Тасқала ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы

Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық мәслихаттың 2010 жылғы 15 сәуірдегі № 23-3 шешімі. Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы әділет басқармасында 2010 жылғы 14 мамырда № 7-11-120 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Нормативтік құқықтық актілер туралы", "Тұрғын үй қатынастары  туралы" Заңдарына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысы негізінде аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тасқала ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы бекітілсін.
      2. Тасқала аудандық мәслихатының 2010 жылғы 23 ақпандағы № 22-4 "Тұрғын үй көмегінің мөлшері туралы" шешімі жойылды деп танылсын.
      3. Қосымшаға сәйкес Тасқала аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы                  С. Рахимов
      Аудандық мәслихат хатшысы        Қ. Нұрмұханов

Аудандық мәслихаттың
2010 жылғы 15 сәуірдегі
№ 23-3 шешімімен бекітілген

Тасқала ауданы бойынша аз қамтамасыз
етілген отбасыларға (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсету
Қағидасы

      Осы Қағида Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысы негізінде әзірленді.
      Осы Қағида меншіктің барлық нысандарындағы тұрғын үйлерде тұрақты тұратын және тұрғын жайдың меншік иесі немесе жалдаушысы болып табылатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) жергілікті бюджет есебінен берілетін тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.

I. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
      отбасының жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасының алған кірістердің жалпы сомасы;
      кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      уәкілетті орган - жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын "Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      2. Тұрғын үй көмегі отбасының жиынтық табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) беріледі.
      3. Тұрғын үй көмегі аудан тұрғындарын әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады. Ол аудан аумағында тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үйді ұстау, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді тұтыну жөніндегі шығындардың орнын толтыру үшін берілетін өтем.
      4. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
      Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің айырмасы ретінде айқындалады. Шығыстардың шекті жол берілетін деңгейі отбасының жиынтық табысына қатынасы 5% көлемінде белгіленеді.
      5. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде мынадай талаптар сақталуы тиіс:
      1) тұрғын үй алаңының мөлшері отбасының әр мүшесіне 18 шаршы метр көлемінде болып есептеледі, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем болмау керек;
      2) өтініш берушінің шығындары белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда шығындары норма бойынша есептеледі.
      6. Тұрғын үй көмегін тағайындауды уәкілетті орган жүргізеді.
      7. Жеке меншігінде біреуден артық үйі (пәтерлері, үйлері) бар немесе тұрғын жайды жалға беруші тұлғаларға тұрғын үй көмегі көрсетілмейді. Күтуді қажет етеді деп танылған мүгедектерді күтіп отырған, 3 жасқа дейінгі баланы бағып отырған, күтімге мұқтаж мүгедектерді күтетін тұлғаларды, уақытша жұмысқа жарамсыздығы жөнінде дәрігерлік-кеңестік комиссияның қорытындысы бар, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларды қоспағанда, зейнеткерлерден басқа жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскерде қызмет атқармайтын және жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелмеген еңбекке жарамды тұлғалары бар отбасыларына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      8. Тұрғын үй көмегін алушылар өз тұрғын үйінің меншік нысанындағы, отбасы құрамындағы және оның жиынтық табысындағы кез келген өзгерістер туралы, сондай-ақ көмектің дұрыс есептелмеген жағдайлары туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін 10 күн ішінде хабардар етуге тиіс.
      Заңсыз алған тұрғын үй көмегі заңда белгіленген тәртіппен қайтарылады.

ІІ. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға немесе ауыл әкіміне өтініш береді және мынадай құжаттарды тапсырады:
      өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      отбасының табысын растайтын құжаттар;
      кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
      жергілікті атқарушы органмен келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуіге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшысының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқару орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      Отбасының жиынтық табысына отбасының барлық мүшелерінің жалақы, кәсіпкерлік табыс, мемлекеттік және мемлекеттік емес зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік көмектің атаулы әлеуметтік көмектен басқа түрлері, балаларға және басқа да күтудегі тұлғаларға берілетін алимент, стипендия, ақшалай және табиғи формада алынған ұтыстар, жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыстар түріндегі табыстары қосылады.
      10. Ауыл әкімі арыз берушілерден құжаттарды қабылдап, оларды тіркейді және уәкілетті органға тапсырады.
      11. Тұрғын үй көмегін көрсету туралы арызды уәкілетті орган қарап, қабылдаған айдың ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      12. Тағайындау туралы шешім қабылданғаннан кейін отбасымен келісім шарт құрылып, мұнда тағайындалған көмектің көлемі енгізіледі. Келісім шарт 2 данада құрылып, біреуі меншік иесіне беріледі. Келісім шарт тұрғын үй көмегін тағайындау негізі болып табылады.
      13. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап көмек алуға құқығы туындағаннан кейін ағымдағы тоқсанға тағайындалады. Барлық қажетті құжаттарымен өтініш берген ай өтініш жасалған ай деп саналады.
      14. Тұрғын үй көмегін төлеу тоқсанына бір рет өтініш берушінің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банк бөлімшесі арқылы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Аудандық мәслихаттың
2010 жылғы 15 сәуірдегі
№ 23-3 шешіміне 2 қосымша

Тасқала аудандық мәслихатының
күші жойылған кейбір шешімдерінің
тізбесі

      1. "Тасқала ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшерін белгілеу Қағидасы туралы" аудандық мәслихаттың 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 6-3 шешімі (мемлекеттік тіркеу № 7-11-66, 12.05.2008 ж. "Екпін" газеті № 29-30, 6.06.2008 ж.).
      2. "Аудандық мәслихаттың 2008 жылғы 28 сәуірдегі №  6-3 "Тасқала ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшерін белгілеу Қағидасы туралы" шешіміне толықтырулар енгізу туралы" аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 18 ақпандағы № 12-5 шешімі (мемлекеттік тіркеу № 7-11-86, 3.03.2009 ж. "Екпін" газеті № 17, 20.03.2009 ж.).
      3. "Аудандық мәслихаттың 2008 жылғы 28 сәуірдегі №  6-3 "Тасқала ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшерін белгілеу Қағидасы туралы" шешіміне толықтырулар енгізу туралы" аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 27 шілдедегі № 16-5 шешімі (мемлекеттік тіркеу № 7-11-97, 17.08.2009 ж. "Екпін" газеті № 47, 21.08.2009 ж.).
      4. "Аудандық мәслихаттың 2008 жылғы 28 сәуірдегі №  6-3 "Тасқала ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшерін белгілеу Қағидасы туралы" шешіміне толықтырулар енгізу туралы" аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 22 қазандағы № 18-4 шешімі (мемлекеттік тіркеу № 7-11-104, 6.11.2009 ж. "Екпін" газеті № 63-64, 13.11.2009 ж.).