«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын, Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргізу ережелерінің 39-тармағына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік бағдарламаларға, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Аппарат басшысы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде осы қаулының мемлекеттiк тiркелуiн және оның бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсiн.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Төраға О. Өксікбаев
Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі есеп
комитетінің 2010 жылғы
1 шілдедегі № 17-қ қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік бағдарламаларға, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау жүргізу ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік бағдарламаларға, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығына сәйкес әзірленді.
2. Ереже мемлекеттік бағдарламаларды және аумақтарды дамыту бағдарламаларын, орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың (бұдан әрі - бағдарламалар (стратегиялық жоспарлар)) стратегиялық жоспарларын бағалауға бірыңғай тәсілді жасау мақсатында әзірленді.
3. Мемлекеттік бағдарламалардың және аумақтарды дамыту бағдарламаларының, орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалау (бұдан әрі - бағалау) оларды жүйелі және объективті түрде зерделеп талдауды, олардың нәтижелерге қол жеткізу дәрежесін айқындауды, сондай-ақ оларға түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды қамтиды.
4. Мемлекеттік бағдарламаның және орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі - Есеп комитеті) өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
5. Аумақтарды дамыту бағдарламаларының және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары (бұдан әрі - тексеру комиссиясы) өздерінің жұмыс жоспарларына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 2011.08.31 № 31-П (ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
6. Шеңберінде бағалау жүзеге асырылатын бақылау іс-шаралары (бұдан әрі - бақылау іс-шаралары) Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына (бұдан әрі - Стандарттар), сондай-ақ Есеп комитетінің 2009 жылғы 27 наурыздағы № 4 қаулысымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу ережесіне (нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 5643 тіркелген) және осы Ережеге сәйкес жүргізіледі.
7. Бағалау тікелей бақылау объектілерінде бақылау іс-шараларын жүргізу жолымен де, әрі жиналған ақпарат негізінде де жүзеге асырылады. Бақылау іс-шараларын жүргізу арқылы бағалау тиімділікке бақылау жасау үлгісі бойынша жүзеге асырылады. Бағалау бағдарламалардың (стратегиялық жоспардың) бүкіл іске асырылу кезеңі ішінде жүргізіледі.
2. Бағалау жүргізу тәртібі
8. Бағалау:
1) жоспарлау;
2) бақылау іс-шарасын жүргізу;
3) есеп жасау;
4) бағалау қорытындыларын іске асыру кезеңдерінен тұрады.
3. Жоспарлау
9. Жоспарлау кезеңі бағдарламаларды (стратегиялық жоспарларды), сондай-ақ олардың іске асырылуын регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерді, ресми статистикалық деректерді зерделеуді қамтитын алдын ала дайындықтан басталады.
10. Алдын ала дайындық жүргізу үшін жоспар жасалады, ол:
1) зерделенетін бағдарламалардың (стратегиялық жоспарлардың) тізбесін;
2) орталық мемлекеттік және атқарушы органның қызметіне арналған нақты мәселелерді;
3) ақпарат алу көздерін;
4) бағалауды және Есеп комитетінің (тексеру комиссиясының) қызметкерлерін объектілер мен зерделеу мәселелері бойынша бөлуді жүзеге асыратын топтың құрамын;
5) мәселелерді зерделеудің және олардың қорытындысы бойынша материалдарды ұсынудың мерзімін;
6) бағдарламаларды (стратегиялық жоспарларды) алдын ала зерделеу туралы есепті дайындаудың мерзімін қамтиды.
11. Алдын ала дайындық барысында бағалау өлшемдерінің, бақылау іс-шарасы мәселелерінің аясы, оны жүргізудің әдістері айқындалады.
12. Бағалауды жүзеге асыру кезінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның қызметіндегі айрықша назар аударылуға тиісті ықтималды кемшіліктерді анықтау үшін ішкі бақылау жүйесін, оның ішінде бағалауға тікелей қатысы бар бөлігін зерделеу қажет.
13. Жоспарлау стратегиялық және операциялық (егжей-тегжейлі) құрамдас бөліктерді қамтиды.
14. Стратегиялық құрамдас бөлік Есеп комитетінің (тексеру комиссиясының) жұмысын жоспарлаудың жыл сайынғы жүйесін білдіреді және басымдықтарды анықтау мен бағалау объектілерін таңдаудың құралы болып табылады.
