«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі № 476-11 Заңы 13-бабының 15) тармақшасына, «Қауіпті жүктерді халықаралық жолдарда тасымалдау туралы Еуропалық келісімді қолдану бойынша Қазақстан Республикасының құзыретті органын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы № 651 қаулысына сәйкес және қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстарын ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстарын ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті (Ә.Н. Барменқұлов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Ә Құсайынов
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің
2011 жылғы 24 ақпандағы
№ 88 бұйрығымен бекітілді
Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік
құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстарын
ұйымдастыру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстарын ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі № 476-ІІ Заңына, «Қауіпті жүктерді халықаралық жолдарда тасымалдау туралы Еуропалық келісімді қолдану бойынша Қазақстан Республикасының құзырлы органын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы № 651 қаулысына сәйкес әзірленді және қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстарын ұйымдастыру тәртібін белгілейді.
2. Қағида қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлауға қатысты жеке және заңды тұлғалар қызметіне қойылатын негізгі талаптарды белгілейді және олардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына және меншік нысанына қарамастан орындау үшін міндетті болып табылады.
3. Халықаралық талаптарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қауіпті жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарының жүргізушілері құзыретті органмен бекітілген курстар түрінде арнайы даярлықтан өтеді және белгіленген үлгідегі Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсат беру туралы куәлікті (бұдан әрі – қазақстандық куәлік) немесе белгіленген үлгідегі халықаралық қатынаста қауіпті жүк тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау туралы куәлікті (бұдан әрі – ДОПОГ – куәлік) алады.
4. Осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген көлік құралдарының жүргізушілері қазақстандық куәлікті және ҚЖХКТ рұқсат-куәлігін алу үшін Қазақстан Республикасы аумағы немесе халықаралық жол қатынастары бойынша қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілері арнайы даярлық және (немесе) қайта даярлық базалық курсынан (бұдан әрі – Базалық курс) өтеді.
5. Бекітілген немесе алмалы-салмалы, сыйымдылығы 1 м3 астам цистерналармен, жалпы сыйымдылығы 1 м3 астам батареялармен, контейнер-цистерналармен, тасымал цистерналармен немесе бір көлік бірлігінде жеке сыйымдылығы 3 м3 астам көпэлементті газ контейнерлері мен қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілері қауіпті жүктерді цистерналармен тасымалдау бойынша мамандандырылған қосымша базалық курстардан өтеді.
6. Көлік құралдарының ең жоғары рұқсат етілген салмағына қарамастан, ҚЖХКТ бойынша 1 класты заттарды немесе бұйымдарды (жарылатын заттар мен бұйымдар) немесе ҚЖХКТ бойынша 7 класты радиоактивті материалдарды тасымалдау үшін жүргізушілер базалық курстарға қосымша тиісті мамандандырылған даярлық курстарынан өтеді.
7. Қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсат етілген жүргізушілерді арнайы қайта даярлау және тиісті емтихандардан өткізу кемінде үш жылда 1 рет жүргізіледі.
8. Жүргізушілерді Базалық курс бағдарламалары бойынша даярлау (қайта даярлау) және жүргізушілерді мамандандырылған курстар бағдарламалары бойынша даярлау (қайта даярлау) кешенді негізде жүргізілетін барлығын қамтитын курстар ауқымында, белгілі бір мерзімдерде және белгілі бір оқыту ұйымдарында жүргізілуі мүмкін.
2. Қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстарын ұйымдастыру тәртібі
9. Осы Қағиданың 4 - 6-тармақтарында көрсетілген қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау курстары (бұдан әрі – оқыту курстары) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігіне (бұдан әрі - Министрлік) ұсынылған ұйымның немесе оқыту орталығының жазбаша өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітуге жатады.
Өтініште қандай курстарды бекіту қажеттігі көрсетіледі.
