"Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2001 жылғы 11 желтоқсандағы № 148 бұйрығына толықтыру енгізу туралы"

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 27 қыркүйектегі N 269 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 25 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6608 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 77-бабының 3-тармағын, "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағы 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. "Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2001 жылғы 11 желтоқсандағы № 148 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1720 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де органдардың нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған, 2002 жыл, № 7-8, 542-құжат), мынадай толықтыру енгізілсін:
      аталған бұйрықпен бекітілген түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп Ережелері мынадай мазмұндағы 3-1 тараумен толықтырылсын:

"3-1. Діни ғұрыптарды орындау тәртібі

      17-1. ТМ-не тіркеуден өткен діни бірлестіктердің өкілдері келе алады.
      17-2. Сотталғандардың діни сенім бостандығына деген құқықтарын сақтау бойынша дербес жауапкершілік ТМ бастығына жүктеледі. Діни бірлестіктердің сотталғандар арасындағы жұмысын ТМ бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары ұйымдастырады және бақылайды.
      17-3. Діни бірлестіктер қандай аумақтық әділет органдарында тіркелсе, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тиісті Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (бұдан әрі – облыстық ҚАЖКД) діни бірлестіктерге ТМ-не келіп сотталғандармен жұмыс жасауына рұқсат береді.
      17-4. ТМ әкімшілігі діни бірлестіктермен бірге бірлескен жұмыс жоспарын және діни бірлестіктер өкілдерінің ТМ-не келу кестесін әзірлейді, онда келу тақырыбы, күні, уақыты және құдайға сыйыну, дәстүр және рәсімдерді өткізудің басқа да жағдайлары көрсетіледі.
      17-5. Жоспар мен кесте ТМ бастығы мен тиісті діни бірлестіктің аға діни дәрежелі өкілімен бекітіледі және бір жыл ішінде жүзеге асырылады.
      17-6. Діни бірлестік мемелекеттік тіркелу (қайта тіркелу) куәлігінің, жарғының (ережесінің), ТМ-не келуді жоспарлаған діни бірлестіктер өкілдерінің тізімін және жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмелерін ТМ-не ұсынады.
      17-7. ТМ әкімшілігі:
      1) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетіне сотталғандармен діни ғұрыптарды орындайтын діни бірлестіктер өкілдерінің соттылығының бар-жоғы туралы ағымдағы бес жұмыс күні ішінде сұрау хат;
      2) тиісті облыстың аумағында жергілікті діни бірлестіктердің тіркелгендігін растау туралы аумақтық әділет органдарына ағымдағы бес жұмыс күні ішінде сұрау хат жолдайды.
      17-8. Сұрау хаттарға жауаптар алынғаннан кейін, ТМ әкімшілігі барлық жоғарыда аталған құжаттарды ТМ-не кіруге рұқсат алу үшін ағымдағы бес жұмыс күні ішінде облыстық ҚАЖКД-не жолдайды.
      17-9. Облыстық ҚАЖКД, ұсынылған құжаттарды зерделеп, діни бірлестіктер өкілдеріне ағымдағы бес жұмыс күні ішінде ТМ-не кіруге рұқсат береді не одан бас тартады. Рұқсат берудің не одан бас тартудың дәлелді негіздері міндетті түрде көрсетіле отырып, жазбаша ресімделеді. Бас тартуға заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
      17-10. Рұқсат алған жағдайда, ТМ әкімшілігі мен діни бірлестік өкілдері арасында екі жақтың міндеттері, келісімнің мерзімі, оны ұзарту немесе тоқтату талаптары көрсетілетін өзара ынтымақтастық туралы келісім жасайды.
      17-11. Дiни мазмұндағы материалдар мен дiни мақсаттағы заттар діни сараптамадан өткеннен кейін ТМ аумағына кіргізіледі.
      17-12. ТМ әкiмшiлiгi дiни бірлестіктердің өкiлдерiнің назарына ТМ-не келу тәртiбін жеткiзедi және олардың қауiпсiздiгi шараларын қамтамасыз етедi.
      17-13. Діни қызметшілер сотталғандармен қайырымдылық, рухани-өнегелік және қамқоршылық жұмыстарын жүргізеді және ізгілік көмек көрсетеді.
      17-14. Сотталғандардың рухани-өнегелік тәрбиесінің негізгі нысандары: жеке, топтық, жаппай.
      17-15. Сотталғандардың рухани-өнегелік тәрбиесінің түрлері:
      1) сотталғандармен жеке сұхбат жүргізу;
      2) сотталғандар тобының алдында сөз сөйлеуі;
      3) діни мазмұнды әдебиетті тарату.
      17-16. Діни ғұрыптарды дiни бiрлестiктерде жұмыс iстейтiн дiни қызметшiлері ғана жүзеге асырады.
      17-17. Дiни мазмұндағы материалдар мен дiни мақсаттағы заттар арнайы бөлінген бөлмелерде сақталады. Оларды олар сақталатын үй-жайлардан басқа жерлерде қолдануға жол берілмейді.
      17-18. Діни ғимараттарға (үй-жайларға) діни ғұрыптарды орындау үшін бару осы Ережеде көзделген іс-шараларды өткізуге кедергі келтірмеуі және де басқа адамдардың құқықтарына қысым жасамауы тиiс. Оған бару жеке жасалған бару кестесі бойынша, көпшілік іс-шаралар өткізу уақытынан басқа кезде (сотталғандардың бар-жоғын тексеру, тамақтану, ұйқыға бөлінген уақыт және т.б.) ұйымдастырылады.
      17-19. Бөлек тұрған мешіт пен шіркеу және сыйыну бөлмелері қатаң белгіленгені бойынша пайдаланады, бұл ретте олардың ішінде сыйынудан бос уақытында сотталғандардың тұруы мен болуына жол берілмейді. Түнгі уақыт және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу кезінде діни ғимараттар жабық болуы тиіс, кілті колония бастығының кезекші көмекшісіне тиісті журналға қол қоя отырып, беріледі.
      17-20. Діни ғимараттарға кіру мүмкіндігі ТМ-нің күн тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
      17-21. Діни ғимараттардың жұмысына ТМ-нің кезекші ауысымы санынан жауапты қызметкерлері тағайындалады, олар діни ғұрыптарды орындау кезінде қатысады.
      17-22. Сотталғандардың діни ғимараттарға келу есебі келушілерді тіркеу журналында тіркеледі (тегі, аты, әкесінің аты, келген күні мен уақыты жазылады) осы журнал діни ғимаратында (үй-жайларда) тұрады.
      17-23. Діни бірлестік өкілдерінің келуіне тыйым салуға негіз болған жағдайда (осы Ережені бұзу фактілері) олардың бұдан әрі ТМ-не келуі тоқтатылады. Келуді қайта бастау, себептер жойылғаннан кейін және осы Ереженің 17-3, 17-4, 17-5 тармақтарымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады".
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрінің
      міндетін атқарушы                          Д. Құсдәулетов