"Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесін бекіту туралы"

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет Төрағасының 2010 жылғы 26 сәуірдегі N 01-01-31/149 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 25 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6257 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қолданушылардың назарына!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуіріндегі Заңының 74-бабының 5-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 471 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет туралы ереженің 17-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: қараңыз.U101039
      1. Қоса беріліп отырған Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесі бекітілсін.
      2. Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру департаменті және Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық-құқықтық қатынастар басқармасы белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Төрағаның сот актілерін орындау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2010 жылдың 25 қазанынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

                                                       Г.Ким

Қазақстан Республикасының 
Жоғарғы Соты жанындағы  
Сот әкімшілігі жөніндегі 
комитет Төрағасының    
2010 жылғы 26 сәуіріндегі
№ 01-01-31/149      
бұйрығымен бекітілген   

Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Атқарушылық құжаттарды орындау кезінде тыйым салынған мүлікті сату ережесі (бұдан әрі - Ереже) тыйым салынған мүлікті сату тәртібін белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      аукцион - тыйым салынған мүлікті сату бойынша алдын-ала белгіленген жерде және уақытта өтетін жария конкурстық сауда-саттық;
      сауда-саттықтың ағылшындық әдісі - бастапқы баға неғұрлым жоғары баға ұсынған бір қатысушы қалған сәтке дейін алдын ала жарияланған қадаммен өсетін сауда-саттық әдісі;
      заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғасы - өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда, шешімдерді айқындауға және (немесе) осы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде жазбаша нысанда жасалған мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіншілігі бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      сауда-саттықтың голландтық әдісі - бастапқы баға қатысушылардың бірі аукцион затын жарияланған баға бойынша сатып алуға келісім берген сәтке дейін жарияланған қадаммен төмендейтін сауда-саттық әдісі;
      кепілақы - борышкерлердің тыйым салынған мүлкін сату жөніндегі сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген тұлғалар Сот әкімшісінің бақылаудағы қолма-қол ақша шотына, сонымен қатар жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізетін кепілді жарна ретіндегі ақшалай сома;
      лоттың ең төмен бағасы - лот одан төмен сатылуы мүмкін емес баға;
      тиісінше хабардар ету - борышкердің немесе оның өкілінің жеке қол қоюымен жазбаша немесе хабарламасы бар тапсырысхатпен немесе факсимильдік байланыспен хабардар ету;
      ұйымдастырушы - Сот әкімшісі немесе жеке сот орындаушысы оны жүргізуге шарт жасасқан сауда-саттықты өткізуді жүзеге асыратын мамандандырылған сауда ұйымы;
      жеңімпаз - сауда-саттықта жеңген адам, яғни сауда-саттық заты үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған не өткізілген сауда-саттық туралы хаттамаға қол қойған аукционшы жариялаған құн бойынша (сауда-саттықтың голландтық әдісі) мүлікті сатып алуды бірінші болып ұсынған қатысушы;
      сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан және мүлікті сатып алу құнын төлеген тұлға;
      сатушы - атқарушылық іс жүргізу органы (Сот әкімшісі), жеке сот орындаушысы;
      аукцион (сауда-саттық) заты - сауда-саттыққа қойылатын, борышкерлердің атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушысы тыйым салған кез келген жылжымалы және жылжымайтын мүлкі;
      лот - аукционның бірыңғай бөлінбейтін заты ретіндегі заттар кешені (немесе бір зат);
      мүлікті сатып алу құны - жеңімпаз сауда-саттық хаттамасына сәйкес соған мүлікті сатып алуға ниет білдірген сома;
      бастапқы баға - сауда-саттық содан басталатын лоттың бағасы;
      қатысушы - сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген және осы Ереженің 16-тармағымен көзделген шарттарды орындаған жеке немесе заңды тұлға;
      бағаның өзгерту қадамы - сатылатын мүліктің бағасын өсіру немесе төмендету мөлшері.
      3. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарына сәйкес заң бойынша айналымнан алынған мүліктен басқа, тыйым салудың негізіне және мүліктің түрлеріне қарамастан, тыйым салынған мүлікті сатуды сот орындаушысы сауда ұйымдары арқылы комиссиялық бастамамен, сондай-ақ аукцион нысанындағы сауда-саттықта жүргізеді. Аукцион нысанындағы сауда-саттықты жеке сот орындаушысы дербес, ал мемлекеттік сот орындаушысы - мамандандырылған сауда ұйымы арқылы өткізеді.

