Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін концессиялық жобаның, инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын Талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің м.а. 2010 жылғы 6 тамыздағы № 136 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 19 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6402 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 155-2-бабының 4-тармағына, 217-бабының 2-тармағына, «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 9-бабы 6) тармақшасына, 15-2-бабының 2-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін концессиялық жобаның, инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптары бекітілсін.
      2. «Бюджеттік инвестициялық жобаның және республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды қажет ететін концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге және сараптауға қойылатын талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 2 наурыздағы № 30 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5593 болып тіркелген).
      3. Инвестициялық саясат департаменті (Б.К. Тортаев) мен Заң департаменті (Д.А. Ешімова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын өзім бақылаймын.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                          Т. Сүлейменов

Қазақстан Республикасы   
Экономикалық даму және сауда
Министрдің міндетін атқарушының
2010 жылғы 6 тамыздағы   
№ 136 бұйрығымен бекітілген 

Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін концессиялық жобаның, инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын Талаптар

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін концессиялық жобаның, инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптары (бұдан әрі - Талаптар) 2008 жылдағы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 217-бабының 2-тармағына, 155-2-бабының 4-тармағына «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 9-бабы 6) тармақшасына, 15-2-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Талаптар мемлекеттік кепілдіктер беру үшін концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – концесиялық жобаның ТЭН), инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – инвестициялық жобаның ТЭН) әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамлар жүргізу кезінде сақталуы міндетті болып табылады.
      3. Талаптарда мына негізгі түсініктер пайдаланылады:
      1) инвестициялық жобаның ТЭН - маркетингтік, техникалық-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру тиімділігін негіздейтін қаржылық шешімдерді, инвестициялық жобаның қауіптерін және оларды азайту жөніндегі шараларды бағалау, сондай-ақ жобаны іске асыру барысында оның тұтастай алғанда экономика мен оның салаларына әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жөніндегі шешімдерді қамтитын жоба алдындағы құжаттама;
      2) инвестициялық жоба ТЭН-інің экономикалық сараптамасы - жобаны іске асыру тиімділігін айқындауға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаның ТЭН-інде келтірілген экономикалық және қаржылық талдауды бағалау;
      3) концессиялық жобаның ТЭН - маркетингтік, техникалық-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ концессиялық жобаны іске асырудың орындылығы мен мүмкіндігін негіздейтін институционалдық шешімдерді, қаржылық шешімдерді, қауіптерді бағалау және концессиялық жобаның қатысушылары арасында бөлу, қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдаудың түрлері мен көлемін анықтау, сондай-ақ жобаны іске асыру кезінде оның мемлекеттік бюджетке әсері және тұтастай алғанда экономиканың және оның салаларының дамуына әлеуметтік-экономикалық әсері жөніндегі шешімдерді қамтитын жоба алдындағы құжаттама;
      4) концессиялық жоба ТЭН-нің экономикалық сараптамасы – жобаның жүзеге асырылатындығын және іске асыру тиімділігін айқындауға мүмкіндік беретін концессиялық жобаның ТЭН-де келтірілген экономикалық талдауды бағалау.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаттары есебінен қаржыландыруға ұсынылған концессиялық жобаның ТЭН және инвестициялық жобаның ТЭН Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына қағаз және электронды тасығыштарда, оның ерекшелігіне байланысты тиісті оң сараптамаларын қоса бере отырып, атап айтқанда:
      1) жобаларға мемлекеттік сараптаманы жүргізуге Қазақстан Республикасының Үкіметінің уәкілетті заңды тұлғаның мемлекеттік сараптамасын;
      2) тиісті саланың уәкілетті органның сараптамасын;
      3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасын;
      4) банктік сараптамасын;
      5) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы;
      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасын ұсынылады.

2. Концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар

      5. Концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу немесе түзетудің мақсаты жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасын әзірлеуі болып табылады.
      6. Әзірлеу немесе түзетудің нәтижелері бойынша концессиялық жобаның ТЭН-ін мынадай құрылымға сәйкес болуы тиіс:
      жобаның паспорты;
      кіріспе;
      институционалдық бөлім;
      маркетингтік бөлім;
      техникалық-технологиялық бөлім;
      экологиялық бөлім;
      қаржылық бөлім;
      әлеуметтік-экономикалық бөлім;
      жобаның мемлекеттік бюджетке әсері;
      қауіптерді бағалау және бөлу;
      жоба бойынша қорытындылар;
      қосымшалар (қажет болған жағдайларда).
      7. ТЭН-де жобаның ерекшелігіне байланысты қосымша бөлімдер мен қосымшалар қосылады.
      8. Жобаның паспортында жоба туралы қысқаша ақпарат ашылады.
