Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.02.01 № 36 Бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 155-2-бабының 4-тармағына, 217-бабының 2-тармағына, «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 9-бабы 6) тармақшасына, 15-2-бабының 2-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін концессиялық жобаның, инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптары бекітілсін.
2. «Бюджеттік инвестициялық жобаның және республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды қажет ететін концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге және сараптауға қойылатын талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 2 наурыздағы № 30 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5593 болып тіркелген).
3. Инвестициялық саясат департаменті (Б.К. Тортаев) мен Заң департаменті (Д.А. Ешімова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын өзім бақылаймын.
5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
Министрдің
міндетін атқарушы Т. Сүлейменов
Қазақстан Республикасы
Экономикалық даму және сауда
Министрдің міндетін атқарушының
2010 жылғы 6 тамыздағы
№ 136 бұйрығымен бекітілген
Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптар
Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.02.01 № 36 Бұйрығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 217-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген.
2. Осы Талаптар мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестицялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – инвестицялық жобаның ТЭН) әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамлар жүргізу кезінде сақталуы міндетті болып табылады.
3. Талаптарда мынадай негізгі түсініктер пайдаланылады:
1) инвестициялық жобаның ТЭН - маркетингтік, техникалық-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру тиімділігін негіздейтін қаржылық шешімдерді, инвестициялық жобаның қауіптерін және оларды азайту жөніндегі шараларды бағалау, сондай-ақ жобаны іске асыру барысында оның тұтастай алғанда экономика мен оның салаларына әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жөніндегі шешімдерді қамтитын жоба алдындағы құжаттама;
2) инвестициялық жоба ТЭН-інің экономикалық сараптамасы - жобаны іске асыру тиімділігін айқындауға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаның ТЭН-інде келтірілген экономикалық және қаржылық талдауды бағалау.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаттары есебінен қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобаның ТЭН Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына қағаз және электронды тасығыштарда, оның ерекшелігіне байланысты тиісті оң сараптамаларын қоса бере отырып, атап айтқанда:
1) жобаларға мемлекеттік сараптаманы жүргізуге Қазақстан Республикасының Үкіметінің уәкілетті заңды тұлғаның мемлекеттік сараптамасын;
2) тиісті саланың уәкілетті органның сараптамасын;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасын;
4) банктік сараптамасын;
5) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы;
6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасын ұсынылады.
4-1. Осы Талаптардың ережесі концессионерлер қызметін мемлекеттік қолдау шаралары ретінде концессиялық жобаларды қаржыландыру үшін тартылатын қарыздар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігін беру болжанып отырған концессиялық жобалардың ТЭН-іне қолданылмайды.
Концессионерлер қызметін мемлекеттік қолдау шаралары ретінде концессиялық жобаларды қаржыландыру үшін тартылатын қарыздар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігін беру болжанып отырған концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 1-тарау 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 24.09.2013 № 293 бұйрығымен.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаттары есебінен қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар
5. Алып тасталды - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 24.09.2013 № 293 бұйрығымен.
6. Инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің мақсаты оңтайлы жобалық шешімдер, оның ішінде, жобаның барынша оңтайлы құрылымы мен ауқымын, жобаны іске асыру шеңберінде көзделетін барынша орынды маркетингтік, техникалық-технологиялық, қаржылық, институционалдық, экологиялық, экономикалық және басқа де шешімдер бойынша ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.
7. Инвестициялық жобаның ТЭН-і егер ол осы Талаптарға сәйкес болмаған жағдайда пысықтауға қайтарылады.
8. Инвестициялық жобаның ТЭН-і мынадай құрылымға сәйкес болуы тиіс:
жобаның паспорты;
кіріспе;
институционалдық бөлім;
маркетингтік бөлім;
техникалық-технологиялық бөлім;
экологиялық бөлім;
қаржылық бөлім;
әлеуметтік-экономикалық бөлім;
қауіптерді бағалау және бөлу;
жоба бойынша тұжырымдар;
қосымшалар (қажет болған жағдайларда).
9. Жобаның ерекшелігіне байланысты инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған шешімдерді егжей-тегжейлі ашуға және негіздеуге мүмкіндік беретін қосымша бөлімдер қосылады.
10. Жобаның паспортында жоба туралы қысқаша ақпарат ашылады.
Жобаның паспорты мынадай ақпараттардан құрылады:
инвестициялық жобаның ТЭН-інде тапсырыс беруші мемлекеттік органның атауы;
инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеушінің атауы;
жобаның атауы;
жобаны іске асыру орны;
жобаның мақсаттары мен міндеттері, оның ішінде сандық мәнде;
жобаның ауқымы;
жобаның қуаттылығы;
жобаны іске асыру кезеңі:
объектіні салу кезеңі;
концессионердің пайдалану мерзімі;
жобаның концессиялық жобаның ТЭН-і шеңберіндегі есептеулер үшін қабылданған ұлттық валютадағы және шет ел валютасындағы жоспарланған жалпы құны, оның ішінде:
инвестициялық шығасылар;
пайдалану шығасылары;
өзге де шығасылар;
жобаны қаржыландырудың болжамды көздері;
жобаны іске асырудан негізгі табыс алушылар.
