: _______________
аяқталуы: _______________
ұзақтығы: _____ күн

Қаржыландыру көзі:


II. Негізгі бөлік

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
 (Біліктілікті арттыру бағдарламасы мазмұнының қысқаша сипаттамасы
   (курстардың форматы, оқыту әдістемесі, сабақтардың ұзақтығы,
    лекторлардың, тыңдаушылардың құрамы және біліктілікті арттыру
             бағдарламасын қамтитын басқа да ақпарат)

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      (Біліктілікті арттыру курстары нәтижесінде алған негізгі білімі
          мен дағдыларын сипаттау, олардың мемлекеттік қаржылық
                бақылау органының қызметінде қолданылуы)

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      (Қол жеткізілген уағдаластықтар, қабылданған келісімдер
                          (егер олар болып жатса)

III. Қорытынды

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(Алған білімі мен дағдыларын мемлекеттік қаржылық бақылау органының
   қызметінде оның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес қолдану жөнінде
                  сындарлы ұсыныстар (қысқаша, нақты, анық)

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
            (Басқа да ұсыныстар (қысқаша, нақты, анық)

Мыналар қоса беріледі:

1. __________________________________________________________________
2. __________________________________________________________________
3. __________________________________________________________________
4. __________________________________________________________________
5. __________________________________________________________________
   (есепке іс-шаралар бағдарламасы, жиналған материалдардың тізбесі,
    біліктілікті арттырудың нәтижелері туралы және іс-шараға қатысуды
    растайтын құжаттар (сертификаттың/дипломның/куәліктің көшірмесі,
    сондай-ақ (өзінің қалауына қарай) алған білімі мен дағдыларының
     мазмұнын сипаттайтын, өткен оқу туралы құжаттар мен материалдар
                        көрсетіліп қоса беріледі).

Есепті ұсынған

_________________________________     _____________        __________
  (тегі, аты және әкесінің аты)        (лауазымы)           (қолы)

20 ____ж. «____» __________________