2. Сауда-саттық өткізуге дайындық

      4. Борышкерлердің тыйым салынған мүлкін сауда-саттыққа қою туралы шешімді сот орындаушысы қабылдап, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.
      5. Тыйым салынған мүлік борышкерді тыйым салынған мүлікті жүргізілген бағалау туралы тиісінше хабардар етпей немесе таныстырмай және шағымдану үшін оған он күн мерзім бермей, сауда-саттыққа қойылмайды.
      6. Өндіріп алушылар ретінде екі және одан көп өндіріп алушылар әрекет ететін атқарушылық іс жүргізу бойынша тыйым салынған мүлік әрбір өндіріп алушыға бара-бар тиесілі сомада мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражатты бөлу жолымен барлық өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін сауда-саттыққа қойылады. Осы атқарушылық іс жүргізулер бойынша сатудың барлық сатысында өндіріп алушыларға мүлікті заттай қабылдап алу туралы ұсыныс жасалмайды.
      7. Мемлекеттік сот орындаушысының сауда-саттыққа мүлікті қоюы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдастырушыға атқарушылық құжаттың және мүлікті сатуға қою туралы қаулының, борышкерді мүліктің бағасымен таныстыруды растайтын құжаттардың көшірмесін қоса бере отырып, тыйым салынған мүліктің сауда-саттығын жүргізуге арналған өтінім жіберу жолымен жүргізіледі.
      8. Сауда-саттық жүргізуге дайындық мынадай мәселелерді қамтиды:
      1) сауда-саттыққа қойылатын тыйым салынған мүліктің тізбесін айқындау (бір зат немесе лот);
      2) сауда-саттықты өткізу әдісін айқындау;
      3) аукционның әрбір затының бастапқы құнын айқындау;
      4) сауда-саттық өтетін күн мен орынды белгілеу;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында алдағы сауда-саттық туралы хабарландыру мәтінін дайындау;
      6) кепіл ұстаушыны сауда-саттықта тыйым салынған мүлікті сататын уақыт пен орын туралы хабардар ету.
      9. Ағылшындық әдіс бойынша сауда-саттыққа тыйым салынған мүлікті қою кезіндегі бастапқы баға тізімдеменің хаттамасында не бағалаушы маман жүргізген бағалауда көрсетілген бағалау құнына тең.
      10. Өткізілгелі жатқан сауда-саттық туралы хабарландыру сауда-саттық өткізілгенге дейін кемінде он күн бұрын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын ресми хабарламаларды жариялайтын мерзімді баспа басылымдарында, мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады. Атқарушылық іс жүргізу тараптары хабарландырудың мазмұнын сот орындаушысымен алдын ала келісіп, сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруды басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында өз есебінен жариялауға мүмкіндігі бар.
      11. Сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) сауда-саттық өткізу туралы тақырыпты;
      2) аукцион затының атауын және оның сипаттамасын (қысқаша сипаттау);
      3) аукцион затының бастапқы құнын;
      4) сауда-саттық өтетін күнді, уақыт пен орынды;
      5) сауда-саттық өткізу әдісін;
      6) сауда-саттыққа қатысу үшін кепілпұл мөлшерін және Сот әкімшісінің кепілпұл аударылуы тиіс ағымдағы бақылаудағы қолма-қол ақша шотының немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотының деректемелерін;
      7) сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді қабылдайтын мекен-жайды, уақыт пен мерзімін;
      8) аукцион затымен танысатын күнді, уақыт пен тәртібін;
      9) анықтама үшін телефондар мен мекен-жайларды;
      10) уәкілетті органның сенім телефонының нөмірі.
      12. Сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді ұйымдастырушы қабылдайды. Жеке сот орындаушысы өткізетін сауда-саттық бойынша өтінімдерді жеке сот орындаушысының өзі немесе ол уәкілеттік берген қызметкер қабылдайды.
      13. Алдағы сауда-саттық туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін ұйымдастырушы, сонымен қатар жеке сот орындаушысы әлеуетті сатып алушылардан өнімдерді қабылдауды жұмыс уақыты шеңберінде қамтамасыз етуге міндетті.

