Кадрлардағы қазақстандық қамтудың ең аз санын есептеу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2010 жылғы 27 қыркүйектегі № 319-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 12 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6553 болып енгізілді

Қолданыстағы

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 26-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кадрлардағы қазақстандық қамтудың ең аз санын есептеу ережесі бекітілсін.
      2. Жұмыспен қамту және көші-қон департаменті (Д.Р. Арғындықов) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республиканың Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық бірінші ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                  Г. Әбдіқалықова

Қазақстан Республикасы   
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің     
2010 жылғы 27 қыркүйек    
№ 319-ө бұйрығымен бекітілген

Кадрлардағы қазақстандық қамтудың ең аз санын есептеу ережесі

      1. Кадрлардағы қазақстандық қамтудың ең аз санын есептеу ережесі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына сәйкес әзірленді және жер қойнауларын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу кезінде кадрлардағы қазақстандық қамтудың ең аз санын есептеуге арналған.
      2. Қазақстандық қамту санаттар бойынша келісімшартты орындауға жұмылдырылған персоналдың жалпы санына кадрлардағы қазақстандық қамтудың пайыздық мәнін айқындау негізінде белгіленеді.
      3. Қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтылуы мына санаттар бойынша айқындалады:
      1) бірінші санат – басқарушы құрам;
      2) екінші санат – жоғары және орта кәсіптік білімі бар мамандар;
      3) үшінші санат – білікті жұмысшылар.
      Бірінші санатқа жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың (директор, басқарма төрағасы және мүшелері, т.б.) ағымдағы қызметін басқаруды жүзеге асыратын атқарушы органның құрамына кіретін адамдар, олардың орынбасарлары, филиалдардың басшылары, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың жекелеген бағыттағы қызметін басқаруды, құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіру мен бақылауды қоса жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы және (немесе) оператор лауазымындағы адамдар (басқарушы, орындаушы, қаржы, коммерциялық директорлары) жатады.
      Екінші санатқа жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың құрылымдық бөлімшелерін басқаратын және жер қойнауын пайдаланушының қызмет процесіне тікелей басшылықты жүзеге асыратын қызметкерлер, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың штатында тұратын арнайы білімі және жұмыс дағдысы, тәжірибесі бар қызметкерлер жатады.
      Үшінші санатқа жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында белгіленген кәсіптік талаптарға сәйкес келетін білікті жұмысшылар жатады.
      4. Тиісті санаттар бойынша қазақстандық кадрлардағы пайыздық қамту мына формула бойынша айқындалады:

VKC
   h = ------- x 100%
Vo 

      бұл жерде
      - VKC - тиісті санаттағы қазақстандық кадрлардың саны;
      - Vo – келісімшартты орындауға жұмылдырылған тиісті санаттағы персоналдың жалпы саны.
      5. Персоналдың жалпы санына қатысты кадрлардағы қазақстандық қамтудың ең аз саны мынадай мөлшерде белгіленеді:
      бірінші санат үшін – 70 %;
      екінші және үшінші санат үшін – 90 %.