10. Өтінішке мынадай құжаттар тіркеледі:
1) жеке немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалдық куәландырылған көшірмесі, немесе олардың көшірмесін түпнұсқасымен ұсынуы міндетті түрде;
2) Базалық курстардың және (немесе) мамандандырылған курстардың (өтініштің мазмұнына қарай) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі оқытылатын тақырыптары, сабақтар көлемі мен оқыту әдістері көрсетілген оқу-тақырыптық жоспары және бағдарламалары;
3) білімі, мамандығы және оқыту бейіні бойынша еңбек өтілі, сондай-ақ оларда ҚЖХКТ мүше-елдерінің оқыту ұйымдарында қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша арнайы даярлықтан өткені, қажетті емтихандар тапсырғаны туралы куәліктер немесе сертификаттар болуы туралы ақпараттар бар оқытушылар құрамы туралы мәліметтер;
4) оқу орталығының басшысы немесе әдістемелік кеңес бекіткен оқыту үдерісінде қолданылатын ҚЖХКТ сәйкес нормативтік-техникалық құжаттардың тізімі;
5) өрт қауіпсіздігі немесе өртке қарсы қызмет саласындағы мамандармен өрт қауіпсіздігі бойынша тақырыптық дәрістер мен практикалық сабақтар өткізу туралы шарт (егер осы тақырыпта сабақ беретін штаттық оқытушылар болмаған жағдайда);
6) денсаулық сақтау саласындағы мамандармен дәрігер келгенге дейінгі көмек көрсету бойынша тақырыптық дәрістер мен практикалық сабақтар өткізу туралы шарт (егер осы тақырыпта сабақ беретін штаттық оқытушылар болмаған жағдайда);
7) оқу сыныптары туралы мәліметтер (сыныптар саны, әр сыныптағы отыратын орын саны, оқытудың техникалық құралдарымен, оқу және көрнекі құралдармен жабдықталуы);
8) курс бағдарламасына сәйкес оқытылатын тақырыптар көрсетілген оқыту даярлық жоспарлары қауіпті жүктерге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының соңғы өзгерістерін қамту қажет.
9) сабақ кестелері және жоспарланған оқыту әдістемесі;
10) оқытылатындардың жобаланған саны.
11. Ұсынған құжаттарды Министрлік өтінішті алған күннен бастап отыз күнтізбелік мерзімде қарастырады. Қажет болған жағдайда аумақтық органдарға оқыту класы үй-жайының және практикалық сабақтарды өткізу үшін полигонның сәйкестігі бойынша тексеру өткізу үшін нұсқау жібереді (нұсқауды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде аумақтық органның өкілі орнына бару арқылы).
12. Жергілікті органының өкілі оқу класстарының және полигонның даярлығы туралы тексеріс нәтижесі бойынша анықтама-қорытындысын Министрлікке тапсырады:
1) әрбір оқу сыныптары нақты сан отырғызылатын орынды және тиісті техникалық оқыту құралдарымен, оқулық және көрнекі құралдарымен, плакаттармен және оқу бағдарламалары бойынша стендтермен, нормативтік құжаттармен жабдықталу тиіс;
2) оқу сыныптарындағы отыратын орын саны топта оқытылатындар санынан артық болуы және оқытушы орны бөлмені шолуды қамтамасыз етуі тиіс;
3) оқу базасы (полигон) практикалық сабақтар өткізу үшін жабдықталуы және топта оқытылатындардың еркін орналасуын қамтамасыз етуі тиіс.
13. Өтініш берушінің қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау қызметінің жүзеге асыруға даярлығы оң бағаланған жағдайда оқу курстары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітіледі.
14. Министрлік осы Қағиданың 10-тармағында көрсетілген талапты орындалмаған жағдайда өтініш берушіге оқыту курстарын бекітуден бас тартады және шешімді қабылдағаннан кейін он жұмыс күні ішінде оны бас тарту себебін көрсете отырып, жазбаша хабарлайды.
15. Министрлік, қаржылық және шаруашылық қызметіне қатыспастан, ҚЖХКТ талаптарына сәйкес тиісті оқу курстары жүргізушілерді сапалы дайындауға, емтихан қабылдауы мен оқуына үнемі бақылауды жүзеге асырады.
16. Министрлік оқу курстарының күшін тоқтату туралы (Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен) шешімді мынандай жағдайларда қабылдайды:
1) оқу курстарының жұмысы тоқталған себебі көрсетілген жазбаша өтініші негізінде;
2) оқу курстарының жұмыстарын реттейтін, осы Қағиданың талаптары және ҚЖХКТ 8.2 – талаптары бұзылса;
3) Министрлікке ұсынылған материалдар мен құжаттарда жалған деректер болуы анықталса;
4) егер оқу курстары соңғы оқып шығарылған күнінен бастап жыл бойы жүргізілмесе;
5) жүргізушілерді даярлау сапасы қанағаттанарлық емес болса (емтихандарды ойдағыдай тапсырған курс тыңдаушыларының саны 20%-дан кем болған жағдайда).
17. Оқыту курстарында даярлық Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітілген базалық және арнайы курстарға сәйкес жүргізіледі.
18. Әрбір бастапқы курстың немесе бәрін қамтитын курстың теориялық бөлігінің ең төменгі ұзақтығы:
1) базалық курс бойынша - 18 сабақ;
2) цистерналарда тасымалдау бойынша мамандандырылған курста – 12 сабақ;
3) 1 класты заттар мен бұйымдар (жарылғыш заттар мен бұйымдар) тасымалдау бойынша мамандандырылған курстарда - 8 сабақ;
4) радиоактивтік материалдарды (7 класс) тасымалдау бойынша мамандандырылған курстарда – 8 сабақ болуы тиіс.
