Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2010 жылғы 20 тамыздағы № 269 шешімі. Қостанай облысы Жітіқара ауданының Әділет басқармасында 2010 жылғы 3 қыркүйекте № 9-10-147 тіркелді

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабы 1 тармағы 15) тармақшасы негізінде, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97 бабы 2 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес Жітіқара аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап туындаған қатынастарға таратады.

      Жітіқара аудандық
      мәслихатының кезектен
      тыс сессиясының төрағасы                   Г. Подваленчук

      Жітіқара аудандық
      мәслихатының хатшысы                       Г. Алпысбаева

      КЕЛІСІЛДІ:

      "Жітіқара ауданының
      жұмыспен қамту және
      әлеуметтік бағдарламалар
      бөлімі" мемлекеттік
      мекемесінің бастығы
      __________ И. Григорьева

      "Жітіқара ауданының
      экономика және бюджеттік
      жоспарлау бөлімі" мемлекеттік
      мекемесінің бастығы
      ________________ Г. Жидебаева

Мәслихаттың      
2010 жылғы 20 тамыздағы 
№ 269 шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы 1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Жітіқара ауданында тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатындарға коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі;
      жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құны;
      Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу үшін жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі көрсетіледі.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2011.02.08 № 329 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді және өз әрекетін 2010.09.01 бастап туындаған қатынастарға таратады); 2012.03.16 № 24 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2012.09.06 № 65 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2013 № 188 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап туындаған қатынастарға таратады) шешімдерімен.
      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) "Жітіқара ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - уәкілетті орган) немесе халыққа қызмет көрсету орталығына балама негізде өтініш береді және "Тұрғын үй көмегін қөрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген, Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің 4-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2012.09.06 № 65 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      3. Уәкілетті органға құжаттардың түпнұсқалары және көшірмелері беріледі. Салыстырылғаннан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      Уәкілетті органның қызметкерлерімен куәландырылған құжаттардың көшірмелері іске тіркеледі.
      4. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға қажетті құжаттар ұсынылған сәттен бастап, күнтізбелік 10 күннің ішінде өтініш берушіге тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабар етеді, немесе тұрғын үй көмегін тағайындаудан бас тарту туралы дәлелденген жауап береді, оның бір данасы өтініш берушіге беріледі.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2011.11.01 № 387 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      5. Егер ұсынылған құжаттар күмән туғызатын болса, уәкілетті орган тиісті органдардан өтініш берушіге тұрғын үй көмегін тағайындауды және төлеуді растайтын мәліметтерді сұратады.
      6. Тұрғын үй көмегі өтініш беру айынан бастап тағайындалады және жылыту маусымының соңына дейін тағайындалатын жылдың бірінші тоқсанын қоспағанда, өтініш беруші өтініш жасаған ағымдағы тоқсанға көрсетіледі. Зейнеткерлер мен мүгедектерге тұрғын үй көмегін тағайындау бүкіл жылыту маусымына жүзеге асырылады.
      7. Тұрғын үй көмегін алушы тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары туралы, сондай-ақ оның дұрыс есептелмегені туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      8. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән-жайлар түскен күннен бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      9. Өтініш беруші жалған мәлімет беру арқылы заңсыз тұрғын үй көмегін тағайындауға жол бергені айқындалған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу оны тағайындау мерзіміне тоқтатылады.
      Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылады, ал алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте төлетеді.
      10. Жалғыз тұратын тұрғын үй көмегін алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады мән-жайлар.
      Тұрғын үй көмегін алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу уәкілетті органмен әділет органдарынан ай сайын сұратып алатын қайтыс болған адамдардың тізімдері негізінде немесе отбасы мүшелері беретін мәліметтер бойынша жүргізіледі.
      11. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері бойынша туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2012.03.16 № 24 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін белгілеу

      12. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алуға ниет білдіруші отбасының жиынтық табысы немесе азаматтың табысын негізге ала отырып анықталады.
      13. Азаматтың (отбасының) жиынтық табысы қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте, тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанға уәкілетті органмен есептеледі.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2012.05.10 № 40 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      14. Азаматтың табысын растайтын құжаттарды тапсырғанда, мүгедектер және бір айдан астам стационарлық ем қабылдап жатқан тұлғаларды, күндізгі оқу нысаны бойынша оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттарды және магистранттарды, сондай-ақ 1 және 2 топтағы мүгедектерді, сексен жастан асқан адамдарды, жеті жасқа дейінгі балаларды күтіп бағумен айналысатын азаматтардан басқа, жұмыссыз адамдар жұмыспен қамту мәселелері жөнінде уәкілетті органынан жұмыссыз ретінде тіркелуі жөніндегі құжаттарды тапсырады.
      15. Азаматтың (отбасының) шекті жол берілетін шығыстар үлесі белгіленген нормалар шегіндегі жиынтық табыстың он пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2012.05.10 № 40 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      16. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:
      1) бір отбасы мүшесіне – көп бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метрі, отбасына оған қоса 9 шаршы метрін қосымша; бір бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін – тұрғын жайдың жалпы алаңы;
      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метр, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.
      17. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.
      Егер шығыстарға нормативтер мен тарифтер заңнамамен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.
      18. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін, өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығынмен анықталады.
      19. Электр қуатын төлеу бойынша шығындарды өтеу бір адамға 100 киловатт, электр плитасы, электр су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығыстардан асырмай жүргізіледі.
      20. Телекоммуникациялар желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы Ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
      21. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын жайдың меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Қаржыландыру және тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      22. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.
      23. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алушының өтініші бойынша тұрғын үй көмегін алушының, қызмет көрсетушілердің, кондоминиум объектілерін басқару органдарының банктік шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.
      Шоттарға ақшалай сомаларды аудару уәкілетті органмен ай сайын жүргізіледі.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Жітіқара ауданы мәслихатының 2012.09.06 № 65 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.