      Жобаның паспорты мынадай ақпараттардан құрылады:
      концессиялық жобаның ТЭН-інде тапсырыс беруші мемлекеттік органның атауы;
      концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеушінің атауы;
      жобаның атауы;
      жобаны іске асыру орны;
      жобаның мақсаттары мен міндеттері, оның ішінде сандық мәнде;
      жобаның ауқымы;
      жобаның қуаттылығы;
      жобаны іске асыру кезеңі:
      объектіні салу кезеңі;
      концессионердің пайдалану мерзімі;
      жобаның концессиялық жобаның ТЭН-і шеңберіндегі есептеулер үшін қабылданған ұлттық валютадағы және шет ел валютасындағы жоспарланған жалпы құны, оның ішінде:
      инвестициялық шығындар;
      пайдалану шығындары;
      өзге де шығындар;
      концессиялық жобаны қаржыландырудың болжамды көздері;
      мемлекеттік қолдаудың болжамды түрлері мен көлемдері;
      концессия сызбасы бойынша жобаны іске асырудан негізгі табыс алушылар.
      9. «Кіріспе» бөлімінде концессиялық жобаны іске асыру арқылы шешу жоспарланған саланың (өңірдің) проблемасы сипатталады, сондай-ақ осы проблеманы, оның ішінде технологиялық, институционалдық, қаржылық шешімдер бойынша проблемаларды шешудің балама нұсқалары көрсетіледі.
      10. Институционалдық бөлімде жобаның барлық тіршілік циклінің ішінде оны басқарудың ұсынылған оңтайлы сызбасы, концессиялық жобаның қатысушылары және олардың функциялары, олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберіндегі өзара іс-қимыл тәртібі сипатталады.
      Сондай-ақ осы бөлімде институционалдық шешімдер бойынша концессиялық жобаны іске асырудың балама нұсқаларына салыстырмалы талдау жүргізіледі.
      11. Маркетингтік бөлімі жобаны іске асыру нәтижесінде түзілетін өнімге (тауарларға/қызметтерге) сұраныстың және өндірістің тұтыну факторларын ұсынудың қазіргі кездегі және болжамды (концессиялық жобаны іске асыру кезеңіндегі) конъюнктурасын талдауды қамтиды.
      Бөлім мыналарды қамтиды:
      сұраныстың мөлшерлік параметрлерін, оның үрдістерін талдау және негіздеу немесе концессиялық жоба шеңберінде өндіру жоспарланған өнімге (тауарға/қызметке) қажеттілікті бағалау;
      тұтынушылар санаты бойынша саладағы (өңірдегі) ағымдағы жағдайды ескере отырып, жүргізілетін өнімнің (тауардың/қызметтің) көлемін, түрлерін және бағасын талдау;
      жоба шеңберінде әлеуетті тұтынушылардың өнім (тауар/қызмет) бірлігін сатып алуға (өнім бірлігі үшін төлеуге) дайындығын және мүмкіндіктерін талдау;
      өнім (қызмет) бірлігі үшін белгілі қолайлы (әлеуметтік-әділ) бағаны талдау және негіздеу;
      тұтынушылардың санаты бойынша концессиялық жобаны іске асыру нәтижесінде өндірілетін өнімнің (тауарлардың/қызметтердің) көлемін, түрлерін және бағасын талдау;
      концессиялық жобаны іске асыру үшін қажетті шикізаттар, материалдар, жабдықтар нарығын талдау, оның ішінде өндірушілер мен жеткізушілер, бағалар, сапа және өнімді жеткізу шарттары бойынша салыстырмалы талдау;
      инвестициялық, сондай-ақ инвестициядан кейінгі кезеңде жобаның тиісті біліктілігі бар мамандармен қамтамасыз етілуін талдау, қажет болған жағдайда, шет елдік мамандарды тарту негіздемесі.
      Әрбір кіші бөлімде, қолданылған ақпарат көздері және өткізілген маркетингтік зерттеулер бойынша есеп қоса берілген маркетингтік зерттеулер жүргізу әдістемесі көрсетіледі.
      12. Техникалық-технологиялық бөлім концессиялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған, жобаның параметрлері мен компоненттерін айқындайтын, жобаны іске асырудың техникалық-технологиялық шешімдерін қамтиды.
      Бөлім мыналарды қамтиды:
      жобаны іске асырудың таңдалған оңтайлы нұсқасының негіздемесімен техникалық-технологиялық шешімдердің сипаттамасы және салыстырмалы талдауы;
      жобаның іске асыру орнын шикізатты, материалдарды, жабдықтарды әлеуетті, өнімдерді (тауарларды/қызметтерді) тұтынушылардың көздеріне және орналасқан жерлеріне және өңірдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып көлік магистраліне жақындығына қатысты негіздеме;
      қабылданған техникалық-технологиялық шешімдерді ескере отырып жобаның қуаттылығының есепті негіздемесі;
      жобаны іске асыру көзделетін өңірдің инфрақұрылымына жобаның әсерін бағалау;
      таңдалған жобалық жабдықтардың негіздемесі, оның ішінде қазіргі қолданыстағы жабдықтармен технологиялық үйлесімдігі (егер жобаны іске асыру шеңберінде мұндай болжанған болса), «баға-сапа» оңтайлы қатынасы, жабдықты таңдау жөніндегі балама нұсқалар, инновациялық жабдықтарды қолдану, ноу-хауды пайдалану, жобада сапа стандарттарын, жобаға қойылатын техникалық және технологиялық талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарды қолдану;
      еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы нормалары;
      қолда бар көлік кіреберістерін және құралдарын, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтауды және кәрізді ескере отырып, жобаны іске асырудың инженерлік құрылыстармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ қоймалық үй жайлармен қамтамасыз етілуі;
      жоба бойынша уақыт ішіндегі іс-шаралардың бірдізділігі мен ұзақтығы графикалық түрде көрсетілген, концессияға беруге ұсынылған объектіні құру/қайта жаңғырту мерзімін, оны іске асыру жылдары бойынша және технологиялық кезеңдері бойынша пайдалану мерзімін көрсететін жобаны іске асыру кестесі (жоспар-кесте);
      жоба бойынша техникалық-технологиялық шешімдерді таңдау кезінде, бірінші кезекте, экологияға ең аз теріс әсері бар және жобаны іске асырудан үлкен әлеуметтік-экономикалық тиімділік көрсететін шешімдер таңдалады.
