Жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанындағы медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 26 қарашадағы N 793 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2009 жылғы 2 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5950 болып енгізілді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 49 және 50-баптарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанындағы медициналық көмек көрсету ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және денсаулық сақтау саласын дамыту департаменті (А.Т. Айдарханов) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
      5. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                               Б. Садықов

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының   
2009 жылғы 26 қарашадағы 
N 793 бұйрығымен     
бекітілген       

Жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанындағы медициналық көмек көрсету ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанындағы медициналық көмек көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасында жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанында медициналық жәрдем көрсету тәртібін анықтайды.
      2. Жедел медициналық жәрдем (бұдан әрі - ЖМЖ) денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жай-күй туындаған кезде көрсетіледі.
      3. Халық ЖМЖ-ны Қазақстан Республикасының аумағында 103 бірыңғай телефон нөмірі бойынша шақыра алады.
      4. ЖМЖ-ны қажетті емдеу-диагностикалау құрал-жабдықтарымен, дәрі-дәрмектермен жабдықталған және білікті медицина қызметкерлерінен жасақталған ЖМЖ көшпелі бригадасы көрсетеді.
      5. Санитариялық авиация (бұдан әрі - санавиация) нысанындағы медициналық көмек пациенттің тұрған жері бойынша медициналық жабдықтың немесе медициналық ұйымдарда тиісті білікті мамандардың жоқтығынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету нысаны.

2. Жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанында медициналық көмек көрсету тәртібі

      6. Жедел медициналық жәрдем ұйымы (станция, бөлімше) (бұдан әрі - ЖМЖБ) азаматтардың өтініштерін (шақыртуларын) тәулік бойы орталықтандырылған қабылдауды қамтамасыз етеді.
      7. Келіп түскен шақыртулар сипаты, бейіні бойынша өңделеді және ЖМЖ көшпелі бригадасына беріледі.
      8. ЖМЖ көшпелі бригадасы шақырту келіп түскеннен кейін 5 минут ішінде ЖМЖБ-дан шығады.
      9. ЖМЖБ көшпелі бригадаларды:
      1) науқастарға;
      жазатайым оқиғалар кезінде, жарақаттанғанда және уланғанда;
      науқастың және айналасындағылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін аурулар, оның ішінде психикалық аурулар кезінде;
      жүктілік кезіндегі асқынулар және босану кезінде ЖМЖ көрсетуге және тасымалдауға;
      2) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі - МСАК) мамандарының шақыртуы бойынша шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарды ауруханаға жатқызу үшін тасымалдауға;
      3) үйдегі стационарды алмастыратын көмек көрсетуге жіберіледі. V090005951
      10. ЖМЖБ уақытша еңбекке жарамсыздықты куәландыра отырып және уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақты немесе анықтаманы бере отырып пациенттерге үйде стационарды алмастыратын көмек (үйдегі стационар) көрсетеді.
      11. Шұғыл қызмет көрсетуді талап етпейтін жағдайларда ЖМЖБ-ның ауысымдағы аға дәрігері пациентке медициналық көмек алу үшін баруға болатын медициналық ұйымның координатын (мекен-жай, телефон) беруге міндетті.
      12. ЖМЖБ келесі жағдайларда шақыртуларды қабылдамайды және бармайды:
      1) шұғыл медициналық көмекті талап етпейтін жағдайда;
      2) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымның жұмыс уақытында шұғыл медициналық көмекті талап ететін жағдайларда;
      3) медициналық ұйымдар тағайындаған емшараларды орындау үшін;
      4) шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін жоспарлы науқастарды, жүкті әйелдерді тасымалдау үшін;
      5) сот-наркологиялықсот-медициналық, сот-психиатриялық сараптамалар жүргізу үшін;
      6) медициналық ұйымдарда консультациялық көмек көрсету үшін;
      7) науқастарды стационардан үйге жеткізу үшін;
      8) өлім актісін жасауға және куәгер болу үшін.
      13. Жедел медициналық жәрдемді шақырушы адамдар:
      1) пациенттің тегі, аты, әкесінің аты, жасы және жынысы туралы;
      2) аурудың немесе жазатайым оқиғаның мән жайы туралы;
      3) мекен-жайды және телефон нөмірін, кіреберіс есігінің кодын, сондай-ақ пациенттің болған жердегі келу жолын бағдарлау үшін қажетті ақпараттарды береді.
      14. Өміріне қауіп төндіретін аурумен ауырған пациентті денсаулық сақтау ұйымына апарғанда оны ЖМЖБ санитариялық автокөлігімен туыстарының (бір кісіден көп емес) ертіп баруына рұқсат етіледі.
      15. ЖМЖБ науқастарды ауруханаға жатқызу туралы және зардап шеккендер туралы ақпаратты тәулік бойы береді.
      16. Жедел медициналық жәрдем ұйымы:
      1) сот-медициналық қорытындысын;
      2) психоактивті заттарды қолдану және мас болу жағдайлары фактісін белгілеу үшін медициналық куәландыру қорытындысын;
      3) осы Ережемен белгіленген жағдайларды қоспағанда пациенттерге немесе олардың туыстарына өзге жазбаша анықтамалар, қорытындылар бермейді.
      17. Санавиация пациент тұратын жерге білікті мамандарды жеткізуді, не:
      1) жарақаттанған және уланған жағдайда;
      2) пациенттің және оның айналасындағылардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда;
      3) диагноз қою қиынға соққан кезде оны консультациялық, диагностикалық және емдік көмек көрсететін тиісті медициналық ұйымға тасымалдауды жүзеге асырады.
      18. Санавиация қызметін шақыртуды денсаулық сақтау ұйымдары мен органдары жүзеге асырады.