Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылы 31 наурыздағы № 126 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 29 сәуірде № 6929 тіркелді.

Жаңартылған

      "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 4-бабының 13) тармақшасын іске асыру мақсатындаБҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған диссертациялық кеңес туралы үлгі ереже бекітілсін.

      2. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (М.Ә. Бектемесов):

      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

      3. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Жауапты хатшы Б.С. Әбдірәсіловке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Жұмағұлов


  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 126 бұйрығымен
бекітілген

Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 28.09.2018 № 512 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереже (бұдын әрі – Үлгі ереже) "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленген және диссертациялық кеңестер қызметінің тәртібін анықтайды.

      2. Үлгі ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) диссертациялық кеңестер – докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғауды жүргізетін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі - ЖОО) жанындағы алқалы органдар;

      2) философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор – ғылыми-педагогикалық бағыт немесе кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерде диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәрежелер.

2-тарау. Диссертациялық кеңестердің қызметін ұйымдастыру

      3. Диссертациялық кеңестер 3 (үш) жыл мерзімге докторантураның тиісті мамандығы (кадрларды даярлау бағыты) бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы (әскери, арнайы әскери білім беру ұйымдарынан (бұдан әрі – ӘАББҰ) басқа) бар ЖОО-да құрылады.

      4. Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-ларда диссертациялық кеңестерді құру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет) ЖОО-дан ішінде мынадай құжаттар түскен күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күн ішінде қарайды:

      1) ілеспе хат;

      2) докторантураның тиісті мамандығы (кадрларды даярлау бағыты) бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы туралы мәліметтер (ӘАББҰ-лардан басқа);

      3) осы Үлгі ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша диссертациялық кеңес мүшелеріне үміткерлер туралы ақпарат;

      4) қолданыс мерзімдерін көрсете отырып, мәтінді пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйелерінің, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша лицензиялық жүйелерінің бар болуын растайтын құжаттың көшірмесі (ӘАББҰ-лар үшін плагиат тексеру үшін құрылған Комиссия туралы мәлімет).

      Комитет диссертациялық кеңестің жұмысын ұйымдастыру туралы шешімді 5 (бес) жұмыс күні ішінде Комитеттің интернет-ресурсында орналастырады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Диссертациялық кеңестің құрамына ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар кемінде 6 (алты) адам кіреді олардың ішінен кемінде жартысы басқа ЖОО-ның, ғылыми ұйымдардың және (немесе) басқа да ұйымдардың өкілдері болып табылады.

      6. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне бағынысты әскери, арнайы оқу орындарындағы диссертациялық кеңестерде мүшелерінің кемінде 1/3-ін (үштен бірін) басқа ЖОО-лардың, ғылыми және басқа ұйымдардың өкілдері құрайды, қалғандары штаттық қызметкерлер болып табылады.

      7. Диссертациялық кеңестің құрамына:

      1) диссертациялық кеңес құрылған ЖОО-ның ректоры;

      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері;

      3) соңғы 5 (бес) жылда Комитеттің теріс шешімін алған Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде қорғалған диссертациялар бойынша ғылыми консультанттар, жетекшілер болған мамандар кірмейді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Ерекше мәртебесі бар ЖОО-лардың жанындағы диссертациялық кеңестердің құрамында кеңестің кемінде бір мүшесі шетелдік ғалым (ӘАББҰ-дан басқа) болып табылады. Диссертациялық кеңес мүшелерінің жарияланымдарына қатысты талаптарды ерекше мәртебесі бар ЖОО өз бетінше бекітеді.

      9. Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-лар жанындағы диссертациялық кеңестерде кеңес мүшелерінің кемінде 2/3-інің Хирш индексі кемінде 3 (үш) немесе халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда:

      1) 8D05 Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, 8D06 Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 8D07 Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, 8D08 Ауыл шаруашылығы және биоресурстар, 8D09 Ветеринария, 8D10 Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина), 8D11 Қызмет көрсету кадрларды даярлау бағыттары бойынша даярлау бағыттарына сәйкес келетін ең болмағанда бір ғылыми сала бойынша Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша бірінші үш квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында CiteScore (СайтСкор) бойынша процентиль көрсеткіші кемінде 35 (отыз бес) болатын басылымдарда кемінде 3 (үш) жарияланымы;

      2) қалған кадрлар даярлау бағыттары үшін даярлау бағыттарына сәйкес келетін ең болмағанда бір ғылыми сала бойынша Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша бірінші үш квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында CiteScore (СайтСкор) бойынша процентиль көрсеткіші кемінде 35 (отыз бес) болатын басылымдарда кемінде 2 (екі) жарияланымы бар.