      Экологиялық бөлім мыналарды қамтиды:
      жобаның қоршаған орта жай-күйіне әсерін бағалау, жобаны іске асырудан келетін экологиялық залалды сандық бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;
      өңірдегі, сонымен бірге жалпы Қазақстан Республикасындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жобада болжанған іс-шаралар және сандық мәндегі олардың нәтижелері.
      Концессиялық жобаның ТЭН-інде қоршаған ортаға әсерді бағалау Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тиісті уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік құжаттарына және табиғат қорғау қызметін реттейтін басқа да нормативтік актілерге сәйкес орындалады.
      14. Қаржылық бөлімде жобаны қаржыландырудың балама сызбаларын және көздерін ескере отырып, қаржылық пайданы және шығындарды, жобаның іске асырылуына инфляцияның әсерін талдау, жобаның қаржылық тиімділігін бағалау жүргізіледі, концессиялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған қаржылық шешімдер ашылады.
      Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
      жалпы инвестициялық шығындардың есебі;
      пайдалану шығындарының есебі (өндірістік шығындар, ұстауға арналған ағымдағы шығыстар);
      өнімдердің (тауарлардың/қызметтердің) өзіндік құнының, тауарларды өткізу бағаларының (қызметтер тарифтерінің) есебі;
      сатудан түсетін кірістердің есебі;
      ақша қаражаттары ағынының есебі;
      бөлінбеген және таза табыстық есебі;
      инфляцияның, валюта бағамының есебі, дисконт нормасын және қауіптерге түзетулердің анықтамасы;
      ең аз шығындарды талдау;
      ең көп табысты талдау;
      дисконттау әдісінің көмегімен жобаны талдау, оның ішінде таза келтірілген құнның есебін (Net Present Value - NPV), табыстылықтың ішкі нормасын (Internal Rate of Return, IRR), дисконтталатын пайда мен шығындардың, дисконтталатын ақталу мерзімінің қатынасын талдау;
      жобаны қаржыландыру үшін қарыз қаражатын тартудың қолайлы параметрлерін айқындау;
      пайдалану шығыстарын мұндай шығыстарды кім және қашан қаржыландыратынын айқындай отырып, қаржыландыру көздері;
      жобаның үлестік қаржылық тиімділігінің, ағымдағы төлемге қабілеттігінің, қаржылық тетігін, борыштың қамтамасыз етілуін, капиталдың табыстылығының есебі;
      жобаның сезімталдығын талдау және шығынсыздық шекарасын есептеу.
      Бөлімде формулалар мен қабылданған рұқсат етулерді көрсете отырып, көрсеткіштерді есептеу тәртібі ашылады. Деректер мен есептеулер сәйкес түсініктемелері бар кестелер, графиктер, диаграммалар түрінде көрсетіледі.
      Сандық және сапалық көрсеткіштер өзара байланысқан болуы тиіс және экономикалық аяқталған тұжырымдары бар салыстырмалы кестелерде көрсетілген болуы тиіс. Талдау математикалық үлгілерді және халықаралық тәжриібені ескере отырып, эмпирикалық көрсеткіштерді пайдалана отырып, негізделген есептеулер негізінде жүргізілуі тиіс.
      15. Әлеуметтік-экономикалық бөлімде жобаның әлеуметтік-экономикалық аспектілері және жобаны іске асырудан түсетін пайда көрсетіледі.
      Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
      саладағы (өңірдегі) және Қазақстан Республикасындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және жобасыз оның даму перспективаларын талдау, оның ішінде:
      негізгі әлеуметтік көрсеткіштер (халықтың табыс деңгейі, жұмыссыздық, жұмыспен қамтылу, өлім, туылу деңгейі және т.б.);
      негізгі салалық (өнірлік) көрсеткіштер (өнімдерді (тауарларды/қызметтерді) өндіру көлемі), жалпы ішкі өнім құрылымындағы саланың (өңірдің) үлесі, салаға (өңірге) жасалған инвестициялардың көлемі және олардың жоспарланатын мерзімдегі үрдістері);
      нәтижелер, салдар мен әсер етулер, көбейтілген пайда мен шығындар, тұтынушының қосымша пайдасын, қалпына келмейтін шығындар, сыртқы әсерлер, халықаралық әсерлер, жобаны іске асырудан түсетін жанама пайданың талдауын қамтитын жоба бойынша пайда мен шығындар;
      ағымдағы бағалар мен өткен жылдың салыстырмалы бағаларындағы тура, жанама және жиынтықтық макроэкономикалық әсердің есебі;
      таза қоғамдық пайда, экономикалық таза келтірілген табыстың (Economic net present value – ENPV), табыстылықтың экономикалық ішкі нормасының (Economic Internal Rate of Return – EIRR) көрсеткіштерін есептеу;
      жобаны іске асырудың аралас салалардың (көрші өңірлердің) дамуына әсерін тигізу;
      жобаның Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетінің өсуіне және импортты алмастыруға, инновациялардың дамуына әсерін тигізу.
