"Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру ережесін бекіту туралы

Қызылорда облыстық мәслихатының 2009 жылғы 27 наурыздағы N 146 шешімі. Қызылорда облыстық Әділет департаментінде 2009 жылы 16 сәуірде N 4225 тіркелді

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру ережесі бекітілсін.
      2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. Атауы мен 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қызылорда облыстық мәслихатының 2009.06.26 N 162 Шешімімен.

      Қызылорда облыстық мәслихатының
ХV сессиясының төрағасы                           І.Баймұханов
      Қызылорда облыстық
мәслихатының хатшысы                              Н.Құдайбергенов

Қызылорда облыстық мәслихатының
      2009 жылғы 26 маусымдағы
N 162 шешіміне қосымша

Қызылорда облыстық мәслихатының
      2009 жылғы 27 наурыздағы
N 146 шешімімен бекітілген

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Қызылорда облыстық мәслихатының 2009.06.26 N 162 Шешімімен.

      "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру
ЕРЕЖЕСІ

      1. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру - қоғамдық өмірдің салаларын дамытуға ерекше еңбек сіңірген мемлекет және қоғам, ғылым, мәдениет және әдебиет, өнер қайраткерлерін еліміздің, облыстың (қаланың, ауданның) игілігі жолындағы көп жылғы қызметін мадақтаудың бір түрі болып табылады.
      2. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы (бұдан әрі - атақ) Қазақстан Республикасының, облыстың (қаланың, ауданның) экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани, өнер, ғылым салаларының дамуына, қайырымдылық жасау қызметінде үлгі көрсетіп, азаматтар мен жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, бейбітшілік пен достықты, ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға қосқан қомақты үлесі мен ерекше жетістіктер үшін облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша Қызылорда облыстық (қалалық, аудандық) мәслихатының шешімімен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жылына бір рет беріледі.
      3. Атақ облыс (қала, аудан) аумағында тұрмайтын азаматтарға да берілуі мүмкін.
      4. Құрметті атаққа ие болған адамға куәлік, төсбелгі беріледі және оның есімі облыстық (қалалық, аудандық) тарихи-өлкетану мұражайында сақталатын "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматтары" кітабында енгізіледі.
      5. Куәлікті, төсбелгіні, "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматтары" кітабын жобалау және жасап шығару облыс (қала, аудан) әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясына жүктеледі.
      6. Атаққа кандидатураларды меншік нысанына қарамастан тиісті орган, мекеме, кәсіпорын, ұйым, бірлестік, серіктестіктер ұсына алады. Келген ұсынымдар облыс әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясының қарауына жолданады.
      7. Облыс (қала, аудан) әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясының қарауына атаққа ұсынылған кандитураға мінездеме беріледі. Онда өнідірістік, шығармашылық, қайырымдылық жұмыстардағы нақты сіңірген еңбегі, жұмысының тиімділігі мен сапасы туралы мәліметтер, наградалары көрсетіледі.
      8. Атаққа ұсынылған кандидатураларға ұсыныс пен мінездеме, 3х4 және 6х9 көлемдегі екі сурет алдын ала қарау үшін облыс (қала, аудан) әкімінің жанындағы комиссияға тапсырылады.
      9. Облыс (қала,аудан) әкімінің жанындағы марапаттау комиссиясының қорытындысын ескере отырып, облыс (қала, аудан) әкімі кандидатураны облыстық (қалалық, аудандық) мәслихатқа ұсынады.
      10. Куәлікті және төсбелгіні облыс (қала, аудан) әкімі, облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың хатшысы салтанатты жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен тапсырады.