Халықтың декреттелген топтарына аттестаттау жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 24 қарашадағы N 770 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 26 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5886 болып енгізілді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 21-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Халықтың декреттелген топтарына аттестаттау жүргізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      4. "Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқытуды ұйымдастыру мен жүргізу жөніндегі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2003 жылдың 17 қыркүйектегі N 688 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2003 жылғы 20 қазанда N 2531 болып тіркелген, "Ресми газет" газетінде 2003 жылғы 22 қарашада N 47 жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
      6. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                            Ж. Досқалиев

Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің
2009 жылғы 24 қарашадағы 
N 770 бұйрығымен бекітілген

Халықтың декреттелген топтарына аттестаттау жүргізу ережесі 1. Жалпы талаптар

      1. Осы Халықтың декреттелген топтарына аттестаттау жүргізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) халықтың декреттелген топтарына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және гигиеналық нормативтерді білуге аттестаттау (аттестаттау) жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді.
      2. Халықтың декреттелген тобы – айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыру үшін ең үлкен қауіп тудыратын, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдар.
      3. Аттестаттау оқитын адамдардың мамандықтарына сәйкес қоғамдық және жеке гигиенаны сақтауды, объектілерді күтіп-ұстауға, пайдалануға және орналастыруға қойылатын гигиеналық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, инфекциялық аурулардың алдын алуға оқытуды қамтитын оқыту бағдарламалары бойынша гигиеналық оқытудан өткеннен кейін жүргізіледі.
      4. Гигиеналық оқытуды көрсетілген қызмет түрімен айналысуға тиісті лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар жүргізеді.
      5. Жұмысқа кіру алдында және одан әрі жылына бір рет халықтың декреттелген топтарының мына объектілердегі қызметкерлері гигиеналық оқытудан өтеді:
      1) азық-түлік саудасы объектілерінің;
      2) қоғамдық тамақтану объектілерінің, оның ішінде медициналық ұйымдардың, білім беру ұйымдарының және өнеркәсіптік объектілердің тамақ блоктарының;
      3) кондитерлік өндіріс объектілерінің, балалардың сүт асханаларының;
      4) тамақ өнеркәсібі объектілерінің (оның ішінде қызметі сыйымдылықтарға өлшеп құйылған ауыз суды шығарумен байланысты адамдар);
      5) жолаушылар поездарының, өзен, теңіз және авиакөліктердің;
      6) маусымдық балаларды сауықтыру лагерлерінің (жұмыс басталар алдында);
      7) медициналық ұйымдардың (мейірбике көмекшілері, кір жуу орындарының жұмыскерлері);
      8) коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсету объектілерінің (халықтың уақытша тұру орындары (қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, жатақханалар), моншалар, хауыздар, шаштараздар, косметологиялық және косметикалық салондар, кір жуу, химиялық тазалау орындарының);
      9) су құбыры құрылыстарының (оның ішінде суды дайындауға және тасымалдауға тікелей қатысы бар, су құбыры желісіне қызмет көрсететін адамдар).
      6. Жұмысқа кіру алдында және одан әрі 2 жылда 1 рет халықтың декреттелген топтарының мына объектілердегі қызметкерлері гигиеналық оқытудан өтеді:
      1) мектепке дейінгі ұйымдардың, мектеп-интернаттардың;
      2) балалардың жыл бойғы санаториялық сауықтыру ұйымдарының, балалар үйлерінің;
      3) бастауыш, орта, жоғары кәсіптік білім беретін оқу орындарының (үй-жайларды жинауды жүзеге асыратын тұлғалар).

2. Аттестаттау жүргізуді ұйымдастыру тәртібі

      7. Тиісті аумақтағы және көліктегі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің бастығы жыл сайын ағымдағы жылдың 10 қаңтарына дейін бұйрықпен құрамында кемінде үш адам және комиссия мүшесі болып табылмайтын хатшы бар, тұрақты жұмыс істейтін аттестаттау комиссиясын құрады.
      Комиссия құрамына комиссия төрағасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілі және гигиеналық оқыту өткізген тұлғаның өкілі кіреді.
      8. Аттестаттау комиссиясы ағымдағы жылдың 20 қаңтарына дейін аттестаттау жүргізу кестесін, аттестаттаудың мақсаттары мен жүргізу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді, олар танысу үшін қол жетімді жерлерге орналастырылады.
      9. Аттестаттау жүргізу үшін гигиеналық оқытуды өткізген адамдар аттестаттау комиссиясына гигиеналық оқытудан өткен адамдардың тізімін гигиеналық оқытудан өткеннен кейін үш күнтізбелік күн ішінде тапсырады.
      10. Аттестаттау комиссиясы тізім тапсырылған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей аттестаттау жүргізеді.
      11. Аттестаттаудан өткен кезінде аттестаттаудан өтетін адам аттестаттау комиссиясына жеке басын куәландыратын құжатты және жеке медициналық кітапшасын ұсынады.
      Аттестаттау билет жүйесі бойынша ауызша жүргізіледі, оның нәтижелерін комиссияның хатшысы осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша журналға тіркейді.
      12. Аттестаттаудан оң нәтижемен өткен адамның жеке медициналық кітапшасына аттестаттау комиссиясының қатысуымен аттестаттау комиссиясы төрағасының аты, тегі, әкесінің аты көрсетіле отырып, қолымен бекітілетін және тиісті мөр қойылатын аттестаттау туралы белгі қойылады.
      13. Кезекті аттестаттаудан өтпеген адамдар соңғы аттестаттау аяқталған күнінен бастап отыз күн ішінде кейіннен аттестаттаудан өте отырып, гигиеналық оқытудан қайта өтуге жіберіледі.

Халықтың декреттелген топтарына
аттестаттау жүргізу ережесіне
қосымша           

Халықтың декреттелген топтарын аттестаттау
нәтижелерін тіркеу журналы

р/с N

Аттестатталатын адамның А.Т.Ә.

Жұмыс орны, лауазымы

Гигиеналық оқытуды өткізген ұйымның атауы

Жеке медициналық кітапшаның нөмірі (ЖМК)

Аттестаттаудан өткені туралы белгі

1

2

3

4

5

6