Стратегиялық деңгейде Есеп комитеті (тексеру комиссиясы) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес жылдық және тоқсандық кезеңге бағыттарды және/немесе бағалау объектілерін айқындайды. Жоспарланған бағалау объектілерінің тізбесі жағдайдың өзгеруіне сәйкес түзетіледі.
15. Бақылау іс-шарасын жоспарлаудың операциялық (егжей-тегжейлі) құрамдас бөлігі стратегиялық құрамдас бөлікке негізделеді. Ол нақты бақылау іс-шарасының ауқымын, сондай-ақ оны жүргізудің өлшемдері мен әдістемесін айқындайды.
16. Бақылау іс-шарасын жоспарлау кезеңінде оның ауқымы айқындалады, бағалау өлшемдері, бақылау іс-шарасының мәселелері және оны жүргізудің әдістері таңдалады, бақылау іс-шарасының жоспары мен бағдарламасы дайындалады.
17. Бақылау іс-шарасының жоспарында оны жүргізуге негіз, бағалаудың мақсаты, объектісі, қамтылатын кезең, ұзақтығы, өткізудің мерзімдік кестесі, қаржыландыру көлемі көрсетіледі.
18. Бақылау іс-шарасының бағдарламасы бақылауды тиімді жүргізуге қажетті және тікелей оның процесін айқындайтын егжей-тегжейлі әзірленген құжат болып табылады.
Бақылау іс-шарасының бағдарламасы әрбір жеке бағдарламаның (стратегиялық жоспардың) өзіндік ерекшелігін ескере отырып, әзірленеді.
Бақылау іс-шарасының бағдарламасында бақылау іс-шарасының жоспарына сілтеме, бағалау тобының жеке құрамы, оның жетекшісі, бақылау іс-шарасын жүргізудің дәйектілігі мен нақтылануы көрсетіледі.
19. Бақылау іс-шарасының бағдарламасын бағалаудың мынадай түрлерін қарастырады:
1) бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асыру.
Бақылаудың бұл түрі бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асыру барысында бағдарламаға (стратегиялық жоспарға) енгізілген бағыттардың, мақсаттың, міндеттер мен іс-шаралардың іске асырылу кезеңдері мен рәсімдерін, ресурстарды басқарудың үнемділігі мен тиімділігін талдау, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің артықшылықтары мен кемшіліктеріне қатысты алушылардың пікірін зерделеу арқылы жүргізіледі;
2) бағдарламаның (стратегиялық жоспардың) нәтижелері.
Бағалаудың бұл түрі бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асыру аяқталғаннан кейін оны орындаудың аралық нәтижелері ескеріле отырып, жүргізіледі.
20. Бақылау іс-шарасының бағдарламасын жасау кезінде бағалаудың өлшемдер негізінде жүзеге асырылатынын басшылыққа алу қажет.
21. Бағдарламаларды бағалаудың өлшемдері мыналар болып табылады:
1) стратегиялық мақсат пен міндеттерге, сондай-ақ тікелей және түпкі нәтижелерге қол жеткізу.
Бағалаудың бұл түрі мыналарды қамтиды:
бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын және/немесе орындалмауын және орындалмау себептерін, орындалмаған іс-шаралардың стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуіне, елдің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайына ықпалын айқындауды;
бағдарлама үйлестірушісінің мемлекеттік органдар - бірлесіп орындаушылармен өзара іс-қимыл деңгейін және олардың әрқайсысының жауапкершілік шамасын айқындауды;
жоспардан тыс іс-шараларды анықтауды; бұл ретте, егер жоспарланбаған іс-шаралардың орындалуы қойылған мақсатқа қол жеткізуді қамтамасыз етсе, оны орынды деп таниды;
жоспарланған және нақты қол жеткізілген мақсатты, міндеттерді, нысаналы индикаторларды, нәтижелердің көрсеткіштерін, сондай-ақ оларға қол жеткізілмеу себептерін айқындауды;
елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағдарламаны іске асырудың әсерін, шешілуіне осы құжат бағытталған тікелей саланың (аяның) жай-күйін айқындауды;
бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының оның мақсатына, міндеттері мен көрсеткіштеріне сәйкестігін айқындауды;
2) бағдарламаны іске асырудың тиімділігі.
