"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы
Заңының
6-бабының 1-тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты
ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1. Қоса берілген "Қызылорда облысының құрметті азаматы" атағын беру ережесі бекітілсін.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облыстық мәслихатының
ХV сессиясының төрағасы І.Баймұханов
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.Құдайбергенов
Қызылорда облыстық мәслихатының
2009 жылғы 27 наурыздағы
N 146 шешімімен бекітілген
"Қызылорда облысының Құрметті азаматы" атағын беру
ЕРЕЖЕСІ
1. "
Қызылорда облысының Құрметті азаматы" атағын беру – қоғамдық өмірдің салаларын дамытуға ерекше еңбек сіңірген мемлекет және қоғам, ғылым, мәдениет және әдебиет, өнер қайраткерлерін еліміздің, облысымыздың алдындағы көп жылғы қызметін көтермелеудің бір түрі болып табылады.
2. "Қызылорда облысының Құрметті азаматы" атағы (бұдан әрі – атақ) облыстың, Қазақстан Республикасының экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани, өнер, ғылым салаларының дамуына, қайырымдылық жасау қызметінде үлгі көрсетіп, азаматтар мен жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, бейбітшілік пен достықты, ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға қосқан қомақты үлесі мен ерекше жетістіктері үшін облыс әкімінің ұсынысы бойынша Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жылына бір рет беріледі.
3. Атақ облыс аумағында тұрмайтын азаматтарға да берілуі мүмкін.
4. Құрметті атаққа ие болған адамға куәлік және төсбелгі беріледі және оның есімі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталатын "Қызылорда облысының Құрметті азаматтары" кітабына енгізіледі.
5. Куәлікті, төсбелгіні, "Қызылорда облысының Құрметті азаматтары" кітабын жобалау және жасап шығару облыс әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясына жүктеледі.
6. Атаққа кандидатураларды меншік нысанына қарамастан тиісті орган, мекеме, кәсіпорын, ұйым, бірлестік, серіктестіктер ұсына алады. Келген ұсынымдар облыс әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясының қарауына жолданады.
7. Облыс әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясының қарауына атаққа ұсынылған кандидатураға мінездеме беріледі. Онда өндірістік, шығармашылық, қайырымдылық жұмыстардағы нақты сіңірген еңбегі, жұмысының тиімділігі мен сапасы туралы мәліметтер, наградалары көрсетіледі.
8. Атаққа ұсынылған кандидатураларға ұсыныс пен мінездеме, 3х4 және 6х9 көлемдегі екі сурет алдын ала қарау үшін облыс әкімінің жанындағы комиссияға тапсырылады.
9. Облыс әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясының қорытындысын ескере отырып, облыс әкімі кандидатураны облыстық мәслихатқа ұсынады.
10. Куәлікті және төсбелгіні облыс әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы салтанатты түрде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен тапсырады.