11. «Кіріспе» бөлімінде жобаны іске асыру арқылы шешу жоспарланған саланың (өңірдің) проблемасы сипатталады, сондай-ақ осы проблеманы, оның ішінде технологиялық, институционалдық, қаржылық шешімдер бойынша проблемаларды шешудің балама нұсқалары көрсетіледі.
12. Институционалдық бөлімде жобаның барлық тіршілік циклінің ішінде оны басқарудың ұсынылған оңтайлы сызбасы, жобаның қатысушылары және олардың функциялары, олардың өзара іс-қимыл тәртібі сипатталады.
Сондай-ақ осы бөлімде институционалдық шешімдер бойынша жобаны іске асырудың балама нұсқаларына салыстырмалы талдау жүргізіледі.
13. Маркетингтік бөлімі жобаны іске асыру нәтижесінде түзілетін өнімге (тауарларға/қызметтерге) сұраныстың және өндірістің тұтыну факторларын ұсынудың қазіргі кездегі және болжамды (жобаны іске асыру кезеңіндегі) конъюнктурасын талдауды қамтиды.
Бөлім мыналарды қамтиды:
сұраныстың сандық параметрлерін, оның үрдістерін талдау және негіздеу немесе жоба шеңберінде өндіру жоспарланған өнімге (тауарға/қызметке) қажеттілікті бағалау;
тұтынушылар санаты бойынша саладағы (өңірдегі) ағымдағы жағдайды ескере отырып, жүргізілетін өнімнің (тауардың/қызметтің) көлемін, түрлерін және бағасын талдау;
тұтынушылар санаты бойынша жобаны іске асыру нәтижесінде жүргізілетін өнімнің (тауардың/қызметтің) көлемін, түрлерін және бағасын талдау;
концессиялық жобаны іске асыру үшін қажетті шикізаттар, материалдар, жабдықтар нарығын талдау, оның ішінде өндірушілер мен жеткізушілер, бағалар, сапа және өнімді жеткізу шарттары бойынша салыстырмалы талдау;
инвестициялық, сондай-ақ инвестициядан кейінгі кезеңде жобаның тиісті біліктілігі бар мамандармен қамтамасыз етілуін талдау, қажет болған жағдайда, шет елдік мамандарды тарту негіздемесі.
Әрбір кіші бөлімде, қолданылған ақпарат көздері және өткізілген маркетингтік зерттеулер бойынша есеп қоса берілген маркетингтік зерттеулер жүргізу әдістемесі көрсетіледі.
14. Техникалық-технологиялық бөлім инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған, жобаның параметрлері мен компоненттерін айқындайтын, жобаны іске асырудың техникалық-технологиялық шешімдерін қамтиды.
Бөлім мыналарды қамтиды:
жобаны іске асырудың таңдалған оңтайлы нұсқасының негіздемесімен техникалық-технологиялық шешімдердің сипаттамасы және салыстырмалы талдауы;
жобаның іске асыру орнын шикізатты, материалдарды, жабдықтарды әлеуетті, өнімдерді (тауарларды/қызметтерді) тұтынушылардың көздеріне және орналасқан жерлеріне және өңірдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып көлік магистраліне жақындығына қатысты негіздеме;
қабылданған техникалық-технологиялық шешімдерді ескере отырып жобаның қуаттылығының есепті негіздемесі;
жобаны іске асыру көзделетін өңірдің инфрақұрылымына жобаның әсерін бағалау;
таңдалған жобалық жабдықтардың негіздемесі, оның ішінде қазіргі қолданыстағы жабдықтармен технологиялық үйлесімдігі (егер жобаны іске асыру шеңберінде мұндай болжанған болса), «баға-сапа» оңтайлы қатынасы, жабдықты таңдау жөніндегі балама нұсқалар, инновациялық жабдықтарды қолдану, ноу-хауды пайдалану, жобада сапа стандарттарын, жобаға қойылатын техникалық және технологиялық талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарды қолдану;
еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы нормалары;
қолда бар көлік кіреберістерін және құралдарын, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтауды және кәрізді ескере отырып, жобаны іске асырудың инженерлік құрылыстармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ қоймалық үй жайлармен қамтамасыз етілуі;
жоба бойынша уақыт ішіндегі іс-шаралардың бірізділігі мен ұзақтығы графикалық түрде көрсетілген, концессияға беруге ұсынылған объектіні құру/қайта жаңғырту мерзімін, оны іске асыру жылдары бойынша және технологиялық кезеңдері бойынша пайдалану мерзімін көрсететін жобаны іске асыру кестесі (жоспар-кесте);
жоба бойынша техникалық-технологиялық шешімдерді таңдау кезінде, бірінші кезекте, экологияға ең аз теріс әсері бар және жобаны іске асырудан үлкен әлеуметтік-экономикалық тиімділік көрсететін шешімдер таңдалады.