      16. «Жобаның мемлекеттік бюджетке әсері» бөлімінде мыналар көрсетіледі:
      концессионер қызметін қолдау үшін көрсетілуі жоспарланған мемлекеттік қолдау түрлері мен көлемі, олардың есептеулері және негіздемесі;
      жобаны іске асыру жылдары бойынша мемлекеттік бюджетке (республикалық немесе жергілікті) түсетін жүктеменің есебі;
      концессия объектісін пайдалану кезінде мемлекеттік бюджетке түсуі жоспарланған салықтық түсімдер;
      таза бюджеттік пайданың, бюджеттік таза келтірілген табыстың (мемлекеттік бюджеттің NPV), табыстылықтың бюджеттік ішкі нормасының (мемлекеттік бюджеттің IRR) көрсеткіштерінің есебі;
      концессияның тиімді мерзімін айқындау;
      концессия сызбасы бойынша жобаны іске асырудың, жобаны тек мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен және мемлекеттік қарыздар есебінен қаржыландырылуын салыстырмалы талдауы.
      17. «Қауіптерді бағалау және бөлу» бөлімінде жобаны іске асыру кезінде, оның ішінде дайындық кезеңінде, концессия объектісін салу/қайта жаңғырту және оны пайдалану кезеңінде басталуы мүмкін қауіптер сипатталады.
      Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
      коммерциялық қауіптерді бағалау;
      әлеуметтік қауіптерді бағалау;
      экономикалық қауіптерді бағалау;
      техникалық қауіптерді бағалау;
      қаржылық қауіптерді бағалау;
      концессионер және концендент үшін ерекше қауіптерді бағалау;
      қауіптердің негізгі факторларын белгілеуші, олардың болжамды сипаттамасы және өзгеру диапазондары, оларды азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;
      қауіптерді жобаға қатысушылар арасында бөлуді талдау;
      белгісіздік жағдайындағы талдау, оның ішінде негізгі параметрлер бойынша (өткізу көлемі, өткізу бағасы, тікелей шығындар) сезімталдықты талдау, оның ішінде параметр өзгеруінің шекті рұқсат етілген мәндерін айқындау;
      қауіптерді бағалау сандық және сапалық талдау әдісімен жүргізледі.
      18. «Жоба бойынша қорытынды» бөлімінде мыналар сипатталады:
      жоба бойынша негізгі артықшылықтар мен кемшіліктер;
      жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасы;
      жоба бойынша ауыспалы қауіптер және оларды азайту жөніндегі шаралар.
      19. Концессиялық жобаның ТЭН-і концессиялық жобаның ТЭН-інде келтірілген ақпаратты растайтын және ашатын жобаны іске асырудың қарастырылатын нұсқаларының (жобаны қаржыландыру көздері бойынша) әрқайсысы бойынша қаржылық-экономикалық үлгілерден, графиктерден, диаграммалардан, суреттерден, жергілікті жердің карталарынан тұратын қосымшаны қамтиды.

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктерімен мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе  түзетуге қойылатын талаптар

      20. Осы тараудың ережелері концессионерлер қызметіне мемлекеттік қолдау шаралары ретінде концессиялық жобаларды қаржыландыруға тартылатын қарыздар бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік кепілдіктерін беру болжанған концессиялық жобалардың ТЭН-іне қолданылмайды.
      21. Инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу мақсаты оңтайлы жобалық шешімдерді, оның ішінде жобаның ең оңтайлы құрылымын және ауқымын, барынша орынды маркетингтік, техникалық-технологиялық, қаржылық, институционалдық, экологиялық, экономикалық және жобаны іске асыру шеңберінде болжанған басқа да шешімдер бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      22. Инвестициялық жобаның ТЭН-і осы Талаптарға сәйкес болмаған жағдайларда пысықтауға жіберіледі.
      23. Инвестициялық жобаның ТЭН-і мынадай құрылымға сәйкес болуы тиіс:
      жобаның паспорты;
      кіріспе;
      институционалдық бөлім;
      маркетингтік бөлім;
      техникалық-технологиялық бөлім;
      экологиялық бөлім;
      қаржылық бөлім;
      әлеуметтік-экономикалық бөлім;
      қауіптерді бағалау және бөлу;
      жоба бойынша қорытынды;
      қосымшалар (қажет болған жағдайларда).
