"Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы"

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі N 468 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 18 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6573 болып енгізілді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 8-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесі бекітілсін.

      2. Дамыту стратегиясы департаменті (С.М. Өмірбаев):

      1) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

      3. "Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 659 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2008 жылғы 17 қаңтардағы № 5096 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдары актілерінің 2008 жылғы 28 мамырдағы № 5 жинағында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Н. Сарыбековке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Жұмағұлов


  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2010 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 468 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесі Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Білім туралы", "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы", "Босқындар туралы", "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу тәртібін реттейді.

      2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша тұратын тұлғалардың (босқындар, пана іздеген адамдар, консулдық лауазымды тұлғалар, дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері, Қазақстан Республикасында көші-қон заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін еңбек мигранттары) балалары мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу үшін білім беру ұйымдарына қабылданады және Қазақстан азаматтарымен бірдей құқықтарға ие.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.08.28 № 398 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

2. Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ тұлғаларды оқу мекемелеріне қабылдау тәртібі

      3. Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ тұлғаларды оқуға қабылдау, олардың оқуын ұйымдастыру, білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету тәртібі олардың ата-аналары және заңды өкілдері Қазақстан Республикасында тұрақты және уақытша тұрған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтары үшін қарастырылған жағдайларда жүзеге асырылады.

      4. 16 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары немесе заңды өкілі шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар өз баласын білім беру ұйымдарына оқуға берген кезінде Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға құқық берілген құжатты ұсынады:

      шетелдік - шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты;

      азаматтығы жоқ тұлға - азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі;

      босқын - босқынның куәлігі;

      паналатуды іздеуші тұлға - паналатуды іздеуші тұлғаның куәлігі;

      қандас - қандас куәлігі немесе көші-қон органдарының анықтамасы.

      Аталған талаптар Консулдық қатынастар туралы және Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес елшіліктер мен консулдықтардың қызметкерлеріне қолданылмайды.

      Қазақстан Республикасында уақытша тұратын тұлғалар төлқұжат көшірмесін көрсетуі қажет.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 05.10.2021 № 500 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Білім беру ұйымдарының басшылары Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған тұлғалардың балаларын қабылдау кезінде, аталған балалардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген құжаттарды талап етеді.

      Балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері құжаттарды ұсынудан бас тартуы кезінде, білім беру ұйымдарының басшылары тез арада ішкі істер органдарын хабардар етеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 05.10.2021 № 500 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Білім беру ұйымдарының басшылары шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың балаларын олардың шет елде алған білім деңгейіне, білімі туралы құжаттарына сәйкес тиісті сыныптарға қабылдайды.

      Білім туралы құжаттары жоқ болған жағдайда қалалық (аудандық) білім бөлімі комиссия құрып, үміткердің білім деңгейін анықтайды. Білім алушылардың қатарына тіркеу комиссиясының шешімі негізінде білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен жүргізіледі.

      7. Қазақстан Республикасында уақытша тұратын шетелдіктер оқу мерзіміне байланысты білімі туралы тиісті құжаттарын алады (негізгі орта білім туралы куәлік, орта білім туралы аттестат, білім алу деңгейін толық аяқтай алмаған жағдайда - оқу үлгерімі туралы табель немесе білім беру ұйымының мөрімен расталған пәндер бойынша бағалар жазылған сынып журналынан анықтама-үзінді).