Қызметінің айрықша түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының ең аз мөлшері туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының 2009 жылғы 16 шілдедегі N 63 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 4 тамыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5735 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қызметiнiң айрықша түрi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі – уәкілетті ұйымдар) қаржылық тұрақтылығын нығайту және жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Уәкілетті ұйымдардың ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталының ең аз мөлшері:
      1) 2009 жылғы 1 қазаннан бастап 3 000 000 (үш миллион) Қазақстан теңгесі мөлшерінде;
      2) 2010 жылғы 1 сәуірден бастап 5 000 000 (бес миллион) Қазақстан теңгесі мөлшерінде бекітілсін.
      2. Уәкілетті ұйымдар бірден артық айырбастау пунктін ашқан кезде, олардың ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы әрбір жаңадан ашылатын айырбастау пункті үшін:
      1) 2009 жылғы 1 қазаннан бастап 600 000 (алты жүз мың) Қазақстан теңгесіне;
      2) 2010 жылғы 1 сәуірден бастап 1 000 000 (бір миллион) Қазақстан теңгесіне ұлғайтылуы тиіс.
      3. Уәкілетті ұйымдар:
      1) 2009 жылғы 1 қазанға дейінгі мерзімде жарғылық капиталдарын осы қаулының 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағы 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келтірсін;
      2) 2010 жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде жарғылық капиталдарын осы қаулының 1-тармағы 2) тармақшасының және 2-тармағы 2) тармақшасының талаптарына сәйкес келтірсін.
      4. Осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қызметінің бiрден бiр түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының ең аз мөлшері туралы" 2007 жылғы 24 қыркүйектегі N 112 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4962 тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2007 жылғы 24 ақпандағы N 163 (1192) күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы қаулы бастапқы ресми жарияланған күнінен бастап жиырма бір күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      6. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті(Дюгай Н.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, аумақтық филиалдарына және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.
      7. Ұйымдастыру жұмысы, сыртқы және қоғамдық байланыстар департаменті (Терентьев А.Л.) Төлем балансы және валюталық реттеу департаментінен жариялау үшін өтінім алған күннен бастап үш күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау үшін шаралар қолдансын.
      8. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ақышевқа жүктелсін.

       Ұлттық Банк
      Төрағасы                                      Г . Марченко