"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығы бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Р.Ө. Әдимолда) белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | Ә. Құсайынов |
Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрiнiң 2011 жылғы 18 наурыздағы № 159 бұйрығымен бекiтiлген |
Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде ұшу сағатының өзiндiк құны есебiнiң нұсқаулығы (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік органның шешімдері негізінде, сондай-ақ маршруттың тиімді жұмыс істеуіне қажетті кіріс деңгейін қамтамасыз етпейтін жергілікті атқарушы органдардың шешімдері негізінде жүзеге асырылатын республикалық (жергілікті) бюджеттен субсидияланатын маршруттарда қолдану мақсатында әзірленді.
2. Нұсқаулық өзіндік құн құрылымына кіретін шығындардың қалыптасуының бірыңғай тәртібін белгілейді.
3. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын ұғымдар:
1) лизингтік төлемдер – есептік кезеңдегі қаржылық және операциялық лизинг шарты бойынша жалдау ақысының сомасы.
Операциялық лизинг басым халықаралық авиамаршруттарды субсидиялау кезінде қолданылады
2) кредит бойынша сыйақы – субсидияланатын авиамаршруттарды орындауға жұмылдырылған әуе кемелерінің үлгілерін сатып алуға заем бойынша сыйақы;
3) ұшу сағаты – ұшақтың ұшып көтерілу мақсатында қозғалу сәтінен бастап оның ұшу аяқталғаннан кейін тоқтаған сәтіне дейінгі жалпы уақыт;
4) ұшу сағатының өзіндік құны – рейстер құнын есептеу кезінде құрамдас бөлігі болып табылатын ауыспалы шығыстармен қатар әуе кемелерін пайдаланудың орындылығын бағалау үшін қолданылатын негізгі көрсеткіш. Синтетикалық көрсеткіштегі сияқты ұшу сағатының өзіндік құнында өндірістік және қаржы-шаруашылық қызметінің барлық жақтары көрсетіледі: материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын пайдалану дәрежесі.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 25.10.2016 № 743 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 12.06.2019 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Ұшу сағатының өзіндік құнын есептеу тәртібі және құрылымы
4. Ұшу сағатының өзіндік құнын есептеген кезде төмендегі ережелер көзделеді.
5. Есептеу құрылымындағы шығындар өзіндік құны бір ұшу сағатына қажетті аударымдар түрінде көрсетілетін баптар бойынша ұсынылады.
6. Әуе кемесінің үлгісіне ұшу сағатының өзіндік құнының мәні компания есептік кезеңде әуе кемесінің осы үлгісімен ұшуды қамтамасыз ету үшін өзіндік құн есебіне кіретін нақты шығындар сомасының осы әуе кемесінің үлгісімен ұшуға қатынасы ретінде анықталады және есеп жыл басынан үдемелі қорытындымен жүргізіледі.
7. Ұшу сағатының өзіндік құнына мынадай шығыстар кіреді:
1) техникалық қызмет көрсету шығыстары – осы шығыстарға әуе кемелерін, қозғалтқыштар мен қосалқы және жинақтаушы бөлшектерді күрделі жөндеу мен ағымдағы жөндеуге кеткен шығыстар, сондай-ақ әуе кемесі бойынша барлық жөндеу түрлерін орындау жөніндегі рәсімдер құны кіреді.
2) тұрақты шығыстар – осы шығыстарға өндірістік процеске байланысты барлық шығындар, әуе кемелері және әуе кемелері мен қозғалтқыштар үшін қосалқы бөлшектер қаржылық және операциялық лизинг шарты бойынша жалдау төлемдері, кредит бойынша сыйақы төлемдері, әуе кемесі бойынша барлық тәуекелдерден әуе кемелерін, қозғалтқыштар мен қосалқы бөлшектерді сақтандыру шығыстары, әуе кемелері үшін қосалқы бөлшектер мен компоненттердің жалпы қорын қамтамасыз ету және әуе кемелерін модификациялау шығыстары, әуе кемесі бойынша техникалық инспекциялау, авиация персоналын оқыту шығыстары, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген қызметтер бойынша кедендік баждар мен кедендік тазалау және сақтау қызметтерінің шығыстары кіреді;
3) үстеме шығыстар – осы шығыстарға авиакомпанияның өндірістік қызметін үздіксіз қамтамасыз етуші өндірістік қызметтерді (ұшу персоналы, бортсеріктер мен инженерлік-техникалық персонал) ұстауға арналған, сондай-ақ авиакомпанияның өндірістік ғимараттар, құрылыстар мен техникалық кешендерді ұстауға және пайдалануға арналған шығыстары кіреді. Сондай-ақ шығыстарға амортизациялық аударымдар, өндірістік мұқтаждықтар үшін автокөлік, жердегі жабдық пен техника шығыстары, компьютер бойынша шығыстар, коммуникациялық қызметтерге арналған шығыстар; ұшу жарамдылығы сертификаттары және әуе кемелерін тіркеу сертификаттары үшін төлемдер бойынша шығыстар;
4) кезеңдегі шығыстар – осы шығыстарға өндірістік қызметпен байланысты емес компанияның шығындары кіреді:
жалпы және әкімшілік шығыстар – өндірістік үдеріспен байланысты емес басқару және шаруашылық шығыстарын ескеретін шығындар.
өнімді іске асыру және қызметтер көрсету бойынша шығыстар (агенттерге комиссиялық пайыздарды қоспағанда) – өнімді іске асыру және қызметтер көрсетумен байланысты шығындар.
