Қазақстан Республикасы «Дене шынықтыру жеке спорт туралы» Заңының 23-бабының 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Дене шынықтыру және спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
2. Спорт комитеті осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын және мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі М.Е. Омаровқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Т. Ермегияев
Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт министрінің
2011 жылғы 29 сәуірдегі
№ 02-02-18/74 бұйрығымен
бекітілген
Дене шынықтыру және спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастырудың ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Дене шынықтыру және спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастырудың ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және дене шынықтыру мен спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының (бұдан әрі - клубтар) қызметін реттейді.
2. Клубтың басты мақсаты:
1) дене шынықтыру және спортпен шұғылдану арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру;
2) тұлғаның шығармашылық әлеуетін ашу арқылы жан-жақты дамуы үшін жағдайлар жасау;
3) балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылдануға тарту;
4) олардың денсаулығы мен дене тәрбиесін нығайтуға бағытталған балалар мен жасөспірімдер арасында дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмыстарын жүзеге асыру;
2. Клуб қызметін ұйымдастыру
3. Спорт түрлері бойынша секциялар (бұдан әрі - секциялар) клубтың құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Секцияларды ұйымдастыру клубтың педагогикалық кеңесі бекітетін оқу жоспарымен, жылдық күнтізбелік жоспармен және оқу кестесімен реттеледі.
4. Клубтың жұмыс уақыты ішкі тәртіп ережелерімен анықталады.
5. Секциялардың жұмысы жұмыс жоспарына қарай толық күнтізбелік жылға ұйымдастырылады.
Жазғы демалыс кезінде секциялар арнайы кесте бойынша (соның ішінде оқушылардың жаңа және ауыспалы құрамымен) жұмыс істеуі мүмкін.
6. Секциялардың толықтығы төмендегідей талаптарды ескере отырып, нормаға сәйкес болуы қажет:
1) секциялардың сандық құрамы спорт түріне байланысты анықталады;
2) бір топтағы балалардың жас айырмашылығы үш жастан аспауы қажет;
3) топтың саны клубтың жарғысына сәйкес оқу-жаттығу үдерісін жүзеге асырудың шарттарына байланысты анықталады.
7. Кестені жасаған кезде мектептегі, арнаулы орта және кәсіптік-техникалық оқу орындары оқушыларының бос уақыты мен жұмысбастылық көлемін ескеру қажет.
8. Секциялардың жұмысын ұйымдастыру нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Реестрінде № 2816 тіркелген, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт жөніндегі агенттігі төрағасының м.а. 2004 жылы 27 наурыздағы № 06-2-2/97 бұйрығымен бекітілген Дене шынықтыру, спорт жаттығулары мен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен санитарлық-гигиеналық нормалар ережесінің талаптарына сай болуы қажет.
9. Секциялардағы балалардың саны спорт түріне қарай 25 адамнан аспауы қажет.
3. Клубты басқару
10. Клубты басқару алқалық қағидаттары бойынша жүзеге асырылады.
Алқалық басқарудың түрі клубтың педагогикалық кеңесі болып табылады.
11. Клубты тікелей басқаруды дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органдар тағайындайтын директор жүзеге асырады.
12. Клубтың директоры дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша клубтың штаттық кестесін, клуб қызметкерлерінің қызметтік нұсқаулықтарын, оқу жіктемесінің көлемін бекітеді.
4. Оқу-жаттығу үдерісін ұйымдастыру
13. Оқу-жаттығу үдерісі балалардың жұмысқа қабілеттілігі, олардың даму динамикасы, оқу материалдарын игеру ерекшеліктері мен мүмкіндіктері және оқушыны одан әрі жетілдірудің келешек қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Оқу аптасы ішінде сабақтардың ұзақтығын (3-4 күн) дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша педагогикалық кеңес бекітеді және клубтың жарғысында тіркеледі.
14. Балалар мен жасөспірімдерді клубқа қабылдау ата-аналарының (заңды өкілдері, қамқоршылары, қорғаншылары) атынан клуб директорының атына өтініш, оған қоса оқу орнынан анықтама, екі 3x4 сурет, денсаулығы туралы медициналық анықтама ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Клубқа қабылдауға ұсынылған құжаттарды педагогикалық кеңес 3 күн ішінде қарайды.
Көрсетілген құжаттар топтамасын толық ұсынбау клубқа қабылдаудан бас тартуға негіздеме болып табылады.
15. Клубтан шығару ата-аналарының (заңды өкілдері қамқоршылары, қорғаншылары), өтініштері негізінде сондай-ақ бала сабаққа дәлелсіз себептермен 1 айдан көп уақыт қатыспаса, педагогикалық кеңестің шешімімен жүзеге асырылады.
16. Оқу-жаттығу үдерісі жеке немесе баланың жасы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, жинақталатын топта (шағын топ) ұйымдастырылады.
5. Оқу-жаттығу үдерісінің қатысушылары
17. Балалар, жасөспірімдер және олардың ата-аналары (заңды өкілдері, қамқоршылары, қорғаншылары), клубтың педагогикалық, медициналық қызметкерлері болып табылады.
18. Клубтағы нұсқаушы-әдіскер мен жаттықтырушы-оқытушының лауазымдық бірліктері спорт түрлері бойынша секциялардың санына байланысты анықталады.
Қызметті ұстау мен оның негізгі бағытына қарай клубта педагог-психолог, медбике-массажшы, емдік дене шынықтыру мамандары, әлеуметтік педагог қызметтерінің лауазымдары қарастырылады.