«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығы бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Р.Ө. Әдимолда) белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Ә. Құсайынов
Қазақстан Республикасы
Көлiк және коммуникация
министрiнiң
2011 жылғы 18 наурыздағы
№ 159 бұйрығымен
бекiтiлген
Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығы (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік органның шешімдері негізінде, сондай-ақ маршруттың тиімді жұмыс істеуіне қажетті кіріс деңгейін қамтамасыз етпейтін жергілікті атқарушы органдардың шешімдері негізінде жүзеге асырылатын республикалық (жергілікті) бюджеттен субсидияланатын маршруттарда қолдану мақсатында әзірленді.
2. Нұсқаулық өзіндік құн құрылымына кіретін шығындардың қалыптасуының бірыңғай тәртібін белгілейді.
3. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын ұғымдар:
1) ұшу сағаты – шассидің көтерілген сәтінен бастап оның ұшу аяқталған сәтінде ұшу-қону жолағымен жанасқанға дейінгі уақыт кезеңі.
2) ұшу сағатының өзіндік құны – рейстер құнын есептеу кезінде құрамдас бөлігі болып табылатын ауыспалы шығыстармен қатар әуе кемелерін пайдаланудың орындылығын бағалау үшін қолданылатын негізгі көрсеткіш. Синтетикалық көрсеткіштегі сияқты ұшу сағатының өзіндік құнында өндірістік және қаржы-шаруашылық қызметінің барлық жақтары көрсетіледі: материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын пайдалану дәрежесі.
3) лизингтік төлемдер – есептік кезеңдегі қаржылық лизинг шарты бойынша жалдау ақысының сомасы.
2. Ұшу сағатының өзіндік құнын есептеу тәртібі және құрылымы
4. Ұшу сағатының өзіндік құнын есептеген кезде төмендегі ережелер көзделеді.
5. Есептеу құрылымындағы шығындар өзіндік құны бір ұшу сағатына қажетті аударымдар түрінде көрсетілетін баптар бойынша ұсынылады.
6. Әуе кемесінің үлгісіне ұшу сағатының өзіндік құнының мәні компания есептік кезеңде әуе кемесінің осы үлгісімен ұшуды қамтамасыз ету үшін өзіндік құн есебіне кіретін нақты шығындар сомасының осы әуе кемесінің үлгісімен ұшуға қатынасы ретінде анықталады және есеп жыл басынан үдемелі қорытындымен жүргізіледі.
7. Ұшу сағатының өзіндік құнына мынадай шығыстар кіреді:
1) техникалық қызмет көрсету шығыстары – осы шығыстарға әуе кемелерін, қозғалтқыштар мен қосалқы және жинақтаушы бөлшектерді күрделі жөндеу мен ағымдағы жөндеуге кеткен шығыстар, сондай-ақ әуе кемесі бойынша барлық жөндеу түрлерін орындау жөніндегі рәсімдер құны кіреді.
2) тұрақты шығыстар – осы шығыстарға әуе кемелері және әуе кемелері мен қозғалтқыштар үшін қосалқы бөлшектер қаржылық лизинг шарты бойынша жалдау төлемдері, әуе кемесі бойынша барлық тәуекелдерден әуе кемелерін, қозғалтқыштар мен қосалқы бөлшектерді сақтандыру шығыстары, әуе кемелері үшін қосалқы бөлшектер мен компоненттердің жалпы қорын қамтамасыз ету және әуе кемелерін модификациялау шығыстары, әуе кемесі бойынша техникалық инспекциялау шығыстары, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген қызметтер бойынша кедендік төлемдер мен кедендік тазалау және сақтау қызметтерінің шығыстары кіреді.
3) үстеме шығыстар – осы шығыстарға авиакомпанияның өндірістік қызметін үздіксіз қамтамасыз етуші өндірістік қызметтерді (ұшу персоналы, бортсеріктер мен инженерлік-техникалық персонал) ұстауға арналған, сондай-ақ авиакомпанияның өндірістік ғимараттар, құрылыстар мен техникалық кешендерді ұстауға және пайдалануға арналған шығыстары кіреді. Сондай-ақ шығыстарға амортизациялық аударымдар, өндірістік мұқтаждықтар үшін автокөлік, жердегі жабдық пен техника шығыстары, компьютер бойынша шығыстар, коммуникациялық қызметтерге арналған шығыстар; ұшу жарамдылығы сертификаттары және әуе кемелерін тіркеу сертификаттары үшін төлемдер бойынша шығыстар;
4) кезеңдегі шығыстар – осы шығыстарға өндірістік қызметпен байланысты емес компанияның шығындары кіреді:
жалпы және әкімшілік шығыстар – өндірістік үдеріспен байланысты емес басқару және шаруашылық шығыстарын ескеретін шығындар.
өнімді іске асыру және қызметтер көрсету бойынша шығыстар (агенттерге комиссиялық пайыздарды қоспағанда) – өнімді іске асыру және қызметтер көрсетумен байланысты шығындар.
Кезеңдегі шығыстар авиакомпаниялар жүзеге асыратын барлық рейстердің жалпы ұшу сағатындағы субсидияланған рейстердің тиісті ұшу көлемінің сағаты мөлшерінде қабылданады, олар келесідей көзделеді:
V=(R2/R1)*100%
V – субсидиялау көлемі (%)
R1 – барлық рейстердің жалпы ұшу сағаты
R2 – субсидияланатын рейстердің ұшу сағаты.