Кезеңдегі шығыстар авиакомпаниялар жүзеге асыратын барлық рейстердің жалпы ұшу сағатындағы субсидияланған рейстердің тиісті ұшу көлемінің сағаты мөлшерінде қабылданады, олар келесідей көзделеді:
V=(R2/R1)*100%
V – субсидиялау көлемі (%)
R1 – барлық рейстердің жалпы ұшу сағаты
R2 – субсидияланатын рейстердің ұшу сағаты.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 25.10.2016 № 743 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.06.2019 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Ұшу сағатының өзіндік құнын есептеу кезінде төмендегі келесі шығыстар есептелмейді:
нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауарлық-материалдық құндылықтардың және қоймалардағы қорлардың бүлінуі мен жетіспеушілігіне басқа өндірістік емес шығыстар мен ысыраптар;
өндірістік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
сот шығындары;
сенімсіз қарыздар;
шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімақылар, тұрақсыз төлемдер мен санкциялардың басқа түрлері;
табысты жасырғаны (төмендеткені) үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар;
ұрлықтан келген залалдар;
қызмет көрсетуші өндірістер мен шаруашылықтарды (үй-жайларды тегін беру, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына коммуналдық қызметтер құнын төлеу) ұстау жөніндегі шығыстар;
құзыретті органмен келісілген технологиялық қажеттіліктен басқа денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар мекемелері, оқу орындарына, кәсіптік-техникалық училищелер объектілерін ұстауға шығыстар;
сауықтыру лагерлерін, мәдени және спорт объектілерін, тұрғын-үй қорын ұстауға шығыстар;
мәдени-ағарту, сауықтыру және спорт іс-шараларын (демалыс кештерін, спектакльдер мен концерттер өткізу) өткізуге шығыстар;
кәсіпорындардың қызметкерлеріне тұрғын-үй жағдайларын жақсартуға, бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығын жүргізуге берілген несиелерді (пайызсыздарын қоса алғанда) өтеуге шығыстар;
бақшалық серіктестіктерді абаттандыру (оның ішінде жол салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа шығыстарды жүзеге асыру) жөніндегі шығыстар;
дәрістер, көрмелер, пікірсайыстар, ғылым және өнер қайраткерлерімен кездесулер, ғылыми-техникалық конференциялар өткізуге және ұйымдастыруға шығыстар;
өндірістік мақсаттарға пайдаланылатын өнімдерді қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамалар бойынша, жарнамалық, плакаттық және баспаханалық өнімдер шығару бойынша шығыстар;
өндірістік мақсатта пайдаланатындарды қоспағанда, персонал үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлердегі орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға арналған;
қаланы абаттандыру, ауыл шаруашылығына көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды және осы тәріздес басқа да жұмыстарды орындауға шығыстар;
білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлердің еңбек демалыстарына ақы төлеуге шығыстар;
жұмыс корытындылары бойынша сыйлықақы беруге және сыйақының басқа да нысандарына шығыстар;
кәсіби ауруларды оңалту еміне байланысты шығындардан басқа, авиакомпания қаражаттарының есебінен қызметкерлерге және олардың балаларына емделуге, демалуға, саяхатқа шығуға жолдамаларға ақы төлеу жөніндегі шығыстар;
міндетті төлемдерді қоспағанда, сақтандыру төлемдері (кәсіпорындармен өз қызметкерлерінің пайдасына жасалған жеке және мүліктік сақтандыру шарттары бойынша кәсіпорындар төленетін жарналар);
қызметкерлерге, оның ішінде балалар тәрбиелейтін әйелдерге қосымша берілетін демалыстарға (еңбек заңнамасында көзделгеннен тыс) ақы төлеуге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты өткізетін жеріне және қайтар жолына жалақы төлеуге, сондай-ақ пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлеуге шығыстар;
демеушілік көмектің барлық түрлерін көрсетуге шығыстар;
еңбек заңнамасында көзделгеннен басқа қызметкерлерге (қызметкерлерге тамақты тегін немесе төмендетілген бағамен беру, сауықтыру топтарына, секцияларда, клубтарда шұғылдануға арналған абонементтерге, протез салуға ақы төлеу) жеңілдіктер;
мерейтойлық күндерге немесе қызметкерлерге ынталандыру түрінде берілетін (автокөлік, пәтерлер, ұзақ уақыт пайдаланылатын заттар мен басқа тауарлар, сондай-ақ қызметкерлердің жеке есептерінің пайыздық мөлшерлемелерін арттыру) сыйлықтарды сатып алуға шығыстар;
мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі, шипажайлардағы және сауықтыру лагерлеріндегі балалар тамақтарының құнын өтеуге шығыстар;
ұжымдық шартта айқындалған мақсаттар үшін кәсіподақтарға аударым жасау шығыстары;
тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды жүргізуге, өнертапқыштық пен рационализаторлық ұсыныстар бойынша модельдер мен үлгілерді жасауға және сынауға (реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсынған кезде қолданылатын жұмыстарды қоспағанда), көрмелер, байқаулар, конкурстар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға, авторлық сыйақылар төлеуге және т.б. байланысты шығыстар;
өндірістік қызметті жүзеге асыруға қатысты шығыстарды қоспағанда, консультациялық шығыстар;
өндірістік қызметті жүзеге асыруға тікелей қатысы жоқ шығыстардың басқа да түрлері
Ескерту. Нұсқаулық 8-тармақпен толықтырылды - ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а 10.12.2013 № 991 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 12.06.2019 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.