"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңының 43-бабының1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беру ережесі бекітілсін.
2. Мынадай нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын:
1) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттеу жөніндегі комитеті Төрағасының "Жинақтаушы зейнетақы қорларын қайта ұйымдастыру тәртiбi туралы нұсқаулықты" бекіту туралы" 2000 жылғы 7 қыркүйектегі N 100-П бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1265 тіркелген);
2) Агенттік Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 1265 тіркелген Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жинақтаушы зейнетақы қорларын реттеу жөніндегі комитеті Төрағасының 2000 жылғы 7 қыркүйектегі N 100-П "Мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі туралы Нұсқаулықты" бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2004 жылғы 15 наурыздағы N 70 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2821 тіркелген, 2004 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған, N 37-40, 1008-құжат).
3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
4. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (М.Ж. Хаджиева):
1) Заң департаментiмен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, "Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне мәлімет үшін жіберсін.
5. Агенттік Төрайымының қызметі (А.Ә. Кенже) Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында осы қаулыны жариялау шараларын қолға алсын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымның орынбасары А.Ө. Алдамбергенге жүктелсін.
Төрайым Е. Бахмутова
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының 2009 жылғы
28 тамыздағы N 199 қаулысымен
бекітілді
Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беру ережесі
1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жинақтаушы зейнетақы қорын (бұдан әрі – Қор) қайта ұйымдастыруға рұқсат беруінің шарттары мен тәртібін белгілейді.
2. Уәкілетті органның Қорды қайта ұйымдастыруға рұқсаты Қор мынадай шарттарды сақтаған кезде беріледі:
1) есептелген теріс комиссиялық сыйақы сомасын меншікті қаражаты есебінен берешек соманы зейнетақы активтері шотына аудару арқылы өтеу бойынша орындалмаған міндеттемесінің болмауы;
2) Қордың салымшылар (алушылар) алдындағы Қордың номиналды кірісінің көрсеткіші мен кірістілігінің барынша төменгі мәні арасындағы теріс айырманы өтеу бойынша орындалмаған міндеттемесінің болмауы;
3) Қордың корпоративті түрінен ашық түріне өзгерту арқылы қайта ұйымдастырылған жағдайда, өтінішті беру күніне меншікті капитал жеткіліктілігі және зейнетақы активтерінің кірістілігі бойынша пруденциалдық нормативтерді орындауы;
4) қайта ұйымдастыру бөліп шығару нысанында жүзеге асырылған кезде заңды тұлға (заңды тұлғалар) бөлініп шыққан Қордың, сондай-ақ қайта ұйымдастыру қосылу нысанында жүзеге асырған кезде басқа Қорды (заңды тұлғаны) өзіне қосып алған қайта ұйымдастырылған Қордың меншікті капитал жеткіліктілігі және зейнетақы активтерінің кірістілігі бойынша пруденциалдық нормативтерді қордың қайта ұйымдастырылған күнінен кейін келетін есепті күніне орындалуын қамтамасыз ету бойынша Қордың қайта ұйымдастыру жоспарында көзделген шаралардың жеткіліктілігі;
5) қайта ұйымдастыруды қосылу нысанында жүзеге асырған кезде өзіне басқа Қорды (заңды тұлғаны) қосып алған Қордың бағдарламалық-техникалық құралдарының және автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша Қорды қайта ұйымдастыру жоспарында көзделген шараларының жеткіліктілігі;
6) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қосылу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайдағы экономикалық шоғырлануына келісім беру туралы шешімінің болуы.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – Ұйым) Қорға қосылған жағдайда Ұйымның басқа Қорлардың алдындағы міндеттемелері болмайды.
3. Қор уәкілетті органның қайта ұйымдастырылуға рұқсатын алу үшін Қордың бірінші басшысының қолы қойылған өтінішін ұсынады.
4. Қорды қайта ұйымдастыруға рұқсат беру туралы өтінішке Заңның 43-бабының 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген құжаттар қоса беріледі.
Қайта ұйымдастыруды қосылу нысанында жүзеге асырған жағдайда өтінішке қоса берілетін құжаттар тек қосылу өзіне жүзеге асырылатын Қормен ғана ұсынылады.
5. Қордың қайта ұйымдастырылуының болжам шарттарын, нысандарын, тәртібін және мерзімдерін көрсететін құжат Қор акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен бекітілген Қорды қайта ұйымдастыру жоспары түрінде ресімделеді.
Қорды қайта ұйымдастыру жоспары мыналарды қамтиды:
1) қайта ұйымдастыру жүргізудің негіздемесі мен қайта ұйымдастырудың нысанын;
2) зейнетақы және меншікті активтеріне қатысты әрекет ету тәртібін көрсетуді қоса алғандағы қайта ұйымдастыруды жүргізу бойынша іс-шараларды;
3) қайта ұйымдастыруға байланысты іс-шараларды аяқтаудың болжамды мерзімдерін;
4) қосылатын Қор салымшыларының (алушыларының) құрылымын ескере отырып, зейнетақы активтерін төлеу және аудару жөніндегі міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету шаралары туралы мәліметтерді;
5) пруденциалдық нормативтердің орындалуын қамтамасыз ету шаралары туралы мәліметтерді;
6) қайта ұйымдастыруды қосылу нысанында жүзеге асырған кезде өзіне басқа Қорды (заңды тұлғаны) қосып алған Қордың бағдарламалық-техникалық құралдарының және автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы мәліметтерді;
7) Қордың ұйғаруы бойынша қайта ұйымдастырудың ерекшеліктерін көрсететін өзге ақпаратты.
6. Қайта ұйымдастыруды қосылу нысанында жүзеге асырған жағдайда қайта ұйымдастыру туралы және Қайта ұйымдастыру жоспарын бекіту туралы шешімдер оған қосылатын Қордың және қосылатын Қордың немесе өзге заңды тұлғаның акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында әрбір жеке қоғам акционерлерінің дауыстарының айқын басым көпшілігімен қабылданады.
7. Қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы қайта ұйымдастыру рәсіміне қатысатын Қордың мынадай көрсеткіштерінің қысқа мерзімді, орташа мерзімді және ұзақ мерзімді талдауын қамтиды:
инвестициялық портфель бойынша кірістілігінің болжамы;
қаржылық есептіліктері негізінде меншікті активтерге және меншікті капиталға тиімділік көрсеткіштерін талдау;
зейнетақы активтерінің мөлшері бойынша болжамы;
меншікті активтерінің мөлшері бойынша болжамы;
инвестициялық портфелінің құрылымы бойынша салалар, валюталар, қаржы құралдарының түрлері, өтеуге дейін мерзімдері кескініндегі болжамы;
қайта ұйымдастырудан кейінгі зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің құны өзгеруінің болжамы.
8. Уәкілетті орган Қордың қайта ұйымдастыруын жүргізуге рұқсат беру туралы өтінішті Заңның 43-бабының 1-тармағының үшінші бөлігінде көзделген мерзімде қарайды.
9. Осы Ереженің 2-тармағында көзделген талаптар орындалмаған жағдайда уәкілетті орган қайта ұйымдастыруға рұқсат алу үшін ұсынылған құжаттарды қарамай қайтарады.
10. Уәкілетті органның Қорды қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тартуы Заңның 44-бабында көзделген негіздемелер бойынша іске асырылады.