3. Сауда-саттыққа қатысу шарттары және қатысушыларды тіркеу

      14. Сот орындаушылары мен осы атқарушылық іс жүргізу бойынша шешім шығарған судьялар, тыйым салынған мүлікті бағалаған бағалаушы, сондай-ақ олардың жақын туыстары, ері (жұбайы), борышкер және мүлікті тізімге алу және оған тыйым салу кезінде қатысқан адамдар сауда-саттықта сатып алушы ретінде қатыса алмайды.
      15. Бір-бірімен жақын туыстық қатынастағы адамдар, сондай-ақ аффилиирленген тұлғаларымен бірге заңды тұлғалар сауда-саттыққа бір лот бойынша қатысуға жіберілмейді. Ұйымдастырушы сауда-саттық басталар алдында барлық қатысушылардан осындай байланыстарының жоқтығы туралы тілхат жаздырып алады.
      16. Сауда-саттыққа қатысқысы келетін адамдар қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды тапсырады:
      1) сауда-саттыққа қатысуға өтінім;
      2) сауда-саттыққа қатысуы үшін кедергілердің жоқтығы туралы тілхат;
      3) қатысушының жеке басын куәландыратын құжат және заңды тұлға өкілінің өкілеттігін куәландыратын құжат;
      4) кепілпұл төлегенін растайтын төлем құжаты;
      5) заңды тұлғалар заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуі туралы куәлікті тапсырады.
      Сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер сауда-саттыққа қатысушының толық деректерін: тегі, аты, әкесінің аты, жеке куәлігінің деректері, заңды тұлғаның толық атауы, салық төлеушінің тіркеу нөмірі қажет болған жағдайда жеке идентификациялық нөмірі/бизнес идентификациялық нөмірі. Басқа адамның мүддесін білдіретін адамдар үшін сенімхаттың көшірмесі.
      17. Сауда-саттыққа қатысу үшін кепілақы мүліктің бастапқы құнының бес пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      18. Кепілақыны қатысушының атынан сенімхатпен немесе шартпен уәкілеттік берілген кез келген жеке немесе заңды тұлға салуы мүмкін.
      19. Сауда-саттықты жеңіп алған тұлғаның кепілпұлы сатып алу бағасының шотына есепке алынады. Қалған қатысушылардың енгізген кепілақылары қайтарылуға жатады.
      20. Сатып алушы он күн мерзімінде мүліктің бүкіл сатып алу құнын енгізбеген жағдайда, немесе сауда-саттыққа қатыса алмағандығы белгілі болған жағдайда кепілақы оған қайтарылмайды және ол мемлекет кірісіне түседі.
      21. Сауда-саттыққа қатысушылар:
      1) сауда-саттыққа өздері немесе өз өкілдері арқылы қатысады;
      2) мүлік жөніндегі қосымша мәліметтерді тегін алады;
      3) сауда-саттықта сатылатын мүлікті алдын ала қарай алады;
      4) олардың құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгінеді;
      5) өзінің өтінімін кері қайтарып алады.
      22. Осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырғаннан кейін қатысушыларға мынадай мәліметтер қамтылатын билеттер беріледі:
      1) қатысушы сауда-саттыққа қатысатын нөмір;
      2) сатып алушы сол бойынша қатысатын аукцион затының атауы.
      23. Сауда-саттық өтетін күні қатысушының билеті аукциондық нөмірге ауыстырылады. Сауда-саттық процесінде аукциондық нөмірді басқа тұлғаның пайдалануына жол берілмейді.