      24. Жобаның ерекшелігіне байланысты инвестициялық жоба ТЭН-і шеңберінде қабылданған шешімдерді егжей-тегжейлі ашуға және негіздеуге мүмкіндік беретін қосымша бөлімдерді қамтиды.
      25. Жобаның паспортында жоба туралы қысқаша ақпарат ашылады.
      Жобаның паспорты мындай ақпараттарды қамтиды:
      инвестициялық жобаның ТЭН-інде тапсырыс беруші - мемлекеттік органның атауы;
      инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеушінің атауы;
      жобаның атауы;
      жобаны іске асыру орны;
      жобаның мақсаттары мен міндеттері, оның ішінде сандық мәнде;
      жобаның ауқымы;
      жобаның қуаттылығы;
      жобаны іске асыру кезеңі;
      объектіні салу кезеңі;
      пайдалану кезеңі;
      жобаның инвестициялық жобаның шеңберіндегі есептеулер үшін қабылданған ұлттық валютадағы және шет ел валютасындағы жоспарланған жалпы құны, оның ішінде:
      инвестициялық шығындар;
      пайдалану шығындары;
      өзге де шығындар;
      жобаны қаржыландырудың болжамды көздері;
      жобаны іске асырудан негізгі табыс алушылар.
      26. «Кіріспе» бөлімінде жобаны іске асыру арқылы шешу жоспарланған саланың (өңірдің) проблемасы сипатталады, сондай-ақ осы проблеманы, оның ішінде технологиялық, институционалдық, қаржылық шешімдер бойынша проблемаларды шешудің балама нұсқалары көрсетіледі.
      27. Институционалдық тарауда жобаның барлық тіршілік циклы ішінде оны басқарудың ұсынылған оңтайлы сызбасы, жобаның қатысушылары және олардың функциялары, олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберіндегі өзара іс-қимыл тәртібі сипатталады.
      Сондай-ақ осы бөлімде институционалдық шешімдер бойынша жобаны іске асырудың балама нұсқаларына салыстырмалы талдау жүргізіледі.
      28. Маркетингтік бөлім жобаны іске асыру нәтижесінде түзілетін өнімге (тауарларға/қызметтерге) сұраныстың және өндірістің тұтыну факторларын ұсынудың қазіргі кездегі және болжамды (жобаны іске асыру кезеңінің) конъюнктурасын талдаудан тұрады.
      Бөлім мыналарды қамтиды:
      сұраныстың сандық параметрлерін, оның үрдістері талдау және негіздеу немесе жоба шеңберінде өндіру жоспарланған өнімге (тауарға/қызметке) деген қажеттілікті бағалау;
      тұтынушылар санаты бойынша саладағы (өңірдегі) ағымдағы жағдайды ескере отырып, өндірілетін өнімнің (тауардың/қызметтің) көлемін, түрлерін және бағасын талдау;
      тұтынушылардың санаты бойынша жобаны іске асыру нәтижесінде өндірілетін өнімнің (тауарлардың/қызметтердің) көлемін, түрлерін және бағаларын талдау;
      жобаны іске асыру үшін қажетті шикізаттар, материалдар, жабдықтар нарығын талдау, оның ішінде өндірушілер мен жеткізушілер, бағалар, сапа және өнімді жеткізу шарттары бойынша салыстырмалы талдау;
      инвестициялық, сондай-ақ инвестициядан кейінгі кезеңде жобаның тиісті біліктілігі бар мамандармен қамтамасыз етілуін талдау негіздемесі, және де қажет болған жағдайда, шет елдік мамандарды тарту.
      Әрбір кіші бөлімде қолданылған ақпарат көздері және өткізілген маркетингтік зерттеулер бойынша есеп қоса берілген маркетингтік зерттеулер жүргізу әдістемесі көрсетіледі.
      29. Техникалық-технологиялық бөлім инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған, жобаның параметрлері мен компоненттерін айқындайтын, жобаны іске асырудың техникалық-технологиялық шешімдерін қамтиды.
      Бөлім мыналарды қамтиды:
      жобаны іске асырудың таңдалған оңтайлы нұсқасының негіздемесімен техникалық-технологиялық шешімдердің сипаттамасы және салыстырмалы талдауы;
      жобаның іске асыру орнын шикізатты, материалдарды, жабдықтарды әлеуетті жеткізушілердің, өнімдерді (тауарларды/қызметтерді) тұтынушылардың көздеріне және орналасқан жерлеріне және аймақтың географиялық ерекшеліктерін ескере отырып көлік магистраліне жақындығына қатысты негіздеме;
      қабылданған техникалық-технологиялық шешімдерді ескере отырып жобаның қуаттылығының есепті негіздемесі;
      жобаны іске асыру көзделетін өңірдің инфрақұрылымына жобаның әсерін бағалау;
      таңдалған жобалық жабдықтардың негіздемесі, оның ішінде қазіргі қолданыстағы жабдықтармен технологиялық үйлесімдігі (егер жобаны іске асыру шеңберінде мұндай болжанған болса), «баға-сапа» оңтайлы қатынасы, жабдықты таңдау жөніндегі балама нұсқалар, инновациялық жабдықтарды қолдану, ноу-хауды пайдалану, жобада сапа стандарттарын, жобаға қойылатын техникалық және технологиялық талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарды қолдану;
      еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы нормалары;
      қолда бар көлік кіреберістерін және құралдарын, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтауды және кәрізді ескере отырып, жобаны іске асырудың инженерлік құрылыстармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ қоймалық үй жайлармен қамтамасыз етілуі;
      жоба бойынша уақыт ішіндегі іс-шаралардың бірдізділігі мен ұзақтығы графикалық түрде көрсетілген, объектіні жасау/қайта жаңғырту мерзімін, оны іске асыру жылдары бойынша және технологиялық кезеңдері бойынша пайдалану мерзімін көрсететін жобаның іске асыру кестесі (жоспар-кесте).
