Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізудің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 25 ақпандағы № 118 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 2 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6153 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізудің қоса беріліп отырған ережесі бекітілсін.
      2. Егiншiлiкті дамыту және фитосанитариялық қауiпсiздiк департаментi осы бұйрықтың заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғанынан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Министрдің м.а.                                   М. Оразаев

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрдің м.а.
2010 жылғы 25 ақпандағы № 118  
бұйрығымен бекітілген      

Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізудің ЕРЕЖЕСІ

      1. Осы, Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізудің Ережесі (келесіде - Ереже) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекция жетістіктерін қорғау туралы», 2003 жылғы 8 ақпандағы  «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңдарына сәйкес дайындалған және Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу ретін анықтайды.
      2. Осы Ережеде келесі түсініктер пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия (келесіде - Мемкомиссия) - өсімдік сорттарының патентке қабілеттілігі мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жүргізетін тұқым шаруашылығы саласына өкілетті органның қарамағындағы мекеме;
      2) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесі (келесіде - Мемтізбе) – Мемтізбеге Қазақстан Республикасында шаруашылыққа пайдалануға рұқсат етілген сорттар мен асыл тұқымдар енгізілген;
      3) сорт - шаруашылық және биологиялық қасиеттері, морфологиялық белгілері ұқсас, шығу жағынан тектес, белгілері тұқым қуалайтын және ботаникалық таксонда бірге тұрған өсімдік топтарынан кем дегенде бір белгіден айырмашылығы бар бір дақылдағы өсімдіктер тобы.
      3. Мемтізбені жүргізуді Мемкомиссия жүзеге асырады.
      4. Тізбе Қазақстан Республикасында өсірілетін өсімдік сорттарын жүйелеу мақсатында және олардың ұлттық нарығын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының осы салада халықаралық ынтымақтастыққа кіруіне жағдай жасайды.
      5. Тізбеге ауыл шаруашылығы дақылдары мен басқа да өсірілетін өсімдіктердің Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген отандық және шетелдік селекция жетістіктерінің сорттары, Мемкомиссияда жүргізілген сынау нәтижелері, өтініш берушінің көрсеткіштері және эксперттік бағалаудың қорытындыларының негізінде енгізіледі.
      Мемкомиссия Қазақстан Республикасы ұйымдарының, басқа мемлекеттердің де сынақ нәтижелерін және ұсыныс берушінің ұсынған көрсеткіштерін, олармен осы бағытта шарт жасалынған жағдайда, пайдалана алады.
      6. Мемлекеттік сынау нәтижесі бойынша Мемтізбеге енгізілетін сорттардың өнімділігі стандарттардан жоғары болуы, негізгі ауруларға шыдамдылығы олардан төмен болмауы, немесе сортты пайдалану мақсатын анықтайтын ерекше шаруашылық бағалы белгілері болуы тиіс.
      7. Тұқым шаруашылығы саласынадағы уәкілетті орган құрған Мемтізбедегі өзгерістерді қарайтын және өзгеріс енгізетін республикалық комиссия, сорттың шаруашылыққа пайдалылығын мемлекеттік немесе өтініш берушінің сынақ нәтижелері бойынша Мемтізбеге өзгерістер мен толықтырулар жөнінде шешімдер қабылдау үшін тұқым шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға ұсыныс береді.
      8. Мемтізбеге енгізілетін өзгерістердің тізілімі жыл сайын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітіледі және Мемкомиссияның ресми бюллетенінде жарияланады.
      9. Тізбеге келесі деректер кіргізіледі: сорттың атауы, пайдалануға берілген жылы, пайдалануға болатын облыстары немесе аймақтары, оригинатордың нөмірі, жеке дақылдар бойынша тиесілі кодтармен белгіленген шаруашылық-биологиялық мінездемелері көрсетілген.
      10. Мемтізбенің қосымшаларында, түскен өзгерістер бойынша реттеліп отыратын, күшті бидай мен дәнді дақылдар, жармалық және дәндібұршақтық дақылдар, арпаның сыра қайнататын аса бағалы сорттары, күнбағыстың жоғарымайлы сорттары мен будандары, рапстың эруксіз (0-типті) және эруксіз төменглюкозинолатты (00-типті) сорттарының тізімдері келтірілген.
      11. Мемкомиссия мекеме-оригинаторларға Мемтізбеге енгізілген сорттар мен будандарға авторлық куәлік пен куәлік береді.