Қолданушылардың назарына!!!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 276-20-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Салық органдарының импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың төленуі фактісін растау не растаудан дәлелді бас тарту ережесін осы бұйрыққа қоса берiлiп отырған қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (Ерғожин Д.Е.) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық оның бірінші ресми жариялану күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2010 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған қатынастарға таралады.
Министр Б. Жәмішев
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2010 жылғы 16 шілдедегі
№ 348 бұйрығына қосымша
Салық органдарының импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың төленуі фактісін растау не растаудан дәлелді бас тарту ережесін бекіту туралы
1. Осы Ереже Салық органдарының Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6319 тіркелген, «Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш нысанын, оны толтыру және табыс ету ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 2 шілдедегі № 318 бұйрығының 1-қосымшасы болып танылатын нысаны бойынша тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (бұдан әрі - Өтініш) тиісті белгі қою жолымен импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың төленуі фактісін растауының не осындай растаудан дәлелді бас тартуының тәртібін айқындайды.
2. Өтініштердің даналарына жанама салықтардың толық төленгенін (Салық кодексіне сәйкес қосылған құн салығын (бұдан әрі - ҚҚС) және (немесе) акциздерді салудан босатылуын немесе «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Енгізу туралы заң) сәйкес ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленуін, сондай-ақ импортталатын тауарларға ҚҚС төлеу мерзімінің өзгеруін) растайтын белгілерді (бұдан әрі - белгі) салық органы салық төлеушінің салық органына қағаз тасығышта Өтінішті және Салық кодексінің 276-20-бабында көзделген құжаттарды табыс еткен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қояды.
Салық төлеуші «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 276-20-бабына сәйкес Өтінішті (Өтініштерді) кері қайтарған жағдайда жаңадан табыс етілген Өтініштің (Өтініштердің) даналарына белгі салық органы жаңадан табыс етілген қағаз тасығышта Өтінішті (Өтініштерді) және Салық кодексінің 276-20-бабында көзделген құжаттарды (олар болған жағдайда) тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қойылады.
3. Белгі Өтініш даналарының екінші бөлімінде «_____ ҚҚС теңге сомасында төленді» немесе «____ акциздер теңге сомасында төленді» жолдарында Өтініштің 19 және (немесе) 20 бағандарының қорытынды мәніне тең қосылған құн салығы және (немесе) акциз сомаларын қою арқылы, не ҚҚС және (немесе) акциз салудан босатуды білдіретін «босату» деген сөзді не Енгізу туралы заңның 49-1-бабына сәйкес есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеуді білдіретін «есепке жатқызу әдісі» деген сөздерді не Енгізу туралы заңның 49-бабына сәйкес импортталған тауарларға ҚҚС төлеу мерзімінің өзгергенін білдіретін «кейінге қалдыру» деген сөздерді көрсету арқылы жүргізіледі.
Өтініш даналарының екінші бөлімінде белгі:
белгіні қойған лауазымды тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), белгі қойылған күн көрсетіле отырып, белгіні қойған лауазымды тұлғаның қолымен;
салық органы басшысының (басшы орынбасарының) тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), қол қойған күні көрсетіле отырып, оның қолымен;
салық органының атауы көрсетіле отырып, салық органының мөрімен куәландырылады.
4. Өтініштің бір данасы салық органында қалады, белгісі бар үш данасы салық төлеушіге не оның өкіліне Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті салық органдарымен тіркеу журналында қол қою арқылы беріледі.
Бұл ретте салық төлеуші не оның өкілі Өтініштің тиісті үш данасын Журналға қол қойып алады.
5. Белгі қоюдан бас тартқан жағдайда салық органы белгі қою үшін белгіленген мерзімнен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық төлеушіге анықталған сәйкессіздіктер, оларды жою және жаңа Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш табыс ету туралы ұсыныс көрсетілген жазбаша түрде растаудан дәлелді бас тартуды жібереді.
Растаудан дәлелді бас тарту салық төлеушінің салық органына қағаз тасығышта төрт данада Өтінішті және Салық кодексінің 276-20-бабында көзделген құжаттарды табыс еткен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Растаудан дәлелді бас тартуға Өтініштің үш данасы қоса беріледі.
6. Импортталған тауарлар бойынша ҚҚС төлеу фактісін растаудан дәлелді бас тарту:
1) Өтініштерде көрсетілген мәліметтердің табыс етілген Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар төлеу жөніндегі декларациядағы мәліметтерге сәйкессіздігі, соның ішінде импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар бойынша декларацияда төлеуге есептелген жанама салықтардың сомасы Өтініште (Өтініштерде) есептелген жанама салықтардың сомасына сәйкессіздігі анықталған;
2) Өтініштерде көрсетілген мәліметтердің салық төлеуші табыс еткен Салық кодексінің 276-20-бабы 3-тармағында көзделген құжаттардағы мәліметтерге сәйкессіздігі анықталған;
3) қағаз тасығышта табыс етілген Өтініште көрсетілген деректердің салық органына электронды түрде табыс етілген Өтініш деректеріне сәйкессіздігі;
4) жанама салықтардың сомасы есептеген, есептелген және мерзімде төленбеген, сондай-ақ сәйкес Өтініште есептелген жанама салықтардың сомасы төленбеген, толық мөлшерде төленбеген;
5) жанама салықтарды есептеу үшін салық базасы төмендетілген;
6) қағаз тасығышта табыс етілген өтініштер санының импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияға қосымша болып табылатын тауарларды әкелу және жанама салықтар төлеу туралы өтініштер тізілімінде көрсетілген өтініштердің санына сәйкессіздігі
7) Өтінішті толтыру нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуді тізілімінде № 6319 тіркелген «Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы Өтініштің нысанын, оны толтыру тәртібі мен ұсынуын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 2 шілдедегі № 318 бұйрығына 2-қосымша болып табылатын тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішін толтыру және табыс ету Ережесіне сәйкессіздігі
Бұл ретте импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде табыс етілген Өтініштердің бірінде растаудан дәлелді бас тартылған жағдайда, растаудан дәлелді бас тарту осындай импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде табыс етілген басқа Өтініштердің барлықтары бойынша жүзеге асырылады.