      Жоба бойынша техникалық-технологиялық шешімдерді таңдау кезінде, бірінші кезекте, экологияға ең аз теріс әсері бар немесе жобаны іске асырудан үлкен теріс экологиялық әсері бар, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тиімділік көрсететін шешімдер таңдалады.
      30. Экологиялық бөлім мыналарды қамтиды:
      жобаның қоршаған орта жай-күйіне әсерін бағалау, жобаны іске асырудан келетін экологиялық залалды сандық бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжалды іс-шаралар;
      өңірдегі, сонымен бірге Қазақстан Республикасындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жобада болжанған іс-шаралар және сандық мәндегі олардың нәтижелері.
      Жобаның ТЭН-ін қоршаған ортаға әсерді бағалау Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тиісті уәкілетті мемлекеттік органының нормативтік құжаттарына және табиғат қорғау қызметін реттейтін басқа да нормативтік актілерге сәйкес орындалады.
      31. Қаржылық бөлімде жобаны қаржыландырудың балама сызбаларын және көздерін ескере отырып, қаржылық пайданы және шығындарды, жобаның іске асырылуына инфляцияның әсерін талдау, жобаның қаржылық тиімділігін бағалау жүргізіледі, инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған қаржылық шешімдер ашылады.
      Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
      жалпы инвестициялық шығындардың есебі;
      пайдалану шығындарын есебі (өндірістік шығындар, ұстауға арналған ағымдағы шығындар);
      өнімдердің (тауарлардың/қызметтердің) өзіндік құнының, тауарларды өткізу бағаларының (қызметтер тарифтерінің) есебі;
      сатудан түсетін кірістердің есебі;
      ақша қаражаттары ағынының есебі;
      бөлінбеген және таза табыстық есебі;
      инфляцияның, валюта бағамының есебі, дисконт нормасын және қауіптерге түзетулердің анықтамасы;
      ең аз шығындарды талдау;
      ең көп табысты талдау;
      дисконттау әдісінің көмегімен жобаны талдау, оның ішінде таза келтірілген құнның есебін (Net Present Value - NPV), табыстылықтың ішкі нормасын (Internal Rate of Return, IRR), дисконтталатын пайда мен шығындардың, дисконтталатын ақталу мерзімінің қатынасын талдау;
      жобаны қаржыландыру үшін қарыз қаражатын тартудың қолайлы параметрлерін айқындау;
      пайдалану шығындарын мынадай шығыстарды кім және қашан қаржыландыратынын айқындай отырып, қаржыландыру көздері;
      жобаның үлестік қаржылық тиімділігінің, ағымдағы төлемге қабілеттігінің, қаржылық тетігін, борыштың қамтамасыз етілуін, капиталдың табыстылығының есебі;
      жобаның сезімталдығын талдау және шығынсыздық шекарасын есептеу.
      Бөлімде формулалары мен қабылданған рұқсат етілулерді көрсете отырып, көрсеткіштерді есептеу тәртібі көрсетіледі. Деректер мен есептеулер сәйкес түсініктемелері бар кестелер, графиктер, диаграммалар түрінде көрсетіледі.
      Сандық және сапалық көрсеткіштер өзара байланысқан болуы тиіс және экономикалық аяқталған тұжырымдары бар салыстырмалы кестелерде көрсетілген болуы тиіс. Талдау математикалық үлгілерді және халықаралық тәжірибені ескере отырып, эмпирикалық көрсеткіштерді пайдалана отырып, негізделген есептеулер негізінде жүргізілуі тиіс.
      32. Әлеуметтік-экономикалық бөлімде жобаның әлеуметтік-экономикалық аспекттерін және жобаны іске асырудан түсетін пайда көрсетіледі.
      Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
      саладағы (өңірдегі) және Қазақстан Республикасындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және жобасыз оның даму перспективаларын талдау, оның ішінде:
      негізгі әлеуметтік көрсеткіштер (халықтың табыс деңгейі, жұмыссыздық, жұмыспен қамтылу, өлім, туылу деңгейі және т.б.);
      негізгі салалық (өңірлік) көрсеткіштер (өнімдерді (тауарды/қызметтерді) өндіру көлемі, жалпы ішкі өнім құрылымындағы саланың (өңірдің) үлесі, салаға (өңірге) жасалған инвестициялардың көлемі және олардың жоспарланатын мерзімдегі үрдестері);
      жоба жүзеге асқан жағдайда саладағы (аймақтағы) және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың даму болашағын саралау, оның ішінде:
      Негізгі әлеуметтік көрсеткіштер (халықтың табыс деңгейі, жұмыссыздық, жұмыспен қамтылу, өлім, туылу деңгейі және т.б.);
      негізгі салалық (өңірлік) көрсеткіштер (өнімді (тауарды/қызметті) өндіру көлемі, ішкі жалпы өнім құрылымындағы саланың (өңірдің) үлесі, салаға (өңірге) жасалған инвестициялардың көлемі және олардың жоспарланатын мерзімдегі үрдістері;
      Жоба бойынша пайда мен шығындарды саралау, оның құрамына нәтижелерді, салдар мен әсер етулерді, өсімшеленген пайданы және шығынды, тұтынушының қосымша пайдасын, қалпына келмейтін шығындарды, сыртқы эффекттерді, халықаралық эффекттерді, жобаны жүзеге асырудан алынатын жанама пайданы талдау кіреді;
      ағымдағы бағалар мен және өткен жылдың салыстырмалы бағаларындағы тура, жанама және жиынтықтық макроэкономикалық әсердің есебі;
      таза қоғамдық пайда, экономикалық таза келтірілген табыстың (Economic net present value – ENPV), табыстылықтың экономикалық ішкі нормасының (Economic Internal Rate of Return – EIRR) көрсеткіштерін есептеу;
      жобаны іске асырудың салалардың (көрші өңірлердің) дамуына әсерін талдау;
      жобаның Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетінің өсуіне және импортты алмастыруға, инновациялардың дамуына әсерін саралау.
      33. «Қауіптерді бағалау және бөлу» бөлімінде жобаны іске асыру кезінде, оның ішінде дайындық кезеңінде, объектіні салу/қайта жаңғырту және оны пайдалану кезеңінде басталуы мүмкін қауіптер сипатталады.
      Бұл бөлім мыналарды қамтиды:
      коммерциялық қауіптерді бағалау;
      әлеуметтік қауіптерді бағалау;
      экономикалық қауіптерді бағалау;
      техникалық қауіптерді бағалау;
      қаржылық қауіптерді бағалау;
      жобаға қатысушылар үшін ерекше қауіптерді бағалау;
      қауіптердің негізгі факторларын белгілеуші, олардың болжамды сипаттамасы және өзгеру диапазондары, оларды азайту жөніндегі болжалды іс-шаралар;
      қауіптерді жобаға қатысушылардың арасында бөлуді талдау;
      белгісіздік жағдайындағы талдау, оның ішінде негізгі параметрлер бойынша (өткізу көлемі, өткізу бағасы, тікелей шығындар) сезімталдықты талдау, оның ішінде параметр өзгеруінің шекті рұқсат етілген мәндерін айқындау.
      Қауіптерді бағалау сандық және сапалық талдау әдісімен жүргізіледі.
      34. «Жоба бойынша қорытынды» тарауында сипатталады:
      жоба бойынша негізгі артықшылықтары мен кемшіліктері;
      жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасы;
      жоба бойынша ауыспалы қауіптер және оларды азайту жөніндегі шаралар.
      35. Инвестициялық жобаның ТЭН-і инвестициялық жобаның ТЭН-інде келтірілген ақпаратты растайтын және ашатын жобаны іске асырудың қарастырылатын нұсқаларының (жобаны қаржыландыру көздері бойынша) әрқайсысы бойынша қаржылық-экономикалық үлгілерден, графиктерден, диаграммалардан, суреттерден, жергілікті жердің карталарынан тұратын қосымшаны қамтиды.

4. Концессиялық жобаның ТЭН-ін сараптауға қойылатын талаптар

      36. Концессиялық жобаның ТЭН-іне экономикалық сараптама жүргізудің мақсаты ТЭН-де ұсынылған концессиялық жобаны іске асыру нұсқасының коммерциялық, бюджеттік және әлеуметтік-экономикалық тиімділігін айқындау болып табылады.
      37. Концессиялық жобаның ТЭН-ін экономикалық сараптаудың нәтижесі оң немесе теріс қорытынды болып табылады.
      Экономикалық сараптаманың оң қорытындысы концессиялық жобаның ТЭН-інде көрсетіледі, онда концессиялық жобаның ТЭН-і шеңберінде белгіленген экономикалық сараптаманың нәтижелері бойынша оны іске асырудың оңтайлы нұсқасы тиімді болып табылады.
      Экономикалық сараптаманың теріс қорытындысы концессиялық жобаның ТЭН-інде көрсетіледі, онда концессиялық жобаның ТЭН-і шеңберінде белгіленген экономикалық сараптаманың нәтижелері бойынша оны іске асырудың оңтайлы нұсқасы тиімсіз болып табылады.
      38. Концессиялық жобаның ТЭН-і осы Талаптардың 4, 7-19-тармақтарына сәйкес болмаған жағдайында пысықтауға жіберіледі.