15. Экологиялық бөлім мыналарды қамтиды:
жобаның қоршаған орта жай-күйіне әсерін бағалау, жобаны іске асырудан келетін экологиялық залалды сандық бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;
өңірдегі, сонымен бірге жалпы Қазақстан Республикасындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жобада болжанған іс-шаралар және сандық мәндегі олардың нәтижелері.
Қоршаған ортаға әсердi бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттарға сәйкес жүргiзiледi.
16. Қаржылық бөлімде жобаны қаржыландырудың балама сызбаларын және көздерін ескере отырып, қаржылық пайданы және шығындарды, жобаның іске асырылуына инфляцияның әсерін талдау, жобаның қаржылық тиімділігін бағалау жүргізіледі, инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған қаржылық шешімдер ашылады.
Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
жалпы инвестициялық шығындардың есебі;
пайдалану шығындарының есебі (өндірістік шығындар, ұстауға арналған ағымдағы шығыстар);
өнімдердің (тауарлардың/қызметтердің) өзіндік құнының, тауарларды өткізу бағаларының (қызметтер тарифтерінің) есебі;
сатудан түсетін кірістердің есебі;
ақша қаражаттары ағынының есебі;
бөлінбеген және таза табыстық есебі;
инфляцияның, валюта бағамының есебі, дисконт нормасын және қауіптерге түзетулердің анықтамасы;
ең аз шығындарды талдау;
ең көп табысты талдау;
дисконттау әдісінің көмегімен жобаны талдау, оның ішінде таза келтірілген құнның есебін (Net Present Value - NPV), табыстылықтың ішкі нормасын (Internal Rate of Return, IRR), дисконтталатын пайда мен шығындардың, дисконтталатын ақталу мерзімінің қатынасын талдау;
жобаны қаржыландыру үшін қарыз қаражатын тартудың қолайлы параметрлерін айқындау;
пайдалану шығыстарын мұндай шығыстарды кім және қашан қаржыландыратынын айқындай отырып, қаржыландыру көздері;
жобаның үлестік қаржылық тиімділігінің, ағымдағы төлемге қабілеттігінің, қаржылық тетігін, борыштың қамтамасыз етілуін, капиталдың табыстылығының есебі;
жобаның сезімталдығын талдау және шығынсыздық шекарасын есептеу.
Бөлімде формулалар мен қабылданған рұқсат етулерді көрсете отырып, көрсеткіштерді есептеу тәртібі ашылады. Деректер мен есептеулер сәйкес түсініктемелері бар кестелер, графиктер, диаграммалар түрінде көрсетіледі.
Сандық және сапалық көрсеткіштер өзара байланысқан болуы тиіс және экономикалық аяқталған тұжырымдары бар салыстырмалы кестелерде көрсетілген болуы тиіс. Талдау математикалық үлгілерді және халықаралық тәжірибені ескере отырып, эмпирикалық көрсеткіштерді пайдалана отырып, негізделген есептеулер негізінде жүргізілуі тиіс.
17. Әлеуметтік-экономикалық бөлімде жобаның әлеуметтік-экономикалық аспектілері және жобаны іске асырудан түсетін пайда көрсетіледі.
Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
1) саладағы (өңірдегі) және Қазақстан Республикасындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және жобасыз оның даму перспективаларын талдау, оның ішінде:
негізгі әлеуметтік көрсеткіштер (халықтың табыс деңгейі, жұмыссыздық, жұмыспен қамтылу, өлім, туылу деңгейі және т.б.);
негізгі салалық (өңірлік) көрсеткіштер (өнімдерді (тауарларды/қызметтерді) өндіру көлемі), жалпы ішкі өнім құрылымындағы саланың (өңірдің) үлесі, салаға (өңірге) жасалған инвестициялардың көлемі және олардың жоспарланатын мерзімдегі үрдістері);
нәтижелер, салдар мен әсер етулер, көбейтілген пайда мен шығындар, тұтынушының қосымша пайдасын, қалпына келмейтін шығындар, сыртқы әсерлер, халықаралық әсерлер, жобаны іске асырудан түсетін жанама пайданың талдауын қамтитын жоба бойынша пайда мен шығындар;
2) ағымдағы бағалар мен өткен жылдың салыстырмалы бағаларындағы тура, жанама және жиынтықтық макроэкономикалық әсердің есебі:
таза қоғамдық пайда, экономикалық таза келтірілген табыстың (Economic net present value – ENPV), табыстылықтың экономикалық ішкі нормасының (Economic Internal Rate of Return – EIRR) көрсеткіштерін есептеу;
жобаны іске асырудың аралас салалардың (көрші өңірлердің) дамуына әсерін тигізу;
жобаның Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетінің өсуіне және импортты алмастыруға, инновациялардың дамуына әсерін тигізу.