Бұл өлшем жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған бюджет шығындарын бағалау үшін пайдаланылады (пайдаланылмаған немесе қысқартылған қаражатты анықтау, алынған нәтижені және оған қол жеткізуге кеткен шығындар жиынтығын салыстыру, сондай-ақ экономиканың немесе экономиканың жеке бір саласының, әлеуметтік саланың, мемлекеттік басқарудың басқа салаларының дамуына мемлекеттік орган қызметінің тигізген әсерін кешенді және объективті талдау);
3) қоғамның қанағаттанушылығы.
Осы өлшем шеңберінде тұтынушылардың бағдарлама нәтижелерінен және көрсетілген мемлекеттік қызметтерден қанағаттанушылық деңгейі бойынша олардың пікірі талданады;
4) бағдарламаның іске асырылуы кезінде рәсімдердің сақталуы.
Бұл өлшемнің мақсаты қолданыстағы заңнаманың және басқа да нормативтік құқықтық, оның ішінде бюджет шығыстарын жоспарлауды және жүзеге асыруды регламенттейтін ішкі ведомстволық актілердің талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
22. Стратегиялық жоспарларды бағалаудың өлшемдері мыналар болып табылады:
1) стратегиялық мақсаттарға және нысаналы индикаторларға қол жеткізу.
Осы өлшемді қолдану кезінде:
нысаналы индикаторлардың нақты шамаларын жоспарланған шамаларымен салыстыру жолымен оларға қол жеткізу дәрежесі айқындалады, сондай-ақ стратегиялық жоспар бөлімдерінің іс-шаралары бағаланады;
нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторлардың стратегиялық жоспарда айқындалған мемлекеттік органның мақсаты мен міндеттеріне сәйкестігі дәрежесі айқындалады;
2) тікелей нәтижелердің міндеттері мен көрсеткіштеріне қол жеткізу.
Осы өлшемді қолдану кезінде:
нақты қол жеткізілген нәтижелер көрсеткіштерін күтілген нәтижелермен салыстыру жолымен тікелей нәтижелердің көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі айқындалады, міндеттерді іске асыру жөніндегі іс-шараларды таңдаудың дұрыстығы, сондай-ақ іс-шаралардың міндеттерді толық қамтуы бағаланады;
тікелей нәтижелер мен іс-шаралардың міндеттері, көрсеткіштері орындалмағанда немесе уақытында орындалмағанда стратегиялық жоспардың одан кейінгі іске асырылуына ықпал ету дәрежесі;
тікелей нәтижелер мен іс-шаралар міндеттерінің, көрсеткіштерінің нақты орындалған көлемін жоспарланғанымен салыстыру арқылы олардың орындалу деңгейі;
мемлекеттік органның бұрынғы кезеңдердегі қызметімен салыстырғанда қол жеткізілген нәтижелердің серпіні айқындалады;
3) қоғамның қанағаттанушылығы.
Осы өлшем шеңберінде тұтынушылардың стратегиялық жоспардың нәтижелерінен және көрсетілген мемлекеттік қызметтерден қанағаттанушылық деңгейі бойынша олардың пікірі талданады;
4) стратегиялық жоспардың іске асырылу тиімділігі.
Бұл өлшем жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған бюджет шығындарын бағалау үшін пайдаланылады (пайдаланылмаған немесе қысқартылған қаражатты анықтау, алынған нәтижені және оған қол жеткізуге кеткен шығындар жиынтығын салыстыру, сондай-ақ стратегиялық жоспардың іске асырылуын басқаруды ұйымдастыру);
Стратегиялық жоспардың іске асыру тиімділігінің көрсеткішін бағалау кезінде:
стратегиялық жоспардың әрбір жеке іс-шарасына, сондай-ақ бюджеттік бағдарламада жоспарланған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бірлігіне кеткен шығындардың нақты көлемі салыстырылады;
іс-шаралар толық көлемінде орындалған жағдайда үнемделген бюджет қаражатының көлемі айқындалады;
экономиканың немесе экономиканың жеке бір саласының, әлеуметтік саланың, мемлекеттік басқарудың басқа салаларының дамуына мемлекеттік орган қызметінің тигізген әсерін кешенді және объективті талдау.
Стратегиялық жоспарды бағалау қол жеткізілуіне бюджет қаражатын пайдалану талап етілмейтін нәтижелердің нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштері бойынша да жүргізіледі.
23. Өлшемдерге сәйкес бағалау жүргізу Есеп комитеті әзірлейтін және бекітетін әдістемелік ұсынымдар негізінде жүзеге асырылады.
4. Бақылау іс-шарасын жүргізу
24. Бақылау іс-шарасын жүргізу кезеңінде дәлелдерді қалыптастыруға қажетті ақпаратты және нақты деректерді жинақтау жүргізіледі.
Ақпаратты және нақты деректерді жинақтау бақылау іс-шарасының мақсатына қарай мынадай тәсілдермен жүргізіледі:
1) бір мезгілде;
2) белгілі бір уақыт аралығында іркіліссіз процесс жолымен;
3) оны өткізудің бүкіл мерзімі ішінде.
25. Негізінде бағалаудың қорытындылары тұжырымдалатын объективті және шынайы деректерді ұсыну мақсатында бағалау объектісінде жиналатын ақпарат негізінде дәлелдер қалыптастырылады.
Негізінде бағалау тұжырымдалатын дәлелдер бақылау іс-шарасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес болуға тиіс.
26. Дәлелдер алуға ақпарат көздері мыналар болып табылады:
1) тексерілетін орталық мемлекеттік және атқарушы органның қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер;
2) қаржылық (бухгалтерлік) есептілік және бағалау нысанасына байланысты басқа да қаржылық құжаттар;
3) бағаланып отырған мемлекеттік органның жұмысты жоспарлау, ішкі бақылауды ұйымдастыру, алқа отырыстарын, кеңестерді өткізу, шағымдарды қарау және дауларды шешу, аудиторлық және бағалау нысанасына байланысты басқа да тексерулердің нәтижелері мәселелері бойынша қағаз және электронды тасығыштардағы құжаттар;
4) тексеріліп отырған орталық мемлекеттік және атқарушы органның өз қызметтерінің нәтижелері мен проблемалары туралы дайындаған ішкі есептілігі, талдау жазбалары және шолулары;
5) тексеріліп отырған орталық мемлекеттік және атқарушы органдардың тиісті ақпарат жинақталатын ақпараттық деректер базасы;
6) ресми статистикалық деректер, бағдарламаның (стратегиялық жоспардың) нысанасымен байланысты проблемалармен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарының материалдары, бұқаралық ақпарат құралдары;
7) халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері, үкіметтік емес ұйымдар жүргізген басқа да зерттеулер.
27. Дәлелдерді жинау барысында тексеріліп отырған орталық мемлекеттік және атқарушы органның бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асырудың барлық негізгі іс-қимылдарын жүзеге асырғанын/жүзеге асырмағанын және барлық талаптарын орындағанын/орындамағанын дәлелдейтін барлық мәліметтер жиналады.
28. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарламаларды бағалау кезінде Есеп комитеті және тексеру комиссиялары келісім бойынша қызметтерін бірлесіп жүзеге асырады.
5. Есеп жасау
29. Бақылау іс-шарасының қорытындысы бойынша бақылау актісі жасалады.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 2011.08.31 № 31-П (ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
30. Бақылау актісінің негізінде Есеп комитетінің (тексеру комиссиясының) мүшесі қорытынды дайындайды, онда бағдарламаның (стратегиялық жоспардың) іске асырылу нәтижелері бағалау өлшемдеріне сай келе ме деген көрсетіледі.
Қорытынды оң нәтижелерді де, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімсіздігін растайтын анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар кезіндегі нақты фактілерді де қамтуға тиіс.
Қорытындыда тиімсіз нәтижелерге алып келген себептер айқындалады және әрбір стратегиялық жоспар, мақсат, міндет, іс-шара, нысаналы индикатор, бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асыру нәтижелерінің көрсеткіші бойынша тиісті тұжырым шығарылады.
31. Қорытындыдағы тұжырымдар:
1) бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асырудың қайсыбір нақты нәтижелерінің бағалаудың өлшемдеріне сәйкестігінің сипаттамасын қамтиды;
2) туындатқан немесе туындатуы мүмкін анықталған кемшіліктер мен зардаптардың себептерін айқындайды;
3) бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің жалпы бағасын қамтиды;
4) саланың, аяның көрсеткіштерінің немесе орталық мемлекеттік және атқарушы органның қызметінің нәтижелеріне бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) іске асырудың әсерін айқындайды;
5) тиісті ұсынымдарды дайындау үшін проблеманың бар-жоғы себептерін анықтайды;
6) орталық мемлекеттік және атқарушы органның өзі анықталған проблемаларды жою мүмкіндіктерін талдауды, соның ішінде қаржыландыру көлемі мен көздері бойынша бағдарламаны (стратегиялық жоспарды) түзету жөніндегі, қолданыстағы заңнаманың өзгеруі туралы ұсыныстарды қамтиды.
32. Бағалау нәтижелері қаралғаннан кейін Есеп комитеті (тексеру комиссиясы) қаулы немесе ұсыным қабылдайды, олар:
1) анықталған кемшіліктердің, бұзушылықтардың немесе проблемалардың болу себептерін жоюға бағытталады;
2) нысаны бойынша қысқа және қарапайым болады;
3) анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою бойынша нақты шаралар қолдануға бағытталады;
4) орындалады;
5) экономикалық жағынан тиімді болады;
6) олардың орындалуынан нәтижелер алуға бағдарланады.
33. Бақылау актісі, қорытынды, қаулы, ұсыным Есеп комитеті Төрағасының 2009 жылғы 4 қыркүйектегі № 89-нқ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5816 болып тіркелген) бекітілген нысандар бойынша ресімделеді.
6. Бағалауды іске асыру
34. Есеп комитетінің мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына жүргізген бағалауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне есеп, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға ақпарат жіберіледі.
35. Тексеру комиссиясының аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуына жүргізген бағалауының қорытындысы бойынша әкімдікке және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат жіберіледі.
36. Есеп комитетінің стратегиялық жоспарлардың іске асырылуына жүргізген бағалауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне есеп, уәкілетті органдарға стратегиялық жоспарларға бағалау жүргізуге ақпарат жіберіледі.
37. Тексеру комиссиясының жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуына жүргізген бағалауының қорытындысы бойынша әкімдікке және уәкілетті органдарға стратегиялық жоспарларға бағалау жүргізуге ақпарат жіберіледі.
37-1. Есеп комитетінің және тексеру комиссиясының мемлекеттік бағдарламаның, аумақтарды дамыту бағдарламасының, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуына жүргізген бағалауының қорытындысы осы Ережеге 1, 2-қосымшаларға сай нысандар бойынша ресімделеді.
Ескерту. 37-1-тармақпен толықтырылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 2011.08.31 № 31-П (ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
38. Есеп комитеті бағалаудың қорытындысы туралы жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаржы жылындағы бюджеттің
атқарылуы туралы жылдық есебін қарау кезінде Қазақстан Республикасының Парламентіне (мәслихатта) мәлімдейді, сондай-ақ тоқсанда кемінде бір рет Қазақстан Республикасының Президентіне хабарлайды.
39. Тексеру комиссиясы бағалаудың қорытындысы туралы жыл сайын жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылындағы жергілікті атқарушы органның жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін қарау кезінде мәслихатқа мәлімдейді.
Мемлекеттік бағдарламаларға,
орталық мемлекеттік органдардың
стратегиялық жоспарларына,
аумақтарды дамыту бағдарламаларына
және жергілікті бюджеттен
қаржыландырылатын атқарушы
органдардың стратегиялық
жоспарларына бағалау жүргізу
ережесіне 1-қосымша
Ескерту. 1-қосымшамен толықтырылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 2011.08.31 № 31-П (ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
___________________________________________
(мемлекеттік бағдарламаның атауы)
мемлекеттік бағдарламаның/аумақты дамыту бағдарламасының
іске асырылу барысы туралы есепті ақпараттың нысаны
Деректемелер ___________________________
Әзірлеуші мемлекеттік орган ___________________________
Есепті кезең ___________________________
Іске асырылу кезеңі ___________________________
1. Мақсаттарға қол жеткізу
Атауы |
Өлшем бірлігі |
20__ жылғы жоспар |
Іс жүзінде |
Орындалуы туралы ақпарат, орындалмаған жағдайда себептерін көрсету |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
Негізгі бағыт |
||||
Мақсаты |
||||
Нысаналы индикатор |
||||
Нәтиже көрсеткіші |
||||
…… |
2. Іс-шаралардың орындалуы
№ |
Іс-шара |
Аяқтау нысаны |
Жауапты орындаушылар |
Орындау мерзімі |
Орындалуы туралы ақпарат, орындалмаған жағдайда себептерін көрсету |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
3. Қаражаттың игерілуі
Қаржыландыру көзі |
Жоспар, мың теңге |
Іс жүзінде, мың теңге |
Пайдаланылмау себептері |
1 |
2 |
3 |
4 |
1-көзі |
|||
2-көзі |
|||
… |
|||
Барлығы |
4. Мемлекеттік бағдарламаның/аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылу тиімділігін талдау
Қаражаттың нысаналы пайдаланылуын талдау;
Іске асырылған іс-шаралардың тиімділігін, соның ішінде көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу бойынша бағалау.
5. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері:
Бағдарламалық құжатты іске асыру кезінде бюджет және өзге де заңнаманы бұза отырып бюджет қаражатын пайдаланудың фактілері бойынша қолданылған шаралар;
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (тексеру комиссияларының) актілерін әзірлеуші мемлекеттік органның (орындаушының) қарау нәтижелері.
6. Бағдарламалық құжаттың іске асырылуын жалпы бағалау (қорытынды) және ұсыныстар.
Мемлекеттік бағдарламаларға, орталық
мемлекеттік органдардың стратегиялық
жоспарларына, аумақтарды дамыту
бағдарламаларына және жергілікті
бюджеттен қаржыландырылатын
атқарушы органдардың стратегиялық
жоспарларына бағалау жүргізу ережесіне
Ескерту. 2-қосымшамен толықтырылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 2011.08.31 № 31-П (ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
_______________________________________________
(әзірлеуші мемлекеттік органның атауы)
мемлекеттік органның
20____ жылғы «___» _____________ № ______
_______________________________________________
(мемлекеттік органның стратегиялық жоспары
бекітілген құқықтық не нормативтік құқықтық
актінің атауы) бекітілген
________________жылдарға арналған
(жоспарлы кезең)
стратегиялық жоспарының іске асырылуы туралы
есепті ақпараттың нысаны
Есеп кезеңі:______________________
1. Мақсаттарға, міндеттерге, нысаналы индикаторларға,
іс-шараларға және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу
1-стратегиялық бағыт.
____________________________________________________
1.1-мақсат._________________________________________________________
Осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған бюджеттік бағдарламаның кодтары __________
Қол жеткізудің түпкілікті мерзімі (кезеңі) көрсетілген нысаналы индикатордың, міндеттердің және тікелей нәтижелер көрсеткіштерінің атауы |
Ақпарат көзі |
Өлш. бірлігі. |
Есепті кезең |
Қол жеткізбеу себептері |
|
Жоспар |
Іс жүзінде |
||||
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
Нысаналы индикаторлар |
|||||
…. |
|||||
Міндеттер |
|||||
Тікелей нәтижелер көрсеткіштері |
|||||
… |
|||||
Тікелей нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге арналған іс-шаралар |
|||||
… |
Бюджеттік бағдарламаларды талдау
Бюджеттік бағдарламаның көрсеткіштері |
Көрсеткіш атауы |
Өлшем бірлігі |
Есепті кезең |
Нәтижелерге қол жеткізбеу/бюджет қаражатын игермеу себептері |
||
Жоспар |
Іс жүзінде |
|||||
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
|
бюджеттік бағдарламаның атауы |
||||||
сипаттамасы |
||||||
бюджеттік бағдарламаның түрі |
мазмұнына қарай |
|||||
іске асыру тәсіліне қарай |
||||||
ағымдағы/даму |
||||||
бюджеттік бағдарламаның көрсеткіштер атауы |
||||||
тікелей нәтиже көрсеткіштері |
||||||
түпкілікті нәтиже көрсеткіштері |
||||||
сапа көрсеткіштері |
||||||
тиімділік көрсеткіштері |
||||||
Бюджет шығыстарының көлемі |
барлығы, бағдарлама бойынша |
мың. тг. |
||||
оның ішінде: кіші бағдарлама бойынша |
мың тг. |
|||||
кіші бағдарлама бойынша |
мың тг. |
3. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу тиімділігін талдау/
Қаражаттың нысаналы пайдаланылуын талдау;
Іске асырылған іс-шаралардың тиімділігін, соның ішінде көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу бойынша бағалау.
4. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері:
стратегиялық құжатты іске асыру кезінде бюджет және өзге де заңнаманы бұза отырып бюджет қаражатын пайдаланудың фактілері бойынша қолданылған шаралар;
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (тексеру комиссияларының) актілерін әзірлеуші мемлекеттік органның (орындаушының) қарау нәтижелері.
5. Стратегиялық құжаттың іске асырылуын жалпы бағалау (қорытынды) және ұсыныстар