      39. Концессиялық жобаның ТЭН-не экономикалық сараптама (бұдан әрі – концессиялық жобаға сараптама) жүргізу кезінде концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
      жобаның нәтижелілігі – оны жүзеге асырудың оң тиімділігі, яғни жинақталатын нәтижелердің бағасының жобаны іске асыру үшін қажетті жиналған шығындардың бағасынан асып кетуі;
      барабарлық және объективтілік – дұрыс еместік және белгісіздік дәрежесін ескере отырып жобаға қатысты объектінің құрылымын және сипаттамасын дұрыс көрсету;
      жинақтылық – экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық және басқа да экономикадан тыс салаларда жобаны іске асырудың әртүрлі салдарын есепке алу және нәтижелер мен шығындардың тиісті түрлері мен шамаларын айқындау;
      жекелік – әрбір қатысушы тұрғысынан жобаның тиімділігін бағалау;
      келісілгендік – концессиялық жобаның ТЭН-інің әртүрлі бөлімдерінде көрсетілген және құжаттарда келтірілген деректер мен ақпараттар өзара келісіледі;
      дұрыстық – концессиялық жобаның ТЭН-і бөлімдерінде көрсетілген ақпараттар мен деректер концессиялық жоба ТЭН-інің басқа сараптамаларының қорытындыларында расталған және құжаттар мен есептеулерде келтірілген;
      негізділік – концессиялық жобаның ТЭН-інің шеңберінде қабылданған шешімдер негізделген болып табылады;
      есептеудің дұрыстығы – есептеу тәртібі және алынған көрсеткіштер дұрыс болып табылады.
      40. Сараптама Қазақстан Республикасының «Концессиялар труралы» Заңының 3-бабында белгіленген концессияның негізгі қағидаттарын ескере отырып, концессиялық жобаның ұсынылған ТЭН-інің және жобаның ерекшелігіне байланысты концессиялық жобаның ТЭН-іне жүргізілуі қажетті тиісті оң сараптамалар негізінде жүргізіледі, атап айтқанда:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізуге өкілеттік берген заңды тұлғаның мемлекеттік сараптамасы;
      2) тиісті саланың уәкілетті органының сараптамасы;
      3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасы;
      4) банктік сараптама;
      5) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама;
      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасы.
      41. Концессиялық жоба сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жобаның іске асырылуын талдау;
      жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау;
      жобаны іске асырудың коммерциялық тиімділігін талдау;
      мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ескере отырып жобаны іске асырудың бюджеттік тиімділігін талдау;
      қорытындылар мен ұсыныстар жоба қауіптерін және оларды азайту жөніндегі шараларды талдау.

5. Инвестициялық жобаның ТЭН-ін сараптауға қойылатын талаптар

      42. Инвестициялық жобаның ТЭН-ін экономикалық сараптама (бұдан әрі – инвестициялық жобаға сараптама) жүргізу кезінде концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
      жобаның нәтижелілігі – оны жүзеге асырудың оң тиімділігі, яғни жинақталатын нәтижелердің бағасының жобаны іске асыру үшін қажетті жиналған шығындардың бағасынан асып кетуі;
      барабарлық және объективтілік – дұрыс еместік және белгісіздік дәрежесін ескере отырып жобаға қатысты объектінің құрылымын және сипаттамасын дұрыс көрсету;
      жинақтылық – экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық және басқа да экономикадан тыс салаларда жобаны іске асырудың әртүрлі салдарын есепке алу және нәтижелер мен шығындардың тиісті түрлері мен шамаларын айқындау;
      жекелік – әрбір қатысушы тұрғысынан жобаның тиімділігін бағалау;
      келісілгендік – инвестициялық жобаның ТЭН-інің әртүрлі бөлімдерінде көрсетілген және құжаттарда келтірілген деректер мен ақпараттар өзара келісіледі;
      дұрыстық – инвестициялық жобаның ТЭН-і бөлімдерінде көрсетілген ақпараттар мен деректер инвестициялық жоба ТЭН-інің басқа сараптамаларының қорытындыларында расталған және құжаттар мен есептеулерде келтірілген;
      негізділік – инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде қабылданған шешімдер негізделген болып табылады;
      есептеудің дұрыстығы – есептеу тәртібі және алынған көрсеткіштер дұрыс болып табылады.
      43. Инвестициялық жобаны сараптау берілген инвестициялық жобаның ұсынылған ТЭН және жобаның ерекшелігіне байланысты инвестициялық жобаның ТЭН-ге жүргізілуі қажетті тиісті оң сараптамалардың негізінде жүргізіледі, атап айтқанда:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізуге өкілеттік берген заңды тұлғаның мемлекеттік сараптамасы;
      2) тиісті саланың өкілетті органының сараптамасы;
      3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасы;
      4) банктік сараптама;
      5) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама;
      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасы.
      44) Инвестициялық жобаны сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жобаның іске асырылуын талдау;
      жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау;
      жобаны іске асырудың коммерциялық тиімділігін талдау;
      мемлекеттік кепілдіктер бойынша ықтимал төлемдерді ескере отырып жобаны іске асырудың бюджеттік тиімділігін талдау;
      жобаның қауіптерін және оларды азайту жөніндегі шараларды талдау.