Қазақстан Республикасы қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау тәртібі мен мерзімдері және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк басқармасының 2009 жылғы 24 тамыздағы N 84 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 25 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5801 болып енгізілді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы қаржы ұйымдарының қаржылық есептілігін жариялау тәртібі мен мерзімдерін белгілеу мақсатында және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" 2009 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануына байланысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының 3-тармағында көрсетілген ұйымдарды қоспағанда, қаржы ұйымдары және "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жыл сайын, жылдық қаржылық есептілікті ұсынғаннан кейін бір айдың ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында:

      1) еншілес ұйымдары жоқтары – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін, аудиторлық ұйым растаған шоғырландырылмаған жылдық бухгалтерлік балансты, пайда және зиян туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны және аудиторлық есепті;

      2) еншілес ұйымдары барлары – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін, аудиторлық ұйым растаған шоғырландырылған жылдық бухгалтерлік балансты, пайда және зиян туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны және аудиторлық есепті жарияласын.

      2. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушылар тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, туроператордың және турагенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыру, жыл сайын уәкілетті органға жылдық қаржылық есептілікті ұсынғаннан кейін бір айдың ішінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйым (еншілес ұйымдар) болмаған жағдайда – шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын кемінде екі мерзімдік баспа басылымында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияласын.

      3. Өз қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген лицензия негізінде жүзеге асыратын қаржы ұйымдары жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 30 мамырына дейін бұқаралық ақпарат құралдарына жылдық бухгалтерлік балансты, пайда және зиян туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті және түсіндірме жазбаны жарияласын.

      4. "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы және бағалы қағаздары шетелдік қор биржаларына айналысқа жіберілген екінші деңгейдегі банктер тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі тоқсанның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған бухгалтерлік балансты және пайда және зиян туралы есепті жарияласын.

      Екінші деңгейдегі өзге банктер тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 30-ына дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылмаған бухгалтерлік балансты және пайда және зиян туралы есепті жарияласын.

      5. Осы қаулының 6-тармағында көрсетілген ұйымдарды қоспағанда, қаржы ұйымдары және "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы қаржылық есептілік жарияланғаннан кейін он күннен кешікпейтін мерзімде уәкілетті органға осы қаулының 1 және 4-тармақтарының орындалғаны туралы мәлімет ұсынсын.

      6. Өз қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген лицензия негізінде жүзеге асыратын қаржы ұйымдары қаржылық есептілік жарияланғаннан кейін он күннен кешікпейтін мерзімде уәкілетті органға осы қаулының 3-тармағының орындалғаны туралы мәлімет ұсынсын.

      7. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2011.02.25 № 11 (қолданысқа 2011.07.01 енгізіледі) Қаулысымен.
      8. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2010.11.01 № 88 (2011.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      9. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Жинақтаушы зейнетақы қорының бұқаралық ақпарат құралдарында қаржылық есепті жария етуі туралы" 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 469 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2663 тіркелген);

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқармасының "Жинақтаушы зейнетақы қорының бұқаралық ақпарат құралдарында қаржылық есепті жария етуі туралы" 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 469 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2007 жылғы 20 шілдедегі N 79 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4869 тіркелген).

      10. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      11. Бухгалтерлік есеп департаменті (Шалғымбаева Н.Т.):

      1) Заң департаментімен (Сизова С.И.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қабылдасын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.

      12. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы нарығын және қаржы

      ұйымдарын реттеу мен

      қадағалау жөніндегі агенттігі

      Төрайым Бахмутова Е.Л.

      _____________________

      2009 жылғы 8 қыркүйек