4. Сауда-саттықты өткізу тәртібі

      24. Сауда-саттықты мамандандырылған ұйымның басшысы осыған уәкілеттік берген адам (аукционшы) өткізеді. Жеке сот орындаушысы сауда-саттықты дербес өткізеді. Ұйымдастырушы өткізетін сауда-саттыққа мемлекеттік сот орындаушысы қатысады.
      25. Сауда-саттық өтетін уақыт пен орын туралы атқарушылық іс жүргізу тараптары хабардар етіледі. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының болмауы сауда-саттықты өткізуге кедергі болмайды.
      26. Сауда-саттықты бастау алдында оны өткізудің ережесі хабарланады.
      27. Егер кемінде екі сатып алушы (бір лот бойынша) қатысса, сауда-саттық өткізіле алады.
      28. Сауда-саттыққа барлық қатысушылар (бір лот бойынша) бір қатарға немесе бір-біріне тікелей көрінетіндей етіп отырғызылады.
      29. Сауда-саттық сатылатын затты, оның қысқаша сипаттамасын, сауда-саттық өткізу әдісін, бастапқы (алғашқы) бағасын, бағаның өзгеру қадамын хабарлаудан басталады.
      30. Аукционшы бағаны әрбір хабарлағаннан кейін (қадамның артуын немесе төмендеуін ескере отырып) қатысушылар аукциондық нөмірлерін көтеріп, хабарланған баға бойынша лотты сатып алуға өзінің ниетін растайды.
      31. Бірінші сауда-саттықта (ағылшындық әдіс бойынша) аукционшы неғұрлым жоғары баға ұсынған бір қатысушы қалған сәтке дейін хабарланған қадаммен бағаны арттырады, ол ұйымдастырушыға аукциондық нөмірін көрсетеді.
      32. Сауда-саттық барысы хаттамаланады. Хаттаманың бір көшірмесі сатып алушыға сатып алынған мүліктің құнын төлегеннен кейін беріледі, қалғаны атқару құжатында сот орындаушысының өндірісінде қалады.
      33. Сатып алушы сауда-саттық өткізілген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде Сот әкімшісінің бақылаудағы қолма-қол ақша шотына немесе сауда-саттықты өткізген жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына мүліктің сатып алу сомасын енгізеді.
      34. Сатып алушы сатып алынған мүлік үшін барлық сатып алу сомасын енгізгеннен кейін сот орындаушысы болып өткен сауда-саттық туралы хаттама және мүліктен ауыртпалықты (тыйым салуды) алу туралы қаулы құрылады.
      Осымен бір уақытта сот орындаушысының, сатып алушының және борышкердің қатысуымен мүлікті сатып алушыға мүлікті қабылдап алу-тапсыру актісі жасалады. Борышкердің болмауы мүлікті сатып алушыға беруге кедергі болып табылмайды.
      Сонымен бірге, сауда-саттықта мүлікті сатып алушымен сатып алу-сату шарты жасалады. Аталған шарт сатып алушының алған мүлкіне оның меншік құқықтарын (меншік құқықтарының ауысуын) мемлекеттік органдарда тіркеу үшін негіз болып табылады.
      35. Мүлікті сатып алушы он жұмыс күн ішінде сатып алу бағасын енгізбеген жағдайында, аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционның екінші қатысушысы үш жұмыс күн ішінде мүлікті өзінің аукционда жариялаған бағасы бойынша сатып алуға арыз беру мүмкіндігі туралы хабарлайды.
      36. Егер жеңімпаз сауда-саттықтың хаттамасына қол қоюдан бас тартса, онда осы лот бойынша сауда-саттық оның қатысуынсыз қалған қатысушылармен қайта жаңғыртылады.
      Егер қатысушы біреу ғана болса, онда мүлік оған ол сауда-саттықта ұсынған соңғы неғұрлым жоғары бағамен ұсынылады.
      37. Сауда-саттық мынадай жағдайда өтпеді деп жарияланады:
      1) егер сауда-саттыққа екіден кем сатып алушы келсе;
      2) егер келген сатып алушылардың ешқайсысы мүліктің бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
      3) егер сатып алушы мүліктің толық сатып алу құнын он күн ішінде енгізбесе, ал аукционның ең жоғары сатып алу бағасын ұсынған екінші қатысушысы өзінің мүлікті сатып алу мүмкіндігін пайдаланбаса;
      4) аукционның екінші қатысушысы осы Заңның 81-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда өзі жариялаған сатып алу бағасын он күндік мерзімде енгізбесе.