      Ерекше мәртебесі жоқ ӘАББҰ-лар жанындағы диссертациялық кеңестерде кеңес мүшелерінің кемінде жартысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 121) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін Ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесіне (бұдан әрі – Басылымдар тізбесі) кіретін журналдарда кемінде 10 (он) жарияланымы бар.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Диссертациялық кеңестің құрамы, сондай-ақ құрамына енгізілетін өзгерістер ЖОО-ның Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде ректордың бұйрығымен бекітіледі. Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-лар үшін ЖОО-ның Ғылыми кеңесінің шешімі Комитет шешімі негізінде қабылданады.

      Диссертациялық кеңес кеңес мүшелерінен төрағаны, төраға орынбасарын және ғалым хатшыны таңдайды.

      11. Ерекше мәртебесі бар ЖОО-ларда диссертациялық кеңестер дербес құрылады. Диссертациялық кеңес құрылғаны туралы ақпарат ректор бұйрығы шығарылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ЖОО-ның интернет-ресурсында орналастырады.

      12. Диссертациялық кеңестің қызметіне байланысты барлық шығыстар, оның ішінде диссертациялық кеңес мүшелерінің іссапар шығыстары диссертациялық кеңес жұмыс істейтін ЖОО есебінен төленеді. ЖОО мәтінді пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйелер, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша, болуын қамтамасыз етеді. ӘАББҰ-лар плагиатқа тексеру жөніндегі Комиссияның болуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-ның жанындағы диссертациялық кеңесте қорғалған диссертациялық жұмыстар бойынша Комитеттің 2 (екі) теріс шешімі болған жағдайда ЖОО кеңесті жаңа құрамда бекітеді. Осы диссертациялық кеңесте қорғалған диссертациялар бойынша Комитеттің теріс шешімі 2-ден (екіден) көп болған жағдайда, диссертациялық кеңес қызметін тоқтатады және 3 (үш) жыл жұмыс істемейді.

3-тарау. Диссертациялық кеңестің функциялары

      14. Осы Үлгі ережеге сәйкес ЖОО-лар диссертациялық кеңес қызметінің тәртібін әзірлейді және бекітеді.

      15. Диссертациялық кеңестің функциялары:

      1) диссертацияны қорғауға қабылдау;

      2) диссертация бойынша қорғау мерзімін және ресми рецензенттерді тағайындау;

      3) диссертациялық кеңестің құрамынан докторанттың авторы мен дереккөзіне сілтеме жасалмаған бөтен материалды пайдаланғанын (плагиат) тексеру үшін комиссия (бұдан әрі – Диссертациялық кеңестің комиссиясы) құрады;

      4) диссертацияның ашық түрде қорғауын өткізу;

      5) диссертацияны қорғаудан алып тастау.

      16. Диссертациялық кеңестің мүшелері:

      1) объективті, толық және дәйекті мәліметтерді ұсынады;

      2) диссертацияға қатысты деректерді жасыруға жол бермейді;

      3) ғылыми этиканың бұзылу фактілеріне ден қояды;

      4) шешім қабылдағанда қоғамдық пікірдің, бір тараптың немесе үшінші тараптың әсеріне тәуелді болмайды;

      5) мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу бойынша шаралар қабылдайды;

      6) қызмет бабында кеңестің басқа мүшелерінің, докторанттардың, ғылыми кеңесшілер мен ресми рецензенттердің ары мен абыройына нұқсан келтіретін дөрекі, қорлайтын сөздерді, айыптауларды пайдаланбайды.

      Осы тармақта көрсетілген талаптардың орындалмау фактілері анықталған жағдайда диссертациялық кеңестің мүшесі оның құрамынан шығарылады.