19. Осы Қағиданың 8-тармағында көрсетілген бәрін қамтитын курстардың жалпы ұзақтығы Базалық курстың және цистерналармен тасымалдау бойынша мамандандырылған курстың ұзақтығын өзгертпеуі тиіс, алайда оларды 1 және 7 кластар бойынша қысқартылған мамандандырылған курстармен толықтыруға болады.
20. Бір сабақтың ұзақтығы 45 минуттан кем болмауы тиіс. Күн сайын 8 сағатқа дейін сабақ өткізуге рұқсат етіледі.
21. Жеке практикалық сабақтар теориялық даярлыққа қосымша өткізілуі және кем дегенде әртүрлі жүктер үшін қауіптілік белгілері мен маркалануы, алғашқы көмек көрсету, өрт сөндіру және оқиға немесе авария болған жағдайда қабылданатын шаралар тақырыптарын қамтуы тиіс.
22. Оқу курстары аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға өтілген тақырыптардың қысқаша мазмұны және авариялық жағдайлардағы қауіпсіздік, дәрігер келгенге дейінгі көмек жөніндегі нұсқауларды қамтитын материалдар таратылып берілуі тиіс.
23. Курстар тыңдаушыларының білім деңгейін және практикалық дағдыларын анықтау мақсатында тиісті оқу курстарында оқыту аяқталғаннан кейін емтихандар өткізіледі.
24. Мамандандырылған курстар бойынша емтихандарға Базалық курс бойынша емтихандарды тапсырғаннан кейін рұқсат алады.
25. Емтихандар комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің аумақтық органы өкілінің комиссия құрамына міндетті түрде қатысуымен тиісті оқу курсының оқытушыларынан құрылған емтихан комиссиясымен қабылданады.
Емтихан комиссиясы тақ санынан тұрады (үш адамнан кем емес).
26. Емтихандар тиісті курстарда өткізілген тақырыптар бойынша емтихан комиссиясының емтихандық сұрақтарының жалпы тізілімінен іріктелген емтихан сұрақтарынан өткізіледі.
Емтиханға дейін курс тыңдаушыларын емтихан билеттерінің сұрақ мазмұнымен таныстырмайды.
27. Осы қағиданың 8-тармағында көрсетілген жалпылай қамтитын курстарда бірыңғай емтихан өткізілуі мүмкін.
28. Министрліктің Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органы әрбір оқу курсы бойынша өткізілетін емтихандардың мерзімдері мен өткізілетін орнын 5 күннен кем емес уақытта алдын-ала хабарлайды.
29. Емтихандар не жазбаша емтихан, немесе жазбаша және ауызша біріктірілген емтихан түрінде немесе тестілеу жүргізіледі.
30. Базалық курс бойынша емтихан өткізу кезінде курстардың тыңдаушыларына 25 сұрақ беріледі.
31. Мамандандырылған курстар бойынша емтихандар кезінде курстардың тыңдаушыларына әр курс бойынша 15 сұрақтан беріледі.
32. Емтихандардың нәтижелері емтихан комиссиясының хаттамасымен рәсімделеді, оның негізінде емтихандарды ойдағыдай тапсырған курс тыңдаушыларына (емтихандар сұрақтарына жауаптардың дұрыстығы 75%-дан жоғары) оқу орталықтары тиісті оқу курстарында оқытудан ойдағыдай өткені туралы емтихан комиссиясының төрағасы қол қойған анықтама береді.
3. Қортынды ережелер
33. Тиісті оқу курстарында оқуды сәтті аяқтаған жағдайда тыңдаушыларға емтихан комиссиясының өкілдері және оқыту курстарының басшылары қол қойған және мөрмен бекітілген тиісті куәліктер беріледі.
Қауіптілік класстарын белгілеу бағандарында берілген куәлікте оқыту жүргізілмеген кластарды сызу арқылы белгілер салынады.
34. Куәліктің мерзімі – үш жыл.
35. Куәліктің мерзімін ұзарту куәліктің мерзімі өткенге дейінгі жыл ішінде өткізілген тиісті оқу курстары бойынша емтихандарды ойдағыдай тапсыру (емтихандар сұрақтарының 70 %-дан астамының дұрыстығы) негізінде жүргізіледі.
Бұл ретте куәлікке оның күші ұзартылғаны туралы жазу жазылып, мөрмен бекітіледі.
36. Куәлік жоғалған, бүлінген кезде, оқу курстары арыз берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жоғарғы оң бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар куәліктің телнұсқасын беруді жүргізеді.
Жоғалған, бүлінген жазбаша өтініш берген күннен бастап куәліктер (тиісті оқу курстарынан оқудан өткені туралы анықтама қосымшасында болса) жарамсыз деп саналады.