Қазақстан Республикасының кеден органдарына конкурстық іріктеуден тыс қызметке орналасу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 30 мамырдағы № 283 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 2 шілдеде № 7054 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 498 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы министрінің 17.11.2014 № 498 (18.11.2014 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 7-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының кеден органдарына конкурстық іріктеуден тыс қызметке орналасу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті (С.Н. Баймағанбетов) заңнамамен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б. Жәмішев

Қазақстан Республикасы   
Қаржы министрінің      
2011 жылғы 30 мамырдағы   
№ 283 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының кеден органдарына
конкурстық іріктеуден тыс қызметке орналасу
ережесі

      1. Осы Ереже «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы 7-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының кеден органдарына конкурстық іріктеуден тыс қызметке орналасу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
      2. Конкурстық іріктеуден тыс кеден органдарының қызметіне орналасуға жұмыстан шығарылған, не теріс себептері бойынша өз өкілеттіктерін тоқтатқан тұлғаларды қоспағанда, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқу бітірген тұлғалардың, бұдан бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер, Парламенттің депутаттары болып табылған тұлғалардың, саяси мемлекеттік қызметкерлердің, өз өкілеттіктерін тоқтатқан судьялардың, теріс себептері бойынша жұмыстан босатылған не өз құзыреттерін тоқтатқан тұлғаларды қоспағанда, және тиісті біліктілік талаптарына ұсынылған тұлғалардың құқығы бар.
      3. Қазақстан Республикасының Парламенті бұрынғы депутаттарының, саяси мемлекеттік қызметшілердің және теріс себептері бойынша жұмыстан босатылғандарды қоспағанда өз өкілеттіктерін тоқтатқан судьялардың, құзыреттерін тоқтатқан судьялардың бос лауазымдарға орналасуы конкурстан тыс негізде депутаттың, саяси мемлекеттік қызметшінің немесе судьяның өкілеттіктері тоқтатылған сәтінен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылады.
      4. Осы Ереженің 2-тармағында тізбеленген тұлғалар кеден органдарына конкурстық іріктеуден тыс қызметке қабылдау туралы өтініштерін ұсынады.
      5. Кандидатты конкурстық іріктеуден тыс қызметке қабылдау туралы шешімді қабылдаған кезде тағайындау болжамданып отырған кеден органының немесе құрылымдық бөлімшенің басшысы онымен жеке сұқпаттасуды жүргізеді және алдағы уақыттағы жұмыстың сипатын және лауазым бойынша лауазымдық міндеттерді түсіндіреді.
      6. Сұқпаттасуды өткізгеннен кейін кадр бөлімшесінде кандидат кадрларды есепке алу бойынша жеке парақты, белгіленген үлгі бойынша егжей-тегжейлі өмірбаянды толтырады және келесі құжаттарды – еңбек кітапшасын (бар болса), әскери билетін немесе әскерге шақырылатын учаскесіне тіркеуге алынғаны туралы куәлігін, соңғы жұмыс орнынан (қызметінен) мінездемесін, бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер үшін жұмыстан шығару туралы және бар әскери, арнайы атақтары және сыныптық шендері туралы бұйрықтардан көшірмесін, нотариалды куәландырылған жеке куәлігінің және білімі туралы дипломның көшірмесін ұсынады.
      Бұрын кеден органдарының қызметкерлерін қызметке орналастыру кезінде кадр бөлімшесі мұрағаттық жеке істі зерделейді және осы бұйрықтың бірінші абзацында тізбеленген жаңартылған құжаттарды қосады.
      7. Осы Ереженің 6-тармағында тізбеленген қажетті құжаттар бар болған кезде кандидат ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссиясынан өтуге жіберіледі.
      8. Кадр бөлімшесі кандидатқа:
      1) міндетті арнайы тексеріс жүргізу үшін ұлттық қауіпсіздік органдарына материалдарды;
      2) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және арнайы себептер бойынша комитетіне немесе облыстық прокуратуралар жанындағы аталған Комитеттің басқармасына сұрау салу жолдайды.
      9. Қазақстан Республикасының кеден органдарына конкурстық іріктеуден тыс қызметке қабылдау:
      1) бос лауазымдарға сәйкес Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымдар санаттарына белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болған кезде;
      2) міндетті арнайы тексеру бар болған кезде;
      3) қызметке жарамдылық туралы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссияның дәрігерлік қорытындысы бар болған кезде;
      4) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғылықты мекенжайы бойынша салық органдарына кірістер және 1998 жылғы 2 шілдедегі мүлік туралы декларацияны, оның ішінде зайыбына (жұбайына) ұсыну шаралары орындалған кезде жүзеге асырылады.
      10. Кандидат осы Ереженің 9-тармағымен белгіленген қызметке орналасу талаптарына сәйкес келген жағдайда кадр бөлімшесі қызметке қабылдау туралы бұйрықтың жобасын ресімдейді және лауазымдар номенклатурасына сәйкес қызметкерді лауазымға тағайындауға құқығы бар кеден органының басшысына бекітуге береді.
      11. Кандидаттардың жалған жеке деректерді, кеден органдарына конкурстық іріктеуден тыс қызметке орналасуға құқық туралы жалған мәліметтерді ұсынуы оны кеден органдарына қызметке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.