      17. Күнтізбелік жыл аяқталған соң диссертациялық кеңес осы Үлгі ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Комитетке диссертациялық кеңестің жұмысы туралы есеп береді.

      18. Осы Үлгі ережеде белгіленген талаптарды диссертациялық кеңес 3 (үш) реттен көп бұзатын жағдайда диссертациялық кеңестің төрағасы, төрағаның орынбасары және ғалым хатшысы ауыстырылады.

      19. Докторант оқыған ЖОО-да ЖОО кафедрасының және (немесе) құрылымдық бөлімшенің кеңейтілген отырысы өтеді.

      Кеңейтілген отырыстан 1 (бір) ай бұрын диссертация докторанттың ғылыми зерттеу саласы бойынша ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе академиялық дәрежесі (философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар 2 (екі) маманға жолданады.

      Кеңейтілген отырысқа кафедра және (немесе) құрылымдық бөлімшелер мүшелерінің кемінде 2/3-сі (үштен екісі), ғылыми кеңесшілер, сондай-ақ аралас (мәндес) кафедралардың, ЖОО-ның құрылымдық бөлімшелерінің, ғылыми және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысады.

      Отырыста консультанттар болмаған жағдайда, олардың докторанттың диссертациясы бойынша пікірін ЖОО кафедрасының немесе құрылымдық бөлімшенің басшысы оқиды.

      20. Кафедраның және (немесе) құрылымдық бөлімшенің кеңейтілген отырысының оң шешімін алғаннан кейін докторант ЖОО ректорына қай диссертациялық кеңесте қорғауды таңдау туралы өтініш береді. Егер докторант басқа ЖОО-ны таңдаған жағдайда докторанттың құжаттарын ол оқыған ЖОО 10 (он) жұмыс күні ішінде диссертациялық кеңеске жолдайды.

      ӘАББҰ докторанттар осы ЖОО-да тиісті мамандық болмағанда басқа ЖОО-ның диссертациялық кеңесінде қорғайды.

      Диссертациялық кеңеске мынадай құжаттар тапсырылады:

      1) отандық және шетелдік ғылыми консультанттардың пікірлері (ӘАББҰ-лар үшін отандық консультанттардың пікірлері);

      2) кафедраның және (немесе) құрылымдық бөлімшенің кеңейтілген отырысының оң қорытындысы;

      3) берік түптелген және электронды тасымалдағыштағы диссертация;

      4) ғылыми еңбектерінің тізімі және олардың көшірмелері;

      5) докторант оқыған ЖОО-ның жанындағы Этикалық комиссияның зерттеу объектілерінің (жанды табиғат пен тіршілік ортасының объектілері) құқықтарын, қауіпсіздігі мен саулығын қорғауды қоса алғанда, ғылыми-зерттеу нәтижелерін жоспарлау, бағалау, іріктеу, жүргізу және тарату процесіндегі бұзушылықтардың болмауы туралы қорытындысы.

      Диссертация қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілдерінің бірінде ұсынылады.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттарды тіркеуді диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы іске асырады және кемінде 2 (екі) жұмыс күні мерзімінде диссертациялық кеңеске ұсынады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Құжаттар қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей диссертациялық кеңес диссертацияны қорғау күнін белгілейді және ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе академиялық дәрежесі (философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар және докторанттың зерттеу саласы бойынша кемінде 5 (бес) ғылыми мақаласы бар екі ресми рецензентті тағайындайды.

      Диссертацияның қорғау күні диссертацияның қорғау күнін белгілеу күнінен 3 (үш) айдан аспауы тиіс. Қорғау күнін белгілеу кезінде докторанттар құжаттарының түсу кезегі сақталады.

      22. Диссертациялық кеңес ресми рецензенттердің, ғылыми консультанттардың бір-біріне тәуелсіз ұстанымдарын басшылыққа алады.

