Стационарды алмастыратын көмек көрсету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 26 қарашадағы N 798 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2009 жылғы 2 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5951 болып енгізілді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 48-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Стационарды алмастыратын көмек көрсету ережесі бекітілсін.
      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының, стационарды алмастыратын көмек көрсететін республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары осы бұйрықты іске асыру үшін шаралар қабылдасын.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және денсаулық сақтау саласын дамыту департаменті (А.Т. Айдарханов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Әкімшілік-құқықтық жұмыстар департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      5. Мынадай:
      1) "Стационарды алмастыратын медициналық көмекті дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2003 жылғы 14 қарашадағы N 840 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде N 2596 тіркелген);
      2) "Стационарды алмастыратын медициналық көмекті дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2003 жылғы 14 қарашадағы N 840 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2004 жылғы 24 желтоқсандағы N 899 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде N 3396 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде N 14 жарияланған, 2005 ж., 54-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      6. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
      7. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау министрдің
      міндетін атқарушы                               Б. Садықов

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
міндетін атқарушының    
2009 жылғы 26 қарашадағы  
N 798 бұйрығымен      
бекітілген         

Стационарды алмастыратын көмек көрсету ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Стационарды алмастыратын көмек көрсету ережесі (бұдан әрі – Ереже) меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібін белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) стационарды алмастыратын көмек – бiр күннiң iшiнде ұзақтығы төрт сағаттан сегiз сағатқа дейiн болатын медициналық бақылауы бар дәрiгерге дейiнгi, бiлiктi, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны;
      2) күндізгі стационар – халыққа стационарды алмастыратын көмек көрсететін медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі;
      3) үйдегі стационар – халыққа стационарды алмастыратын көмекті үй жағдайында көрсету.
      3. Стационарды алмастыратын көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде медициналық қызметтің сәйкес түріне лицензиясы бар медициналық ұйымдарда көрсетіледі.
      4. Стационарды алмастыратын көмекті күндізгі стационарларда амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін ұйымдар, үйдегі стационарда – алғашқы медициналық-санитариялық және жедел медициналық көмек көрсететін ұйымдар ұсынады.
      5. ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын көмек: күндізгі стационар жағдайында амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін ұйымдардың жоғары медициналық білімі бар қызметкерлері берген жолдама бойынша, үйдегі стационар жағдайында – алғашқы медициналық-санитариялық және жедел медициналық көмек көрсететін ұйымдардың жоғары медициналық білімі бар қызметкерлері берген жолдама бойынша көрсетіледі.
      6. ТМККК шеңберіне кірмейтін стационарды алмастыратын көмек көрсету қызметтері ақылы негізде көрсетіледі.

2. Стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібі

      7. ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын көмек көрсету пациентте күндізгі стационарда емделуге жолдамасы, зертханалық, аспаптық зерттеулердің нәтижелері және осы пациентті емдеу үшін қажетті бейінді мамандардың консультациясы болған жағдайда жүзеге асырылады.
      8. Пациент түскен кезде:
      1) күндізгі стационарда күндізгі стационардағы науқастың картасы;
      2) үйдегі стационарда – үйдегі стационардағы науқастың картасы толтырылады.
      9. Пациент туралы мәліметтер бастапқы медициналық есеп құжатында тіркеледі:
      1) күндізгі стационардағы науқастың есеп журналында;
      2) үйдегі стационардағы науқастың есеп журналында.
      10. Стационарды алмастыратын көмек көрсеткен кезде дәрігер пациентті күн сайын қарайды, жүргізіліп жатқан емді түзетеді, қажет болған жағдайда қосымша зертханалық, аспаптық зерттеулер және бейінді мамандардың консультациясын алуды тағайындайды.
      11. Пациентке қажетті барлық емшараларды дәрігер тағайындайды және орта медициналық білімі бар медициналық қызметкер орындайды.
      12. Пациенттің жағдайы нашарлап, тәулік бойы медициналық бақылау қажет болған жағдайда пациент тез арада стационардың тиісті бөлімшесіне жіберіледі.
      13. Жағдайы жақсарған және стационарды алмастыратын көмек көрсетуді талап етпейтін емді жалғастыру қажет болған жағдайда пациент амбулаториялық емделуге жіберіледі.
      14. Емдеудің ұзақтығы:
      1) күндізгі стационарда кемінде 3 күн және 8 күннен артық болмауы керек;
      2) үйдегі стационарда кемінде 3 күн, жіті аурулар жағдайында 5 күннен, созылмалы аурулар асқынған кезде 8 күннен аспауы керек.
      15. Стационарды алмастыратын көмек алған пациент үйге шыққанда статистикалық карта толтырылады.
      16. Қажетті ұсыныстарымен науқастың медициналық картасынан көшірме пациенттің өзіне немесе тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға беріледі.
      17. Үш жасқа дейінгі балалар күндізгі стационарға аналарымен (әкелерімен) бірге немесе оларды күтетін өзге адамдармен бірге жатқызылады.

3. Стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін пациенттерге
берілетін жолдамаға көрсетімдер және қарсы көрсетімдер

      18. Стационарды алмастыратын көмекті көрсету үшін медициналық айғақтар мен қарсы айғақтар аурудың нозологиялық нысанына, аурудың ағымы мен кезеңіне, негізгі аурулардың асқынуы және қосарласқан патологияның болмауына қарап анықталады.
      19. Стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін жалпы айғақтар:
      1) күні бойы ұзақтығы төрттен сегіз сағатқа дейін созылатын емшаралар жүргізуді және медициналық бақылауды талап ететін аурулар;
      2) тәуліктік стационардан шыққаннан кейін медициналық бақылаумен емшараларды жалғастыруды талап ететін аурулар.
      20. Стационарды алмастыратын көмек көрсетуге жалпы қарсы айғақтар:
      1) тәулік бойы емшаралар жүргізуді және дәрігердің медициналық бақылауын талап ететін аурулар;
      2) карантиндік және аса қауіпті жұқпалы аурулар;
      3) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар.
      21. Мыналарға:
      1) эпидемиологиялық қауіп тудыратын жұқпалы жіті аурулармен ауыратын пациенттерге;
      2) төсектік режимді қажет ететін пациенттерге күндізгі стационар жағдайында медициналық көмек көрсетілмейді.
      22. Тұрмыстық жағдайы қолайсыз болған жағдайда үйдегі стационарда стационарды алмастыратын көмек көрсетілмейді.