Фильмнің индексін айқындаудың критерийлерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің м.а. 2010 жылғы 5 қазандағы № 108 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 1 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6612 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің м.а. 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 163 бұйрығымен

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Мәдениет министрінің м.а. 2011.12.05 № 163 (қол қойылған күнінен бастап күшіне енгізіледі) бұйрығымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 35) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Фильмнің индексін айқындаудың критерийлері бекітілсін.
      2.Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі А. Бөрібаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Мәдениет министрінің
      міндетін атқарушы                                 Ғ. Телебаев

Қазақстан Республикасы
Мәдениет министрі 
міндетін атқарушының
2010 жылғы 5 қазандағы
№ 108 бұйрығымен  
бекітілген    

Фильм индексін белгілеу критерийлері

      1. Осы Фильм индексін белгілеу критерийлері (бұдан әрі - Критерии) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабы 35) тармақшасын сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында шығарылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) үшін әкелінген (жеткізілген) фильмдерді көрермендердің жас шегіне қарай топтастыру мақсатында фильмдердің мазмұнына талаптар белгілейді.
      2. Фильмдерді топтастыру балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, сезімі мен рухани дамуына зиян келтіруі мүмкін дыбыстау-бейнелеу шығармалардан оларды қорғауға, сондай-ақ ересек аудиторияға фильмді көруде таңдау құқығын ұсынуға арналған.
      3. Көрермендердің жас шегіне қарай фильмдердің мынадай индекстері белгіленеді:
      1) «К» – әртүрлі жастағы көрермендерге арналған фильмдер;
      фильмдерде жалаңаш көріністер, зорлық-зомбылық пен қатыгездік, сексуалдық, есірткі құралдары мен психотропты заттарды қабылдау көріністері, қайғылы оқиғалар, апаттар, өзін-өзі өлтіру әрекеті, ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыс, өлім, өлімге әкеп соғатын сырқаттар тақырыбына, «табиғаттан тыс» тақырыптарға немесе «үрей» тудыратын тақырыптарға, ішімдікке және есірткіге тәуелділік проблемалары, неке бұзу, нәсілшілдік, діни мәселелері, әлеуметтік жат мінез-құлық мәселелері жоқ.
      Фильмде жаргон, балағат сөз және нормативтік емес лексика пайдаланылмайды.
      2) «БА» – он екі жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берілген фильмдер;
      фильмдерде сексуалдық көріністер, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды қабылдау көріністері, өзін-өзі өлтіру әрекеті, ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыс, өлімге әкеп соғатын сырқаттар көріністері жоқ.
      Фильмдерде қантөгісті демонстрацияламайтын зорлық-зомбылық көріністері, қайғылы оқиғаның немесе апаттың қысқаша бейнесі, жекелеген жалаңаш кадрлар бар.
      Фильмдерде балағатсыз және нормативтік емес лексикасыз белгілі жаргон сөздер пайдаланылады.
      3) «Б14» – он төрт жасқа дейінгі балаларға ата-аналарымен бірге көруге ұсынылатын фильмдер;
      фильмдерде өзін-өзі өлтіру әрекеті, қылмыс, жемқорлық, отбасылық өмір мен неке бұзу тақырыптарының проблемалары, есірткіге және ішімдікке тәуелділік, өлім мен сырқаттар, нәсілшілдік, діни мәселелер, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды қолданудың қысқаша көріністері бар.
      Фильмдерде зорлық-зомбылық пен қатыгездік элементтері (төбелес, қару қолдану), жалаңаш натура көріністері бар.
      Фильмде дөрекі жаргон, балағат сөздер пайдаланылады.
      4) «Е16» – он алты жасқа дейінгі көрермендерге ата-аналарымен бірге көруге ұсынылатын фильмдер;
      фильмдерде өзін-өзі өлтіру, қылмыс, сыбайлас жемқорлық, отбасылық өмір мен неке бұзу тақырыптарының проблемалары, есірткіге және ішімдікке тәуелділік, өлім мен ауыр сырқаттар, нәсілшілдік, діни мәселелер көріністері бар. Фильмдерде зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністері, есірткі құралдары мен психотропты заттарды қабылдау және олардың салдарларының көріністері бар, бірақ осы құбылысты ақтау немесе есіркеу тұрғысынан емес.
      Фильмдерде гетеросексуалды жұптардың сексуалды өзара қарым-қатынастары жалпыға ортақ тәртіп нормалары шегінен шықпаған жағдайда, болжанады және имитацияланады.
      Фильмдерде дөрекі жаргон, балағат, нормативтік емес лексика сөздері пайдаланылады.
      5) «Е18» – он сегіз жастан асқан көрермендерге арналған фильмдер;
      фильмдерде кино туындысының сюжеті және көркемдік міндеті жағынан уәжделген жағдайда жыныстық қатынас немесе өзге де эротикалық әрекеттер, сексуалдық зорлық немесе күштеу көріністері; зорлық-зомбылық көріністері, егер ол егжей-тегжейлі және аса қатыгездікпен берілмесе; есірткіге салыну және оның салдарлары, бірақ оң мағынада емес; әлеуметтік жат қылық көріністері бар.
      Фильм кейіпкерлерінің сөйлеген сөздеріне шектеу жоқ.
      6) «НА» – жиырма бір жасқа толған көрермендерге ғана арналған фильмдер;
      фильмдерде конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді үгіттеу немесе насихаттау, Республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне зиянкестік жасау, соғыс, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік және рулық үстемдік, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа, порнографияға табыну көріністерінен басқа кез келген көріністер бар.
      Фильм кейіпкерлерінің сөйлеген сөздеріне шектеу жоқ.
      4. Заңның 28-3-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген орындарда «НА» индексі бар фильмдер жергілікті уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 6-ға дейін көпшілікке көрсетіледі (демонстрацияланады).
      Телевизия арқылы «Е18» индексі бар фильм жергілікті уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 6-ға дейін, «НА» индексі бар фильмді жергілікті уақытпен сағат нөлден кейін таңғы сағат 6-ға дейін көрсетіледі.
      5. Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді үгіттеу немесе насихаттау, Республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне зиянкестік жасау, соғыс, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік және рулық үстемдік, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табыну көріністері бар фильмдерге индекс айқындалмайды.
      6. Фильмге прокаттау куәлігін алған тұлға көрерменді фильмнің индексі туралы хабардар етеді.