      Мыналар:

      1) Комитет қызметкерлері;

      2) докторанттың диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстарының тең авторлары;

      3) диссертация орындалған және (немесе) докторант тапсырыс беруші немесе орындаушы (тең орындаушы) болып табылатын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген ЖОО және ғылыми ұйымдар бөлімшелерінің басшылары және қызметкерлері ресми рецензент бола алмайды.

      23. Диссертациялық кеңес ЖОО интернет-ресурсында докторанттардың қорғауы және кеңестің қызметі туралы келесі материалдарды (мемлекеттік құпияларды немесе қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын материалдар мен диссертациялардан басқа) орналастырады:

      1) мекен-жайы, күні мен уақыты көрсетілген алдағы қорғау туралы хабарлама (белгіленген қорғау күнінен 1 (бір) ай бұрын);

      2) диссертация (белгіленген қорғау күнінен 1 (бір) ай бұрын, қорғаудан кейін кемінде 5 (бес) ай ішінде қолжетімді);

      3) көлемі кемінде 1 (бір) баспа табақ мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде аннотация (белгіленген қорғау күнінен 1 (бір) ай бұрын);

      4) докторант жарияланымдарының тізімі (белгіленген қорғау күнінен 1 (бір) ай бұрын);

      5) қорғаудан кейін 5 (бес) ай ішінде қолжетімді ғылыми консультанттардың пікірлері (белгіленген қорғау күнінен 1 (бір) ай бұрын), қорғаудан кейін кемінде 5 (ай) ішінде қолжетімді);

      6) ресми рецензенттердің пікірлері (белгіленген қорғау күнінен 15 (он бес) жұмыс күні бұрын);

      7) қорғаудың бейнежазбасы толық көлемде, монтажға жол берілмейді (қорғаудан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде орналастырылады және қорғаудан кейін 5 (бес) ай бойы қолжетімді);

      8) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы диссертациялық кеңестің қорытындысы (қорғаудан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде орналастырылады және қорғаудан кейін кемінде 5 (ай) ішінде қолжетімді);

      9) апелляциялық комиссияның шешімі (болған жағдайда, шешім қабылдағаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде орналастырылады және шешім қабылдағаннан кейін кемінде 5 (ай) ішінде қолжетімді);

      10) осы Үлгі ережеге 2-қосымшаға сәйкес диссертациялық кеңестің жұмысы туралы есеп (күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде орналастырылады);

      11) осы Үлгі ережеге 3-қосымшаға сәйкес диссертациялық кеңестердің философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру (бас тарту) жөніндегі шешімдері туралы тоқсандық есебін (ерекше мәртебесі бар ЖОО-лар жанындағы диссертациялық кеңестері үшін). Тоқсандық есеп тоқсан аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күн ішінде орналастырылады және диссертациялық кеңестің қызметі мерзімінде қолжетімді;

      12) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі жөніндегі дипломды беру тәртібі (ерекше мәртебесі бар ЖОО-лар жанындағы диссертациялық кеңестері үшін);

      13) қорғаулар өткізу күнінің, уақытының, орнының өзгеруі және ресми рецензенттердің ауысуы туралы хабарландыру (болған жағдайда);

      14) диссертациялық кеңестің құрамы туралы ақпарат және диссертациялық кеңес қызметінің тәртібі;

      15) қолдану мерзімдерін көрсете отырып мәтінді пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйелері, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша, бар болуы туралы ақпарат.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Диссертация ЖОО-ның интернет-ресурсында орналастырылған жағдайда, авторлық құқықтарды қорғау қамтамасыз етіледі, диссертация материалдарын заңсыз көшіруден және одан әрі пайдаланудан қорғау технологиялары қолданылады. ЖОО-ның интернет-ресурсында орналастырылғаннан кейін диссертация мәтініне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      ЖОО-ның интернет-ресурсында диссертация мазмұны бойынша бейресми пікірлерді орналастыру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, кейін олар қорғауда ұсынылады. Авторын белгiлеу мүмкiн емес және автордың электрондық поштасы көрсетілмеген бейресми пікірлер қорғауда ұсынылмайды.

      25. Алдағы қорғау туралы хабарламаны диссертациялық кеңес қорғауға қабылдау күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Комитетке жолдайды.

      Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-лар жанындағы диссертациялық кеңестердің қорғаулары бойынша хабарламалар Комитеттің интернет-ресурсында түскеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде орналастырылады (мемлекеттік құпияларды немесе қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын материалдар мен диссертациялардан басқа).

      26. Қорғауға қабылданғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде диссертациялық кеңес докторанттың отандық және халықаралық деректер базалары бойынша плагиатты пайдалануын тексеру үшін диссертацияны "Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" АҚ-ға (бұдан әрі - ҰМҒТСО) жібереді. Тақырып беті және қолданылған әдебиеттер тізімі плагиатқа тексерілмейді.

      Мемлекеттік құпиялары бар диссертацияларда авторы мен дереккөзіне сілтеме жасалмаған бөтен материалдың пайдаланылуы ҰМҒТСО-да немесе Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне бағынысты әскери, арнайы оқу орындарында және (немесе) ғылыми ұйымдарында комиссия негізінде тексеріледі.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Диссертацияның қағаз және электронды тасымалдағыштағы данасы ЖОО-ның кітапханасына беріледі. Қорғағаннан кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы диссертацияның электронды тасымалдағыштағы даналарын Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына береді (мемлекеттік құпияларды немесе қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертациялардан басқа).

      28. Ресми рецензенттер диссертацияны және жарияланған жұмыстарды зерделеу негізінде диссертациялық кеңеске жазбаша пікірін ұсынады, онда ("Ғылым туралы" Заңның 18-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия қалыптастыратын) ғылымның даму бағыттарына және (немесе) мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі, таңдалған тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңашылдық, өзі жазу, дәйектілік, ішкі бірлік, практикалық құндылық, академиялық адалдық принциптеріне сәйкестігі бағаланады, сондай-ақ тиісті мамандық бойынша философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін беру мүмкіндігі туралы қорытынды беріледі.

      Ресми рецензенттер пікірлерінің көшірмелері докторантқа диссертация қорғауға дейін кемінде 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

      Пікір осы тармақтың талаптарына сәйкес келмесе, диссертациялық кеңес пікірді кемінде 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмей ресми рецензентке қосымша қарау үшін қайтарады немесе ресми рецензентті ауыстырады.

      Ресми рецензенттер, сондай-ақ жазбаша түрде бас тартқан немесе рецензиялауға мүмкіндік болмаған жағдайда ауыстырылады. Егер ресми рецензентті ауыстыру туралы шешім 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктіріліп қабылданса, қорғау күні ауыстырылады.

      29. ҰМҒТСО анықтамасында, ресми рецензенттер және ЖОО-ның интернет-ресурсындағы бейресми пікірлерінде плагиат фактілері көрсетілген жағдайда Диссертациялық кеңестің комиссиясы диссертацияны плагиатқа тексереді. Тексеру туралы қорытынды диссертациялық кеңеске диссертация қорғауына 8 (сегіз) жұмыс күні қалғанға дейін беріледі.

      30. Диссертациялық кеңестің Комиссиясының қорытындысы негізінде диссертациялық кеңес докторантты қорғауға жібереді немесе диссертацияны қорғаудан алып тастайды. Қабылданған шешім туралы диссертациялық кеңес докторантқа 2 (екі) жұмыс күні ішінде хабарлайды және тиісті ақпарат ЖОО-ның интернет-ресурсында орналастырылады (мемлекеттік құпиялары бар немесе қызметтік бапта пайдалану үшін диссертациялардан қорғалған жағдайдан басқа).

      Докторант диссертациясын қорғауға дейін 7 (жеті) күннен кешіктірмей қорғаудан алып тастауға мүмкіндігі бар.

      31. Диссертациялық кеңестің төрағасы, төраға орынбасары және ғалым хатшысы докторанттың ғылыми кеңесшілері болып табылған жағдайда олар диссертацияны қарастыру кезінде диссертациялық кеңестің отырысында өз міндеттерін орындай алмайды. Диссертациялық кеңес төрағасының міндеттерін орындау диссертациялық кеңестің шешімімен төраға орынбасарына, төраға орынбасары мен ғалым хатшының міндеттерін орындау мүшелеріне жүктеледі.

      Төраға, төраға орынбасары мен ғалым хатшы бір мезгілде болмаған жағдайда диссертациялық кеңестің отырысы өткізілмейді.

      Диссертациялық кеңес диссертация қорғалуының бейнежазбаға түсірілуін толық көлемде қамтамасыз етеді, монтажға жол берілмейді.

      32. Диссертациялық кеңестің отырысы егер оның жұмысына мүшелерінің кемінде 2/3-і (үштен екісі), диссертациялық кеңестің мүшелерінен отырысқа әр мамандық (кадрларды даярлау бағыты) бойынша кемінде 3 (үш) маман міндетті түрде қатысқан жағдайда заңды болып саналады.

      Диссертациялық кеңес мүшелеріне (1/3-інен аспайтын) диссертацияны қорғауды өткізу отырысына on-line режимінде бейне-конференция нысанында қатысқаны да саналады.

      Ресми рецензенттердің біреуі жоқ болған жағдайда (дәлелді себептер бойынша) оның пікірін ғалым хатшы оқиды. Ресми рецензенттерге диссертациялық кеңестің қорғау отырысында on-line режимінде бейне-конференция түрінде сөз сөйлеуге рұқсат беріледі.

      33. Ерекше мәртебесі бар ЖОО-ның жанындағы диссертациялық кеңес келесі шешімдердің біреуін қабылдау үшін жасырын дауыс беруді жүргізеді.

      1) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру;

      2) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту.

      34. Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-ның жанындағы диссертациялық кеңес келесі шешімдердің біреуін қабылдау үшін жасырын дауыс беруді өткізеді:

      1) Комитет алдында философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру үшін Комитетке ұсыныс жасау;

      2) Комитет алдында философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру туралы ұсыныс жасамау.

      35. Докторанттың ғылым консультанты, тікелей басшысы немесе жақын туысқандары болып есептелетін диссертациялық кеңес мүшелері дауыс беруге қатыспайды.

      Диссертациялық кеңестің шешімі, егер оған отырысқа қатысқан диссертациялық кеңес мүшелерінің 2/3 (үштен екісі) және одан көбі дауыс берсе, оң қабылданды деп саналады. Егер оң шешімге отырысқа қатысқан диссертациялық кеңес мүшелерінің 2/3-інен (үштен екісінен) кемі дауыс берсе, теріс шешім қабылданады.

      36. Теріс шешім қабылданған жағдайда диссертациялық кеңес диссертацияның осы Үлгі ереже мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6951 болып тіркелген) Дәрежелер беру қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) қандай талаптарына сәйкес келмейтіндігі көрсетілген қорытынды жасайды.

      Диссертациялық кеңестің философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы қорытындысы ЖОО-ның интернет-ресурсында осы Үлгі ереженің 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес орналастырылады.

      37. Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы (ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-ның жанындағы) диссертациялық кеңесте докторлық диссертация қорғалғаннан кейін докторанттың аттестациялық ісін жинақтайды, ол Комитетке күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жіберіледі. Докторанттың аттестаттау ісінде мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) диссертацияның ҰМҒТСО-ға жіберілген күні көрсетіліп, диссертациялық кеңес төрағасы қол қойған диссертациялық кеңес құрылған ЖОО бланкісінде ілеспе қолдаухаты (мемлекеттік құпияларды немесе қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертациялардан басқа);

      2) электронды тасымалдағыштағы диссертация. Мемлекеттік құпияларды немесе қызмет бабында пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертация қағаз тасымалдағышта да беріледі;

      3) диссертация тақырыбы бойынша ғылыми жарияланымдар тізімі мен көшірмелері;

      4) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      5) докторанттың плагиатқа диссертацияның тексерілгені туралы ҰМҒТСО-ның анықтамасы. Мемлекеттік құпияларды немесе қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертация бойынша плагиатқа тексерілгені туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне бағынысты әскери, арнайы оқу орындарында және (немесе) ғылыми ұйымдардағы комиссияның анықтамасы ұсынылады;

      6) осы Үлгі ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша диссертациялық кеңес мүшелерінің келу парағы;

      7) диссертацияны қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес отырысының толық көлемдегі бейнежазбасы және төраға мен ғалым хатшы қол қойған хаттамасы;

      8) докторантураның кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгергені туралы транскриптің көшірмесі;

      9) осы Үлгі ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша докторант туралы мәлімет.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      38. Комитеттің немесе диссертациялық кеңестің теріс шешімі қабылданған диссертация қайта қорғауға осы Үлгі ереженің 3-тарауында белгіленген тәртіппен ұсынылады.

      Қайта қорғауға ұсынылған диссертация бойынша диссертациялық кеңес диссертацияда бұдан бұрын орын алған бұзушылықтар жойылу туралы қорытынды жасау үшін өз құрамынан 3 (үш) маманды тағайындайды. Мамандар пікірі ЖОО интернет-ресурсында қорғауға кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын орналастырылады және қорғауда оқылады.

      39. Диссертациялық кеңестің теріс шешіміне апелляцияны докторант диссертация қорғалған ЖОО шешім шығарған күннен бастап 2 (екі) ай ішінде ерікті нысанда береді.

      Апелляцияны өткізу тәртібін ЖОО өз бетінше бекітеді.

      40. Апелляция ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-ның жанындағы диссертациялық кеңестің шешіміне берілген жағдайда, апелляциялық комиссияның оң қорытындысы және диссертация соңғы шешім қабылдау үшін күнтізбелік 15 (он бес) күннің ішінде Комитетке жіберіледі.

      Апелляциялық комиссияның шешімі оны қабылдаған күннен бастап жұмыс 5 (бес) күн ішінде докторантқа хабарланады және ЖОО-ның интернет-ресурсына орналастырылады.

      41. Осы Үлгі ережемен реттелмейтін, оның ішінде философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін беруден, апелляцияға беру мерзімін қалпына келтіруден бас тарту мәселелері бойынша даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот тәртібінде шешіледі.

  Диссертациялық кеңес туралы
үлгі ережеге 1-қосымша
Нысан

Диссертациялық кеңес мүшелеріне үміткерлер туралы ақпарат

ррет№

Т.А.Ә. (ол болған жағдайда) (мемлекеттік және ағылшын тілдерінде)

Дәрежесі, ғылыми атағы

Негізгі жұмыс орны

Азаматтығы

Халықаралық ақпараттық Web of science (Вэб оф Сайнс) және Scopus (Скопус) базаларының деректері бойынша Хирш индексі

Халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарияланымдар

Басылымдар Тізбесіндегі журналдардағы жарияланымдар

Шығармашылық еңбектер саны

1

2

3

4

5

6

7

8

9










 
  Диссертациялық кеңес туралы
үлгі ережеге 2-қосымша
Нысан

Диссертациялық кеңестің жұмысы туралы есеп

      _____________________________________________

      (ЖОО атауы)

      жанындағы ____________________________________________мамандықтары

      (кадрларды даярлау бағыты) бойынша диссертациялық кеңес

Есепте мынадай мәліметтер бар:

      1. Өткізілген отырыстар саны туралы деректер.

      2. Өткізілген отырыс санының жартысынан кемінде қатысқан кеңес мүшелерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда).

      3. Оқу орны көрсетілген докторанттар тізімі.

      4. Мынадай бөлімдері белгіленіп көрсетілген, есепті жыл ағымында кеңесте қаралған диссертацияларға қысқаша талдау:

      1) қаралған жұмыстар тақырыптарына талдау;

      2) диссертация тақырыбының "Ғылым туралы" Заңының 18-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия қалыптастыратын ғылымның даму бағыттарына және (немесе) мемлекеттік бағдарламалармен байланысы;

      3) диссертациялар нәтижелерінің практикалық қызметке енгізу деңгейін талдау.

      5. Ресми рецензенттердің жұмысына талдау (мейлінше сапасыз пікірлерді мысалға ала отырып).

      6. Ғылыми кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар.

      7. Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесіне ізденушілердің мамандықтар (кадрларды даярлау бағыты) бойынша қаралған диссертациялар туралы деректер:

      1) қорғауға қабылданған диссертациялар (оның ішінде басқа ЖОО докторанттарының);

      2) қорғаудан алынып тасталған диссертациялар (оның ішінде басқа ЖОО докторанттарының);

      3) ресми рецензенттердің теріс пікірін алған диссертациялар (оның ішінде басқа ЖОО докторанттарының);

      4) қорғау нәтижелері бойынша теріс шешім алған диссертациялар (оның ішінде басқа ЖОО докторанттарының).

      Диссертациялық кеңестің

      төрағасы ___________________________

      (қолы, аты-жөні және тегі)

      Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы ___________________________

      (қолы, аты-жөні және тегі)

      Мөр Мерзімі 20__ жылғы "__"_______

  Диссертациялық кеңес туралы
үлгі ережеге 3-қосымша
Нысан

Диссертациялық кеңестердің философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру (бас тарту) жөніндегі шешімдері туралы тоқсандық есебі

№ Рет №

Докторанттың (Т.А.Ә. (ол болған жағдайда))

Туған жылы

Докторантурада оқыған мерзімі

Докторант оқыған ЖОО

Диссертация тақырыбы

Ғылыми кеңесшілері (Т.А.Ә. (ол болған жағдайда), дәрежесі, жұмыс орны)

Ресми рецензенттер
(Т.А.Ә. (ол болған жағдайда), дәрежесі, жұмыс орны)

Қорғау күні

Диссертациялық кеңес және апелляциялық комиссия (болған жағдайда)
қабылдаған шешім

Диплом №

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

Мамандық (кадрларды даярлау бағыты) бойынша диссертациялық кеңес












 
  Диссертациялық кеңес
туралы үлгі ережеге
4-қосымша
Нысан

Диссертациялық кеңес мүшелерінің келу парағы

      20__ жылғы "__"_______ диссертациялық кеңестің отырысы, хаттама № __

      Докторант __________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))

      _________________________мамандығы (кадрларды даярлау бағыты) бойынша диссертациясының қорғауы

Диссертациялық кеңес мүшелерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

Дәрежесі

Отырысқа қатысуы (қолы)

1

2

3




      Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы _________________________

      (қолы, аты-жөні және тегі)

  Диссертациялық кеңес
туралы үлгі ережеге
5-қосымша

Докторант туралы мәлімет

      ______________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))



1

Туған күні және жері, азаматтығы, ұлты


2

Докторантурада оқығаны туралы ақпарат (ЖОО және оқу мерзімі)


3

Докторантура мамандығы


4

Диссертацияның қорғалған орны және күні


5

Диссертацияның тақырыбы және
жазылған тілі


6

Ғылыми консультанттар (Т.А.Ә. (ол болған жағдайда), лауазымы, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, азаматтығы)


7

Ресми рецензенттер (Т.А.Ә. (ол болған жағдайда), лауазымы, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, азаматтығы)


8

Жарияланымдар саны, барлығы,
оның ішінде:


Комитет ұсынатын басылымдарда


Web of science (Вэб оф Сайнс) және Scopus (Скопус) базасындағы шетел басылымда


халықаралық конференция материалында, оның ішінде:


шетелдік конференция материалында


9

Еңбек жолы

Қабылдау
мерзімі

Босату мерзімі

Жұмыс орны, лауазымы

Мекеменің мекен-жайы













10

Мекен-жайы, байланыс деректері


      Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы ___________________________

      (қолы, аты-жөні және тегі)

      Мөр Мерзімі 20__ жылғы "__"_______

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 126 бұйрығына қосымша

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір күші жойылған бұйрықтарының тізімі

      1. "Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы № 14 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2139 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2003 жыл, № 15, 840-бап).

      2. "Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы № 796 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2617 болып тіркелген).

      3. "Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 126 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3552 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2005 жыл, № 14, 73-бап).

      4. "Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 17 қазандағы № 486 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4989 болып тіркелген, 2007 жылғы 30 қарашада "Заң" газетінің № 184 (1213) жарияланған).

      5. "Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы № 14 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі № 446 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6476 болып тіркелген, 2010 жылғы 22 қыркүйектегі "Егемен Қазақстан" газетінің № 382-385 (26228) жарияланған).