18. «Қауіптерді бағалау және бөлу» бөлімінде жобаны іске асыру кезінде, оның ішінде дайындық кезеңінде, концессия объектісін салу/қайта жаңғырту және оны пайдалану кезеңінде басталуы мүмкін қауіптер сипатталады.
Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
коммерциялық қауіптерді бағалау;
әлеуметтік қауіптерді бағалау;
экономикалық қауіптерді бағалау;
техникалық қауіптерді бағалау;
қаржылық қауіптерді бағалау;
концессионер және концендент үшін ерекше қауіптерді бағалау;
қауіптердің негізгі факторларын белгілеуші, олардың болжамды сипаттамасы және өзгеру диапазондары, оларды азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;
қауіптерді жобаға қатысушылар арасында бөлуді талдау;
белгісіздік жағдайындағы талдау, оның ішінде негізгі параметрлер бойынша (өткізу көлемі, өткізу бағасы, тікелей шығындар) сезімталдықты талдау, оның ішінде параметр өзгеруінің шекті рұқсат етілген мәндерін айқындау;
Қауіптерді бағалау сандық және сапалық талдау әдісімен жүргізіледі.
19. «Жоба бойынша қорытынды» бөлімінде мыналар сипатталады:
жоба бойынша негізгі артықшылықтар мен кемшіліктер;
жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасы;
жоба бойынша ауыспалы қауіптер және оларды азайту жөніндегі шаралар.
20. Инвестициялық жобаның ТЭН-і концессиялық жобаның ТЭН-інде келтірілген ақпаратты растайтын және ашатын жобаны іске асырудың қарастырылатын нұсқаларының (жобаны қаржыландыру көздері бойынша) әрқайсысы бойынша қаржылық-экономикалық үлгілерден, графиктерден, диаграммалардан, суреттерден, жергілікті жердің карталарынан тұратын қосымшаны қамтиды.
3. Инвестициялық жобаның ТЭН-ін сараптауға қойылатын талаптар
21. Инвестициялық жобаның ТЭН-не экономикалық сараптама
(бұдан әрі – инвестициялық жобаға сараптама) жүргізу кезінде концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
жобаның нәтижелілігі – оны жүзеге асырудың оң тиімділігі, яғни жинақталатын нәтижелердің бағасының жобаны іске асыру үшін қажетті жиналған шығындардың бағасынан асып кетуі;
барабарлық және объективтілік – дұрыс еместік және белгісіздік дәрежесін ескере отырып жобаға қатысты объектінің құрылымын және сипаттамасын дұрыс көрсету;
жинақтылық – экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық және басқа да экономикадан тыс салаларда жобаны іске асырудың әртүрлі салдарын есепке алу және нәтижелер мен шығындардың тиісті түрлері мен шамаларын айқындау;
жекелік – әрбір қатысушы тұрғысынан жобаның тиімділігін бағалау;
келісілгендік – инвестициялық жобаның ТЭН-інің әртүрлі бөлімдерінде көрсетілген және құжаттарда келтірілген деректер мен ақпараттар өзара келісіледі;
дұрыстық – инвестициялық жобаның ТЭН-і бөлімдерінде көрсетілген ақпараттар мен деректер концессиялық жоба ТЭН-інің басқа сараптамаларының қорытындыларында расталған және құжаттар мен есептеулерде келтірілген;
негізділік – инвестициялық жобаның ТЭН-інің шеңберінде қабылданған шешімдер негізделген болып табылады;
есептеудің дұрыстығы – есептеу тәртібі және алынған көрсеткіштер дұрыс болып табылады.
22. Сараптама инвестициялық жобаның ұсынылған ТЭН-інің және жобаның ерекшелігіне байланысты инвестициялық жобаның ТЭН-іне жүргізілуі қажетті тиісті оң сараптамалар негізінде жүргізіледі, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізуге өкілеттік берген заңды тұлғаның мемлекеттік сараптамасы;
2) тиісті саланың уәкілетті органының сараптамасы;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасы;
4) банктік сараптама;
5) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама;
6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасы.
23. Инвестициялық жоба сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жобаның іске асырылуын талдау;
жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау;
жобаны іске асырудың коммерциялық тиімділігін талдау;
мемлекеттік кепілдіктер бойынша мүмкін төлемдерді ескере отырып жобаны іске асырудың бюджеттік тиімділігін талдау;
жоба қауіптерін және оларды төмендету жөніндегі шараларды талдау;
тұжырымдар мен ұсынымдар.