      38. Сот орындаушысы сауда-саттықты өтпеді деп тану туралы тиісті қаулы шығарады.
      39. Егер сауда-саттық өтпесе, осы Ереженің 20-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілпұл оны салған адамдарға қайтарылады.
      40. Осы Ереженің 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, алғашқы сауда-саттық өтпеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға бастапқы бағаның жиырма пайызына төмендетілген бағамен мүлікті өзіне қалдыру мүмкіншілігі беріледі. Бұл үшін өндіріп алушыға жазбаша нысанда ұсыныс беріледі, ол жазбаша бас тартқан жағдайда сот орындаушысы Заңда және Осы Ережеде белгіленген ережелерді сақтай отырып, қайталама сауда-саттық тағайындайды.
      Өндіріп алушының бес жұмыс күні ішінде жауап бермеуі мүлікті қабылдаудан бас тартуды білдіреді, бұл туралы оған көрсетілген мерзімі біткен кезде жазбаша түсіндіріледі.
      41. Мүліктің бастапқы бағасы қайталама сауда-саттық өткізген кезде алғашқы сауда-саттық өткізген кездегі бастапқы бағаға, яғни мүліктің бастапқы бағасына тең болады. Бұл ретте қайталама сауда-саттық үшін белгіленген баға қатысушылардың біреуі мүлікті жарияланған бағамен сатып алуға келіскен сәтке дейін жарияланған қадаммен төмендейді, ол сауда-саттыққа қойылған мүліктің бастапқы бағасының елу пайызынан төмен болмауы тиіс.
      42. Мүлікті сатып алуға келіскен қайталама сауда-саттыққа қатысушы ұйымдастырушыға қатысушының аукциондық нөмірін көрсетеді және сауда-саттық хаттамасына қол қояды.
      43. Қайталама сауда-саттық өтпеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға жазбаша нысанда соңғы жарияланған бағамен борышкердің мүлкін өзіне қалдыру ұсынылады. Сот орындаушысы қайталама сауда-саттықты өтпеді деп тану туралы тиісті қаулы шығарады.
      44. Өндіріп алушы борышкердің мүлкін соңғы жарияланған бағамен өзіне қалдырудан жазбаша бас тартқан жағдайда осы мүліктен тыйым салу алып тасталмайды. Бұл ретте мамандандырылған ұйымдағы немесе жеке сот орындаушысында мүлік борышкерге иеліктен шығару құқығынсыз қайтарылуы мүмкін.
      45. Борышкердің тыйым салынған мүлкін сатудан алынған және өндіріп алушыларға беруге жататын қаражат Сот әкімшісінің бақылаудағы қолма-қол ақша шотына немесе сауда-саттықты өткізген жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есепке алуға жатады.
      46. Ұйымның және тұлғалардың тыйым салынған мүлікті бағалау, тасымалдау, сақтау және сату жөніндегі көрсетілген қызметтері Заңға сәйкес өтеуге жатады.
      47. Ұйымдастырушы сауда-саттық өткізілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сот орындаушысы мен Сот әкімшісіне ақы төлеу шотын және ұйымдастырушының қызметтері құнын орындау жөніндегі шығыстарға қосу үшін растайтын құжаттарды ұсынады.
      48. Мемлекеттік сот орындаушысы Сот әкімшісінің бақылаудағы қолма-қол ақша шотына өндіріп алынған сома (борышкердің, мүлікті сатып алушының қаражаты) түскен сәттен бастап, жеті жұмыс күннен аспайтын мерзімде Заңның талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырушының қызметтері үшін сомаларды аудару туралы қаулы шығарады.
      49. Орындау жөніндегі шығыстар олар бойынша өтелмей қалған атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған (аяқталған) барлық жағдайларда сот орындаушысы бұл туралы осы шығыстарды шеккен адамдарға бес жұмыс күн бұрын хабарлайды.
      50. Сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметтері құны шартта айтылады және ұйымдастырушы ұсынған және уәкілетті орган келіскен бекітілген тарифтерді ескере отырып белгіленеді. Жеке сот орындаушысының сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шығыстары орындау жөніндегі шығыстарға жатады.