Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 15.12.2015 № 971 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 233-бабына, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Азаматтық қызметшілерді аттестациядан өткізу шарттарын және ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 20 шілдедегі № 168-ө бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 4883 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған, 2007 жыл, маусым-тамыз) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық қызметшілерді аттестациядан өткізу шарттары және ережесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Азаматтық қызметшілерді аттестациядан өткізу шарттары және ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 233-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, оның ведомствосында және олардың аумақтық органдарында, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағындағы қазыналық кәсіпорындарда, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың, халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерден басқа азаматтық қызметшілерін (бұдан әрі – қызметшілер) аттестациядан өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.».
2. Әлеуметтік көмек департаменті (Қ.А. Манабаева):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіқалықова