Темiржол көлiгiнiң поездар қозғалысына тiкелей байланысты қызметкердің жұмыс уақытының және демалыс уақытының есепке алынуының ерекшелiктерiн бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 17 ақпандағы № 74 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 1 сәуірде № 6859 тіркелді.

Жаңартылған

      "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 22-бабының 3-тармағына сәйкес, поездардың қозғалыс қауіпсіздігі мен теміржол көлігінің үздіксіз жұмыстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Поездар қозғалысымен тікелей байланысты темір жол көлігі қызметкерінің жұмыс уақыты мен демалыс уақытын есепке алуының ерекшеліктері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Н.И. Қилыбай) осы бұйрықты белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Ә. Құсайынов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрі

      Г. Н. Әбдіқалықова __________

      2011 жылғы 18 ақпан



  Қазақстан Республикасы Көлік
және коммуникация министрінің
2011 жылғы 17 ақпандағы
№ 74 бұйрығымен
бекітілген

Поездар қозғалысымен тікелей байланысты темір жол көлігі
қызметкерінің жұмыс уақыты мен демалыс уақытын есепке алу
ерекшеліктерін бекіту туралы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Поездар қозғалысымен тікелей байланысты темір жол көлігі қызметкерінің жұмыс уақыты мен демалыс уақытын есепке алу ерекшеліктері (бұдан әрі – Есепке алу ерекшеліктері) жұмыстары тасымалдау үдерісінің үздіксіздігімен, поездар қозғалысы қауіпсіздігімен, еңбек міндеттерін жүру жолында және разъездерде тұрақты орындаумен байланысты темір жол көлігі қызметкерлерінің еңбек және демалыс жағдайларын белгілейді.

      2. Осы Есепке алу ерекшеліктерінде пайдаланылатын ұғымдар:

      1) шақыртусыз жүйе - локомотив бригадаларының жұмысын ұйымдастырудың бригада сапардан қайтып келген соң келесі сапарға кезектілік тәртібімен тағайындалатын жүйесі, бұл тағайындау атаулы графикке сәйкес жұмысқа келудің белгілі бір уақытымен берілетін тиісті демалысты ескере отырып жүргізіледі;

      2) шақырту жүйесі (шақырту бойынша) - алда болатын жұмыстың 4-6 сағатына поездарды жөнелтудің ағымдық жоспарларына негізделетін локомотив бригадаларының жұмысын оперативті жоспарлау жүйесі. Бұл ретте бригада үйінде болатын, сапарға шақыртудың дәл уақытын білмейтін және телефон арқылы немесе құжат таратушымен шақыртылатын локомотив бригадаларының жұмысқа келуін ұйымдастыру;

      3) ауысымдылық графигі – онда демалыс күндері көрсетілетін, күндізгі, кешкі және түнгі ауысымдардың кезектілігі және жұмыс сағаттарының айлық өндірімінің сақталуы қарастырылатын жұмыс істеу және демалу графигі;

      4) үйдегі кезекшілік – бұл ретте үйдегі кезекшіліктегі қызметкер үйінде (тұрақты тұрғылықты жерінде) темір жол көлігі ұйымы басшысының немесе кезекші аппараттың (станция бойынша кезекшінің, поездық диспетчердің, жол диспетчерінің және т.б.) бірінші талабы (телефон немесе құжат тасушы арқылы шақыртуы) бойынша негізгі жұмыс орнына келу үшін тұрақты дайындықта болатын жұмыс;

      5) тур - темір жол көлігі қызметкерінің сапарға шығу үшін жұмысқа келген сәтінен бастап тұрақты жұмыс пунктінде демалыстан кейін сапарға шығу үшін жұмысқа келесі келу сәтіне дейін есептелетін уақыт аралығы;

      6) үздіксіз жұмыстың ұзақтығы – негізгі жұмыс орнына жұмысқа келудің басталуынан бастап жұмыс аяқталғанға дейінгі (локомотив бригадалары үшін локомотивті тағайындалу пунктінде, локомотив бригадаларының айналым пунктінде немесе станциялық жолдарда тапсырған сәтке дейінгі) уақыт;

      7) атаулы график – онда локомотив бригадаларының сапардағы айналым уақытын, сапардан кейінгі тынығу уақытын, демалыс күндерін және сапарлар санын ескере отырып, жұмыс кезеңіне (ай, онкүндік) арналған жұмысқа келу уақыты немесе поездың жөнелтілу уақыты көрсетілген графигі, локомотив депосында локомотив бригадалары айналымының жасалған тізімдемесі, белгілі бір учаскедегі жүк поездары қозғалысының орындалған графигін ескере отырып локомотив бригадалары айналымының әзірленген графигі негізінде әзірленеді;

      8) локомотив бригадаларының айналым пункті - содан локомотив бригадасы негізгі жұмыс орнының пунктіне кері қайтатын, олардың қызмет көрсету учаскесінің соңғы пункті;

      9) сапар - айналым пунктінде болу уақытын ескере отырып, (поездардың бір жұбын жүргізу үшін локомотив) жолаушылар, жүк вагондарымен қызмет көрсетуге (поездық, локомотивтік, бригадасының поездарда багаж және жүк багаждарын қабылдау - тапсыруы) қызметкермен жұмсаған уақыты;

      10) қызмет көрсету учаскесі - темір жол көлігі қызметкерлерінің белгілі бір санатының қызмет көрсетуіне бекітіліп берілген темір жол учаскесі;

      11) терезе - жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аралық, аралықтың жеке жолдары немесе станциялар бойынша поездар қозғалысы тоқтатылатын уақыт.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      3. Ауысымның ұзақтығы, жұмыстың (ауысымның) басталу және аяқталу уақыты, демалу мен тамақтануға арналған үзілістердің басталу және аяқталу уақыты, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне ауысу қызметкерлер өкілдерінің келісімі бойынша жұмыс беруші бекіткен ауысымдық кестеге сәйкес еңбек тәртібі қағидаларымен, еңбек және ұжымдық шарттармен белгіленеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      4. Ауысымдық кесте апта сайынғы демалыс күндерінің саны берілуінің қатал сақталуын көздейді, бұл ретте есепті кезеңдегі қабылданған демалыс күндерінің саны осы есепті кезеңнің демалыс күндерінің санына тең болуға тиіс.

      12 сағаттан кем емес (Есепке алу ерекшеліктерінің 21-тармағында көзделген жағдайлардан басқа) ауысым аралық демалысқа сәйкес болған жағдайда, алмастырушы жұмысшының келмеуі кезінде жұмысты жалғастырушы үшін, алмастырушы кестеде көрсетілген, демалыс күндерінде толық күндік үзіліссіз жұмыстармен айналысатын қызметкерлерді кезекшілікке тартуға рұқсат етіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      5. Өндіріс шарттары бойынша демалуға және тамақтануға үзіліс беру мүмкін емес жұмыстарда, жұмыс беруші арнайы жабдықталған орында қызметкерге жұмыс уақытында демалу және тамақтану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Көрсетілген сағаттар (тамақтану уақыты) жұмыс уақыты ретінде есепке алынады және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмыс сағаттарының нормасына енгізіледі.

      Мұндай жұмыстардың тізбесі, демалуға және тамақтануға арналған орын қызметкерлердің өкілдерімен келісу бойынша шығарылған жұмыс берушінің актілерімен белгіленеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      6. Тәулік бойына үздіксіз жұмыстармен, сондай-ақ өндіріс шарттары бойынша Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытының белгіленген күн сайынғы ұзақтығы сақтала алмайтын басқа жұмыстармен айналысатын қызметкерлер үшін жұмыс беруші қызметкермен келісу бойынша есептік кезеңі - бір ай, тоқсан, жарты жылдық, жыл болатын жұмыс уақытының жиынтық есебін енгізеді. Бұл ретте есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының нормасы алты күндік қырық сағаттық жұмыс аптасы кезінде жұмыс уақытының теңгерімін негізге ала отырып, белгіленеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      7. Апта сайынғы демалыс күндерін жинақталған түрде:

      1) алысқа қатынайтын жолаушылар поездарының және қайта отырғызу жүргізілмейтін вагондардың поезд қызметкерлері (жолаушылар вагондарының жолсеріктері, жүк пен багажды қабылдап-тапсырушылар, электр механиктер, жолаушылар поездарының бастықтары мен механик-бригадирлері) үшін - 2 аптадан артық емес кезең үшін, ал тур бойынша есепке алған кезде - тіпті бір айдан да артыққа созылса да турдың бүкіл уақыты үшін;

      2) қызметтік және арнаулы вагондардың (бақылау-өлшеу және сынау-тексеру вагондары, техникалық насихаттау вагондары) жолсеріктері және тұрақты жұмысы жолда өтетін қызметкерлер үшін - бір айдан артық емес кезең үшін, ал сапардың ұзақтығы бір айдан артық болғанда – сапар кезеңі үшін.

      3) рефрижераторлық поездардың (секциялардың) бригадирлері үшін - сапар уақыты үшін беруге жол беріледі.

      8. Жұмыс уақытын тоқсандық есепке алуға бүкіл тоқсанға арналған жұмыс істеу және демалудың бекітілген графигі болғанда ғана рұқсат етіледі.

      9. Мерзімнен тыс жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, зиянды (аса зиянды) және/немесе қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарда - бір сағаттан аспауы тиіс.

      Мерзімнен тыс жұмыстардың жалпы ұзақтығының айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан асуына жол берілмейді. Мерзімнен тыс жұмыстарды жұмыс беруші жұмыстың жаңа режиміне көшірілетін ұжым мүшелерінің келісуімен қызметкерлермен келісу бойынша белгілейді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      10. Темір жол көлігі ұйымдарының қызметкерлері үшін поездардың өтуін қамтамасыз етуге және құрылғылардың жұмысындағы зақымданулар мен ақауларды жоюға жедел түрде дайын болу мақсатында кезекшіліктер ұйымдастыруға жол беріледі.

      11. Қызметкерлердің кезекшілігі кезеңінде оларға ақы төлеу үшін олардың жұмыс уақытын есептеу келесі тәртіппен жүргізіледі:

      1) үйдегі кезекшілік кезінде (үйден шығып кету құқығынсыз) – бір сағат кезекшілік жұмыс уақытының 0,25 сағаты ретінде есепке алынады;

      2) арнайы жабдықталған бөлмедегі объектідегі кезекшілік кезінде кезекшіліктің бір сағаты жұмыс уақытының 0,75 сағаты ретінде есепке алынады.

      Үйдегі кезекшілікте болған соң қызметкерге ұзақтығы кем дегенде 12 сағат демалыс берілуі тиіс.

2. Поездар қозғалысымен тікелей байланысты темір жол көлігі
қызметкерінің жұмыс уақытының басталуы мен аяқталуының
ерекшеліктері

      12. Жұмыстың басталуы мен аяқталуы болып жұмыс беруші белгілеген еңбек тәртібі ережелерінде белгіленген уақыт саналады.

      Жекелеген жағдайларда жұмыстың басталуы мен аяқталуы тұрақты жұмыстан (тұрақты жиналу пунктінен) тыс тағайындалуы мүмкін, ол туралы қызметкерге алдыңғы жұмыс күнінің аяқталуынан кешіктірмей хабарланады. Бұл жағдайда тұрақты жиналу пунктінен жұмыс орнына дейін және кері жол жүру уақыты (жаяу жүру кезіндегі бір бағыттағы қашықтық үш километрге дейін және бұдан үлкен қашықтыққа көлікпен жол жүрудің нақты уақыты 60 минуттан кем болған кезде) жұмыс уақыты болып саналмайды.

      Егер қызметкер 3 километрге дейінгі қашықтықта орналасқан алда болатын жұмыс орны туралы уақтылы хабардар етілмесе немесе тұрақты жиналу пунктінен жұмыс орнына дейінгі қашықтық үш километрден артық немесе көлікпен жол жүрудің нақты уақыты 60 минуттан артық болса, онда тұрақты жиналу пунктінен жұмыс орнына дейін және кері жаяу жол жүру уақыты бір километр үшін 12 минут есебінен және көлікпен жүру кезінде нақты жұмсалған уақыт бойынша жұмыс уақытына енгізілуі тиіс.

      13. Барлық ауысымдық қызметкерлер үшін және жұмыс күні бөліктерге бөлінген қызметкерлер үшін жұмыстың басталуы мен аяқталуы ауысым графигінде белгіленеді.

      14. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленген поезд диспетчерлері, станциялардың (орталықтандырудың станциялық постылары) оперативтік қызметкерлері үшін жұмыстың басталуы мен аяқталуы ауысымның ұзақтығы 12 сағат болатын бес ауысымдық кезекшілік графигіне сәйкес белгіленеді, одан кейін күндізгі және түнгі кезекшіліктен кейін ұзақтығы 48 сағаттық тынығу беріледі.

      Көрсетілген санат қызметкерлерінің келісімімен ауысымның ұзақтығы 12 сағат болатын төрт ауысымдық графикті қолдануға жол беріледі, одан кейін жұмыс істеген уақыт мөлшеріне тең біркелкі тынығу уақыты беріледі.

3. Ауысымдық қызметкерлер мен жұмыс күні бөліктерге бөлінген
(бөлшектелген) қызметкердің жұмыс уақытын есепке алу
ерекшеліктері

      15. Жұмысы кезең-кезеңмен жүргізілетін қызметкерлер үшін жұмыс күнін 2 бөлікке бөлуге болады. Ауысымдағы жұмыс уақытының жалпы ұзақтығын ауысымдылық графигінде белгіленген жұмыс ұзақтығынан асыруға болмайды.

      16. Ауысымдық қызметкерлердің және жұмыс күні бөліктерге бөлінген (бөлшектелген) қызметкерлердің графигін құру кезінде келесі графиктерді басшылыққа алу қажет:

      1) 12 сағаттық ұзақтықты жұмыстың типтік графигінің 4 ауысымдық кезекшілігі және 12 сағаттық ұзақтықты жұмыстың 5 ауысымдық кезекшілігі осы Есепке алу ерекшелігінің 1, 2-қосымшаларына сәйкес көзделген жұмыс уақытының айлық, тоқсандық, жарты жылдық нормасын сақтай отырып қызметкерлер өкілдерімен келісуі бойынша Ұлттық инфрақұрылым операторы, локомотив тартқышының, сондай-ақ тасымалдаушы бекіткен тәулік бойы ауысымдық кезекшілік жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс істеу және демалыс үлгі графиктерін;

      2) жұмыстары ауысым бойынша (бірақ тәулік бойы емес) өтетін қызметкерлердің жұмыс істеу және тынығу графиктерін, сондай-ақ жұмыс күні бөлшектелген жұмыс графиктерін, оларды жұмыс беруші қызметкерлермен келісім бойынша құрады.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      17. Жұмыс күні бөліктерге бөлінген қызметкерлер үшін ұзақтығы екі сағаттан астам бір үзіліс не болмаса демалу мен тамақтануға арналған үзілісті қоса алғанда әрқайсының ұзақтығы кем дегенде бір сағат болатын екі үзіліс белгіленеді.

      Бөліктерге бөлінген жұмыс күні аяқталған соң үздіксіз демалу уақытынан кем дегенде 12 сағат, ал локомотив бригадалары үшін кем дегенде 16 сағат болуына рұқсат етіледі.

4. Локомотив және кондуктор бригадаларының жұмыс
уақытын есепке алу ерекшеліктері

      18. Локомотив және поезд бригадаларының локомотивтерді, поездарды (секцияларды) және вагондарды қабылдау және тапсыру уақыты, сондай-ақ поезд бригадаларының рейске дайындалу уақыты жұмыс уақытына қосылады.

      Көрсетілген операцияларға арналған уақыт нормаларын және даярлау-қорытындылау уақытының басқа элементтерін жұмыс беруші белгілейді.

      19. Локомотив және поезд бригадаларының, біріктірілген түрдегі вагон-транспортерлерге қызмет көрсетуші бригадалардың графигі, наряд немесе шақырту бойынша тұрақты жұмыс орнына (депо, электр депосы, желілік пункті, резерв, локомотив бригадаларын ауыстыру пункті, локомотивтердің айналым пункті) келу уақыты жұмысының басталуы болып есептеледі, жұмыстың аяқталуы локомотивті, поезды, құрамды, секцияны немесе вагонды депода немесе ауыстыру пунктінде тапсырған соң тиісті техникалық құжаттаманы ресімдеу сәті болып саналады. Сапар болмаған жағдайда жұмыстың аяқталу уақыты қызметкердің сапардан босатылу уақыты болып саналады.

      Локомотив бригадасын сапарға қайта шақырту сапар болмаған (таратылған) соң кем дегенде 12 сағат өткен соң жүзеге асырылады.

      20. Локомотив және кондуктор бригадаларының жұмысы атаулы графиктер бойынша немесе шақырту жүйесі бойынша ұйымдастырылады. Бригадаларды шақырту тәсілдері еңбек тәртібінің ережелерінде белгіленеді.

      21. Табиғи зілзала, өрт, күйреу және авария кезінде локомотив және кондуктор бригадаларының қызметкерлері алдыңғы жұмыс үшін пайдаланылған демалу ұзақтығына қарамастан жұмысқа шақыртылуы мүмкін (шақырту жүйесі).

      22. Локомотив және кондуктор бригадалары қызметкерлерінің тұрақты жұмыс орнынан локомотивті (поезды) қабылдау пунктіне (станциясына) дейін жол жүру уақыты, сондай-ақ локомотивті (поезды) тапсырғаннан кейін, егер олар осы пункттерге тұрақты жұмысқа қабылданбаса, тұрақты жұмыс орнына қайту уақыты жұмыс уақытына қосылады, бірақ үздіксіз жұмыстың ұзақтығы болып табылмайды.

      23. Жұмысқа тартылмаған локомотив және кондуктор бригадалары негізгі пунктке қайтқан кезде айналым (ауыстыру) пунктінде тынығу берілмейді.

      Егер локомотив бригадасы айналым (ауыстыру) пунктіне дейін жолаушылар вагонында демалу орнын беру арқылы жолаушы ретінде жүрсе, онда локомотив бригадасының келісімі бойынша оларды демалмастан сапарға жөнелтуге рұқсат етіледі.

      24. Локомотив бригадаларының үздіксіз жұмысының ұзақтығы поездар қозғалысы графиктері бойынша, бірақ 12 сағаттан аспайтын болып белгіленеді.

      Үздіксіз жұмыстың ұзақтығы поездар қозғалысы графигіне және өнім нормаларын әзірлеген кезде есепке алынған жұмыс уақытының шығындарын ескере отырып бекітілген қозғалыстың барлық түрлеріндегі қызмет көрсету аймақтарының шекараларында "толаскездер" берумен байланысты әзірленетін нұсқалық графиктерде белгіленеді.

      Локомотив бригадаларының әрбір келу пункті бойынша жол бөлімшесінің бастығы жұмыс берушімен және локомотив бригадаларымен келісу арқылы, келген сәтінен бастап бригаданың жұмыста болуының рұқсат етілетін шекті уақытын белгілейді, ол уақыт аяқталған соң оны сапарға жіберуге тыйым салынады және 2 сағаттан аспау керек.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      25. Қала маңындағы поездардың локомотив бригадаларының үздіксіз жұмысының ұзақтығы 12 сағаттан аспауына рұқсат етіледі. Айналым пунктінде түнгі тынығып жұмыс істеген кезде жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығының 12 сағаттан асуына, ал демалудан кейінгі үздіксіз жұмыстың 6 сағаттан асуына жол берілмейді. Ұзақтығы үлкен жұмыс режимі осы Есепке алу ерекшеліктерінің 22-тармағында көзделген тәртіппен белгіленеді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      26. Үздіксіз жұмыстың іс жүзіндегі уақыты (екі жаққа да) жұмыс графиктерінде белгіленген үздіксіз жұмыс ұзақтығына сәйкес келмейтін жағдайларда локомотив және кондуктор бригадаларының қызметкерлеріне айналым (ауыстыру) пунктінде демалу беріледі.

      Мұндай демалу ұзақтығы (бір сапарда біреуден артық емес) төрт сағаттан аз болмау керек және алты сағаттан артық болмау керек.

      Локомотив бригадаларының айналым (ауыстыру) пункттерінде 6 сағаттан артық тынығу уақыты жұмыс уақыты болып есептеледі, ол локомотив бригадаларының жұмыс уақытының үздіксіз ұзақтығына енгізілмейді, есептеген кезде мерзімнен тыс сағаттар сияқты ескерілмейді және жұмыс берушінің кінәсінен тұрып қалу ретінде ақы төленеді.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      27. Локомотив және кондуктор бригадаларының қызметкерлері негізгі пунктте (негізгі депо, бригада мүшелері тұрғылықты тұратын жердегі локомотив бригадаларының ауысу пункті) екі жаққа да әрбір сапардан кейін.

      Мұндай демалудың ұзақтығы былай анықталады: жұмысқа енгізілетін екі жаққа да сапарлар саны 2,6 коэффициентіне көбейтіледі де, алынған туындыдан сапар кезіндегі локомотив бригадаларының ауысу пунктіндегі демалу сағаттары шегеріледі. Демалу бойынша 2,6 есептеу коэффициентін есептеп шығару бірізділігі осы Есепке алу ерекшеліктеріне 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүргізіледі.

      Локомотив бригадалары ұжымдарының келісімі бойынша, кәсіпорын басшысының бұйрығымен сапарлар, тұрғылықты жері бойынша ауысымдар арасында ең аз 12 сағаттық демалуды беруге рұқсат етіледі.

      28. Локомотив бригадаларының үздіксіз жұмысының ұзақтығын белгіленген нормадан артық ұзартуға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес табиғи зілзала кезінде және "толаскездер" беру кезеңінде, төтенше жағдайлар кезінде рұқсат етіледі.

      Бұл ретте локомотив бригадаларының үздіксіз жұмысының ұзақтығын ұлғайту жол бөлімшесі директорының бұйрығымен, ал ол болмаған кезде жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасарының бұйрығымен жүргізіледі.

      Осы тармақтың бірінші абзацындағы көрсетілген жағдайларды ескермеген жағдайда, поезды локомотив бригадаларының ауысым станциясына дейін жеткізу үшін жұмыстың үздіксіз ұзақтығы локомотив бригадасының келісімімен жол бөлімшесі директорының бұйрығымен, ал ол болмаған кезде жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасарының бұйрығымен ұлғайтылады және локомотив бригадасының үздіксіз жұмыс режимін бұзушылық ретінде ескеріледі.

      Барлық жағдайларда локомотив бригадаларының үздіксіз жұмысының ұзақтығы, соның ішінде белгіленген уақыт нормасынан артығы да 12 сағаттан аспауы тиіс.

      29. Локомотив бригадалары үшін қатарынан екі түннен артық түнгі сапарларға жол берілмейді. Түнгі болып жергілікті уақыт бойынша 22 сағаттан таңертеңгі сағат 6-ға дейінгі уақыт саналады. Локомотив бригадаларының жергілікті уақыт бойынша 22 сағаттан таңертеңгі сағат 6-ға дейінгі кезеңдегі түнгі тәуліктегі бір немесе екі сапары бір түндегі сапар ретінде саналады. Бұл талап локомотивтердің айналым пунктінен немесе локомотив бригадаларын ауыстыру пунктінен жолаушылар ретінде қайтарылатын локомотив бригадаларына қолданылмайды. Барлық жағдайлардағы түнгі уақыт үшін локомотив бригадаларына машинистің маршрутында белгіленген 22 сағаттан 6 сағатқа дейінгі кезең төленеді.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      30. Соңғы пунктіне дейінгі жұмысының ұзақтығы 4 сағаттан аспайтын қала маңындағы поездарда жұмыс істейтін локомотив бригадаларына мынадай демалуды ұйымдастыру қолданылады:

      1) негізгі пунктте ауысымдар арасында үздіксіз демалу;

      2) ауысым ішінде бірнеше рет айналым жасалған кезде айналым пунктінде немесе поездың қатынасындағы соңғы станциясында демалумен тамақтануға үзіліс беруге жол беріледі;

      3) локомотив бригадаларының негізгі пунктіндегі айналым пунктінде алдыңғы жұмыс уақытының жартысынан кем, бірақ бір сағаттан кем емес демалу ұзақтығы көзделеді.

      Демалу күндіз демалу үшін жабдықталған арнаулы үй-жайларда жүргізіледі.

      Айналым (ауыстыру) пунктінде немесе негізгі пунктте 1 сағатқа дейін болу уақыты жұмыс уақыты болып есептеледі.

5. Жолаушылар және рефрижераторлық поездар (секциялар)
қызметкерлерінің жұмыс уақытын есепке алу ерекшеліктері

      31. Тұрақты жұмысы жолда өтетін қызметкерлердің жұмыс уақытын екі жаққа да сапардың жалпы ұзақтығы үш тәулік және одан артық болғанда тур бойынша есепке алуға рұқсат етіледі.

      32. Тұрақты жұмысы жолда өтетін қызметкерлерге негізгі пункттегі демалудан басқа сапарда демалуға уақыт беріледі. Бұл демалыстың ұзақтығы жұмыс графиктеріне сәйкес белгіленеді және алдыңғы жұмыс уақытының кем дегенде жартысын құрауы тиіс.

      33. Жолаушылар вагондары жолсеріктерінің жұмыс режимдері мен демалуын жергілікті жағдайларды ескере отырып, әрбір поезға әзірленген жұмыс кестесімен және рейстағы жолаушылар вагондарының жолсеріктерінің демалыс кестесімен регламенттеледі.

      Жолаушылар вагондары жолсеріктерінің жұмыс және демалу кестелерін жасау кезінде олардың рейстағы үздіксіз жұмысының ұзақтығы 12 сағаттан аспау керек, жолаушылар вагондарының жолсеріктері жұмысының аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауға тиіс.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 22.07.2013 № 556 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.) бұйрқтарымен.

      34. Бір вагонға екі жолсерік қызмет көрсеткен кезде әрбір жолсерікке, алмастыру кестесіне сәйкес, сапар үшін жұмыс уақытына вагонды қабылдаған сәттен бастап оны сапардан кейін тапсырудың соңына дейінгі уақыттың жартысы ескеріледі.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      35. Жүктер мен багажды қабылдап-тапсырушының сапарлардағы жұмысының режимі олардың жұмысының сипаты мен сапардың ұзақтығымен белгіленеді. Олардың жұмысының ұзақтығы тәулігіне 12 сағаттан артық болмауы тиіс.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      36. Рефрижераторлық поезд (секция) бригадасы сапарының ұзақтығы қырық бес тәуліктен аспауы тиіс.

      Рефрижераторлық поезд (секция) жүк тиелген жағдайда тұрған немесе тіркелу депосына бара жатқан кезде бригадалардың сапарының ұзақтығы осы мерзімнен 15 тәулікке дейін артық белгіленуіне рұқсат етіледі. Сапардың ұзақтығы және оны ұлғайту рефрижераторлық поездар бригадаларының келісімімен белгіленеді, ол ұйымның еңбек күн тәртібі ережелерінде көрсетіледі.

      37. Рефрижераторлық секцияларға 3 адам қызмет көрсету кезінде әрбір механиктің жұмысының ұзақтығы кесте бойынша тәулігіне 12 сағаттан артық болмауы тиіс.

      Графикте көзделген жұмыс және демалу уақыты (түнгі жұмыс сағаттары, мерекелік күндердегі жұмыс) қызметкерлердің арасында тең бөлінеді. Рефрижераторлық секцияның бастығына бұл уақыт механикке есептелгендей есептеледі.

      Рефрижераторлық поездар бригадалары мүшелерінің жұмыс уақытын және демалуын есепке алу осыған ұқсас тәртіппен жүргізіледі.

      Ескерту. 37-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      38. Рефрижераторлық секцияларға 2 қызметкерден тұратын бригада қызмет көрсеткен кезде бригаданың әрбір мүшесі үшін рейстегі жұмыс уақыты және резервте тұрған уақыты үшін 15 сағаттан есептеледі.

      Секцияларды зауыттық немесе деполық жөндеуге сүйемелдеу кезінде (хабарлама берілген сәттен бастап) және секцияны жөндеуге қоюды күтуі кезінде бригаданың әрбір мүшесіне осы мақсатқа жұмсалған уақыттың жартысы есептеледі.

      Бригадалардың поездарды (секциялары) тапсыру және қабылдау бойынша зауыттарда болған уақыты жұмысты ұйымдастырудың жергілікті жағдайларына сәйкес жұмыс уақыты ретінде есепке алынады.

      39. Жолаушылар поездарына қызмет көрсететін қызметкерлер: поезд электр механиктерінің, механик-бригадирлердің және ауысымдық кезекшіліктегі емес және сапардағы поезд бастықтарының, рефрижераторлық поездар (секциялар) бастықтарының жұмыс және демалу уақытын есепке алу Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында реттеледі. Бұл ретте сапардағы жұмыс тәулігі 12 сағаттан аспауы тиіс.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

6. Магистральдық темір жол желісіндегі жол шаруашылығында жұмыс
істейтін қызметкердің жұмыс және тынығу уақытын есепке
алу ерекшеліктері

      40. Жол машиналары жұмысшыларының арнайы поездармен қызмет көрсететін учаске шегінде өндіріс орнына және кейін жол жүруі кезінде осы поездардың қозғалыс графигінде көзделгеннен артық жолға жұмсаған уақыты жұмыс уақыты болып саналады. Егер жұмыс орны қызмет көрсететін учаскеден тыс орналасса, онда жол жүру әрбір жол жүрудің 24 сағаты үшін 7 сағат есебімен жұмыс уақытына енгізіледі.

      41. Жол машиналарына қызмет көрсететін қызметкерлердің жұмыс уақытына: машинадағы тікелей жұмыс уақыты, машинаны жұмысқа дайындау уақыты, локомотивке тіркеуді және ағытуды күту, жөнелтуді күту, аралық бойынша жол жүру, кері қайту, станциядағы маневрлер және тұйыққа қою енгізіледі.

      Хоппер-мөлшерлегіштер мен думпкарларды дайындауға, тиеу мен түсіруге және оларды көліктік жағдайға келтіруге, сондай-ақ техникалық күтіп ұстауға жұмсалған уақыт жұмыс графигіне сәйкес бригаданың әрбір қызметкерінің жұмыс уақытына енгізіледі.

      42. Жол машиналарын жұмыс істемейтін жағдайдағы поездың құрамында, жеке локомотивпен немесе өздігінен (өздігінен жүретін машиналар үшін) жөнелту станциясынан тағайындалу станциясына дейін және кері тасымалдау қажеттігі кезінде жұмыс беруші қызметкерлердің өкілдерімен келісу бойынша қызмет көрсетуші персонал кезекшілігінің графигін әзірлейді және бекітеді. Мұндай жағдайларда жұмыс уақытын есепке алу кезекшілік графигіне сәйкес нақты шығыстар бойынша жүргізіледі.

      43. Жол машиналары мен тетіктеріне тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде (машиналандырылған жол дистанциясының қызмет көрсету учаскесі және басқалар) қызмет көрсететін бригадаларды ауыстыру кезінде жолаушы ретінде жол жүру уақыты қызметкерлерді іссапарға жіберген кездегідей жұмыс уақыты ретінде есепке алынады.

      Толаскездер жұмыс уақыты кезінде жол машиналарына қызмет көрсетуші қызметкерлердің жұмыс уақыты маршруттық парақтар бойынша есепке алынады.

      44. Хоппер-мөлшерлегіш вагондардың машинисі мен машинист көмекшісінің жұмыс уақытының есебі ай сайын жүргізіледі. Олардың жұмыс графигі олар бір айдың ішінде тиісті демалысы беріле отырып, сағаттар нормасын өтейтіндей есеппен жасалады.

      Машинист пен машинист көмекшісінің жұмыс уақытына тиеуге, түсіруге, жылжымалы құрамды көліктік жағдайға дайындауға жұмсалған барлық уақыт есептеледі.

      45. Хоппер-мөлшерлегіш вагон тиеу станциясынан түсіру станциясына және оның тіркелу орнына (орналасқан жеріне) дейін жол жүрген кезде оған қызмет көрсетуді машинист пен машинистің көмекшісі кезекпен кезекшілік графигіне сәйкес жүргізеді. Ауысым ұзақтығы 12 сағаттан артық болмауы тиіс.

      46. Тұрақты жұмыс орнынан (тұрғылықты жерінен) хоппер-мөлшерлегіш вагондарды қабылдау орнына дейін және оларды тапсырғаннан кейін кері қарай жолаушы ретінде жол жүру уақыты, сондай-ақ хоппер-мөлшерлегіш вагондарды ауысым пунктінде күту уақыты қызметкерді іссапарға жіберген кездегідей есепке алынады.

      47. Жол машиналарын, хоппер-мөлшерлегіш вагондарды жөндеуге (жөндеуден) ілесіп барған кезде тұрақты жұмыс орнынан (тұрғылықты жерінен) жөндеуден қабылдап алу орнына дейін және оларды тапсырғаннан кейін кері қарай жолаушы ретінде жол жүру уақыты қызметкерді іссапарға жіберген кездегідей есепке алынады.

      48. Хоппер-мөлшерлегіш вагондарды, жол машиналарын жөндеуге (жөндеуден) тапсыру (қабылдау) уақыты үшін қызметкерлерге жұмыс күндері үшін сағаттар нормасы есепке алынады.

      49. Хоппер-мөлшерлегіш вагондардың машинистері мен машинистің көмекшілеріне демалу уақыты жұмыс графигіне сәйкес беріледі, ол бір айға жасалады.

      Рейстегі демалу уақыты жұмыс уақытына қосылмайды.

      Демалыс және мерекелік күндері жылжымалы құрамды жөндеу пунктінде болған кезеңде хоппер-мөлшерлегіш вагондардың машинистері мен машинист көмекшілері жөндеу ұйымының жұмыс графигі бойынша демалады.

7. Жылжымалы құрамға, машиналар мен тетіктерге қызмет
көрсететін (ілесіп жүретін) қызметкерлер үшін жұмыс
уақытын есепке алу ерекшеліктері

      50. Жылжымалы құрамға тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде қызмет көрсететін бригадалардың ауысымы кезінде оларды қабылдау үшін жолаушы ретінде жол жүру уақыты, соның ішінде шекаралық және станциялық жолдарда рефрижераторлық поездарын (секцияларды) күту кезінде, сондай-ақ оларды тапсырғаннан кейінгі және тұрақты жұмыс пунктіне қайту уақыты жолда немесе шекаралық және басқа темір жол станцияларында болу уақытының әрбір 24 сағаты үшін 7 сағат есебімен жұмыс уақыты ретінде есепке алынады. Жолда (станцияларда) тәуліктен кем болған кезде жұмыс уақыты аталған пропорция негізінде белгіленеді.

      51. Локомотивтер мен жолаушылар вагондарын (темір жолмен жүретін крандарды, жол машиналарын) жұмыс істемейтін жағдайда деподан, дистанциялардан басқа депоға, дистанцияға, сондай-ақ зауыттарға және кері ілесіп жүру жөніндегі жолсеріктермен ілесіп баруға және тапсыруға жұмсалған жұмыс уақыты тәулігіне 12 сағаттан, ал поездарда жолаушы ретінде жол жүру уақыты – күнтізбелік тәуліктің 7 сағаты ретінде есепке алынады. Бұл ретте есептік кезең үшін жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген бір аптадағы жұмыс сағаттарының санынан аспайтын жағдайда жұмыс уақытының жиынтық есебін жүргізуге рұқсат етіледі. Аталған жылжымалы құрам жүру жолында 12 сағаттан артық болған жағдайда әрбір бірлікке (вагондар тобы) ілесіп жүру үшін екі жұмысшыдан тағайындалады.

      Локомотивке жөндеуге жұмыс істеп тұрған (ыстық) және жұмыс істемейтін (суық) күйінде поездың құрамында (екінші локомотивпен) жөндеу кәсіпорнының (зауыттың) депосына ілесіп жүру кезінде және кері қайтуға жұмсалған локомотив бригадасының әрбір мүшесінің жұмыс уақыты машинистің маршрутында белгіленеді және тәулігіне 12 сағаттан артық болуына рұқсат етілмейді, ал жөндеу кәсіпорнының (зауыттың) базасында локомотивті тапсыру және қабылдау кезеңіндегі уақыт алты күндік жұмыс аптасына белгіленген анықтамамен ескеріледі. Бұл ретте есептік кезең үшін жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген бір аптадағы жұмыс сағаттарының санынан аспайтын жағдайда жұмыс уақытының жиынтық есебін жүргізуге рұқсат етіледі. Локомотивтер жүру жолында 12 сағаттан артық болса, олармен ілесіп жүру үшін машинистердің, олардың көмекшілерінің, локомотивтерді жөндеу жөніндегі слесарьлардың ішінен жолсеріктер тағайындалады. Дара локомотивпен ілесіп жүрген кезде кем дегенде екі жолсерік, бес локомотивтен тұратын топтама үшін кем дегенде үш жолсерік тағайындалады.

      52. Жүк пен багажды қабылдаушы-тапсырушылардың сапардағы жұмыс және тынығу уақытын есепке алу олардың жұмыс жағдайлары және сапардың ұзақтығы ескеріліп әзірленген бөлек жұмыс кестесімен регламенттеледі.

      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

8. Қалпына келтіру, өрт сөндіру поездары қызметкерлерінің және
поездар қозғалысын қалпына келтіру жөніндегі жұмысқа
тартылған басқа қызметкерлердің жұмыс уақытын есепке алу
ерекшеліктері

      53. Авариялардың, күйреулердің және табиғи апаттардың салдарларын жоюға бару кезінде тұрақты қызметкерлердің, сондай-ақ олар үшін салдарларды жою негізгі жұмыс болып табылмайтын басқа қызметтердің (жол, сигнал беру және байланыс, энергиямен жабдықтау қызметтері, вагон шаруашылығы, локомотив бригадалары) тартылған қызметкерлерінің жұмыс уақытына жұмыстардың орнына шығу сәтінен бастап Ұлттық инфрақұрылым операторының құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жеріне қайтып келу сәтіне дейінгі барлық сағаттар енгізіледі.

      Жүру жолындағы жұмыс уақыты кезекшіліктер графигіне сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 53-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      54. Авариялардың, зақымданулардың салдарларын жою жөніндегі жұмыс уақытының есепке алу жұмыстарын орындау үшін қызметкерлерді шақыртуды жүргізген жауапты тұлға арнайы журналда жүргізеді.

      55. Қалпына келтіру поездары мердігерлік-шарттық және басқа да шаруашылық жұмыстарын орындау үшін шыққан кезде қызметкерлерге жұмыс уақыты жалпы негізде нақты шығындар бойынша есептеледі. Бұл жағдайда жүру жолындағы уақыт қызмет көрсетуші персоналдың кезекшілік графигіне сәйкес есептеледі.

      56. Қалпына келтіру (өрт сөндіру) поезының қызметкерлеріне, сондай-ақ электрмен жабдықтау, сигнал беру және байланыс құрылғыларын қалпына келтіру үшін тартылған қызметкерлерге қалпына келтіру немесе өрт сөндіру поезының вагондарында тынығу үшін үзілістер беріледі.

      Көрсетілген үзілістер жұмыс уақытына енгізілмейді.

      57. Магистральдық темір жол желісіндегі авариялардың салдарларын және зақымдануларын жоюға 12 сағаттан артық қатысқан қызметкерлерге ұзақтығы кемінде 48 сағат болатын демалыс беріледі.

      58. Қалпына келтіру және өрт сөндіру поездарының қызметкерлерін тәуліктің кез келген уақытында жөнелту үшін дер кезінде жинау мақсатында бөлімшелерде белсенді жұмыспен қатар үйдегі кезекшілікті көздейтін арнайы жұмыс режимі белгіленеді.

      59. Үйінен кетіп қалу құқығынсыз үйдегі кезекшілік жұмыс берушінің бұйрығы негізінде енгізіледі.

      60. Кезекшіліктің басталу, аяқталу уақыты, ұзақтығы және кезекшілікке тартылуы мүмкін қызметкерлер кәсіптерінің тізбесі жұмыс берушінің еңбек тәртібі ережелерінде белгіленеді.

      61. Жұмыс орнында кезекшіліктегі қалпына келтіру (өрт сөндіру) поездарының қызметкерлеріне түнгі уақытта және демалыс күндері арнайы жабдықталған бөлмеде не болмаса жолсерік вагонының купесінде демалу беріледі.

      Кезекшіліктен кейінгі үздіксіз тынығу уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс.

      62. Кезекшілік кезеңінде (объектіде немесе үйде) авариялардың салдарын жоюда болған уақыт жұмыс уақытын жинақтап есепке алу кезінде белсенді уақыт ретінде есептеледі.

      63. Ауысымның жалпы ұзақтығы (арнайы жабдықталған бөлмеде демалу немесе кезекшілікпен бірге жұмыс істеу құқығымен объектідегі кезекшілік) 12 сағаттан аспайды (кезекшілікпен бірге белсенді жұмыс кем дегенде 16 сағаттан аспайды), одан кейін кем дегенде 24 сағат болатын міндетті демалыс беріледі.

      64. Объектілерде немесе үйінде кезекшілік ету графиктерін қалпына келтіру (өрт сөндіру) поезының бастығы есепке алынатын кезеңге (айға) жасайды және жұмыс берушінің бұйрығымен бекітеді.

      65. Қызметкер үйінде кезекшілік етуге тартылған тәуліктерде белсенді жұмыс уақытының 12 сағаттан асуына рұқсат етілмейді, ал ауысымдағы жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы (кезекшілікті ескергенде) 15 сағаттан аспайды. Тәуліктік кезекшіліктен кейін кем дегенде 24 сағат болатын демалыс беріледі.

      66. Қалпына келтіру поездары қызметкерлерінің жекелеген лауазымдар (инженерлер, механиктер, шеберлер, машинистер мен басқа да қызметкерлер) үшін авария (зақымданулар) орнына баруға шұғыл дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлердің келісімімен жұмыс орнында кезекшілік белгіленеді.

      67. Үйде (объектіде) кезекшілік ету графигінің қамтамасыз етілуі мен еңбек режимінің сақталуын бақылауды қалпына келтіру (өрт сөндіру) поезының басшысы жүзеге асырады.

      68. Демалыс және мерекелік күндердегі жұмыс кезінде қызметкердің күндізгі (сағаттық) ставкасын негізге ала отырып, екі мөлшерден кем болмайтын ақы төленеді.

9. Қызметтік, қызметтік-техникалық және басқа арнайы вагондарға
қызмет көрсететін қызметкердің жұмыс уақытын есепке алу
ерекшеліктері

      69. Арнайы тағайындалған вагондарда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының жинақталған есебін енгізу ұсынылады.

      Әрбір қызметтік, қызметтік-техникалық немесе басқа арнайы вагонға қызмет көрсету үшін екі жолсеріктен бөлінеді.

      Вагонның тіркелген орны бойынша жұмыс кезінде алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда 4 сағаттан арттыруға рұқсат етілмейді.

      Сапарда олардың жұмысын тәулігіне 12 сағаттан асыруға болмайды. Жүру жолындағы жұмыс уақыты қызмет көрсетуші персоналдың кезекшілік графигіне сәйкес есепке алынады.

      Ескерту. 69-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.09.10 № 582 (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      70. Арнайы вагонда вагонның жабдығына қызмет көрсетумен айналысатын штаттық қызметкерлер болған кезде жазғы кезеңде рейске бір жолсерікті тағайындауға, ал екінші және үшінші жолсеріктердің міндеттерін кәсіптерді қоса атқару тәртібімен вагонның штаттық қызметкерлеріне жүктеуге рұқсат етіледі.

      71. Қызметтік, қызметтік-техникалық және басқа арнайы вагондарды жөндеуге (жөндеуден) ілесіп бару кезінде тұрақты жұмыс орнынан (тұрғылықты жерінен) жөндеуге (жөндеуден) тапсыру (қабылдау) орнына жолаушы ретінде жол жүру уақытындағы қызметкердің жұмыс уақыты іссапарға жіберген кездегідей есептеледі.

      72. Қызметтік, қызметтік-техникалық және басқа арнайы вагондарды тапсыру (қабылдау) уақытындағы сағаттар нормасы қызметкерге жұмыс күндері болып есептеледі.

  Темір жол көлігі қызметкерлерінің
жұмыс уақыты мен демалу уақытын
есепке алу ерекшеліктеріне
1-қосымша

12 сағаттық үздіксіз жұмыс ұзақтығымен 4 ауысымдық
кезекшіліктің үлгі графигі*



  Темір жол көлігі қызметкерлерінің
жұмыс уақыты мен демалу уақытын
есепке алу ерекшеліктеріне
2-қосымша

12 сағаттық ұзақтығымен бес ауысымдық
кезекшіліктің графигі



  Темір жол көлігі қызметкерлерінің
жұмыс уақыты мен демалу уақытын
есепке алу ерекшеліктеріне
3-қосымша

Демалу жөніндегі есептік коэффициент

      2,6 коэффициенті жұмыс күндеріндегі демалу сағаттарының апталық нормасын жұмыс уақыты сағаттарының апталық нормасына бөлу арқылы құрылады 104:40=2,6 (6 күн *24 сағат = 144 сағат, 144 сағат – 40 сағат = 104 сағат).

      Жекелеген жағдайларда негізгі пунктте демалу ұзақтығын азайтуға рұқсат етіледі. Бірақ есепті кезеңдегі кейінгі сапарлардан кейін демалысты тиісінше ұлғайту есебі бойынша тиістісінен 1/4-тен артық болмауы тиіс.

      Егер есепті немесе 1/4-ке азайтылған демалу уақыты 16 сағаттан кем болса, онда кем дегенде 16 сағат демалу уақыты беріледі. Бұл ретте қатарынан екі түнгі сапардан кейін қысқартылған демалу уақытын беруге рұқсат етілмейді.

      Мысалы: 1. Жүк қозғалысындағы локомотив бригадаларының жұмыс уақыты сапар үшін 20 сағат, ауыстыру пунктіндегі демалыс 10 сағат, есептік демалыс 20*2,60-10=42 сағатты құрайды. Барынша аз рұқсат етілген, 1/4-ке азайтылған демалу уақыты 42*3:4=31,5 сағатты құрайды.

      Сапар үшін жұмыс уақыты 8 сағат, локомотив бригадаларының ауысу пунктіндегі демалу уақыты 4 сағат. Есептік демалыс 8x2,6-4=16,8 сағат.

      1/4-ке азайтылған демалу уақыты 16,8x3/4=12,6 сағатты құрайды. Мұндай жағдайда берілетін демалу уақыты 16 сағаттан кем болмауы тиіс.

      Есептік демалу уақыты 16 сағаттан кем уақытты құрайтын жекелеген жағдайларда, ерекше жағдай ретінде, жүк және жолаушылар қозғалысына қызмет көрсететін локомотив бригадалары ұжымдарының келісімімен тұрған жері бойынша сапарлар арасында 12 сағат ең аз демалу уақытын беруге рұқсат етіледі.